23. Бата беру
Жүргізуші. Құрметті тыңдармандар, бұл – «Дұрыс сөйлейік» бағдарламасы. Келесі біздің көтеретін мәселеміз – бата беру. Қазіргі таңда баршамыз білеміз, Анар ханым, бата берудің өзі ... той-томалақтарда қарияларымызды таппай қаламыз, қарияларымыз бата бере алмай жатады, іздеп қаламыз. Керісінше ол кісілер «жастар бере берсін» деп, сілтеп кететін сәттерді де көреміз. Ал негізі қазақта айтады ғой, «батаменен ел көгереді, жаңбырменен жер көгереді» деп, бата берудің ерекшеліктерін, бата беру жайлы айтып кетсеңіз.
Анар ханым. Ой, бұл менің ең жақсы көретін тақырыбым! Өйткені, шынын айту керек, біз осындай бата беру сияқты, күнделікті тіршілігімізде, күнделікті өмірімізде кездесетін әдептің, бір ишарттарын жандандырмасақ, біздің қазіргі мәдениетіміз тым сұрқайланып бара жатыр. Ұлттық беделінен айрылып бара жатыр, сондықтан бата берудің біздің тыңдармандарымыз, біз енді қазақ тілін үйренем деушілерге арнап курсты жүргізіп отырмыз ғой, бата беруді білген абзал. Өйткені арасында сөз жоқ, ертең ба, бірсігүні ма, әйтеуір бір күні бір той-томалақта бата беретін жастағылар боп қалуы мүмкін. Солай емес пе? Сондай кезде үлкен басымен бата беруді білмесе, бұл енді қазақы ортада жақсы бағаланбайды. Бата мен тілектің айырмасын біліп алайық алдымен, ия? Тілек деген – жай ғана бір, жай ғана емес, ол да бір жүк арқалайды, оның да маңызы өте жоғары. Тілекті айтқан кезде ауызбен айтасыз, сіз бір жақсы, жылы лебізіңізді сөздер арқылы білдіресіз.
Жүргізуші. Мхм.
Анар ханым. Батаның тілектен айырмашылығы: бата да сол тілек сияқты жақсы, жылы тілегіңізді сөзбен білдіресіз, бірақ жай сөзбен емес, міндетті түрде ұйқасты, міндетті түрде көрікті, образды сөздер болу керек. Біріншіден, өлең формасында болу керек. Одан кейін батаның міндетті шарты – оның жүзеге асыру кезінде қимыл-ишараттар орындалу керек. Яғни бата берудің тілектен айырмашылығы, бұл – рәсім. Рәсім болған соң оның міндетті қимыл-ишараты, енді қазақы дәстүрде бата берген кезде үлкен ақсақал және батаны беретін адам міндетті түрде жасы үлкен болуы керек, өте сыйлы құрметті, сол ортаға сыйлы адам болу керек. Ал тілекті кез келген адам айтады: жасы үлкен болсын, кіші болсын. Ал батаны кез келген адам бере алмайды, батаны, жаңағы, ақсақалы, аузы дуалы адамдар береді. Енді және батаны ер адамдар береді. Алайда әйел адамдар бас қосқан жерде солардың ішіндегі үлкені, сыйлысына бата беруге рұқсат етіледі. Енді батаның қимыл-ишаратын не дегенде, екі қолды жайып, екі алақаныңызды бір-бірімен түйістіріп, саусақтарыныңызды жазып, оның бетіңіздің тұсына қарай қаратып, жүзіңізді сол екі алақаныңыздың жағына қаратасыз, ия, көзіңізді. Бұл деген сөз айтылып жатқан тілектерді жинағандай боласыз, сосын бетіңізді сипап «әумин» дегенді айтасыз. Міне, осы шарттар орындалмаса, бұл – бата болмайды. Одан кейін енді формасы, тілдік формасы қандай болады? Батаның тілдік формасы үнемі бұйрық райдың үшінші жағында аяқталып отырады. Ол – «болсын», «толсын», «келсін», «көрсін», «жетсін» деген сияқты формалар. Тілектің формасы ондай болмауы мүмкін. Тілектің формасы «осындай болсын деп тілеймін» деген формада да келуі мүмкін. Батада «мен саған осындайды тілеймін» деген болмайды. Ол үшінші жақта міндетті түрде аяқталады. Осыны кейде біздің енді онша батаны білмейтін адамдарымыз батаның орнына тілек айтып кетеді.
Жүргізуші: Ия. Тілек айтып кетеді. (күледі)
Анар ханым. Тілек айтып кетеді. (күледі.) Сондықтан батаның өзінің орны бөлек. Осыны қазірден бастап кішкентай балаларға жаттату керек. Менің өзімнің тәжірибемде менің 5 жасар қызымның баратын балабақшасында олар ас ішіп болғаннан кейін тәрбиешісі, енді үлкені ғой...
Жүргізуші. Ия.
Анар ханым. Сол кісі балаларға алақан жайдырып, бәр бірге дауыстап, бата береді. «Асым, асым, асыма, береке қонсын басыма!» деген сияқты батаны айтып, «әумин» деп тұрады. Осы бір дәстүрді енгізу керек, отбасында да.
Жүргізуші. Бәрекелді, дәл осы пікірлеріңіз өскелең ұрпаққа, енді-енді қазақ тілін үйреніп жатқан азаматтарға болашақта олар да қария болады, болашақта олар да ақсақал болады, сол кезде таптырмас кеңестер деп ойлаймын.
Анар ханым. А, Нұрсұлтан, бірнәрсені ұмытып кетіппіз.
Жүргізуші. Аха?
Анар ханым. Мысалы, тілекті кез келген қуанышты жағдайда айта береді, ия?
Жүргізуші. Ия.
Анар ханым. Ал батаның өзінің айтатын жағдаяттары санаулы ғана болады. «Бата» деген сөз араб тілінде Құранның бірінші сөзі «Фатиха» сүресінің қазақша икемделген түрі. «Батиқа» содан кейін «бата» боп кеткен.
Жүргізуші. Ия.
Анар ханым. Бұл мысалы екі жас некелескен кезде, құдалар жағы бір-бірімен серттесіп осы екі жастың басын қосамыз деп ақсарбас шалады, малды құрбандыққа шалады, сол малды құрбандыққа шалып жатқан сәтінде, содан кейін үлкен халайық жиналған үлкен тойларда, одан кейін мынау Наурыз тойында берілетін бата бар, тұсаукесер сияқты адамның өміріндегі үлкен бір оқиғалар болып жатқан кезде ғана бата беріледі. Екі адам отырып бата бере бермейді.
Жүргізуші. Әрине, дұрыс айтасыз. Рақмет сізге!
Достарыңызбен бөлісу: |