24. Кредиттік оқыту жүйесіндегі өзіндік жұмыстың мазмұнына сипаттама беріңіз.
Студенттердің танымдық қызметі барысында өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы зор. Бұл мәселеге көптеген ғалымдар, мысалы, Ястребова Е.Б., Ерецский М.И., Гарунов М.Г., Блохина Р.А., Сабодашев В.П., Вербицкий А., т.б үлкен мән беріп, зерттеген. Бұл зерттеулердің өзектілігі – студенттердің теориялық және практикалық білімді саналы игеріп, интеллектуалдық қызмет жасай білуге тәрбиелеу болып табылады. Сонымен бірге студенттер жай ғана беріліп жатқан дайын біліммен қаруланып ғана қоймай, білімді тауып, ізденіп алуына, яғни студенттерді оқи білуге үйрету маңыздырақ.
Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың мәнін дидактикалық тұрғыда қарастырғандар: А.Е.Абылқасымова, Н.А.Адельбаева, С.И.Архангельский, М.В.Буланова-Топоркова, М.Г.Гарунов, И.И. Кобыляцкий, Р.Н. Низамов еңбектері арналған.
Өзіндік жұмысқа берілетін анықтамалардың әртүрлігіне қарамастан, оларды бірнеше шағын топқа бөлуімізге болады.
И.Т.Протасовтың ойынша, өзіндік жұмыс біліктілік пен іскерлік жиынтығы.
Г.Н.Кулагина өзіндік жұмысты студенттің іс-әрекет құралы белсенділігі мен өз бетімен білім алуға дайындығы деп түсінеді.
Г.Н.Дари өзіндік жұмыстың мәнін былайша айтады. Бұл жұмысты студент өз бетімен орындайды, ол өзінің біліміне, іскерлігі мен сеніміне, өмірлік тәжіріибесі, дүниетанымына сүйене отырып атқарады
СӨЖ – оқытушының тапсырмасы бойынша аудиториядан тыс уақытта (аудиторияда) орындалатын студенттердің жоспарланған оқу, оқу-зерттеу, ғылыми-зерттеу жұмыстары. Өзіндік жұмыс оқу сабақтарының бір түрін құрайды. Сондықтан шығармашылық іс-әрекеттің бір түрі ретінде өзіндік жұмыстың рөлі сапалық оқу үрдісін көтеру жолында өте жоғары болып табылады.
СӨЖ мақсаты – болашақ мамандық бойынша іргелі білімді, кәсіби шеберлікті және дағдыларды, шығармашылық, зерттеу тәжірибесін игеру, дербестікті, жауапкершілікті және ұйымшылдықты, оқу және кәсіби деңгейдегі мәселелерді шешуге шығармашылық көзқарасты дамыту.
СӨЖ міндеттері:
- студенттердің алған теориялық білімдері мен практикалық іскерліктерін жүйелеу және бекіту;
- теориялық дайындықты тереңдету және кеңейту;
- нормативтік, құқықтық, анықтамалық құжаттарды және арнайы әдебиеттерді қолдана білуді қалыптастыру;
- студенттердің танымдық қабілеттері мен белсенділігін дамыту: шығармашылық, дербестік, жауапкершілік және ұйымдастырушылық;
- ойлау дербестігін, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі жүзеге асыру қабілетін қалыптастыру;
- зерттеу дағдыларын дамыту;
- тәжірибелік сабақтарда, курстық және бітіру біліктілік жұмыстарын жазу кезінде, қорытынды сынақтар мен емтихандарға тиімді дайындалу үшін өзіндік сабақтар барысында жиналған және алынған материалдарды қолдану.
СӨЖ функциялары:
- дамытушы (ақыл-ой еңбегінің мәдениетін арттыру, шығармашылық қызмет түрлеріне баулу, студенттердің зияткерлік қабілеттерін байыту);
- бағдарлаушы және ынталандырушы;
- тәрбиелеу (маман мен азаматтың кәсіби қасиеттері қалыптасады және дамиды);
- зерттеу (кәсіби-шығармашылық ойлаудың жаңа деңгейі).
СӨЖ негізінде келесі принциптер жатыр:
- шығармашылық қызметті дамыту;
- нысаналы жоспарлау;
- тұлғалық-іс-әрекеттік тәсіл.
СӨЖ-ден күтілетін нәтижелер:
болашақ маманның білімін меңгеру, кәсіби біліктерін, дағдылары мен құзыреттіліктерін қалыптастыру;
теориялық материалды практикалық жолмен бекіту;
өзін-өзі дамытуда тәрбиенің де қажеттілігі;
тұлғаның танымдық және шығармашылық қабілеттерін барынша дамыту;
ғылыми-зерттеу жұмысына ынталандыру және білім беру процесінің сапасын және қарқындылығын арттыру;
таңдаған мамандығына қызығушылықты қалыптастыру және оның ерекшеліктерін меңгеру;
өз ұстанымын, теориясын, моделін қалыптастыру үшін, кез-келген жағдайға анализ жасау және дұрыс шешім қабылдау үшін алған білімі мен тәжірибелік дағдыларды қолдану.
СӨЖ әр оқу пәні бойынша СӨЖ кестесіне сәйкес жүзеге асырылады. Тапсырмалары оқу жоспары бойынша анықталады.
СӨЖ-ді негізгі және қосымша деп екіге бөлуге болады. Негізгі СӨЖ оқу жоспарының барлық пәндері үшін студенттің ағымдағы аудиториялық сабақтарға дайындығын қамтамасыз етеді. Бұл дайындықтың нәтижелері студенттің сабақтардағы белсенділігінде және орындалған бақылау жұмыстары, тест тапсырмаларында, жасалған баяндамаларында және т.б. көрінеді.
Негізгі СӨЖ-дің формалары:
- дәріс материалдарын терең қарастыру;
- дәрістер мен әдебиеттерді конспектілеу;
- тақырыпқа байланысты әдебиеттер мен электронды ақпарат көздерін іздеу (таңдау) және шолу;
- практикалық сабақтарда берілетін үй тапсырмасын орындау;
- өз бетінше материалды зерттеу;
- практикалық сабақтарға дайындық;
- бақылау жұмысына дайындық;
- сынаққа, аттестацияға дайындық;
- тақырыпқа байланысты реферат (эссе) жазу.
Қосымша СӨЖ студенттің білімін тереңдету және бекітуге, оқу пәнінің мәселелері бойынша аналитикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Оған жататындар:
- емтиханға дайындық;
- курстық жұмысты немесе жобаны орындау;
- зерттеу жұмысымен айналысу және ғылыми студенттік конференцияларға, семинарларға және олимпиадаларға қатысу;
- оқытушымен алдын ала анықталған тақырып бойынша ғылыми жарияланымды (мақала) талдау;
- берілген тақырып бойынша статистикалық және нақты материалдарды талдау, есептерді жүргізу, статистикалық материалдар негізінде схемалар мен модельдерді құру және т. б.
Жоғары оқу орнының оқу процесінле өзіндік жұмыстың екі түрі бар: аудиториялық және аудиториядан тыс.
Пән бойынша аудиториялық өзіндік жұмыс оқу сабақтарында оқытушының тікелей басшылығымен және оның тапсырмалары бойынша орындалады. Оқытушының қатысуымен қабылданатын СӨЖ-дің негізгі түрлері:
- кеңестер;
- коллоквиум – пәннің теориялық мазмұнын меңгеруді бақылау түрі ретінде;
- үй тапсырмаларын қабылдау және талдау (практикалық сабақтар сағаттарында);
- пән аясында курстық жұмыстарды (жобаларды) орындау;
- бітіру біліктілік жұмыстарын (диплом, диссертация) орындау және т. б.
Достарыңызбен бөлісу: |