Бастауыш сынып мұғалімі
Турабаева Мереке Жалгасбаевна
Байқоңыр қаласы
№274орта мектеп
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту
І. Кіріспе бөлім
Елбасымыз Жаңа Жолдауында: «Білім беру саласының басты міндеті - 2010жыл-ға дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындай отырып, осы саланың сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту»- деген болатын.
Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алып алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығаруға болады. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау мәселесі болып отыр. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс - әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет.
Білім беру үрдісінде оқытушы жаңа ақпаратты беріп қана қоймай, оқушысын шыңдай түсуде келесі міндеттерді орындауы тиіс:
оқушысын келелі мәселелерді шешуге баулу;
бір ғана түпнұсқаны пайдаланбай, әр түрлі әдістерді қолдана білуге үйрету;
берер білімнің ғылымилығын арттыру;
алған білімін өмір ағымында қолдана білуге үйрету;
оқушысының ой белсенділігін дамыту;
әр оқушының қабілетіне қарай дарындылығын, қызығушылығын дамыту
білімді шығармашылықпен меңгеру дағдыларын қалыптастыру нәтижесінде жоғарғы сапаға жету;
Кез - келген дамыған өндіріс қазіргі таңда шығармашылықпен жұмыс жасауды талап ететін адамды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамның негізгі іс - әрекеті ақыл - ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс - әрекетте тасымалдай алуға негіздейді.
«Шығармашылық» ұғымы жөнінде Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасында: «Шығармашылық - бұл адамның өмір шындығында өзін - өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түюі, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет.
ІІ. Негізгі бөлім
Егеменді елдің жас ұрпақтарын тәрбиелеу, талапқа сай білім беру, бүгінгі күннің уақыт күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады. Сондықтан да бастауыш мектеп алдында балаға жүйеленіп, дайындалып берген белгілі бір білімді ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс жеткізе білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.
Дамыта оқытудың да басты мақсаты - баланы оқыта отырып, оны шығармашылық бағытта жан - жақты дамыту.
Б. Д. Эльконин шығармашылыққа мынандай анықтама береді: «Шығармашылық - бұл ерекше тұрғыдағы жасампаздық, жаңадан жасалған нәрсе бұрынғы нәрселердің механикалық қайталануы емес, біртумалығымен ерекшеленетін болса, өзін - өзі куәландыратын, дәлелдейтін болса, онда бұл нәрсені туғызған шығармашылық акт туралы сөз қозғауға болады.
Бір нәрсені жасауға, тудыруға деген қабілеттілік балаларда мектеп жасына дейін де көрінеді. Адам бойындағы қабілеттерді дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін - өзі табуына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да. Ол өзін - өзі шынайы болмысына бастайтын жол іздеуі керек. Адам өзін - өзі жетілдіруге де, сонымен қатар, сонымен қатар өзін - өзі жоюға да қабілетті болады. Адамның өз болмысын тануға ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан, талап тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады»-деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында. Кез - келген дамыған өндіріс қазіргі таңда шығармашылықпен жұмыс жасауды талап ететін адамды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамның негізгі іс - әрекеті ақыл - ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс - әрекетте тасымалдай алуға негіздейді.
Оқушының шығармашылық іс - әрекеті және оның мәнін түсіну үшін жеке тұлғаның ғылыми - педагогикалық зерттеулердің обьектісі ретінде анықталу сипатын білу қажеттілік болып табылады. Шығармашылық іс - әрекет тұлғаны құраушы және оны айқындаушы фактор ретінде де қарастырылады.
Жеке тұлғаның ерекшеліктеріне тән қасиеттер оның санасына, өзіне - өзінің сын көзімен қарауына, адам баласының есіне әсер ететін ішкі және сыртқы түйсік, түйсіктердің әсеріне және оның ерік - жігер күші мен әсерленушілік сезім дүниесіне байланысты құбылыс деген пікірді біздер қуаттаймыз. Оның себебі, ұлы ғұламаларымыз осы ой - пікірде болған деп білеміз.
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда сабақтарды түрлендіріп өткізудің маңызы ерекше.
Оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары формасына олардың өз еркімен амал - тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады.
Оқушылардың шығармашылығын, іздемпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық, пәндік апталықтар мен ғылыми - шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық іздемпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану - олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай - ақ мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркем өнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді.
Ұжымдық сабақтарда өзінің сыныптасының кемшілігін көруге өзгелердің ісінен сабақ алуға танымдық әлеуметтік ұстанымының қалыптасуына өз ортасының пікірінің әсері зор. Мұндай сабақтарда оқушылардың ұжымдық ой - пікірлері қалыптасады.
Сабақ үстінде ұжымдық шығармашылық қалыптасуы үшін оқушылардың міндеттерін көрсетсек:
өзіндік пікірлерін дәлелдеу;
пікірталастар мен талқылауларға қатысуы қажет;
өзінің жолдасына мұғалімдерге сұрақ қоюы;
жолдасының жауабыңа пікір айту;
сыныптасының жауабы мен жазбаша жұмысын бағалау;
үлгерімі нашар сыныптастарын оқытумен айналысу;
үлгермеушілерге түсініксіз жерін түсіндіру;
өз бетімен қиындау тапсырмаларды таңдау;
танымдық тапсырманың шешімдерін табуда бірнеше нұсқасын көрсету;
өзіндік бағалауға жағдай туғызу өзінің танымдық және практикалық әрекетін талдау;
танымдық тапсырмаларды шешуде бұрыннан білетін әдісті қолдану арқылы орындау.
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда сабақтарды түрленіп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап өтсек: сабақ құрылымының ұйымдастырылуы сыныптағы оқушылардың іс - әрекетін бақылауға қолайлылық оқу - танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқыту уақытының үнемделуі.
Шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігі қалыптасып, ұстазы берген ақпаратты, іс - әрекет тәсілдері мен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және ұжымдық тәжірибе тағлымдарын игеріп қана қоймай, оқушы барлық іс - әрекетте шығармашылық бағыт ұстанады, қабілет, білігін ұштай түседі. Шығармашылық сабақтардың оқушылар үшін мынадай маңызды жақтары бар:
оқушының танымдық іздемпаздығы қалыптасады;
сұрақтарды, мәселелерді терең талдауға үйренеді;
шығармашылық ой - өрісі артады;
кітаппен жұмыс, көркем және ғылыми әдебиеттер, баспа материалдармен жұмыс істеу біліктерін қалыптастырады;
ұжымдық ой - пікірлері жетіледі, топ мүшелерін пікірлерімен ортақ тұжырым жасауға үйренеді;
мұғаліммен оқушылардың қарым - қатынасы ынтымақтастыққа болып, сенімділіктері артады;
оқушы өз ойын еркін айтуға, сөз мәдениетіне үйренеді;
білімін жүйелі түрде толықтыруға;
өз әрекетіне сын тұрғысынан қарауға;
тұжырым жасап қорытындылауға үйренеді;
оқу міндеттерін тиімді шешу мүмкіндігін тудырады.
Жаңа материалдарды түсіндіруде ақпарат беруші қызметінде ғана қалмай, мұғалім баланың танымдық дербестігін қалыптастырудағы әрекеттерін негізгі міндеттеріне тоқталсақ:
білімді шығармашылықпен меңгеру дағдыларын қалыптастыруы;
білімді шығармашылықпен қолдануға дағдыландыру және оқу проблемаларын шешу шеберліктерін арттыру;
ғылыми дүниетанымды қалыптастыру т. б.
Шығармашылық сабақтардың өткізу оқушының танымдық іс - әрекетін арттырудың құралы, сапалы білім берудің шарты, оқу үрдісін ұйымдастыру факторы, оқытудың жекелік бағдары болып табылады.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда сыныптан тыс жеке ұжымдық жұмыстар ұйымдастырудағы: шығармашылық ай, пәндік апталықтар мен ғылыми апталық, жобалар, пәндік үйірмелермен факультатив сабақтарының маңызы зор.
Барлық жұмыстар оқушылардың қалауы бойынша жүргізіледі, оған әртүрлі сынып оқушылары қатыстырылуы мүмкін.
Осындай жүргізген жұмыстар арқылы оқушылар өздерінің әртүрлі танымдық және шығармашылық сұраныстарын қанағаттандырады. Сонымен қатар, мектеп ішіндегі оқушылардың арасынан дарынды балалардың шығуына ықпал етеді.
“Баланың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін ең бастысы жағдайлар жасау қажет”.
Оқушының дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы көбінесе мұғалімнің кәсіби біліктілігіне, және оның тұлғалық қасиетіне байланысты екені айдан анық.
Көбінесе “дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологы П. Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П. Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн.
Оқушының болашақтағы мамандығына байланысты, яғни кәсіби тағдыры тек қана жақсы мұғалімге байланысты.
Жаңашыл педагогтер оқушының жеке тұлғалық абыройын барынша құрметтеуге, оның шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін, өздігімен ойлау қабілетін дамытуға, жағымды эмоциональдық педагогикалық үрдісті қалыптастырып, одан педагогикалық зорлықтың барлық түрін аластатуға бағытталған ізгіліктік стратегиясымен сипатталады.
Олардың тәжірибесі мына ережелерге негізделеді:
• оқытуды мұғалім мен оқушының өзара шығармашылық қарым - қатынасы ретінде қабылдау.
•Күрделі мақсат идеясы (оқушының алдына барынша күрделі мақсат қойылып, оны орындай алатындығына сенімін нығайту);
• Өзіндік талдау (оқушылардың жұмыс нәтижелерін жеке және ұжымдық талдау);
• Ерікті таңдау (мұғалімнің оқу материалының жақсы меңгерілуі мақсатында сабақ уақытын өз бетінше пайдалануы);
• Оқушылардың өзін - өзі шығармашылық басқаруы;
• Тәрбиеге жеке тұлға тұрғысынан қарау;
• Ата - аналармен ынтымақтастық құру;
Сондай - ақ дарынды оқушылармен нәтижелі жұмыс жасайтын мұғалімнің кәсіби “бейнесі” мынадай қасиеттерден тұрады: жоғары кәсіби біліктілік, даралық қасиет, білімпаздық, ойлап табуға және ғылыми зертеу жұмысына қабілеттілік, кәсіби қызметін өздігінен жетілдіруге ұмтылушылық. Дарынды оқушымен жұмыс мұғалімнің өзіне, қызметіне және кәсіби біліктілігіне жаңа, жоғары талаптар қояды. Тіпті оның кәсіби жетілуіне өзгеше емтихан болып табылады.
Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай депті: “Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұпарды есекке айналдырып құртып тынады”. Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, ынталандыру үшін сабақтарды мынадай жолдармен өткізуге болады:
1. Сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану;
2. Сабақты түрлендіріп өткізу;
3. Сабақта оқушылар өздері жасаған суреттер, схемаларды пайдалану;
4. Техникалық құралдарды тиімді қолдану;
5. Сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету.
Бастауыш мектепте шығармашылық қабілеттілікті оқу әрекетінде көрінеді.
Сондықтан әр бала бойындағы шығармашылық қабілеттері оқу әрекетінде көрінеді. Сондықтан әр бала бойындағы шығармашылық қабілеттерін бағыттап, тәрбиелеу қазіргі таңдағы ата - ана мен мұғалімнің тарапынан қолдау тауып отыруы қажет.
Оқу іс әрекетінде мұғалім мен оқушы тығыз байланыста болуы керек. Ол үшін мұғалім бар күш - жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы қажет. Ал оқушы өз тарапынан белсенділік, дербестілік көрсетуі, өзіне деген сенімділігі арқылы шығармашылық әрекетті қалыптастыра алады.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытудың мынадай әдіс- тәсілдерін қолдануға болады.
Белгілі мәтін негізінде әңгіме жазғызу.
Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу, тақырып қойғызу.
Дайын өлең жолдарының бір- екі жолын беру арқылы өлең құрастыру.
Кейіпкерлеріне мінедеме беру.
Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу.
Рольге бөліп оқыту.
Мәтін бойынша мақал құрастыру.
Шығармадағы әңгімеге ұқсас оқиғалар айтқызу.
Суретке қарап әңгіме құрастыру.
Логикалық ойлауын, дамытатын ойындар мен берілген тапсырмаларды шешкізу.
Қайталау сабақтарында оқыған мәтіндері бойынша тест тапсырмаларын құрастыру.
Бастауыш сыныпта «Ана тілі» және «Қазақ тілі» сабағында ұтымды уақыт тауып, шығармашылық жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Ол үшін мұғалім мәтіннің, жаттығудың өн - бойынан шығармашылық тапсырмаға лайықты жағдайлар іздеп табуы керек. кейбір практикалық тапсырмаларды да шығармашылық арнаға бұрып, өзгертуге болады.
Бастауыш сынып оқушыларының қиялы әдеттегіден тыс, ерекше. Олар естіген әңгімелер, ертегі желісімен өзі де оларды құрастыра алады. Сондықтан мұғалім ертегіні немесе әңгімені бастап беріп, оны аяқтауға оқушыға тапсыратын болса, балалар оны аяқтаудың түрлі жолдарын қарастырады.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін шығармашылық қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытуда мен мынадай әртүрлі әдіс - тәсілдерді қолданамын.
Олар мыналар:
1. Мәтін, ертегіні, әңгімені өз ойларымен аяқтау. Мысалы; Қайсар атасымен
қыдырып жүреді. Кенет қой қора жақтан түтіннің иісі келді. Қараса, қой қора өртеніп
жатыр екен.
- Қайсар не істеді?
Бұл мәтінді бір - екі бала былай деп аяқтапты.
Қайсар жүгіріп барып, өрт сөндіргіш машинасын шақырды. Жан - жақтан көмекке адамдар да келді. Өрт сөндірушілер мен көршілердің көмегімен өртті шығынсыз өшіріп алды. Қайсардың елгезектігіне атасы риза болды.
Қайсар ойланбастан қораға жүгіріп кірді де, қойларды айдап шықты. Сол кезде қораның үсті құлап түсті. Қайсар қойларды аман алып қалды. Шопан Қайсарға ризашылығын білдіріп, қошақан сыйлады.
2. Ақын, жазушылардың мәтіндерін басқаша аяқтау.
Мысалы: Шона Смаханұлының (Тәкаппар) мысалын Нұргүл былай аяқтады:
Балықты жағада ойнап жүрген Әділжан тауып алды. Оның жағдайын көріп аяп кетті. Оны жүгіріп барып теңізге салып жіберді. Содан бері балық өзінің туған теңіңзін ешқашан жамандамайтын болыпты.
3. Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.
4. Мәтін бойынша мақал құрастыру.
5. Табиғат құбылыстарына, заттарға жұмбақтар құрастыру. Мысалы: Дидардың құраған жұмбағы:
Өзі жас, мұртты
Сүтті ұрлап ішті. /мысық/
Әр үйде белін буған бір пысық бар. / сыпыртқы/
6. Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қойғызу.
7. Шығарма, мәтін құрастыру.
Тақырып бойынша.
Жоспар бойынша
Тірек сөздер арқылы
8. Өлең құрастыру.
Дайын өлең жолдарын бір, екі жолын беру арқылы.
Дайын ұйқастарды ұсыну арқылы.
9. Шығармадағы әңгімеге ұқсас оқиғалар айтқызу.
10. Көлемі ұзақ шығармаларды жоспар құру арқылы қысқартып әңгімелету.
11. Кейіпкерлерге мінездеме бергізу.
12. Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу.
13. Рөлге бөліп оқыту.
14. Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ, ребус, құрастырмалы ойындар т. б.)
15. Қайталау сабақтарында, оқыған мәтіндері бойынша өз беттерінше тест тапсырмаларын құрастыру.
16. Белгілі ақын, жазушы шығармасына еліктеп өлең, әңгіме, ертегілер жазғызу т. с. с.
Сабақтан тыс уақытта оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін әр түрлі кездесулерден, саяхаттардан, жураналдардан оқығандардан алған әсерлерін әңгімелету. Шығарма ретінде жаздыруға, (Ана тілінен) оқытылып отырған шығармалардың авторлары туралы толық мағлұмат жинап, реферат жазғызуға болады.
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Шығармашылық тапсырма түрлерін сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне, психологиялық таралым, шығармашылық қабілетінің даралығына қарап, әр сынып бойынша әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында
жүргізілген жұмыстар:
Мен қандаймын?
Мен екінші сыныпта оқимын. Үлкендерді сыйлаймын. Көшеде келе жатқан әженің сөмкесі ауыр болса көмектесемін. Апайыма, сыныптастарыма жәрдем беруге дайын тұрамын.
Жәнібек
Менің атым- Айсұлу. Мен жетідемін, 2«В» сыныбында оқимын. Мінезім ашық. Балаларды жақсы көремін. Үлкендерді сыйлаймын. Кішіге көмектесемін. Көп оқып, көп білгім келеді. Болашақта апайыма ұқсаған мұғалім болғым келеді.
Айсұлу
Мен өзімді тәртіпті, инабатты, салмақтымын деп ойлаймын. Үлкендердің сөзін екі етпеймін. Кішіге қамқор боламын. Достарыммен жақсы араласамын. Сабақты жапқсы оқимын. Балалардың бәрін тәртіпті, озат оқушы болса екен деймін.
Назым
Мен өзімді тәртіпті, ақылды, сымбатты, сабырлымын деп ойлаймын. Менің ойымша, ер балалар салмақты болу керек. Олар оқумен қоса өнерді де алып жүреді. Осы қасиеттер менің бойымда бар. Бос уақытымда кітап оқып, өлең шығаруды ұнатамын. Танымал ақындарға ұқсап, өскенде атақты болсам ғой.
Саят
Мен тәртіпті, үлгілі оқушымын. Ата- анамды, үлкендерді сыйлаймын. Достарым өте көп. Достарымды құрметтеймін. Оларға көмек бергенді ұнатамын. Болашақта елге қалаулы азаматша болғым келеді.
Зарина
Менің жақсы істерім
Мен әдепті болғанды ұнатамын. Үлкенге- құрмет, кішіге- ізет жасау керек. Кішкентай балаларға қамқор боламын. Үйде әжем мен анам жұмсаса айтқанын қыламын. Өзімнен кіші інілеріме қараймын.
Назым
Мен анама үй жинауға көмектесемін. Сабаққа үнемі дайындалып келемін. Күнде жақсы баға аламын. Анамды қуантып отырамын. Ешқандай жаман қылық жасамауға тырысамын.
Саят
Менің көрші үйде Әділет деген досым бар. Бір күні қыста оның үйі жабық болды. Әділет далада көп жүрді. Анам екеуміз терезеден қарадық. Ол далада орындықта ұйықтап қалыпты. Мен далаға жүгіріп шықтым. Анам екеуміз оны үйге алып келдік. Сөйтіп, анасы келгенше Әділет менімен бірге болды. Содан соң анасы бізге рахметін айтты.
Ислам
Еңбекқор құмырсқа
Құмырсқалар еңбекқор болады. Олар өзінен ауыр жүкті көтереді. Құмырсқа- майда жәндік. Шаршамай, тынымсыз жүреді. Өйткені оны бекерден « еңбекқор» деп атамаған.
Айсұлу
Құмырсқалар- еңбекқор жәндіктер. Олар қысқы азығын жазда жинайды. Құмырсқаларды көргенде өзінен үлкен затты илеуіне қарай тасып бара жатқанын көреміз. Еңбек етуді құмырсқалардан үйрену керек сияқты.
Ұлдана
Құмырсқа- кіп- кішкентай жәндік. Олар өзінің илеуінде өмір сүреді. Құмырсқа жаз бойы тынымсыз еңбек етеді. Жерге түскен дәндерді жотасына салып алып ұясына апарады. Сөйтіп қыстық азығын жинайды.
Ислам
Қыс көрінісі
Қыста қар жауып, күн суытады. Күн қысқарып, түн үзарады. Боран соғып, аяз түседі. Терезеге қырау түсіп, әдемі өрнек салады. Адамдар жылы киімдерін киеді. Қар жауған күні балалар қызығып ойнайды. Бірі шанамен сырғанаса,бірі аққала жасайды. Қыс көрінісі қандай тамаша!
Мадияр
Қыс- жылдың соңғы айынан басталады. Қыста күн суытып, қар жауып, боран соғып, аяз болады. Ағаштар да ақ жамылғы оранғандай. Қыста балалар шаңғы тебеді. Аққала жасайды. Шанамен сырғанап уақыттарын көңілді өткізеді. Қыста жаңа жыл мейрамын қарсы аламыз. Қыс айлары осынысымен көрікті. Желтоқсан айының соңында жаңа жыл мерекесін қуанышпен қарсы аламыз.
Айдана
КЗЕӨАГПРЕСЗНӨАСЙНӨЛ
Көп сөйлеген сөз арзан
СДНӨЫЗҢСОАЫЙЙ
Сөз- ойдың айнасы
ЖЛҢМАССҚЕӨСИЗЫДІНІӨЫ
Жақсының сөзі өлмейді.
Ұйқастарды пайдаланып,
«Ұстазыма» деген өлең құрастыр.
. . . жасырып,
. . . асырып.
. . . ұстазым,
. . . ұқсағым.
АНАГРАММА «Қ»
1.Оқушы құралы
2. Сүт
3. Су көлігі
4. Ай аты
5. Ас үй құралы
6. Құс
7. Есту мүшесі
Қ
Қ
Қ
Қ
Қ
Қ
Қ
« Ұйқасын тап » ойыны
а) – ы – ы – ы
(Жақсы оқы сабақты)
ә) – ға, – ға, –ға,
(Бестік жақсы баға)
б) Сабаққа барамын
(Тек бестік аламын)
Қар жауды алақай,
(Қуанды балақай)
Ақ бөрік басында
(Қуанды қарағай)
* Бата алмас түлкі,
Үсті тікен . . . (кірпі)
* Өзіне ноян,
Қорқақ кім ?. . . (қоян)
* Тұмсығымен шымшып
Құрт тереді . . . (шымшық)
* Бәрі бірдей жұмысқа
Кірісті топ . . . (құмырсқа)
* Айбат шегер алыстан,
Аң патшасы . . . (арыстан)
* Тор тоқып бермекші,
Өзі ескен жібімен,
Әлде кімге . . . (өрмекші)
* Үні ғажап дүлділ,
Бақта сайрар . . . (бұлбұл)
* Қонып алып жарға,
Қарқылдайды . . . (қарға)
* Моп- момақан өзі,
Сүп- сүйкімді . . . (қозы)
1. Берілген сөздердің ішінен солдан оңға қарай оқығанда жаңа сөз шығатын сөздерді теріп жаз.
қыран қала Дархан
мұз бұлақ есек
қысым сүт киім
2.Берілген сөздерге (зат есімге) бір әріп қосып мағынасы өзгерген сөз жаз.
қала + (қ) таба + (н)
ат + (а) ел + (у)
бақа + (н) өр + (у)
3. Сын есімді тауып жаз
Көйлек - ..., ..., ... .
Доп - ..., ..., ... .
Кітап - ..., ..., ... ,
4. Сөздерден мақал құрастыр
Еңбегімен, озады, ер, тозады, езілумен, еріншек.
Ойындар
« Адасқан сөйлемдер»
Ат жарысы басталды.
Алда келе жатқан кім?
Болат, бас қамшыны, бас!
« Адасқан септіктер»
Өз орнына орналастыру керек
І, Т, К, А, Б, Ж, Ш.
«Сөз құра, тез құра» (зат есім)
Мектеп
Орнын тап ?
тиін өзен
жүзім үйшік
көбелек ағаш
балық себет
ит гүл
ІІІ. Қорытынды бөлім
Егемендігін алған елімізде жаңа ғасыр алдында оқытудың жаңа жүйесі қалыптасуда, ертеңгі күнге бағытталған рухани жаңарудың іргетасы қалануда.
Оқушылардың ақыл - ойын, шығармашылығын дамыту мәселелерін шешеді. Білімнің сапасын көтереді. Бастауыш сыныптың қай пәнінде болсын оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілетін дамыта оқыту олардың сабаққа деген қызығушылығын оятып, өз ойын ашық, қысылмай жеткізе білуін, ынтасын дамыта түседі.
Шығармашылық дарындылықтың белгілері әртүрлі болатындығы қиындық туғызады және де олар әлеуметтің ортамен тығыз байланысты. Баланың қандай болса да кез келген шығармашылық талпынысын құптауымыз керек. Себебі оның астарында баланың таза, ашылмаған шығармашылық бастауы жатыр. О. Бальзактың “Ұдайы еңбек ету - өнердің де, өмірдің де заңы” дегеніндей, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін арттыруда мұғалімге үнемі ізденуге, тұрақты еңбек етуді міндеттейді. Оқу әрекетінің мазмұны арқылы шығармашылық қабілетті ашу, жетілдіру. Оқушының білім мазмұнындағы ғылыми ұғымдардың үлесін арттыру арқылы оқушыны шығармашылық әрекет жағдайларына әкелетін ішкі байланыстарды ашуға мүмкіндік туғызып, жағдай жасау керек. Оқушы ойлауының барлық түрлерін диагностикалық бірлік арқылы дамыту керек.
Әрине, атқарылған істер аз емес. Дегенмен, әлі де болса бізді ойландыратын, толғандыратын істер жетерлік. Атап айтқанда, олар – білім сапасын арттыру, оқушылардың біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми - ізденіс қабілеттерін қалыптастыру, т. с. с. Өйткені, ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан - жақты парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн деп ойлаймын.
Қолданылған әдебиеттер:
1. ҚР Білім туралы Заңы. Астана. 2004 жыл.
2. Н. Ә. Назарбаев «Біздің халқымыз жаңа өмірге бейімделуі керек»
// «Егемен Қазақстан». 31 тамыз. 2000 жыл.
3. Бабаева Ю. Д. Динамическая теория одаренности. Основные современные концепции творчества и одаренности. М. 1997г.
4. Бастауыш мектеп. №7. 1993жыл.
№ 2. 2008 жыл
№5. 2008 жыл
5. Қазақстан мұғалімі 16 сәуір. 2008 жыл.
6. Б. А. Тұрғынбаева Дамыта оқыту технологиялары. Алматы. 2000 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |