6 дәріс Оқыту теориясының жалпы негіздері Жоспар: Оқыту мен білім берудің теориясы, оның негізгі міндеттері Дидактиканың негізгі категориялары



Дата08.12.2022
өлшемі44,15 Kb.
#161874
Байланысты:
№6 дәріс


6 дәріс
Оқыту теориясының жалпы негіздері


Жоспар:
1. Оқыту мен білім берудің теориясы, оның негізгі міндеттері
2. Дидактиканың негізгі категориялары
3. Оқыту процесі, оның ерекшеліктері
4. Оқытудың заңдалықтары, принциптері, әдістері

«Дидактика» - бұл ежелгі грек сөзі, яғни «didasko»- оқыту, түсіндіру, дәлелдеу, оқу деген ұғымды білдіреді. Дидактика - білім беру мен оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін зерттейтін педагогика ғылымының саласы.


Дидактика теориялық және бір мезетте нормативті-қолданбалы ғылым. Өйткені, дидактикалық зерттеулердің нысандары оның түрлі қырларының арасындағы заңды байланыстары туралы білім береді, оқыту процесінің құрылымдық және мазмұндық сипаттарының мәнін ашады. Дидактиканың ғылыми-теориялық функциясы осындай.
Алынған теориялық білімдер оқытумен байланысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік беруі дидактиканың нормативті-қолданбалы функциясы туралы айтады.
Дидактика білім беру мен оқытудың мазмұнын, оқыту принциптерін, оқытуды ұйымдастыру әдістерін және формаларын қарастырады. Дидактиканың міндеті - білім мазмұнын, оқыту әдістерін және оқытуды ұйымдастыруды ғылыми тұрғыдан негіздеу.
Дидактика «Нені оқыту керек?» «Қалай оқыту керек?» «Не үшін оқыту керек?» деген үш басты сұраққа қазіргі заман талабына сай жауап беруі тиіс.
Дидактиканың негізгі категориялары: білім беру, оқыту, сабақ беру, оқу, оқыту принциптері, оқыту процесі және оның компоненттері, мазмұны, формалары, оқыту нәтижесі.
Оқыту – мұғалім мен оқушылардың белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған, реттелген, бірлескен іс-әрекеті, оқушылардың танымдық іс-әрекетін арнайы ұйымдастыру. Оқыту процесі – мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті, ол екі жақты процесс. Оқыту – оқушылардың ғылыми білім, іскерлік, дағдыларды меңгеруі, шығармашылық қабілеттерін дамыту, дниетанымын, адамгершілік, эстетикалық көзқарастары мен сенімдерін қалыптастыру үшін мұғалімнің белсенді оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыруы және ынталандыру іс-әрекеті. Оқытудың маңызды міндеттері:
- Оқушылардың танымдық белсенділігін ынталандыру.
- Оқушылардың ғылыми білім, іскерлік, дағдыларды меңгеруіне керекті оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру.
- Ақыл-ойды, ұғымталдықты, қабілетті, дарындылықты дамыту.
Білім беру – табиғат пен қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтады.
Дидактика терминін алғаш рет ғылымға енгізген неміс педагогі Вольфганг Ратке (1571-1635). Тура осы мағынада дидактика ұғымын чех педагогі Ян Амос Коменский өзінің «Ұлы Дидактика» кітабында қолданылады. «Ұлы Дидактикада» оқыту мақсаты, әдістері, принциптері, сынып-сабақ жүйесі туралы жазылды. Ол басты мақсат - адамшылық, оған жету жолы - білім беру және оқыту деп санады.
XVII ғасырда швейцар педагогі Иоганн Генрих Песталоцци «Гертруда өз балаларын қалай оқытады?» 1801 жылы шыққан еңбегін дамытып, оқыту принциптерін ұсынып, бастауыш мектептегі оқыту әдістерінің негізін қалады.
Ұлы орыс педагогі Константин Дмитриевич Ушинский орыс дидактикасының дамуына игі әсерін тигізіп, басқа тілде оқыту баланың табиғи күші мен қабілетін әлсіретеді, сондықтан оны ана тілінде оқыту керек деді. Кеңес өкіметі жылдарында Н.К.Крупская, П.П.Блонский, С.Т.Шацкий т.б. үлкен үлес қосты.
Надежда Константиновна Крупская оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру үшін оларға терең білім керектігін, әр пәнді басқа пәндермен және өмірмен байланыстыруды атап көрсетті. Мұғалім теория мен тәжірибенің бірлігі арқылы жекелеген пәндер арасында байланыс орнату керек деді. Н.К.Крупская политехникалық оқуды қолдап, оқу жоспарына жалпы техникалық пәндерді енгізуді ұсынды. Ол оқуды өнімді еңбекпен байланыстыруға шақырды.
Василий Александрович Сухомлинский оқытуды ақыл-ой тәрбиесінің маңызды құралы деп қарады. Оқытудың табыстылығы мектептегі мұғалімдердің рухани өміріне, ой-өрістерінің кеңдігіне, мәдениеттілігіне байланысты деді.
Оқыту принциптерінің жүйесін, оқытуды ұйымдастыру әдістері мен формаларын дәлелдеген белгілі педагог ғалымдар Б.П.Есипов, М.А.Данилов, Л.В.Занков, М.Н.Скаткин, т.б. болды.
Дидактиканың дамуына үлес қосқан қазақ ағартушыларының бірі - Ыбырай Алтынсарин. Ол орыс тілін қазақтарға үйрету курсының, оқу жоспарының, бағдарламаларының авторы. 1879 жылы оқу құралы «Қырғыз хрестоматиясы» шықты. Бұл бірінші қазақ тіліндегі оқу құралы, оған ауыз әдебиеті шығармалары, өсімдік, техника атаулары енгізілді.
Ахмет Байтұрсынов қазақша оқыту әдістемесінің негізін салушы. «Оқу ана тілінде жүргізілсін» - деген талапты бастаушы. 1912 жылы тұңғыш рет «Әліппе» жазды, ол халықты сауаттандырудың басты құрал болды. Бұл оқу құралы әрі сауат ашу, әрі ұлттың дүниетанымын іске асыру мақсатын қойды.
Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбиеге жетекші» деген еңбегінде баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білім берудің шарттарын көрсететін педагогика бөлімі «дидактика» деп, дидактикаға қазақ тілінде тұңғыш ғылыми анықтама берген.
Мағжан Жұмабаев зейінді тәрбиелеу жолдарын көрсетті. Олар:

  • Мұғалімнің қатты сөйлеуі;

  • Суреттердің бояуының ашықтығы;

  • Әсердің күштілігі;

  • Затты көрсету, суретін салдыру, балшықтан сол затты жасату.

Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық іздену жұмысына ежелгі грек философтары Сократтың, Аристотельдің, сол кездегі атақты педагог-психологтар С.Л.Рубинштейн, А.А.Смирнов, т.б. ғалымдардың еңбектерінің әсерлері болды.
Дидактика бойынша зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуде.
Процесс бұл ілгері қарай қозғалыс және қандай болса да нәтиженің жетістігіне бағытталған бірізділік әрекетінің жиынтығы болып табылады.
Оқыту процесі терең, берік және дәл білім алу таным жолындағы оқушылардың қимылына байланысты. Оқыту процесі – бұл мұғалім мен оқушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің барысында шәкірттерге білім беру міндеттерін шешу. Оқыту процесі – тұтас педагогикалық процестің бір бөлігі. Ол жүйе ретінде қарастырылады, өзінің белгілі құрылымы және бөліктерімен сипатталады. Олар:
- Ғылыми білімнің, іскерліктің және дағдының жүйесі (білім беру мазмұны).
- Мұғалімнің өмірлік қағидалары, оның өмірге, ғылымға көзқарасы және оқушылармен қарым-қатынасы (сабақ беру).
- Оқушылар, сынып ұжымы (оқу іс-әрекеті).
- Оқыту әдістері.
- Оқытудың материалдық құралдары: дидактикалық және оқытудың техникалық құралдары.
- Оқыту нәтижелері.
Білім – адамзаттың жинақтаған тәжірибесі, заттар мен құбылыстарды, табиғат пен қоғам заңдарын тану нәтижесі. Білімді жеке адамның игілігіне айналдыру үшін, оны ойлау операциясы – талдау, жинақтау, салыстыру, жіктеу және жинақтау арқылы терең ұғыну керек.
Іскерлік – алған білім негізінде оқушылардың практикалық әрекеті іске асырылады. Білімсіз іскерлік мүмкін емес.
Дағды – бұл қайта-қайта орындалатын практикалық әрекетке машықтандыру.
Сонымен, оқу процесінде білімнің, іскерліктің және дағдының өзара байланысы, бірлігі оқушылардың таным қабілетінің дамуына мүмкіндік туғызады.
Мұғалім мен оқушылардың ынтымақтастық іс-әрекеттері оқыту процесінде жүзеге асырылады. Сабақ беру процесінде мұғалім оқушыларды білім алу әдістері мен тәсілдеріне үйретеді. Оқушылар сабақта түрлі іс-әрекеттерінің барысында дамиды, олардың ғылыми көзқарастары қалыптасады. Бұл оқу процесі. Оқу – бұл оқушылардың іс-әрекеттерінінң, яғни объективтік әлемді танудың ерекше формасы.
Оқыту процесінде кездесетін қарама-қайшылықтарды шешу - оқыту процесінің қозғаушы күші болып табылады. Оқу процесінің негізгі қозғаушы күші оқушылардың алдына қойып отыратын мұғалімнің міндеттері мен оларды орындауға қажетті оқушылардың білімдері, іскерлігі және ақыл-ойлары арасындағы қарама-қайшылық.
Оқыту процесінің өзіне тән функциялары бар. Олар оқытудың білім беру, оқытудың тәрбиелік, оқытудың дамыту функциялары.
Оқытудың білім беру функциясы – бұл адам баласын білім байлығымен қаруландыру, оны өз бетімен білім алуға іскерлік пен дағдыны игеруге даярлау.
Оқытудың тәрбиелік функциясы. Тәрбиелей отырып оқыту, ғылыми-теориялар мен ережелердің оқушылардың дүниетанымы мен сеніміне айналуын сипаттайды, моральдық нормаларды, мінез-құлықты игеруін қамтамасыз етуге әсер етеді.
Оқытудың дамытушылық функциясы – бұл оқушылардың дамуы тәрбие мен оқыту процесінде жетіледі.
Оқу – оқыту процесіндегі оқушылардың іс-әрекеті. Оқыту процесінің логикасы оның құрылымын анықтайды, ал құрылымына оқыту процесінің тізбектері – танымдық іс-әрекетінің кезеңдері кіреді:
- таным міндеттерін жете түсіну;
- жаңа материалды қабылдау;
- ұғыну – жаңа оқу материалдарын түсініп жинақтау процесі;
- білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту және жетілдіру;
- білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдана білу;
- оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау.
Таным міндеті түсінікті болса, оны оқушылар өз бетімен ізденіп шешуге тырысады, оқыту процесінің әрбір звеносына дайындалады.
Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың, я құбылыстардың адам санасында бейнелеу процесі.
Түйсік – сезім мүшелерімізге әсер етіп, оның миымызда бейнеленуі.
Ұғыну – бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару.
Бекіту – бұл оқушылардың білімді берік ұғынуының тиімді тәсілі.
Білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдану оқушылардың өзіндік қасиетін дамытады.
Оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау – бұл оқытудың кері байланыс процесі.
Оқыту процесінің звеноларын таным процесінің формуласына сүйеніп, салыстыру ретінде логикалық бірізділікпен былай жазуға болады.
Нақты аңғару – түйсік, қабылдау.
Абстракті ойлау – ұғыну, мәнін түсіну.
Практика – бекіту, білімді, іскерлікті, дағдыны практикада қолдану, оқу процесінің осы компоненттерін тексеру, бағалау.
Оқыту процесінің тізбектері сабақ үстінде оқушылардың іс-әрекетінде жүзеге асырылады. Егер олардың іс-әрекеттерінде түрткі болмаса, онда ол бейтарап процеске айналуы мүмкін. Түрткі – адамның объективті мұқтаждығы мен ынтасын бейнелейтін әрекетіне, ішкі талаптануы. Демек, мотивация негізі мұқтаждық пен ынта болады. Оқушылар білімге мұқтаждығын сезуі қажет. Ал мұқтаждық оқуға деген ынтасын көтереді.
Оқыту практикасында оқудың әртүрлі түрткілері болады:
Тікелей талаптандыру түрткілері – бұл оқушылардың ұстазын ұнатуы, оған сүйіспеншілігі.
Перспективті талаптандыру түрткілеріне мамандықты таңдап алуға байланысты шәкірттердің пәнге қызығушылығы және келешек мамандыққа байланысы жоқ белгілі іс-әрекеттеріне қызығушылық жатады.
Психологиялық-педагогикалық зерттеу деректеріне сәйкес түрткілер екі топқа ажыратылады: танымдық және әлеуметтік түрткілер.
Түрткілер оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырады.
Оқыту процесін ұйымдастыру барысында оқушы және оқушылар ұжымы бір жағынан оқыту объектісі, екінші жағынан оқыту субъктісі болады. Оқытудың объектілері мен субъектілері арасында әртүрлі байланыстар пайда болады: ақпарат алмасу, бірлескен іс-әрекет т.б.
Оқыту процесінің компоненттері: оқытудың мақсаты, мазмұны, формалары, әдістері, нәтижесі. Бұл компоненттер бір-бірімен тікелей байланысты түрде іске асырылады. Демек, педагогикалық процесс сонда ғана тиімді нәтиже береді. Оқыту процесінің нәтижелі болуы оның ішкі қозғаушы күштеріне байланысты. Қозғаушы күш – қойылатын талаптар мен оларды орындауда оқушылардың мүмкіндігі арасындағы қайшылық. Егер қойылатын талап оқушылардың мүмкіндігіне, яғни даму дәрежесіне сай келсе, онда қайшылық даму көзіне айналады.
Оқушылардың білімді ұғыну сатылары

Оқу мақсатының деңгейлері

Анықтамасы

Оқушының іс-әрекеті

Мұғалімнің іс-әрекеті

Оқушыға берілетін нұсқалар

Білім

Ақпараттағы нақты элементтердің орнын анықтау

Жауап береді
Қабылдайды
Есінде сақтайды
Танып біледі

Басшылық етеді, бағыттайды.
Әңгімелейді, хабарлайды.
Көрсетеді
Білімді тексереді, емтихан алады

Хабарлама жасаңыз – суреттеңіз – санаңыз – есіңізге түсіріңіз – «Бұл не?» - «Қайда орналасқан?» - ақпарат екенін анықтау
Тұжырымдама-біл-есіңе сақта әңгімеле – фактілерді баянда – қайтала - анықта

Түсіну

Баяндалған материалды түсіну

Түсіндіреді
Өз пікірін айтады
Дәлелдейді

Дәлеледейді
Тыңдайды
Сұрақтар береді
Салыстырады
Қатар қояды
Білімін тексереді, емтихан алады

Өзгертіңіз – жаңадан тұжырымдаңыз – суреттеңіз – түсіндіріңіз, жалпы шолу жасаңыз, сын пікір айтыңыз – әңгімелеңіз – жинақтаңыз – өз сөзіңізбен түсіндіріңіз – қорытындылаңыз

Қолдану

Ережелерді, тұжырымдамаларды, қағидаларды, теорияларды, идеяларды жаңа жағдайларды қолдану

Жаңа мәселелерін шешеді
Дәлелдейді
Білімді жаңа жағдайларда қолданады
Жаңаны ойлап шығарып, құрастырады

Көрсетеді
Көмектеседі
Мақұлдайды
Бақылайды
Жұмысты сыни тұрғыдан талдайды



Қолданыңыз білімінізді тәжірибеде сынап көріңіз – шешіңіз, дәлелдеңіз – көрсетіңіз – есеп беріңіз

Талдау

Ақпаратты құрамдас бөліктерге бөлу

Талқылайды
Ашады
Санайды
Талдайды
Бөліктерге бөледі
Сыни тұрғыдан талдайды

Зерттейді
Жетекшілік жасайды
Ынталандырады
Бақылайды
Оқушыға қосымша ресурс ретінде ықпал етеді

Талдаңыз – бөліктерге бөліңіз – сын көзбен қараңыз – табыңыз айрмашылықтарын анықтаңыз – ажыратыңыз – тексеріңіз – салыстырыңыз – қатар қойыңыз – шолу жасаңыз – тексеріңіз – зерттеңіз – қараңыз – оқып үйреніңіз – бөліңіз категорияға – топтарға бөліңіз

Синтез (жаңаны жасау)

Әртүрлі идеялардан жаңа өнім немесе жоспар жасау

Талқылайды
Қорытындылайды
Бір жерге жинақтайды
Салыстырады
Түйіндеме жасайды

Кері байланысты береді (рефлексия) тереңдетеді,
Жалғастырады
Бағалайды
Талқылайды

Жасаңыз – ойлап табыңыз – жаңалық ашыңыз – құрастырыңыз - болжам жасаңыз – ұйымдастырыңыз – жоспарлаңыз – жобалаңыз – безендіріңіз – жетілдіріңіз – өзгертіңіз – қиялдаңыз- теория жасаңыз – ұсыныңыз

Бағалау

Белгілі бір өлшемдер және стандарттар негізінде материалдар мен идеялардың маңызын бағалау

Бағалайды
Талқылайды
Пікір сайысқа түседі
Күдіктенеді
Тұжырымдайды
Құрастырады
Өз пікірін айтады

Қабылдайды
Келіседі
Таниды
Өлшемдерін ашады

Пікір құрастырыңыз – қорытындыға келіңіз – таңдаңыз – шешіңіз – бағалаңыз – сыни тұрғыдан талдаңыз – негіздеңіз – түсіндіріңіз – талқылаңыз – тексеріңіз – бақылаңыз – дәлелдеңіз – ұсыныңыз - анықтаңыз

Оқыту процесінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Оқыту процесі тәрбие процесіне қарағанда неғұрлым оңай басқарылатын, жылдам іске асырылатын, нәтижесі жылдам тексерілетін процесс.


Сыныптағы оқыту процесіне, мұғалім мен шәкірттердің іс-әрекеттеріне сыртқы факторлар әсер етпейді.
Ал тәрбие процесінде ойлаған мақсаттарды, белгіленген тәрбие шараларын жылдам іске асыру, тексеру және нәтижесін анықтау мүмкін емес. Сонымен бірге тәрбие жұмысын өткізуге сыртқы факторлар зиянды әсер етеді.
Оқыту мен тәрбие процесінің диалектикасы оның өзара байланысында, үздіксіз дамуында, жылжымалылығы мен қарама-қайшылығында ашылады.
Педагогикалық процестің заңдылықтары Ю.К.Бабанский, И.Я.Лернер, И.Ф.Харламовтың еңбектерінде кеңінен қарастырылған.
Құбылыстар мен процестер арасындағы дамуды сипаттайтын мәнді байланыс философияда заңдылық деп аталады. Оқыту процесінің заңдылықтары оның тұтастығын дәлелдейді.
Оқыту заңдылықтары арқылы оқыту процесі іске асады. Құбылыстар мен процестер арасындағы байланысты дамытудан заңдылық туындайды.
Оқыту процесінің заңдылықтары:
- Оқытудың қоғамның мұқтаждығына және жағдайына байланысты заңдылығы. Бұл заңдылықты іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты. Қоғамның экономикалық мүмкіндігі жоғары болса, мектептің оқу-материалдық жағдайы жақсарады.
- Оқытудың, білім берудің және дамудың өзара байланыс заңдылығы. Оқыту процесі білім беру, тәрбие және даму процестерімен байланысты. Сондықтан оқыту жеке адамның жан-жақты дамуына көмектесе отырып, білім беру, тәрбие және даму функцияларының бірлікте іске асуына мүмкіндік туғызады.
- Оқыту процесінде оқушылардың жас, дербес ерекшеліктерін есепке алу. Оқу-әдістемелік кешендерді жасағанда, оқу-тәрбие процесінде, организмді дене және психикалық дамыту жағдайында оқушылардың жас ерекшеліктерін, ал темперамент пен қабілетті, яғни дербес ерекшеліктерін есепке алады.
Білім беру жеке адамның жас және дербес ерекшеліктеріне қарай сәйкестендіріліп ұйымдастырылады.
- Оқыту процесінің міндеттерінің, мазмұнының, формаларының және әдістерінің өзара байланыс заңдылықтары. Оқыту процесінің барлық элементтерінің мақсаттары мен міндеттерін, мұғалімнің және тәрбиеленушілердің жұмыстарының мазмұнын, формаларын және әдістерін анықтайды.
Оқыту процесінің міндеттері, мазмұны, формалары, әдістері тұтас логикалық тізбек құрса, онда қарастырылып отырған байланыс заңдылықтары ақырғы нәтижені қамтамасыз етеді.
Ш.Х.Құрманалина, Б.Ж.Мұқанова, Ә.У.Ғалымова, Р.К.Ильясова оқыту заңдылықтарын былайша қарастырады:
- Қоғам талабы оқытудың мақсат-міндеттерін айқындайды, оның мазмұны, әдіс-тәсілдері, ұйымдастыру нысандарының өзгеруі, жаңаруы заңды процесс.
- Білім беру, тәрбие, дамыту қызметінің бірлігі.
- Кез-келген ақпарат бірлігі, іс-әрекет тәсілі білім, іскерлікке айналу үшін мұғалім оқушының санасындағы білім, іскерлік, дағды деңгейіне сүйену керек.
И.П.Подласый оқыту процесінің заңдылықтарын былайша топтастырады:
- Оқыту мақсатының заңдылықтары.
- Оқыту сапасының заңдылықтары.
- Оқыту әдістерінің заңдылықтары.
- Оқытуды ынталандыру заңдылықтары.
Оқыту процесінің заңдылықтары оның принциптерінде бейнеленеді. Принцип латынша негізгі, бастапқы деген ұғымды білдіреді.
Оқытуға қойылатын талаптардың бастапқы белгілі жүйесін оқыту процесінің принциптері деп атайды. Оқыту процесінің бірнеше принциптері бар.
Оқыту принциптері.

Оқыту принциптері

Мазмұны

Оқыту процесінің мақсаттылық принципі

Әрбір сабаққа дайындалу үшін ең алдымен оның мақсатын анықтайды. Мақсатсыз сабақ жақсы нәтиже бермейді. Өйткені оқыту әдістері олардың мақсаттарына байланысты.

Оқытудың ғылымилық принципі

Бұл принцип табиғат, қоғам, мәдениет, ойлау дамуының заңдылықтарын білуді талап етеді. Ғылымилық принцип оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жасағанда есепке алынып, оқыту процесінде жүзеге асырылады.

Оқытудың түсініктілік принципі

Түсініктілік принципі оқытуды оқушылардың дайындық деңгейіне сай ұйымдастыруды талап етеді. Түсініктілік принципінен оқыту ережелері туады.

Жеңілден қиынға көшу

Оқушыларды таным іс-әрекетіне бірте-бірте үйрету, яғни нақты фактілерден жалпы қорытындыға көшу ұғымынан туады.

Қарапайымдылықтан күрделілікке көшу

Оқу материалын түсіндіргенде бірден күрделіні емес, алдымен қарапайымнан бастайды.

Белгіліден белгісізге көшу

Оқушылардың өткен сабақтан алған біліміне сәйкес жаңа сабақ материалдарын меңгеруін, яғни өткен сабақ үстінде алған білімді терең түсініп, игеруі.

Оқытудың жүйелілік және бірізділік принципі

Оқыту процесінде оқу бағдарламалары мен тақырыптық жоспарда көрсетілген тақырыптар бойынша теориялық және практикалық мәселелер бірізділікпен белгіленеді.

Оқытудың саналылық пен белсенділік принципі

Саналылық пен белсенділік дегеніміз білімді саналылықпен белсене қабылдап, оның өмір және практикамен байланысын тереңдету, оқылатын фактілер мен құбылыстардың мәніне түсіну болады.

Оқытудың көрнекілік принципі

Көрнекілік принципін алғаш зерттеп, оған мәнді үлес қосқан Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский.
Оқыту процесінде сөз бен іс, теория мен практика өзара байланысты болады. Әртүрлі көрнекіліктерді қолданудың нәтижесінде сабақ әрі түсінікті, әрі қызықты болып өтеді.
Көрнекіліктің түрлері:
Табиғи көрнекілікке коллекциядағы кептірілген өсімдіктер, хайуандар мен құстардың тұлыбы, минералдар және т.б. жатады.
Заттар және бейнелеу көрнекілігі: муляж, геометриялық фигура, макет, портреттер, сәулет, кескіндеме және мүсін үлгілері, жер бетінің бедері, т.б.
Символдық көрнекілікке карталар, картограммалар, схемалар, диаграммалар, кестелер жатады.
Экранды-динамикалық көрнекілік шындық дүниені бейнелейді. Олар: диапозитивтер, диафильмдер, эпипроекциялар, оқу киносы, оқу теледидары.
Дыбысты техникалық көрнекілікке грампластинкалар, магнитофондар, радиоқабылдағыштар, бейнемагнитофондар, диктофондар, т.б.
Көрнекі құралдар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте сақтау және жеңіл түсіну үшін қолданылады.

Педагогикалық процестің бағыттылық принципі

Бұл принцип жеке адамның әр жақты дамуына, оқыту мен тәрбие үйлесімдігіне ықпал жасайды.

Теория мен тәжірибенің байланысы

Бұл принцип классикалық философияның өмір, тәжірибе таным көзі деген ережесіне сүйенеді. Оқытудың өмірмен, теорияның тәжірибемен байланысының жақсы болуы білім мазмұнына, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға, оқыту нысандары мен әдістеріне, еңбекке және политехникалық әзірлікке берілген уақытқа, оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты.

Оқушылар білімінің беріктігі принципі

Бұл принциптің заңдылығы: білім мазмұны және оқушылардың танымдық күштерін дамыту оқыту процесіндегі бір-бірімен өзара байланысты бөліктер; оқу материалын түсініп есте сақтау оның мазмұнына, оқушының материалмен жұмыс істеуіне, оқытуға, мұғалімге байланысты; білімнің беріктігіне оқытуды ұйымдастыру, оқыту түрлері мен әдістерінің алуан түрлерін қолдану, оқытатын уақыт әсер етеді.

Оқытудың ынталандыру принципі

Оқуға, білімге, мұғалімнің жеке басына деген, оқу жұмысының барлық әдістеріне, түрлері мен нысандарына оқушыларда ынта-ықылас болса, олардың оқу-таным әрекеті сенімді, ерікті, қуанышты болады.

Оқытудың ізгілендіру принципі

Бұл оқушыға деген ерекше сүйіспеншілікті, құрметті талап етеді. Балаға сенім артып, оның жеке басының қасиеттерін ескеріп, оқу-таным әрекетінің жемісті болуына қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау керек.

Оқытудың мәселелік принципі

Бұл принцип оқу процесінің мазмұны, әдістері, ұйымдастыру нысандары мәселелі сипатта болуын талап етеді. Білімді дайын бермей, оқушылардан ізденуді, дербестікті, шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталған.

Оқытудың интеграциялау принципі

Интеграция – әртүрлі пәндердегі негізгі принциптер мен заңдылықтарды өзара тығыз диалектикалық бірлікте қарастыруды көздейді. Мазмұны жағынан бір-біріне жақын пәндердің өзара және жеке пәннің ішіндегі материалдардың арасындағы байланыстарын анықтап, оқушылардың білімін тереңдетуге болады.

Педагогикалық принциптің басты идеясы – оқыту және тәрбие жұмысында мақсаттың, міндеттердің, принциптердің, заңылқтардың мазмұнының, әдістер мен формалардың бірлігі, тұтастығы және өзара байланыстылығы.


Принциптер кезекпен емес, жүйелі, кешенді қолданылады. Олар бір-бірімен байланысты. Принциптер мүмкіндіктерді, күшті және нәтижелерді мөлшерлейді, олар бұзылмаса тепе-теңдік сақталады.
Оқытудың ғылымилығы. Ғылыми таным дегеніміз – құбылыстың мәніне өту, сырттай суреттеумен шектелмей, оның ішкі құрылымын тану. Мысалы, ағаштың сыртқы түрінен оның ішкі құрылымын, көбеюін, заталмасуын білу. Ғылымилық принципі оқушыларға ғылымда ашылған білімдерді меңгертуді талап етеді, сондықтан оқу жоспарлары мен бағдарламаларына ғылыми білімдер енгізілді. Оларды меңгерту үшін пәнаралық байланыстарды қолдану керек.
Шарттары:

  • Педагогиканың, психологияның, озық тәжірибенің жетістіктерін қолданып оқыту. Педагогикалық еңбекті ғылыми түрде ұйымдастыруға берілген нұсқауларды орындау;

  • Индуктивтік және дедуктивтік тәсілдерді қолдану;

  • Жаңа ұғымдарды жүйелі түрде қайталау;

  • Ғылыми таным әдістерін қолдану. Оқушыларды іздендіру, шығармашылық жұмыспен айналыстыру;

  • Жаңа ұғымдарды бір рет түсіндірумен шектелмеу;

  • Оқушыларды көрнекті ғалымдардың өмірі және қызметімен таныстыру;

  • Жаңа ғылыми терминологияны қолдану;

  • Оқушыларды ғылым жетістіктерімен таныстырып отыру;

  • Оқушылардың зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру;

  • Тәжірибе жұмыстарын жүргізуге жағдай жасау;

  • Оқушының оқуында жаңалық ашуына, оған қуануына мүмкіндік беру;

  • жалған сөйлемеу.

Теория мен тәжірибенің байланысы. Бұл принцип классикалық философияның өмір, тәжірибе таным көзі деген ережесіне сүйенеді.
Өмір және тәжірибе балаларға дұрыс бағыт береді, белсенді іс-әрекетке әзірлейді. Еңбек тәрбиесі жеке тұлғаны қалыптастырады. Оқытудың өмірмен, теорияның тәжірибемен байланысының жақсы болуы білім мазмұнына, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға, оқыту нысандары мен әдістеріне, еңбекке және политехникалық әзірлікке берілген уақытқа, оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты.
Шарттары:

  • Мектепке оқылатын ғылыми білімдердің керектігін қоғамдық-тарихи тәжірибе арқылы дәлелдеу. Оқушы оқу тіршілікке керек екенін түсінетіндей етіп оқыту;

  • «Білім - өмір» байланысы, өмірден алынған мысалдарды талдау. Өлкетану мәліметтерін қолдану;

  • Балаларға қазіргі жаңа технологиялар, өндірістік қатынастар, еңбектің жақсы әдістері туралы әңгімелеу және тікелей таныстыру;

  • Оқушыларды өз білімдерін қолдануға және тексеруге үйрету. Қоршаған өмірден білім алып, оны қолдану;

  • Оқушының әрбір сабақта өз жұмысының маңызын түсінуі;

  • Мектептің өндіріспен байланысын қолдану. «Оқу пәні - өндіріс» байланысына бағыт беру, бақылау;

  • Оқушылармен бірге өмірден алынған есептер мен жаттығуларды орындау, оқулықтың мәліметтерін өмірден алынған мәліметтермен толықтыру;

  • Аймақтың сұранысына қарай кәсіптіки бағдар беру жұмысын жүргізу;

  • Мәселелік-ізденіс, зерттеу жұмыстары теория мен тәжірибені байланыстырудың басты құралы;

  • Еңбекке саналы қатынасты тәрбиелеу, мұғалімнің еңбектегі үлгі-өнегесі

  • Қоғамдық пайдалы және өнімді еңбекті оқушылардың бақылауларымен, ой-толғаныстарымен ұштастыру, сұрақтар қою, көп білуге, мәселелерді анықтауға ұмтылдыру;

  • Қоғамдық пайдалы еңбектің оқу және тәрбие мақсаттарына сай жүргізілуі. Қоғамдық пайдалы жұмыс – оқытудың өмірмен байланысын жүзеге асырудың маңызды жолдарының бірі;

  • Еңбекті ғылыми ұйымдастыруды оқу процесіне енгізу;

  • Оқушылардың бір жұмыстағы табыстарын мадақтау, басқа жұмыстар беру;

  • Балаларды жақсы жұмыс істеуге үйрету, бір-бірімен жарысып жұмыс істеуге баулу;

  • Балалардың бастамашылығын мақұлдау, егер мүмкіндік болса, «Жас өнертапқыштар» сайысын ұйымдастыру;

  • Әр оқушыны оған ұнайтын ғылым, техника, өнер салаларынан өз бетімен білім алуға ынталандыру;

  • Ақыл-ой іс-әрекетін тәжірибемен байланыстырып, білімнің 80-85% тәжірибе арқылы меңгерілетінін есте сақтау.

Түсініктілік принципі. Бала өзінің ойлау қабілетіне, жинақтаған білімінің, іскерлігінің, ойлау тәсілдерінің көлеміне қарай түсінеді. Аталған принципті жүзеге асыру үшін әуелі оңай, белгілі, қарапайым материалдар, содан кейін қиын, белгісіз, күрделі оқу материалдары оқылады.
Шарттары:

  • оқылатын материалдарды әрбір жас кезеңдеріне бөлу;

  • баланың ақыл-ойы белгілі бір пәнді оқуға әзір болу керек екенін ұмытпау;

  • баланың дайындығын, дамуын және мүмкіндігін ескере отырып оқыту. Балалардың өмір тәжірибесін, қызығушылықтарын, даму ерекшеліктерін зерттеу және ескеру;

  • балаларды оқыту арқылы дамыту;

  • мүмкіндіктері бірдей оқушыларды біріктіру;

  • жақсы оқушылардың дамуын тежемеу, оқу үлгерімі нашар оқушыларды тез қарқынмен жұмыс істеуге үйрету;

  • оқытудың қарқынын белгілеп, керек жағдайда өзгерту;

  • ұқсатуды, салыстыруды, қатар және қарама-қарсы қоюды кең қолдану;

  • жаңа және күрделі материалдарды оқып үйренуге жақсы оқитын оқушыларды, бекітуге оқу үлгерімі нашар оқушыларды қатыстыру;

  • өте асықпау!

  • оқушыға келген ойды танымның соңы емес, басы деп түсіну;

  • түсініктілік мұғалімнің анық түсіндіруіне және тіліне байланысты; ұғымдарды нақты және біржақты етіп тұжырымдап өмірден, әдебиеттен жарқын мысалдар келтіріп, бірсарынды сөйлемеу;

  • монологты ұзаққа созбау, мұғалім іс-әрекеті мен оқушы іс-әрекетін анықтап алу. Балалардың түсінігіне жеңіл оқу материалдарын өз бетімен оқуға беру;

  • оқытудың алғаш сәтінде барлық білімді емес, тек негізгілерін беріп, бекітуге жаңа мысалдар, фактілер алып, жаңа білімді нақтыландыру;

  • оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқару;

  • оқушылардың оқу жұмысын жеңілдете бермеу, олардың өз бетімен оқуына, оқу материалын талдауына көмектесу, бағыт беру;

• түсініктілік баланың жүмыс қабілетімен байланысты, сондықтан баланы жұмыс істеуге үйрету.
Көрнекілік принципі. Бұл ертеден қолданылып келе жатқан принцип. Оның негізіне мынадай ғылыми заңдылық жатады: сезім мүшелері сыртқы тітіргенгіштерді түрліше қабылдайды. Ең сезімталы – көру мүшелері; Олар арқылы миға енетін ақпараттар оқушылардың есінде жақсы сақталады. Кейбір заттарды есте сақтау көрнекіліксіз мүмкін емес.
Саналылық және белсенділік принципі. Өз бетімен меңгерілген білім санаға жақсы сіңеді. Білімді саналы меңгеруге оқу желісі, өз бетімен жұмыс, белсенділік, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, оқушының танымдық іс-әрекетін басқару, мұғалімнің әдіс-құралдары көмектеседі. Оқушының өзінің танымдық белсенділігі оқытуға аса қажет жағдай және оқу материалын терең және берік түсінуге орасан зор ықпал етеді.
Шарттары:

  • Жұмыстың нақты мақсаты мен міндеттерін білу;

  • Түсінікті етіп оқыту;

  • Танымдық іс-әрекеттің барлық түрлерін қолдану;

  • Талдау, жинақтау, индукция, дедукция, салыстыру әдістерін қолдану;

  • Аналогияны жиі қолдану;

  • Бастауыш сыныпта оқытуды индукциядан бастау;

  • Оқушыларға әр сөздің, сөйлемнің, ұғымның мағынасын түсіндіру;

  • Оқушылардың білімі мен тәжірибесіне сүйену;

  • Оқушылардың бірін-бірі оқытуы. Дұрыс жауапты бәрі бірігіп табуы, себебі бала өз жолдасының айтқанын жақсы түсінеді. Сондықтан жақсы оқитын оқушыларға сабақ бергізу;

  • Белгілі мәліметтерді белгісіздермен байланыстыру;

  • Ең бастысы сіз оқытатын пән емес, пән бойынша атқарылатын жұмыстар;

  • Оқушы факті мен білім арасындағы айырмашылықты көретіндей етіп оқыту;

  • Әрбәр ережеге мысал келтіру;

  • Негізгіні түсіндіруге назар аудару, қолданылатын мысалдардың санын анықтап алу;

  • Тек қана беделмен оқыту жеткіліксіз;

  • Сезімге, ақылға әсер ететін дәлелдермен оқыту;

  • Оқушыға оқу-танымдық іс-әрекеттің тиімді тәсілдерін үйрету;

  • Әрбәр ережеге мысал келтіру;

  • Негізгіні түсіндіруге назар аудару;

  • Оқушыларды сабақтан алаңдататын жағдайларға жол бермеу;

  • «Неге?» деген сұрақты көп қойып, оқушыны дамыту;

  • Дәйекті дәлелдермен оқыту;

  • Дұрыс оқыту баяндап беру емес, білімді тәжірибеде қолдану;

  • Оқушылардың қызығушылықтарын зерттеу, дамыту;

  • Білім – сенімге айналып, іске басшылық ететіндей етіп оқыту;

  • Баланы өз бетімен ойлауға, жұмыс жасауға үйрету;

  • Түрлі мәселелерді талдау арқылы шығармашылықты дамытып, танымдық міндеттерді бірнеше тәсілдермен орындату. Шығармашылық тапсырмаларды жиі беру;

  • Оқушыларға сұрақ қойып, жауаптарын мұқият тыңдау;

  • Зат құбылыстарды оқушыларға бақылатып, оларды өз бетімен меңгерулеріне жағдай жасау;

  • Дидактикалық ойын, пікір талас, ұжымдық шығармашылық істі қолдану.

Мәселелік принцип – оқу процесінің мазмұны, әдістері, ұйымдастыру нысандары мәселе сипатта болуын талап етеді. Мәселелі оқыту білімді дайын түрде бермеу, оқушылардан ізденуін, дербестігін, шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталады. Мәселелік принцип – оқушылардың ойлау процесінің психологиясына негізделеді. Өйткені ойлаудың басталауы мәселенің болуына байланысты, басқаша айтқанда, ойлау-мәселелік сұрау немесе міндеттен басталады.
Интеграциялау принципі – жалпы білім мазмұнын анықтауда, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жазып шығаруда ескеретін маңызды принцип. Интеграция – әртүрлі пәндерге негізгі принциптер мен заңдылықтарды өзара тығыз диалектикалық бірлікте қарастыруды көздейді.Сондай-ақ мазмұны жағынан бір-біріне жақын пәндердің/тіл мен әдебиет, әдебиет пен тарих, математика мен информатика, өнер мен еңбек, этика мен эстетика, т.б./ өзара және жеке пәннің ішіндегі материалдардың арасындағы байланыстарын анықтап, оқушылардың білімін тереңдетуге болады. Осыған орай интеграцияланған пәндердің, сабақтардың рөлі ерекше.
Біз принциптерді және оларды жүзеге асыру шарттарын қарастырдық. Принциптерді жүйелі, кешенді қолдану керек. Оларды кезекпен қолдануға болмайды. Мұғалімнің алдымен бір принцип талабын, содан кейін басқасын орындаймын деуіне болмайды.
Барлық принциптердің талаптары бір мезгілде орындалады. Олардың ішінде негізгілері және көмекшілері жоқ. Барлық принциптері бір-бірімен байланысты. Оларға бағыт беріп отырады, оқытуда жақсы нәтижелерге жету жолдарын көрсетеді. Білімді ізгілендіру баланың дене және ақыл-ой мүмкіндіктерін ескеруді талап етеді. Сондықтан нәтиже оған кеткен күшпен салыстырады. Принциптер мүмкіндіктерді, күшті және нәтижелерді мөлшерлейді, олар бұзылмаса тепе-теңдік сақталады деп сеніммен айтуға болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет