Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Педагогика факультеті
Педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасы
7М01301 – Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі ББ магистранты
Баймаханова Жансая Қайырланқызының
ғылыми-зерттеу жұмысының
ЕСЕБІ
Ақтөбе-2022
7М01301 Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі ББ магистранты Баймаханова Жансая Қайырланқызының
ғылыми-зерттеу жұмысының
ЕСЕБІ
Магистрантты дайындаудың кәсіби оқыту бағдарламасы
|
7М01301 Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі
|
Магистратурада оқу мерзімі
|
2021-2023
|
Ғылыми жетекшісі
|
П.ғ.к., профессор Бахтиярова Г.Р.
|
Магистрлік диссертацияның тақырыбы: Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби мәдениетін ұлттық құндылықтар арқылы қалыптастырудың педагогикалық шарттары.
Зерттеу өзектілігі: Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарға негізделген кәсіби мәдениетті маман тұлғасын тәрбиелеу және қалыптастыру – заманның басты талабы болып табылады.
Қазақстан Республикасының этномәдени білім беру тұжырымдамасында « біз жаны да, қаны да қазақ, халықтың тілі мен дінін, тарихы мен салт-дәстурін бойына ана сүтімен бірге сіңірген, егеменді еліміздің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет» - деп атап көрсеткендей, еліміздің бірлігін сақтайтын тұлға тәрбиелеу , білім берудің барлық салаларының алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Осы міндеттерді шешу үшін ұлттық құндылықтар негізінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби мәдениетін қалыптастыруымыз қажет.
Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаттарының бірі – тұлғаны жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде оқыту, тәрбиелеу болып табылады. Бұл мақсат ұлттық дәстүр мен мәдениет сабақтастығын сақтай отырып, жастарға тәрбие мен білім берудің маңыздылығы мен өзектілігін көрсетеді.
Қазіргі таңда бастауыш сынып мұғалімдеріне қойылатын басты талаптардың бірі – кез-келген ортада өзін жоғары мәдениет иесі ретінде көрсете алу болып табылады. Сондықтан жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор.
Ғылым, мәдениет, білім салаларында жүргізіліп жатқан іс-шаралардың барлығы бірлігімізді арттыруға, жас буынның жоғары мәдениетті, елінің ұлттық сана-сезім, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген ,жан-жақты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға бағытталуда.
Жоғары оқу орындарында студенттердің кәсіби мәдениетін қалыптастыру мәселесінің теориялық негізі «мәдениет», «кәсіби педагогикалық мәдениет» ұғымдарының мәні мен мазмұнын анықтауға байланысты. Сондықтан бұл ұғымдардың ғылыми-педагогикалық, әдістемелік, т.б. әдебиеттердегі талқылануы маңызды.
Мәдениет – халықтың туған топырағында жинақталған өмірлік тәжірибесінің, тәлімі мен тәрбиесінің, өмір сүру бейнесінің жиынтығы.
Кәсіби педагогикалық мәдениет – мұғалімнің арнайы игерген білімін тәжірибеде қолдану білуі,адамдармен адамгершілік тұрғысында қарым-қатынас жасай білу қабілетімен сипатталады.
Мұғалімнің кәсіби мәдениетін қалыптастырудың әртүрлі аспектілері көптеген ғалымдардың зерттеу тақырыбы болды. Бұл тақырып отандық ғалымдар Ә.Н.Нысанбаев, Д.Кішібеков, Т.Х.Ғабитов және т.б ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылған. Философиялық, социологиялық және психологиялық мәселелер бойынша М. М. Бахтин, Б. С. Гершунский, Е. А. Климов, И. Я. Лернер секілді ғалымдар зерттеді. «Болашақ мұғалімнің коммуникативтік мәдениеті оның кәсіби-педагогикалық мәдениетінің түрі ретінде» мәселесі С.Қозыбаева, А.Бегимова, С.К.Беркимбаева И.Ф.Исаев еңбектерінде зерттелген. «Мұғалімнің кәсіби мәдениеті» ұғымының мазмұны және оның даму жолдары тақырыбында И. А. Зимняя, В. М. Монахов, В. А. Сластенин және т.б. ғалымдар өз зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бастауыш кәсіптік білім беру педагогтарын даярлау жүйесінің ерекшеліктері мәселесі бойынша А. А. Жученко, Н. М. Жукова, В. В. Кузнецов, В. А. Федоров және т. б. ғалымдар зерттеген болатын.
Жоғарыда атап өткендей, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби мәдениетін қалыптастыру мәселесі шетелдік және отандық ғалымдар тарапынан кеңінен зерттеліп келеді. Осы кәсіби мәдениетті қалыптастыру мәселелері туралы ғылыми әдебиеттердің, зерттеулердің молдығына қарамастан, біздің талдауымыз ерекше болғалы тұр. Өйткені, бұл жолы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби мәдениетін қалыптастыруда ұлттық құндылықтарымызды негізге алудың маңызын айқындаймыз.
Ұлттық құндылықтар – халқымыздың ұлттық бет болмысын, ерекшелігін көрсететін мәдениеті, өнері, тілі. Тәуелсіз мемлекетке жеткелі ұлттық құндылықтарымзды дамыту бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде.
Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының «Этномәдени білім беру» тұжырымдамасында айқын көрініс тапқан.
Қазіргі жаңарған заманда қазақ елі жас буынды тәрбиелеу үшін ел тарихы мен мәдениетін, ұмыт болып жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайтадан қалпына келтіруді көздейді. Әрбір халықтың өзінің ұлттық құндылықтары арқылы дамуы,өзге елдерге үлгі болатыны сөзсіз. Сондықтан болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби мәдениетін ұлттық құндылықтарымыз арқылы қалыптастырудың маңызы өте зор.
Қазіргі таңда отандық педагогикада этнопедагогика саласы бойынша ұлттық құндылықтар арқылы жас буынға тәрби беруді ғылыми негізде педагоги-калық тұжырымдауда Г.Р.Бахтиярова, М.Қ.Жазықова, К.Ж.Төребаева, С.Қ.Қалиев және тағыда басқа педагог ғалымдар халық педагогикасының теориясын кеңінен насихаттауға өздерінің үлестерін қосты.
Сонымен, ғылыми-педагогикалық, оқу-әдістемелік, т.б. әдебиеттерге жүргізілген талдаулар барысында аталған мәселенің педагогика саласында толықтай жүйелі зерттелмеуі тақырыпты « Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби мәдениетін ұлттық құндылықтар арқылы қалыптастырудың педагогикалық шарттары» деп алуымызға себеп болды.
Достарыңызбен бөлісу: |