8 наурыз-Халықаралық әйелдер мейрамының
шығу тарихы
Сұлулық пен нәзіктікті, қажыр мен қайсарлықты бiр бойына жинаған арулардың мейрамы күлiмдеген көктеммен қатар келедi. Бұл мейрамның көктеммен қатар келу себебі, ана – өмiрдiң алтын дiңгегi, бар адамзатқа өмiр сыйлаушы. Ал көктемде табиғат ана қайта құлпырып, айналасына шуақ шашады. Дегенмен бұл мейрамның пайда болуы ғасырлар қойнауында жатқан тарих. 8 наурыз күні жер-жерде демалыстар жарияланып, әйелдер қауымы сүйіктілерінен сыйлықтар алып, мәре-сәре болып жатады.
Тарихқа саяхаттап осы мейрам қайдан және не мақсатпен шыққандығына тоқталайық. ХІХ ғасырдың ІІ-жартысында солтүстік Америкада ауыр жұмыс, мардымсыз жалақы, жұмыс уақытының ұзақтығына байланысты қоғамдық пікірлер белен ала бастайды. 1857 жылдың дәл осы 8-наурыз күні Нью-Йоркта тігін және аяқ-киім фабрикаларының жұмысшы әйелдері манифестке жиналып, 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі құрғақ жұмыс орындарын, ер адамдармен бірдей жалақы мөлшерін талап етеді. Әйелдер бұл кездері тәулігіне 16 сағаттан астам уақыт еңбек етіп, оған мардымсыз жалақы алған. Дәл осы күннен бастап жұмысшылардың кәсіподақ мүшелігіне әйелдер де кіре бастады.
Бұл күні бірнеше қалаларда да әйелдер сайлау құқығын талап етіп, шерулер басталған. 1910 жылы Скандинавия түбегіндегі Копенгаген қаласында өткен халықаралық конференцияда Клара Цеткин 8 наурыз күнін халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы ұсыныс жасайды. Бұл әлемнің төрт бұрышындағы әйелдерге өз құқықтары үшін күресуге үндеу еді. Сонымен қатар әйелдерді кедейшілікке қарсы, еңбекті бағалау, ар-ожданды қадірлеу, бейбітшілік үшін күресуге шақырады.
Бұл мейрам 1911 жылы 19 наурызда Еуропаның Австрия, Дания, Германия, Швейцария елдерінде аталып өтті. Ресейде бұл мейрамның бастауы 1913 жылы Петербургте қала басшылығына «әйелдер мәселесі» атты өтініштен басталады. Биліктегілер бұл өтінішті қабылдап, Полтава көшесінде орналасқан Калашникова нан биржасында 1,5 мың адам жиналған жиналыста әйелдердің сайлау құқығы, аналық құқықты мемлекет тарапынан қорғау сияқты мәселелерді көтерді.
Уақыт өте бұл мейрам саяси көрінісін жоғалта бастайды. Кеңес Үкіметі бұл тарихи мейрам - 8 наурызды мемлекеттік мейрам дәрежесіне көтеріп, 1965-жылдан бастап ресми демалыс болып жариялады. Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін де 8 наурыз мейрамы ТМД елдері арасында жоғары дәрежеде тойланып келеді.
Арыс қаласы мұражайының әдіскері,
тарихшы Қанат Әмірбеков 01.03.2012 ж.
Мекен жай: Арыс қаласы. Тел: жұмыс: 8 (725 40) 2-14-32
Моб.тел: 8 (702) 291-50-15
8 (777) 098-02-96
Электронды мекен-жай: anarys@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |