А-а А дегенім атаң, Ақ тілекті батаң, Ақыл сөзін тыңдап, Ардақтай біл, ботам! Ә-ә Ә дегенім әжең, Әлдилеген анаң, Әлпештеген әкең, Әспеттей біл, балам! Б-б Б дегенім білім, Білім – жарық күнің, Ашып берер саған, Бар әлемнің сырын! В-в В дегенім вокзал, Кісі толған көп зал, Келіп қалса пойыз, Вокзалдан тез қозғал! Г-г Г дегенім гүлім, Көрдің неше түрін, Гүлмен бірге сенің Күлімдейді күнің! Ғ-ғ Ғ дегенім ғарыш, Болса дағы алыс, Қазақ ұшып барған, Ғарыш бізге таныс! Д-д Д дегенім дәптер, Дәптер тола ақ тор, Дұрыс, таза жазып, Төрт пен бесті ап кел! Е-е Е дегенім есеп, Есеп қиын десек, Неше болар екен, Екі ешкі мен есек? Ж-ж Ж дегенім жолда, Жаңғалақтау болма, Жасыл жанса, жүгір, Қарап сол мен оңға! З-з З дегенім зебр, Тұяғы оның темір, Шөп іздесе шөлде, Кірмейді оған шөгір! И-и И дегенім ине, Кіріп кетер, тиме, Қадайды ғой әжең Инеменен түйме! Й -й Й дегенім қайда? Бар ғой қаймақ, майда, Сайда жүрген ойнап, Тайынша мен тайда! К-к К дегенім кітап, Көп оқыған ұтад, Күшті болсаң, кәне, Кітаптан тез К тап! Қ-қ Қ дегенім қала, Жан-жағыңа қара, Қатар, қатар үйдің, Қабаттарын сана! Л-л Л дегенім лағым, Кезіп ауыл маңын, Маңыраған кезде, Бір тынбайды жағың! М-м М дегенім мектеп, Кітабымды беттеп, Мен өсемін оқып, Мектебімде көктеп! Н-н Н дегенім наным, Нанмен бірге әнім, Наным менің нәрім, Әнім менің сәнім! Ң-ң Ң дегенім аңдар, Аңдар інді таңдар, Қарға түскен ізден, Аңның жолын аңғар! О-о О дегенім орман, Жан-жануар толған, Жеміс, жидек теріп, Орман кезу – арман! Ө-ө Ө дегенім өзен, Өзен бойын кезем, Өзенде бар балық, Өзім бірден сезем! П-п П дегенім пілім, Көрсеңдер де түрін, Қане, көрген кім бар, Таудай пілдің тілін?! Р-р Р дегенде ретте, Рет-ретімен бетте, Дәптер, кітап, бәрін, Ретсіз шашып кетпе! С-с С дегенім сурет, Көрдің бе сен бір рет, Сонша неге тәтті, Суреттегі сүр ет?! Т-т Т дегенім талап, Көңіліңмен қалап, Талапты бол сен де, Оқып жақсы сабақ! У-у У дегенім уыз, Уыз жейді ауыз, Уызына тойған Қозы болар нығыз! Ұ-ұ Ұ дегенім ұлан, Ауызында ұран, Ту көтеріп тұрған Ұлан нағыз қыран! Ү-ү Ү дегенім үкі, Үлпілдейді түлкі, Үп дегенде үкі, Түлкі болды күлкі! Ф-ф Ф дегенім файл, Поштамыз е майл, Алыстан хат келсе, Жылдам жауап қайыр! Х-х Х дегенім халық, Оқып, білім алып, Халық үшін іс қыл, Бар күшіңді салып! Һ-һ Һ дегенім жаһан, Жаһанда бар наһан, Наһан - үлкен балық, Деп айтатын атам! Ц-ц Ц дегенім цеце, Улы маса десе, Циркуль одан үлкен, Әлденеше есе! Ч-ч Ч дегенде Чен бар, Чукот деген жер бар, Чита деген қала, Чили деген ел бар! Ш-ш Ш дегенім шаршы, Шаршыны тез салшы, Шыны, шырша, шаштан, Шы-ны тауып алшы! Щ-щ Щ дегенді тапшы, Кітабыңды ашшы, Бір-біріне қарсы, Тұщы менен ащы! Ы-ы Ы дегенім ыдыс, Шығарады дыбыс, Ынтымақты үйде Ыдыс тола ырыс! І-і І дегенім інім, Бауырым ғой, күнім, Қызықтаймыз оның, Балдай тәтті тілін! Э-э Э дегенді ізде, Көріне ме көзге, Элеватор, эпос, Бар ғой біраз сөзде! Ю-ю Ю дегенім ою, Ойлап ойып қою, Аю құсап маймақ, Қою балға тою! Я-я Я дегенім аяз, Мал тоңады ояз, Аяз қысқан кезде Су қатады саяз! Баянғали Әлімжанов.Фариза Оңғарсынова өлеңдері
Менің көгершіндерім Әріптер
А Толқыны өбіп жағаны,
Өзен баяу ағады.
Айдынында қалықтап
Аққу жүзіп барады.
Білесің бе араны?
Жолай көрме жанына –
жақындасаң шағады!