А.Байтұрсынов пен Абай аудармаларының арасындағы үндестікті дәлелдеп жазыңыз
Жазушының суреткер болып тууы сияқты,
аудармашының да суреткер болып жаралуы керек.
Р.Хайруллин
Аударма - әдебиеттің кең арналы, мол саласының бірі. Аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері сусындай алады. Қазақ әдебиетінде қазіргі заманғы көркем аударма жасау дәстүрі 19 ғасырдан басталады.Осы салада оыстың таңдаулы ақындарының шығармаларымен өз халқын сусындатпақ болып көркем аудармамен алғаш айналысқандардың бірі Абай болды. Ұлы ақын неміс ақыны Гётенің, орыс ақындары Ю.Лермонтовтың, А.Пушкиннің шығармаларын қазақ тіліне ерекше көркемдікпен аударды.
Абайдан кейін аударманы халық кәдесіне жаратып, ұлт мүддесіне пайдаланбақшы болып тер төккендердің бірі – Ахмет Байтұрсынов.Ақынның И.А.Крыловтың аударған мысал өлеңдерінің бір тобы «Қырық мысал» деген атпен жеке кітап болып жарияланғаны белгілі. Екі ақынның да аудармаларының көркемдік деңгейі жоғары, тағылымдық мәні зор. Ал енді қос алыптың аудармаларында қандай үндестік бар? Дәлелдеп көрейін.
Біріншіден, екі ақында да ортақ мақсат - мысал арқылы өз халқының сана сезімін ояту болды. Менің ойымша, ақындар мысалдың қаруы – әжуа мен мысқылды осы жолда қару етіп пайдаланды.
Екіншіден ,екі ақын да сөздің, сөйлемнің мағынасын сол күйінде аударуды мақсат етпей, негізгі ой мен мазмұнды ғана сақтауға тырысқан. Бұл туралы академик З.Ахметов « Абай Крылов мысалдарын дәл аударып, оның құрылыс қалпын сақтауды мақсат етпеген.Сюжетін еркін баяндап,көшіре аударма емес, қазақ ішінде төлтума болып шығатын сарындас аударма беруді мақсат еткен» дейді.Сондықтан екі ақынның Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі» мысалының түпнұсқадағы 26 жолдық мәтіні Абайда – 55 жол болса, Ахметте – 48 жол болып шыққан.
Үшінші бір үндестік – қос алып қандай аударма жасаса да, қазақтың санасына, түсінігіне тұрмыс тіршілігіне лайықтап аударған. Мысалы, И.А. Крыловтың «Стрекоза и муравей» мысалының мәтіндегі «стрекозаны» Абай инелік деп емес, шегіртке (кузнечик) деп өзгерткен. Өйткені сирек кезедесетін инелікке қарағанда, жаздың күні далада қаптап жүретін шегірткенің тіршілігі қырда өскен қазақтың баласына етене таныс. Ал Ахмет «Қасқыр мен мысық» мысалындағы Васька, Степан, Демьян, Трофим аттарын Қоянкөз, Құрамыс, Көпберген бай, Қисықбас деп өзгертіп алады.
Қорытындылай келе, екі ақын да өз заманындағы қазақ арасында кездесетін намыссыздық, алауыздық, жалқаулық пен жағымпаздық, қулық пен зорлық сияқты келеңсіз мінездерді сынауға келгенде, мысал аса қажет үлгі деп түсінді. және соны өз дәрежесінде жеткізе біліп, ғибратты тұжырымдар жасады.