Абай қҰнанбаевтың ӨЛЕҢдерін, Қара сөздерін қазақ тілі сабағында пайдалану



Дата05.11.2016
өлшемі65,35 Kb.
#796
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН, ҚАРА СӨЗДЕРІН ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ПАЙДАЛАНУ
А.А. БАҚТЫГЕРЕЕВА

Қостанай құрылыс колледжі , Баймагамбетов көшесі,1, тел.: 22-05 -23,

e-mail: str_col @mail.ru
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе.

Асыл сөзді көздесең, жаттап тоқы көңілге...

Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны, әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен қатар ұлы ойшылы. Оның поэтикалық шығармалары мен қара сөздері этикалық, эстетикалық, психологиялық, педагогикалық ой пікірлерге толы.

Ұлы ақынның шығармашылығын бүгінгі жастарға таныту – маңызды да жауапты мәселе. Орыс аудиториясында қазақ тіліне оқушылардың қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін Абай өлеңдерін, қара сөздерін жиі пайдаланамын. Әрине А. Құнанбаевтың бүкіл шығармашылығын танытып шығу мүмкін емес. Дегенмен, негізгі деген мәселелерді қамтуға болады. Ақынның өмірбаянын негізге ала отырып, құрмалас сөйлемнің түрлеріне бірнеше мысалдарды пайдаландым:

а) Абайдың әкесі өте қатал адам болса, шешесі Ұлжан қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған.

ә) Әжесі Зере Абайға ертегілерді, аңыз әңгімелерді айтып, жақсы тәрбиелеп отырған.

б) Абай өмірінің бастауы асқар таудай әкесі Құнанбай болды және ағар бұлақ анасы Ұлжан болды.

Осы тәріздес сөйлемдерге оқушылар синтаксистік талдау жасай отырып, ата, бала, немере арасындағы тәрбие байланысын,сыйластық сияқты ақын бойындағы өнеге құдіретін танытамын. Әжесі Зере ел тарихын айтып, жақсы мен жаманды айыра білуге үйретті. Ақылды, ұстамды, ақындық қасиеті бар дана әйел Ұлжан баласын ел – жұртын сүюге, әділдікке үйреткен. «Отбасы», «Менің туған - туысқандарым» атты сабақтарда ақынның өмірінен осындай өнегелі тәрбие беретін жақтарын пайдаланамын.

Сабақтың білімдік мақсатына сай ақынның өлеңдері, қара сөздерінен үзінділер таңдап алып, оған фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік талдау түрлерін жасатып отырамын. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқушыға мәнерлеп оқытып алып, өлеңнің мазмұнын ашу мақсатында сұрақтар қойдым:

а) Өлеңде ақын жастарға қандай өсиет айтады?

ә) Жастарға қандай бес асылды ұсынады?

б) Ақын адамның қандай бес дұшпаны бар екенін айтады?

в) Ақын білім – ғылымның кілті неде дейді?

Оқушылар қойылған сұрақтар төңірегінде жауап береді. Ал мен өз ойымды:

- Бұл өлең ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті үлгісінде жазылған. Абай әрбір жігерлі жастың арманы ғылымды игеру болу керектігін, адамның ең қымбат кезеңінің – жастық шақтың оқуға, ғылымға жұмсалуын талап етеді деп айтып, қорытынды жасадым.

Содан кейін бес асыл істі ажыратуды, бес нәрседен: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашапақ қылықтарынан сақтануларын міндет етіп қойдым да, білім – ғылымның кілті – еңбектене білуде деген қорытынды бердім.

Абай атап көрсеткен жағымсыз қасиеттер арамызда кездесе ме? – деген сұраққа оқушылар өз пікірлерін айтты. Осыдан кейін оқушыларға ойын – күлкі, бос жүрісті кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден деп айта келіп, біліммен ғана мыңға басшылық жасап, ел басқаруға да мүмкін екенін әңгімеледім.

Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім жолында ізденіске жетелейтін – жарыс сабақтары. Сабақтың мұндай түрлері оқушының білімі мен іскерлік қабілетін көрсетуіне және де бір тақырып аясын кеңейте отырып, халқымыздың тарихын, әдет – ғұрпын, салт – дәстүрлерін насихаттауға мүмкіндік береді.

«Жыл мезгілдері» блогын қорытындылау мақсатымен «Абайдың табиғат лирикасы» деген тақырыпта екі топтың арасында сабақты сайыс түрінде өткіздім.

Сабақтың мақсаты

Білімділік: Оқушыларға Абай өлеңдерін терең меңгерту, өлеңді талдау машығын жетілдіру.

Дамытушылық: Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету. Ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру.

Тәрбиелік: Оқушыларға эстетикалық, экологиялық тәрбие беру. Табиғатқа қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Пәнаралық байланыс: тарих, сөз өнері, әдебиет, бейнелеу өнері

Сабақтың әдіс – тәсілдері: сұрақ – жауап, әңгімелеу, топтық жұмыс, түсіндіру.

Көрнекілігі: ақынның портреті, табиғат көріністері, үнтаспа.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі: Сәлемдесу. Сабақтың тақырыбы, мақсатын түсіндіру.

II. Топ жетекшілерімен, топтың атымен танысу.

III. Сайыстың кезеңдері.

1кезең – Поэзия.

«Күз» тобына: а) Өлеңді жатқа оқу.

ә) Өлеңде күздің қандай белгілері суреттелді?

б) Өлеңде ауыл тұрмысы қалай бейнеленген?

«Қыс» тобына: а) Өлеңді жатқа оқу.

ә) Ақын қысты қандай бейнеде суреттеген?

б) Қыстағы адамдардың тіршілігі қалай бейнеленген?

2кезең – Грамматика.

Тапсырма: Өлеңнен алынған үзінділердегі тұрлаулы мүшелерді табу.

А) Салбырыңқы тартыпты жыртық киім.

ә) Сұр бұлт түсті суық қаптайды аспан.

Б) Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

В) Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды.

3кезең – Бейнелеу өнері.

Тапсырма: Өздерінің топтарына сай күз, қыс көріністерін көрсетеді, оларға қатысты Абай өлеңдерінен шумақ, жолдар оқиды.

4кезең – Этнография.

«Күз» тобына: а) Алты қанат үй деген қандай үй?

ә) Киіз үйдің құрылымы туралы әңгімелеу.

«Қыс» тобына: а) Құда деп кімді айтады?

ә) Қазақша қандай туыстық атауларын білесіңдер?

5-кезең – Мақал – мәтел.

Тапсырма: Жыл мезгілдеріне, табиғатқа байланысты мақал – мәтел айту.

IY. Қорытындылау. Оқушыларды бағалау, мадақтау.

Абайдың қара сөздеріндегі айтылған даналық сөздердің мәнін, астарын ашу мақсатымен сабақта жүргізген жұмыстарыма тоқталамын. Оқушылар аудара алатындай мөлшерде он жетінші, отыз бірінші қара сөздерінен үзінді таңдап алдым:

1. Қайрат, ақыл, жүрек! Осы үшеуің бір кісіде табылсаңдар, қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым.

2. Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар:

Бірінші – көкірегі байлаулы, берік болмақ керек.

Екінші – сол нәрсені естігенде иә көкірегінде, ынтамен ұғу керек.

Үшінші – сол нәрсені ішінен қайталап, ойланып, көңілге бекіту керек.

Төртінші – кеселді ойлардан қашық болу керек.

Ақынның ақыл, қайрат, жүрек жайлы ойларын тереңірек түсіну үшін шағын сахналық көрініс көрсеттік.

Абайдың он бесінші қара сөзіндегі ерік – қайраттың адам өмірінде алатын орнының ерекшелігі туралы оқушылар өз пікірлерін дәлелдеуге тырысты.

Он екінші, қырық төртінші, жиырма жетінші қара сөздеріндегі мораль, тәрбие мәселелері сияқты басты тақырыптар түрлі жұмыстар арқылы талданды.

Абай ән өнерінде де мол шығарма қалдырған ақын. «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы» т.б. әндері – қазақтың халық сазгерлік өнеріндегі шоқтығы биік туындылар. Адам өмірінің көктемін, жастық шақтың албырт сезімін сазгер әуенмен жыр етеді деп, үнтаспадан тыңдаймыз.

Сабақта Абайдың аудармашылығына да тоқталамын. Крылов, Пушкин, Лермонтов, Некрасов еңбектерін құныға оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударып, туған халқының игілігіне айналдырғанын айтып өттім. Крыловтың «Құмырсқа мен шегірткесі», Пушкиннің «Татьянаның Онегинге жазған хаты» мен « Онегиннің Татьянаға жауабы », Лермонтовтың «Утес» т.б. таныстыра, салыстыра оқытудың пайдасы пәнаралық байланыс принципін ұлттық салт – дәстүрмен таныстыруға тиімді жолдың бірі деп санаймын.

Сабақтың тағы бір кезеңі – мақал – мәтелді үйрету. Мақал - өмір құбылыстарын жинақтап көрсететін, қорытынды пікір айтылатын халық даналығы деп, Абай айтқан асылдарға да тоқталдым.



Тапсырма. а) Берілген асылдар қандай тақырыпта жазылғаны, мағынасы талданады.

Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.
Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға!


Өнер алды – қызыл тіл.
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы.
Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.


Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын.


Досы жоқпен сырлас,

Досы көппен сыйлас.


Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан т.б.


ә) Жұмыстың екінші түрі асылдардың бір – екі сөзі, екі жай сөйлемнің бірін қалдырып, не олардың орнына сұрау белгісін қойып, мақал – мәтелдің орнын толықтыру.

б) мақал – мәтелдердің орыс тіліндегі баламасын тауып айтқызу.

Бүгінгі күні халықтық педагогиканы жетілдіріп, тұнық бастауларымыздың көзін қайта ашып жатқан тұста бізге ұлы Абайдың шығармаларының берері көп. Сондықтан Абай мұрасын жастарға таныту, оның көркемдік ерекшеліктеріне назар аударту, ақын шығармалары арқылы тәлім – тәрбие жұмыстарын жүргізу міндетім деп санаймын.

Қорыта келгенде, Абай шығармаларын оқушы зердесіне жеткізуде алуан тәсілдер, тиімді жолдары бар. Мен орыс топтарында қазақ тілі сабағында Абай шығармаларын қалай пайдаланатынымды ортаға салдым.

Әдебиет тізімі:

1. Абай тағылымы. Әдеби сын мақалалары мен зерттеулер жинағы. Алматы, Жазушы, 1986.

2. Абай. Жыл мезгілдері: Күз. Қыс. Өлеңдер. Алма-ата: Балауса,1992.

3. Дүйсебаев С., Жұмажанова Т., Мамырова Ә. Қазақ әдебиеті. Оқу орыс тілінде жүретін мектептерге арналған оқулық. А., Білім. 2006.

4. Құнантаева К., Халитова И. Абайдың қара сөздеріндегі педагогикалық ой-пікірлер// Ақиқат ,1994. №4. 70-73 бет.



5. Сүйіншәлиев Х. «Абайдың қара сөздері». Алматы. 1956.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет