Адамзат баласы өмірге келген сәттен бастап өздерін өмірдің барлық қыр сырлары бойынша барынша дамытып, үлкен жетістіктерге жеткен болатын. Сол үлкен жетістіктердің бірі қала болып табылады



Дата21.02.2022
өлшемі20,26 Kb.
#132774
Байланысты:
Қала тұрғындары эссе


Адамзат баласы өмірге келген сәттен бастап өздерін өмірдің барлық қыр - сырлары бойынша барынша дамытып, үлкен жетістіктерге жеткен болатын. Сол үлкен жетістіктердің бірі - қала болып табылады. Қазіргі таңда әлем бойынша қалалардың маңызы өте зор, себебі ол - білімнің, ғылымнің, өнердің, мәдениеттің, әлеуметтің және экономиканың басты ошағы болып табылады.
Қазақстанның қалалық аймақтарының дамуы мемлекеттің шаруашылық секторының дамуы, халықтың өмір салты және еңбек бөлінісінің күрделенуімен тығыз байланысты. Ал қала халқы санының өсуі урбандалу процесінің деңгейімен өлшенеді. 2020 жылы Қазақстан Республикасының урбандалу деңгейі 58,5%-ға теңескен болатын. Сәйкесінше, бұл Орта Азия мемлекеттерінің арасында жоғары дәрежелі көрсеткіш болып табылады екен.[3] Алайда, саяси - экономикалық тұрғыда қалалардың мемлекеттің көркеюінің ажырамас маңызды бөлігі болғанымен, әрбір қаланың өзіне тән, жеке мәселелері мемлекетіміздің табиғатына және ұлттық шарушалығына кері әсерін тигізіп жатыр. Негізгі мәселелер ретінде экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелер, сонымен қатар, қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелері де қарастырылады.
Қалалардың қазіргі таңда актуалды мәселесі ретінде экологиялық проблемалар қарастырылады. Қоршаған ортаға өнеркәсіптердің, қоғамдық және жеке меншік көліктердің шығаратын улы газдары мен түтіндері жалпы аймақтың экологиялық жағдайының нашарлауына алып келеді. Ауаның, су қоймаларының ластануы, шектен тыс көп мөлшердегі қоқыстардың өңделмеуі, микроклиматтың өзгерісі және қалалық шу мәселесі тек қана қаланың дамуын тежеп қана қоймай, қалалық тұрғындардың да өмір сүру деңгейін төмендетеді. Қазіргі таңда елімізде шамамен 87 қала, соның ішінде 60 шағын қалалар бар. Осы мәселелерді Қазақстанның қалалары тұрғысынан қарастырып көрелік.
Қазақстан Республикасының бірқатар қалаларындағы ауаның ластану көрсеткіші өте жоғары. Мысалы: Нұр-сұлтан, Алматы, Қарағанды, Атырау қалаларындағы ауаның ластану индексі 7%-дан 10%-ға дейінгі көрсеткішке тең. Бұл қоршаған орта мен қала тұрғындары үшін өте жоғары әрі қауіпті деңгей.[4] Алматы қаласындағы ауаның ластану индексінің жоғары болу себебі автокөліктердің санының көп болуы, қалалық ғимараттардың дұрыс салынбауы және қалалық тәртіптің орындалмауы болып табылады. Ал Атырау және Қарағанды қалаларының ауаның ластану көрсеткіштерінің артуына тау-кен өнеркәсіп кешендерінен бөлінетін зиянды газдардың көптеп шығарылуы әсерін тигізеді. Сондай-ақ, экологиялық жағдайдың төмендеуінен қала тұрғындарының денсаулықтары нашарлай түседі, осы себептен қалалық аймақтарда сурурбандалу процесі орын алып жатады.
Келесі қала мәселелеріне су қоймаларының ластануы мен қоқыстардың өңделмеуі жатады. Арнайы қоғамдық тәртіптің орындалмауынан әлеуметтік ортаның қоршаған ортамызға, қала көшелеріне, алаңдарға, өзен-көл жағаларына қалдырып кетіп жүрген қоқыстардың өңделмеуі, олардың өздігінен шіру процесінің әсерінен топырақ және судың құрамында зиянды заттардың болуы оларды пайдалануға жарамсыз етіп отырады. Мысалы: Қазақстан Республикасының ең ірі мегаполистерінің бірі - Алматы қаласында орналасқан Үлкен Алматы көлінің және Қапшағай су бөгенінің жағалауларына жергілікті тұрғындар мен шетелдік туристтердің коқыс қалдықтарының тастап кетуі бұл аймақтардың экологиялық жағдайына кері әсерін тигізіп, арнайы қорғауға алу шараларының қолға алынуына алып келді. Бұл шаралардың біріне Үлкен Алматы көліне өте жақын арақашықтықта және жекеменшік көлік құралдарымен баруға тыйым салынуын, қоқыс қалдықтарына айыппұл төлеу міндеттемелерін жатқызуға болады.[5]
Қалалық аймақтардың экологиялық мәселелері қалалардың инфрақұрылымдық жоспарларының дұрыс болмауынан орын алады. Өнеркәсіп кешендерінің қалалық аймаққа жақын салынуы, қала көшелерінде орын алып жатқан ұзақ кептелістердің болуы, зәулім ғимараттардың жел бағытына қарама-қарсы орналасулары, қоқыс шығарындыларының орындарының дұрыс пайдаланылмауы секілді бірқатар факторлар қалалардың мәселелерін ушықтырып жатыр. Мәселелерді шешу мақсатында 2020 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық Кодексіне бірнеше өзгертулер енгізіліп, қайта күшіне енген болатын.[1] Бұл заңнамада қалалық мәселелерді шешу үшін аймақтар бойынша 17 жол картасы әзірленген болатын. Егер бұл бағдарламалар іске асырылса, 6 қалада қоқысты қайта өңдеу бойынша пилоттық жобалары қоқыс мөлшерінің азаюына, көліктердің табиғи газға ауысу процессін жеделдетілуіне және 10 қалада ауаның ластану индексі төмендеуіне оң әсерін тигізер еді.[6]
Әлеуметтік инфрақұрылымды құраушы ғимараттар, қоғамдық көліктер мен байланыс желілері секілді факторлар қала тұрғындарының денсаулықтарына теріс әсерін тигізетін қалалық шу мәселесін де туындатады. Шудың қалыпты деңгейден жоғары мөлшерде болуы жүйке жүйесінің ауруларына, бас айналу, тез шаршағыштық, ашуланшақтық, зейіннің және иммундық жүйенің төмендеуіне алып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының халық саны көп қалалардың магистральдарында қалалық шу деңгейі 90 дециБелден асады және жыл сайын 0,5 дБ-ға ұлғаюын жалғастыруда.
Күйбең тірлікке толы қалалық аймақтың өмір жүйесінің басты қызмет етушісі, қалалық аймақтың дамуының қозғаушы күші қала тұрғыны екені белгілі. Ормансыз бұлбұл болмаса, ХХІ ғасырда қаласыз адамды елестету мүмкін емес сынды. «Қаладан алшақтаған адам, қауымдық дəуірдегі ортадан тыс қалған адаммен тең. Қауымнан алшақтаған адам өліммен теңеледі. Сол секілді қазіргі қала адамы қаласыз өмір де сүре алмайды»,-деп С.К.Тұрғанбеков өзінің «Қала адамының экзистенциалды проблемалары» атты эссесінде жазып кеткен болатын.[2] Қалалық аймаққа материалдық жағдайын жақсарту үшін мүмкіндіктер іздеумен келетін азаматтар қалаға келген сәттен бастап, тынымсыз жүйеге араласуды және өзіне көптеген қызығушылықтар мен жаңалықтарды аша бастайды. Ақпараттар мен әлеуметтік құбылыстардың ортасында жүрген қала тұрғыны келешектегі өмірін қаласыз елестете алмайды; қалалық өмірге тәуелді болып қалатын секілді көрінеді.
Қала тұрғындарының әрқайсысында әртүрлі мәселелер туындап жатады. Ол проблемаларға қалалық аймақтарда жұмыс табудың қиындығы, қоғамдағы әлеуметтік статустың тым жоғары бағалануы, қалалық аймаққа тіркелу мәселесі, нарықтық тауарлар бағасының қымбаттауы, тұрмыстық жағдайға қаражаттың жеткілікті мөлшерде болмауы және тағы басқа мәселелерді жатқызуға болады.
Қалалық аймақта әлеуметтік статустың тым жоғары бағалануы қала тұрғындарының арасындағы теңсіздіктерді, конфликтілік жағдайларды туындатады. Материалдық теңсіздіктердің орын алуынан көптеген азаматтар жұмыссыздық мәселесімен кезігіп жатады. Жұмыс орындарына орналасудың қиындығы, жоғары оқу орнын бітіруші азаматтарының мамандық бойынша жұмыс тапшылығы қазіргі таңда Қазақстан Республикасының қала тұрғындары үшін өзекті әрі шешімін тез арада табу керек мәселе болып табылады.
Қалаларда уақыттың зырылдап өтетіні қалыпты жағдай болып қалыптасқан. Уақыттың жетіспеушілігі қала тұрғынының тағы бір мәселесі болып табылады. Тәулік ішіндегі әрбір минуттың,тіпті әрбір секундтың маңызы зор. Уақыттың дұрыс жоспарланбауы бір күннің зая кеткені. Ал адам баласы үшін уақыт ең қымбат әрі шектеулі ресурс болып табылады. Уақыт жайлы жиырмасыншы ғасырдың ең ірі неміс жазушысы Томас Манн былай деп жазған болатын: «Держи время! Стереги его любой час, любую минуту. Без надзора оно ускользнет, словно ящерица. Освещай каждый миг честным, достойным свершением! Дай ему вес, значение, свет».[7] Қала тұрғыны уақыттың қадірін білмесе, уақыт оны күтіп тұрмасы анық. Қала адамы өз өмірінің айқын мақсаттарын орындау барысында немесе армандағанда да, барлық іс-әрекеттерін уақытпен өлшей отырып, қалаулары бойынша лайықты мүмкіндіктерге қол жеткізе алатындай өмір сүруге құқылы деген ойдамын.
Тоқтаусыз өтіп жатқан өмірде қала тұрғындарының әрқайсысы қандай да бір мәселені ойлау немесе шешу барысында асығыстық күйде күндерін өткізіп жатады. Қала тұрғынының жай-күйі жайлы атақты неміс философы әрі әлеуметтанушысы Г.Зиммельдің әйгілі диагнозында былай деп айтылған: «Ештеңемен ісі жоқ адам – ол қалалық адам. Ол жүйкесі зақымданған ішкі және сыртқы факторлардың әсерімен өмір сүретін адам».[8] Шынында да, қалалық өмірде ешкімнің ештеңемен ісі жоқ. Барлығы тек өздерінің маза бермейтін мәселелері жайлы ойға шомып, соны шешу үстінде әйтеуір бір жерге асығып жүреді. Қала халқы қанша тығыз болса да, бір-біріне мән бермей, діттеген жеріне бағыт алып ғұмыр кешеді; бір-біріне сенімсіздік танытқанын, жанарларынан қорқыныш пен болашаққа деген үміт отын байқайсың.
Әлеуметтік ортадағы орнына қарай бөлінген қоғамдық топтар; қоғамдық топтарды құраушы азаматтар өзара бәсекелестікке түсе отырып, қалалық аймақтың дамуына әрбірі септігін тигізе алады; әрбір қала тұрғынының таңдауы қалалық өмір салтынына көптеген өзгерістерге жол ашады. Өзгерістердің тұратын аймағымызға тигізер әсері оң болары немесе зиян келтірері қала тұрғындарының қолында. Менің пікірімше, Отанымыздың табиғи байлықтарын тиімді пайдалана алсақ, қолданып жүрген өнімдеріміздің қалдықтарын қайта өңдейтін техникаларды қолдансақ қалалық аймақтың мәселелерінің шешімдерін таба аламыз. Сондықтан, Отанымыздың әрбір қаласының және қала тұрғындарының мәселелерінің шешімі әрқайсысымыздың қолымызда. Жарқын болашақты мемлекетіміздің экологиялық жағдайын ретке келтіруге бағытталған Экологиялық Кодекс бойынша қолға алынған шараларының толыққанды іске асуына бәріміз жауаптымыз деп есептеймін.[1]

Қолданылған әдебиеттер тізімі:



  1. Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексі http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K070000212_

  2. С.К.Тұрғанбеков, А.А.Айтенова, “Қала адамының экзистенциалды проблемалары”

https://bulletin-philospolit.kaznu.kz/index.php/1-pol/article/download/638/613

  1. “Урбанизация 2020”.

https://wfin.kz/publikatsii/kazakhstan-v-tsifrakh/34868-urbanizatsiya-2020.html

  1. Автор: Ербол Казистаев, “В 10 городах Казахстана высокий уровень загрязнения воздуха”

https://liter.kz/nur-sultan-almaty-i-shymkent-voshli-v-chislo-gorodov-s-samym-gryaznym-vozduhom/

  1. “Проезд на БАО предлагают закрыть...”

https://kursiv.kz/news/obschestvo/2019-10/proezd-na-bao-predlagayut-zakryt?page=62

  1. Автор: Ақсәуле Байменшина, “Еліміздегі экологиялық проблемаларды шешу үшін 17 жол картасы әзірленді” .

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/438285-elimizdegi-ekologiyaly-problemalardy-sheshu-shin-17-zhol-kartasy-zirlendi

  1. “Цитаты про время”

http://www.wisdoms.one/tsitati_pro_vremja.html

  1. Қ.Ә. Авсыдыкова, И.С. Сарыбаева “Ірі қаладағы құндылықты бағдарлардың ерекшеліктері”

https://articlekz.com/kk/article/17469

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет