Ақыртас кешенінің ҚҰпиялары асылжан Дулати



бет1/2
Дата14.08.2023
өлшемі27,05 Kb.
#179816
  1   2
Байланысты:
АҚЫРТАС


АҚЫРТАС КЕШЕНІНІҢ ҚҰПИЯЛАРЫ
Асылжан Дулати
ҚР Журналистер одағының мүшесі
тарихшы, деректанушы

Өңіріміздегі әлемдік мәдениетке бергісіз тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі, бұл – Ақыртас құрылыс кешені. Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас сарайы - Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол станциясынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Талай ғасырлар мен шапқыншылықтардың куәсі болған бұл кешеннің кереметтілігіне қызыққан талай ғалым кезінде өз зерттеулерін де жүргізіп, сансыз пікірлер қалдырды. Бірақ, осы күнге дейін Ақыртастың қай ғасырда салынғаны туралы ешкім нақтылай алмады. Шынында да тарихы тылсым, өзегі құпия бұл кешеннің не үшін салынғаны беймәлім күйде қала берді. Тіптен, оған қатысты деректер де жоқтың қасы. Неге ешқандай ортағасырлық деректерде айтылмайтыны да түсініксіз. Кімдер салды, қандай мақсатта, неге алып тастардан, тіпті, бәрі ішіне құпиясын бұғып жатқаны бізді таң қалдырады. Енді соны өз бетімізше зерделеп, зерттеп көрейік.


Алғашқы осы Ақыртыс қаласы туралы жазып қалдырған адам, 13 ғасырдың басында Шыңғысханның шақыруымен арнайы осы өңірге келген қытай саяхатшысы Чан-Чун еді. Ақыртас құрылысын зерттеуші әлем ғалымдарының да сүйенері осы қытай дерек көзі. Одан басқа ортағасырда ешқандай дерек жоқ. Ол өзінің күнделік жазбасында жол-жөнекей кездескен барлық қамалдар мен қалаларды, жер-су атаулары мен табиғат құбылыстарын түгел тізіп жазып отырыпты. Сол жазбасында: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп жазады. Болды, одан басқа басы артық ешқандай дерек жазбайды. Жай ғана осылай атап өтеді. Осы Чан-Чунның алғашқы жазбасынан кейін бұл алып құрылысқа ең алғаш көңіл аударған адам орыс суретшісі М.С.Знаменский болатын. Ол 1864 жылы осы қаланың орнына келіп, Ақыртастың тас қабырғаларының сызбасын жасап қызықты суреттер салу арқылы өз ойын қағазға түсіреді. Бұдан кейін де бұл ақыртас туралы қаншама ғалым, зерттеушілер өз ойларын айтып, әртүрлі болжамдар жасайды. Солардың бірі П.И.Лерх: «Ақыртас салынып бітпеген Будда ғибадатханасы» десе, академик В.В.Бартольд «несториан ғибадатханасы деген» болжам айтады. Ал, Қазақстандық сәулетші Т.К.Басеновтың жазуына қарағанда, Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Одан кейін осы ғимаратты 1940 жылдардан бастап 30 жыл бойы тікелей өзінің бақылауында ұстап, зерттеген академик Пацевич былай дейді: «Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы, ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да құпиясы да, құдіреті де жетеді» деп сырғытып шығады. 30 жылдан аса зерттесе де құнды ешқандай жаңалық айта алмады. Ал, 1996 жылы Қазақстан мен Франция ғалымдарының бірлесе зерттеулері барысында, Ақыртас 8-11 ғасырларға жататын Керуен сарайдың орнына сәйкес келеді деген қорытынды жасалады. Өйткені, құрылыс жобасының Ирак пен Сириядағы ортағасырлық құрылыстарға өте ұқсас екенін байқаған. Тағы да кейбір ғалымдарымыз: «Ақыртас 8 ғасырдың 2-жартысында, яғни, 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салынған. Бірақ, құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб деректеріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудама) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Касрибас қаласы осы Ақыртас болуы да мүмкін» деген тұжырымдарын айтуда. Сонда деймін-ау, ортағасырдағы жиһангездер Касрибас қаласын жазып отырғанда, оның осындай алып тастардан салынғанын неге таң қалып жазбаған деген де ой келеді. Сонымен бірге, Касрибас қала деп аталса, онда қалың жұртшылық өмір сүргені ғой. Ал, Ақыртаста ешкім тұрмаған, аяқталмаған. Сонда аталған Касрибас қаласының Ақыртас болмағаны айқын емес пе? Ғалымдар қала-қамалдарды зерттегенде осындай жағдайларға мән бермегені қалай? Яғни, ортағасырлық тарихшылар мұнда келіп, өз көздерімен Ақыртасты көрмеген. Елден естігені бойынша жазылған деуге болады. Шынында да осындай алып құрылысты кімдер салды және қай ғасырда соғылғын? Тіптен тарихта ешқандай деректің қалмағаны қалай? Сол замандардағы жихангездер мен тарихшылардың жазбаларының ешбірінде аталмауы да әлі күнге дейін түсініксіз.
Бірақ, олай болмады, Ақыртастың тарихы ашылды. Тағы бір дерек көзі табылды. Ол - Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» (Алматы «Жалын» 1993 ж) атты шежірелік кітабы. Қазыбек бек - қазақтың оқымысты ғалымы, хандардың қарашысында хатшы болған, бүкіл Европа мен Азияны аралап, олардың білімімен терең сусындап қайтқан қазақтың батыры. Ол бірнеше кітап жазған екен, оның көбісі бізге жетпепті. Тек, қазақ шежіресін жазған осы кітабы ғана қолымызға тиіпті. Бірақ, ескерте кететін бір жайт, бұл кітапты қазақ ғалымдарының біразы қолдаса, біразы теріске шығарып жүр. Алайда, біз үшін оның ішіндегі шынайы дереккөздері аса маңызды екенін айтқымыз келеді. Сонымен, осы кітапта Ақыртас туралы былай деп нақты жазады: «Көркембек тас шебері болған. Оған туысқандары қатты намыстанған. Әулиеата маңынан ел билеушілерге табиғи тұрған тастан үш сарай қашап шығарған. Сарайды мен өзім көзіммен көрдім. Сарай тастан қаланбаған, бітеу тастан қашалған. Көркембек тұрғызған тас сарай үш жерде, үшеуі де мың жылдық десем артық болмас. Бірақ, соңғы үш жүз жылда сондай ғимаратты пайдаланбай босқа қалдырғандықтан, енді ешкі ойнаққа айналған. Тас төбелер тесілген, заман өткендіктен, жел-құздан тастары жарылып мүжілген. Аман жақсы тұрғаны – бітеу белтіреулер(98 бет). Ең болмаса атамыз Көркембек пен оның достысы Қуандық Шағанның аты бір жерде жазылып қалар ма еді» деп өкінішін білдіре келе, бұл алып құрылысты бабаларымыздың салғызғаны туралы анық жазады. Тағы да сөзін жалғай отырып: «Хижраның 693 жылы Қазақ даласында болмаған қатты жұт болыпты» дейді де, осыдан кейін бұл қалада ешкімнің тұрақтамай мүлдем бос қалғанын ескертеді. Ал, енді есесптеп көрейік. Қазыбек бек айтып отырған хижраның 693 жылына 622 жылды, жаңаша жыл санауды қоссақ, шамамен 1315 жылдар шығады. Яғни, осы жылдардан кейін қаланы ешкім пайдаланбағаны сезіледі. Және «осы сарайдың салынғанына мың жылдай болғанын» да келтіреді. Сонда, бұл жазба 1776 жылдары жазылып отырғанын ескерсек, Ақыртас кешен сарайы шамамен VIII-IX ғасырларда тұрғызылғаны және оның құрылысының қазіргі тарихшылардың зерттеулерімен дәл ме дәл келуі де ғажап емес пе?! Міне, осындай әрбір дерек көзі біз үшін өте маңызды. Яғни, Ақыртастың авторы Қуандық Шаған мен Көркембек деген аталарымыз екен. Егер осы жазбадағы цифрларды алып қарайтын болсақ, онда Ақыртас 776 жылдардағы Қарлұқтар мемлекетінің құрылуымен тұспа-тұс келеді. Сонымен бірге, ислам ғазауатын аша келген Абд Рахим баб, Ысқақ баб, Әбді Жалил бабтардың заманымен тоғысады. Бірақ, ғалымдарымыз айтып жүрген араб шапқыншылығы кезіне, олардың қолбасшысы Әбу Мүслим Ақыртасты тұрғызған деген дерекке еш жанаспайды. Себебі, араптар Тараз өңіріне ешқашан келген емес. Түргештің сұлу қаған арабтарды 711, 720, 737 жылдары үш рет Самарқан мен Бұқарадан ары асырып, қуып шыққан болатын. Бұл тарихта дәлелденген оқиға. Араптар тек, 751 жылы ғана Тараз маңайына келді. Оның өзінде қытайлармен соғыстан кейін қатты әлсіреп, Бұқараға қарай мәңгі шегініп кетті. Бұдан кейінгі екінші рет келуі, ол - Самани патшасы Ахмед ибн Исмаилдың жорығы еді. Ол – қаланы толық талқандап басып алды да, тонап, кейін шегініп кетті. Яғни, бұл маңайда тұрақтап қалған жоқ, сонымен бірге, Тараз өңірін бағындыра да алған жоқ. Тек, тонаумен ғана шектелді. Мұның барлығын айтып отырған себебім, Ақыртасты араптар салдырды деген гипотезаға қарсы нақты жауабым еді. Осындай тарихи оқиғаларды зерделей отырып, Ақыртасты араптар емес, жергілікті өзіміздің түркілер салдырды дегім келеді.
Осы жерде Қазыбек бектің мына сөздерін келтіргім келіп тұр: «Аман жақсы тұрғаны – бітеу белтіреулер», «Көркембек тұрғызған тас сарай үш жерде, үшеуі де мың жылдық десем артық болмас».. Осындағы колонналы белтіреулер 1776 жылдары бар болған болса, кейін қайда кетті екен? Қазіргі құрылысын қарасаңыз 15 калоннаның іргетасы бар да, белтіреулері жоқ. Мұны сонау революция кезінде Түрксіб темір жолын салдырғанда тасып әкетті деген де деректер бар, сонымен бірге, үй-жай мен бекіністер салуда тасып алған болуы керек дейді көнекөз қариялар. Әттең, сол белтіреулер мұнаралап тұрып сақталғанда, Ақыртыстың тарихи беделі әлем туристерін еріксіз өзіне тартар еді-ау?! Сосын, үш жерде осындай тастан тұрғызылғанын жазады. Ол үшеуі қайда сонда? Тіптен, олардың орны да жоқ қой? Міне, жалпы Ақыртастың осындай құпиялары келесі жүзжылдықта ашылмаса, бұл ғасырда ашыла қоймайды-ау?!
Енді басқа да зерттеушілердің нұсқаларын келтірейік. Өлкетанушы, зерттеуші, Ақыртас кешенін көп жылдан бері зерттеп жүрген Қалмақан Шекеев ағамыз, аталған құрылысты Үйсін Елсау би салдырды дегенді айтады. Ол өзінің 2015 жылғы 12-ші қарашадағы qazaquni.kz сайтында жариялаған «Әйгілі Ақыртас қамалын салдырған кім?» атты мақаласында былай дейді: «Қытайдың бірнеше мың шақырымдық Ұлы қорғанымен Ақыртастағы құрылыс жұмыстарын салыстырып көрелік: қытай қорғанының ені 5 метр, Ақыртаста да тап солай 5 метр. Ондағы қорған, мұнда қамал, мақсат біреу - қорғаныс нысаны. Сол қорғанның қос қабырғасы ірі тас блоктармен қорап (опалубка) ретінде қаланған. Ал ортасы түрлі тау жыныстарымен толтырылып, арнайы түйгіштермен (трамбовка) нығыздап отырған. Ақыртаста да осы тәсіл тұтас қайталанады» деп, қытай қорғанымен тұспа-тұс салынған деген ойын жеткізеді. Ақыртас қамалын әбден зерделей жүріп, өзінің нақты қорытындысын жасайды: «Ендеше, Ақыртас ғимараты біздің дәуірімізден бұрынғы, үйсіндердің дәуірлеген алтын ғасыры б. д. б. ІІ-І ғасырдың тоғысқан тұсында салынған құрылыс» деп ойын аяқтайды. Оның аяқталмай қалуына дарынды тұлға, Үйсін империясының ұлы қағаны Елсау бидің кенеттен қайтыс болғанын алға тартады.
Ал, тарихшы, академик Талас Омарбеков ағамыз өзінің 2018 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің 28 наурыздағы санында жариялаған «Ақыртасты кім салды?» атты мақаласында оны Қарахан дәуірінің мұрасы деп айғақтайды. Оған бірнеше ғылыми деректер келтіре отырып, ислам дінін қабылдағандар мен Тәңір дініндегілердің арасына салынған шекаралық құрылыс деп есептейді. Сол мақаласында: «Ақыртас ХІ ғасыр ескерткіші, нақты­лай түссек, 1031—1055 жылдар аралығында тұрғызылды, ол Тараз мұсылмандарына жаулық әрекеттерін және әскери жорық­тарын тоқтатпай қойған, Мойынқұм айма­ғын мекендеген, көшпелі шаман қарлұқ­тардан қорғану үшін Қарахан әулетінің соңғы «Ұлы ханы» Сүлеймен ибн Жүсіп Арслан ханның (Әулие Қараханның) заманында (1031—1055 жылдар) салынған тас қамал болып табылады» дейді. Ал, құрылыстың аяқталмай қалуын: «Құрылыстың салынуына мұрын­дық болған Әулие Қарахан атанған Сүлеймен ибн Жүсіп Арслан хан және оның бауы­ры, Тараз билеушісі Боғра хан ибн Қадыр­ханның биліктен кетіп, о дүниелік болулары да Ақыртастың аяқталмаған құрылысын мүлде иесіз қалдырды» деген ойымен түйіндейді.
Сонымен, Ақыртастың салынуының үш варианты болды:
776 жылдары, Қарлұқтар дәуірінде салынған,
Б.д.д ІІ ғасырда Үйсіндер дәуірінде салынған,
ХІ ғасырда Қарахандар дәуірінде салынған,.....
Хош, сонымен, аталарымыздың сол замандарда қазіргідей дамыған техникасы жоқ кезде, осындай адам айтса нанғысыз ірі құрылыс кешенді тұрғызуы керемет-ақ! Таң қалмасқа амалымыз жоқ!
Енді осы Көркембек пен Қуандық Шаған аталарымыз соққан Ақыртастың құпиясына келейік. Бұл тарихи кешен – күрделі құпияға толы алып нысан. Тіптен мұның құрылысына қарап еріксіз таң қалмасқа амалың жоқ. Ата-бабаларымыздың өркениеттің даму барысында мәдениетімізге қосқан үлкен үлесі болған Ақыртас сарайы - тұла бойы тұтас жұмбақ күйінде аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Оның 70-ке жуық бөлмелері бар болған. 15 колонна галереясы мен ортада жарты гектар ашық алаңы бар, сырт қабырғаларының ені 5 метр болып, ірге тасы 2 метр тереңдікке қазып орнатылған ірі тас блоктармен қаланған. Салмағы бірнеше тонналық тастарды, сыналап қалай сындырғаны әлі күнге дейін белгісіз. Әрбір 20 см аралықта шеңбері 2,5-3,0 см болатын, тереңдігі 5-8 см үңгілеумен қатты тау ағашынан сына жасап сонымен жарып сындырғанға ұқсайды. Осы әдіспен қазіргі 25 мың текше метр ірі тас блоктарды төбе астынан өндіргені адам айтса сенгісіз шеберліктің белгісі! Қазіргі кезде қабырғаларының сақталған сілемдері 160,146 және 140 м шамасында. Қабырғаларының қалыңдығы 40х70х70 (80) см. Ірі тас блоктардан тұрғызылған.
Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады. Ауланың түпкі жағында оңтүстік есік жақтағы Ақыртас иесінің жатын және қонақ үйі орналасқан сыңайлы. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетшілерге, бір бөлегі ат қораға арналғаны байқалады және су қоймасы бар орталық аула, қорған әскерлерінің алаңы немесе діни рәсімдер атқарылатын орындар орналасқан. Қалаға судың жеткізілуінің де өзіндік сол кездері құпиялары сақталған. 4-5 шақырым қашықтықта жатқан Ұзынбұлақ тау шатқалынан осы ғимаратқа су жеткізетін қыш құбырлар желісі әкелінген. Көлемі үлкен шеңберлі 20-18 см, тұрқы 45-60 см, ал қамалдың ішкі бөлмелеріне кіші шеңберлі су құбырлары жүргізілген. Негізі, судың іргесіндегі Ұзынбұлақтан тартылмай сонау бастау басынан тартылуы да екі жағдайға байланысты: бірінші, қамал жау қоршауында қалған жағдайда су жасырын жер асты арқылы қалаға келіп тұруы үшін, екінші, су аязды күндері қатып қалатын жағдайды ескеріп, сонау шатқалдың 4 шақырым қашықтықтағы суы мол қатпайтын бастау табанынан тартылған. Осылайша қаланың ішкі және сыртқы жақтарынан су құбырлары желісі жүргізілген.
Міне, ақиқаты әлі де толық ашыла қоймаған, әртүрлі болжамдарға байланған алып құрылыстың жалпы көрінісі осындай. Бірақ, әлі де оның құпия сырларына қаныға алмаған жұрттың, кейде: «Неге алып құрылыс осы арадан соғылды?» деген қызығушылық сұрақтарын туғызары да қақ. Әрине, әрнәрсенің өз себебі болатындай мұның да өз есебі бар.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет