Қайран, қазақ елі Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қазақтың басына үйірілген қара бұлт сейілмеді
Қайран, қазақ елі... Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қазақтың басына үйірілген қара бұлт сейілмеді. Күні кеше болғандай желтоқсан оқиғасына да, биыл 33 жыл толыпты.
Желтоқсан айы... кешегі дүркіреп өткен 1986 жылға дейін бүкіл қазақ үшін қарапайым бір айдың атауы еді. Кейін бұл сөздің мән - мазмұны да, құлаққа жетер әуені де мүлде өзгерді. «Желтоқсан» десе, әрбір қазақтың көкірегінде небір көріністер: үрейлі үкімет үйі, оны қоршай толқыған ызалы қыз - жігіттердің жігерлі келбеттері, оларға қадалған суық көздер мен мейірімсіз пішіндер, одан кейін темір киімдер киіп, келтек ұстағандар мен жалаңаш қол жастардың сарт - сұрт айқасы, адам жегіш иттердің арсылы, шашынан сүйреген қазақ аруы, басынан қан шапшып, ыңырси құлаған қазақтың бозбалары елестейтіні белгілі. Оған қоса, «Желтоқсан желі» немесе «Қара бауыр қасқалдақ» деген мұңды да асқақ әуендердің сарыны алыстан талып естіледі. Себебі, бұл әндер әлдеқашан «Желтоқсан оқиғасының» халық арасындағы әнұранына айналып кетті.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақтың басын біріктіріп, бір жұдырыққа жұмылдырған бақытты да, қайғылы күні еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден кеткенімен, көңілден кетер емес. Себебі, оның тарихтан алар орны ерекше.
1986 жылы Желтоқсан оқиғасына, себеп болған жағдай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумының 1 хаатшылығына қазақтың елі – жерімен, тыныс – тіршілігімен таныс емес Г. В. Колбинді қазақ еліне ерен еңбек сіңірген азаматы Д. Қонаевтың орнынына әкелуі еді. Колбин бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Қазақстан» деген елді тек картадан ғана білетінін айтты
1986 жылы 16 желтоқсанда Алматының орталық алаңына шамамен 25 - 30 мыңдай адам бейбіт шеруге шығып, Қазақстанды басқаратын адам осы елдің тыныс – тіршілігімен, табиғатымен, дүниетанымымен таныс болсын деген ниетін білдірген болатын.
Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 ж. жазда КОКП Ок қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді.
Желтоқсан оқиғасы дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісінде ел аузында жүрген, тарихта аты қалған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Түгелбай Ташенов, Қайыргелді Күзембаев, Жамбыл Тайжумаев секілді өрімдей жастар жалған жаланың құрбаны болды. Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар - намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастардың ерен еңбегі ұрпақтан - ұрпаққа мәңгілікке үлгі болып қала бермек.