Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы үлгілі кітапхана
Астана - ұлтымыздың
рухани ордасы
/Сценарий/
Атасу 2014ж.
1- жүргізуші : О, Астанам , Астанам !
Жарқыра күндей бас қалам.
Қарыштай бер, қанат қақ ,
Ғасырларға бас қадам – дей келе Астана күніне арналған «Астана - ұлтымыздың рухани ордасы» атты кешке қош келдіңіздер! Жас елорданың мерекесі әрбір қазақстандықтардың жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шындай түсуде. Қарыштап дамыған жаңа Астананың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ. Еліміз туәелсіздік жылдары тұрақты даму мен жаңару, жаңғыру жолына түсті. Бүгінде Қазақстан адам танымастай өзгерді. Осы жылдар ішінде Қазақстанды бүкіл әлем таныды, халықаралық қауымдастықтан лайықты орын алды.
2- жүргізуші : Достық пейіл – татулықтың тірегі ,
Біздің халық бейбіт өмір сүреді.
Бар әлемді бір өзіне қаратқан ,
Елордамыз – Еуразия жүрегі.
Жас елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таң қалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын таранған әз Астанамыз жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдіміз.елорданы көшірудегі басты мақсат – мемлекеттің болашақ дамуына негіз болатын мығым алғышарт жасау болатын. Қазақстанның барлық байланыс жолдары, темір жол, әуе қатынасы Астанада түйіседі. Соның арқасында қаламыз Еуропа мен Азияның арасындағы алтын діңгекке айналды.
2 жүргізуші: Ақмола орталық Қазақстанның солтүстігінде, Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Ғұн тілінде «ақ» - «батыс», «мол» - «қамал» деген мағына береді. Демек «Ақмола» сөзі «Батыс қамалы» болып аударылады.
11-ші ғасырда осы қаланың орнында ең алғаш Бозоқ қамалы сауда байланысы дамып, ортағасырларда қала мәртебесіне ие болды.
1830 жылы Қараөткелдің бойында Ақмола бекінісінің негізі қаланып, 1832 жылы бекініс пайдалануға берілді. Есіл өзенінің таяз жерін Қараөткел деп атаған. 1830 жылы Астана Есіл өзенінің жағасында казак-орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады.
1954 жылы басталған тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Қазақстанның солтүстігінде 6 облысы тың өлкесіне жатқызылды да, 1961 жылы Ақмола қаласы Целиноград қаласы болып өзгертілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Ақмола атауы қайта қалпына келтірілді.
1 жүргізуші: 1994 жылы 6-шы шілдеде Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасы астанасын Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. 1995 жылы 20-шы қыркүйекте тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. 1997 жылы 20-шы қазанда Елбасы «Ақмола қаласын ҚР-ның астанасы деп жариялау» туралы жарлыққа қол қойды. 1997 жылы 10-шы желтоқсанда Президент Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстанның астанасы ресми түрде Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Ақмола қаласы ҚР-ның жаңа астанасы болды. Бұл шешім көптеген себептермен, ең алдымен экономикалық және геосаяси сипатқа байланысты болды. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған. Қазақша ол сөз «Елдің бас қаласы» дегенді білдіреді. «Астана» сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Онда ол «киелі орын», «босаға» деген мағыналарға ие. 1998 жылы 6-шы мамырда Ақмола қаласына Астана қаласы деген атау берілді. 1998 жылдың 10-шы маусымында ҚР-ның жас астанасының тұсаукесер тойы болды.
1 жүргізуші: Астана – таң сәулелі өшпес жарық ,
Жарқырап күндіз – түні тұрған жанып .
Қазаққа ай мен күндей нұрын шашқан ,
Сол нұрдан ләззат алған барша халық .
Орындалып көптен күткен арманы ,
Ел қыраны биіктерге самғады.
Елу елдің қатарына қосылу –
Осы емес пе еліміздің ардағы.
«Астана бас қала» атты сөзжұмбақ.
2 жүргізуші: 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Әлем қаласы» деген атақ берілді және «Бейбітшілік қаласы» деп аталды. Астана – ХХІ ғасыр қаласы. Жаңа Астана тағдыры жас ұрпақ тағдырымен, жастардың үмітімен тығыз байланысты. Елорда халықтың арманы мен аманатын арқалаған, миллиондаған адамдардың тағдырын түйістірген құт мекен болып отыр. Бүгінгі Астана – ұлттық идеяның темірқазығы, ұлттың рухани, әлеуметтік түлеуінің қозғаушы күші. Бүгінгі Астана – адам баласының өршіл рухының, еркінің, еңбек-қорлығының белгісі.
1 жүргізуші: Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес. Астана - болашағы жарқын қала. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!
2 жүргізуші: Сіздерді шын жүректен Астана күнімен құттықтаймыз. Бүгінгі таңда елдің төрі - елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Астана - қарыштап дамыған мемлекеттің нышаны, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі. Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһарда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. Елдің мақтанышы саналатын көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар жүрегімізді тебірентеді, мерейімізді тасытады.
«Астана қаласына саяхат» Дартс ойыны.
1 жүргізуші: Елорданың заманауи келбетіне шетелдік қонақтар таңданыспен қарауда. Астана ТМД бойынша ең қолайлы, ғажайып қала ретінде танылды. Бұл біздің ортақ жетістігіміз. Жарқын қаламыз одан әрі өркендей берсін, біз ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Ғасырлар тоғысында қазақ даласында осы бір алып құрылыстың бой көтеруі біздің халқымыздың қажымас қайрат-жігерінің арқасы екенін енді сезініп отырмыз. Мұның бәрі де – тәуелсіздіктің арқасы. Қуанышқа толы мереке күні Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларға сәттілік тілейміз. Сүйікті қаламыз – ару Астана көркейе берсін!
Достарыңызбен бөлісу: |