Б. Соқпақбаев прозасындағы сюжет пен композиция үйлесімі Н. Зұлхайдарқызы



Дата15.11.2016
өлшемі74,19 Kb.
#1822
Б.Соқпақбаев прозасындағы сюжет пен

композиция үйлесімі

Н.Зұлхайдарқызы,

магистрант

Қазақстан, Астана

Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің өсу, өркендеу жолына көз салар болсақ оның қазіргідей шырқау биікке шығуына небір ғажап таланттар ат салысқанын көреміз. Әрқайсысы өзінің шама-шарқынша туған әдебиетіміздің көп қырлы, көп сырлы, кемпірқосақтай алуан түрлі әсем бояулы болуына үлес қосыпты. Бұл ғасырда халқымыз басынан кешкен әрбір кезең хатталып көркем әдебиеттің бетіне түсіп балталасаң өшпейтін елдік шежіре жасалған. Нағыз ерек таланттар қаламынан туған шығармалар өз халқымыздың ғана емес, әлем халықтарының да рухани сусынын қандырар баршаға ортақ асыл қазынаға айналған.

Сондай асыл қазынамыздың бірі Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары. Өзіндік сырлы бояуы бар шуақты шыншыл шығармашылық. Балаларға деп жазып, балалар жазушысы атанып, ал шындығына келгенде шығармаларын жас пен кәрінің бәрі бірдей сүйіп оқитын, қалың оқырманның махаббатына бөленген шын мәніндегі халықтық жазушы.

Б.Соқпақбаевтың жастық шағы қиындыққа толы, қайғы-қасіреттері көп болғанымен ол шығармашылық қадамын бірден сәтті бастаған, жолы болған жазушы. Талай рет арқасына өмірдің ащы «таяғы»  аяусыз тиді. Сонда да өмірге деген «оптимисттік» көзқарасын еш жоғалтпаған. Керісінше,  сол көрген қиыншылықтарынан ұмтылмас сабақ алып, болашаққа нық сеніммен қараған.  Жігерлі, өмірдің болмашы ғана қиындығына сағы сынбайтын, қайсар әрі өжет болып өседі.  Кейіннен есейгенде сол «балалық шағын ұрлаған» заманды қағаз бетіне түсіреді. Әрине, сол  шығармаларында басты кейіпкер, өмірге құштар жан -жазушының өзі. Ол көптеген туындыларына өз балалық шағын арқау етіп отырған. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге жаны қас жазушы өз шығармаларында оқырман қауымды өмірді сүюге, тағдыр ауыртпалығына мойынсұнбауға, төзімділікке шақырады.

Алғашқы кітабының жарыққа шыққаны жайлы Бердібек Соқпақбаевтың еске алған сөзін айтар болсақ: "Баспаның директоры аты республикаға белгілі ақын еді. Ол мені студент кезімнен білетін. Бұрынғы жылы институттың мен басқаратын әдебиет үйірмесінде біз онымен мықтап тұрып дауласып, кездесу кешін өткізбенбіз. Бірге суретке түскенбіз. Соның бәрі ол кісінің есінде екен. Жастарға қамқоршыл мінезімен ол мені өте жылы қарсы алды. Баспаға қатысты шаруаларымды ешқандай әуре-сарсанға салмай тындырып берді", - дейді.

Бұрымындай қыздардың

Ағасың әсем өріліп,

Төсінде ойнап құздардың,

Күмістей жалт-жұлт көрініп.

Соқса да дауыл бұлқынып,

Басса да құлап зіл жартас.

Жай түссе де тас жарып,

Күлкіңді сенің тыя алмас [3,5] – осындай жыр шумақтарымен Б.Соқпақбаев әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған еді. Әдебиетке құштар, жазушы болуды армандаған балғын жас осылайша өз күшін ең әуелі поэзияда байқап, сөз қасиетін, сөз қадірін поэзия безбенімен өлшеуді үйренді. "Бұлақ" атты жинақ жазушының алдағы шығармашылық ғұмырының бағдарламасы іспетті болатын. "Төсінде ойнап құздардың күмістей жалт-жұлт көрініп" - Соқпақбаев шығармашылығының бар сипат, қасиеттерінің анықтамасын осынау жолдарда алдын ала өзі айтып кеткендей. Көркемдік биігінен ойнақтап көрінетін оның тамаша повестері, күмістей жалт-жұлт еткен мөлдір таза әшекейлі тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып, шеберлене берді.

Б.Соқпақбаевтың осындай артына өшпес із қалдырған шоқтығы биік шығармалардың бірі - "Менің атым - Қожа" повесі. Ол - қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір белесі. Халықтың, жас оқырмандардың шынайы ықыласына бөленген сәтті туынды.

"Менің атым - Қожаның" көркемдік ерекшелігіне тоқталсақ, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. "Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады. Сюжет нақтылы көрінісін  композициядан тапса, іс әрекет ізімен шығарма құрылысының жасалатыны да анық.

Повесте оқиғалар жүйесі мектеп оқушысы Қожа Қадыров төңірегінде өрбиді. Шығармада оның іс-әрекеті, мінез-құлқының қалыптасуы, арман-тілегі, басқалармен қарым - қатынасы суреттеледі.

Повесть әрқайсысына тақырып қойылып, нанымды, әсерлі оқиғаларға құрылған 27 тараудан тұрады. Шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың "Айвенгосын", немесе Ж.Верннің "Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі" әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық.

Жазушының өзі көрсеткендей "Менің атым - Қожа" мен  М.Твеннің "Том Сойерін" салыстырып қарай бастасақ, тараулардың қысқалығы, автордың айтайын деген ойын тым ауырлатппай, жеңіл елгезек тілмен алып кетуі сияқы ұқсастықтарды табуға болады. Жазушының шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары жоғарыдағыдай өмірі өлмес нұсқалармен әбзелденген. Алайда, бұл еліктеу дәрежесінде қалып қоймаған, қазақ топырағының шындығынан барып туындаған талантты шығарма. "Осындай шығарма қазақ балаларына да керек" деген мақсаттан барып туындаған дүние болса керек.

"Композиция құрамына сюжеттің кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіретіні белгілі. Солардың бірі - пролог - көркем шығармаға кіріспелердің бір түрі" [2, 55] екенін ескерсек, повестегі "Кіріспе орнына" деген тарау пролог іспетті. "Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын - әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші-төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауданға жайылды..." [1,5]. Бұл - кейіпкер Қожаның сөзі. Повестің кіріспесі дәл осылай басталады. Өз арман-тілегі туралы аздап сыр ашқан автор "өтірік ештеңе қоспаймын" деп уәде береді. Уәдесін орындайды да. "Кіріспе орнына" деген тараудың басты міндетінің өзі - шығарманың нанымды шығуына қызмет ету болса керек. Шығармадағы оқиғалар бас кейіпкер атынан, яғни бірінші жақтан баяндалады. Жазушының өз сөзімен айтсақ бұл тәсіл "... өмір құбылыстарын - жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түсінуден туындайды".

Бұл айтқандарымыз - повестің бірден көзге түскен композияциялық ерекшелігі. Ол ерекшеліктер жазушының кейіннен жарық көрген, автобиографиялық туындысы болып саналатын "Балалық шаққа саяхат" повесінде де өз көрінісін тапқан. Сюжеттің басталуы оның кіріспесі іспетті: мұнда әдеби қаһармандар өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Сюжеттік даму Қожаның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына, іс-әрекетіне негізделген 4 тараудағы Майқанованың өзінен үлгерімі төмен, сыпсық Жантасқа жолдама беріп, Қожаға бермеуі оның теріс жолға түсуіне себеп болады. Қарап отырсақ, педагогикалық қызметтегі объективтік бағалаудың сәл сәтке болса да әлсіреуі - бала тәрбиесіне әсер етеді екен.

Егер сюжеттің негізі тартыс болса, Қожа мен Майқанова арасындағы психологиялық тартыс сюжетті өрістетудің тәсілі тәрізді. Пионер лагеріне жолдама ала алмай қалған Қожа жайлауға мамасына жүрмекші болады. Колхоз атын ұрлап мінуге келгенде, Сұлтанмен кездеседі... Одан әрі шығарма сюжеті ширақ өрбіп дамиды. М.Горькийдің анықтауы бойынша, шығарманың тартымды, әсерлі болуы оның сюжетінің жатық, ширақ шығуына байланысты.

Жалпы, Б.Соқпақбаев шығарма сюжетін қаһармандар характерлерінің қақтығысы, конфликт арқылы өрбітеді. Сюжет - әрбір қаламгер жаңадан жасайтын дүние, ол бір туған соң әсте қайталанбаса керек.

Тамаша құрылған сюжет пен композиция қаламгердің айтайын деген идеясына, образдың жан - жақты көрініп, өсу логикасына қызмет етеді. Ондаған кейіпкерлерге, сан түрлі оқиғалар мен неше алуан суреттеу құралдарына тиісті орын тауып, өмірлік жағынан нанымды етіп шығаруы, сөз зергерінің шын мәніндегі  шеберлігін аңғартады.

Бердібек Соқпақбаев - қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі еді. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ұрпаққа деген басты шығармаларды жазып, оқырмандарынан лайықты бағасын алған бақытты жазушы.

Адам үшін өмірдегі ең қымбат бала болғандықтан, әдебиеттегі ең құрметті - балалар әдебиеті. Барлық еңбек, барлық өнер құрметті болғанмен, балаларға арналғаннан асары жоқ. Ал, сол қызметті балалардың өздері жоғары бағаласа, өнер адамы үшін одан үлкен бақыт бола бермес.

Тағы бір айта кететін жайт. Бер­дібек Соқпақбаев шығармаларына тән, ортақ белгі – бірінші жақтан баяндалатындығы. Бұл стильді жазушы саналы түрде таңдап алғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, балаларға арналғандықтан сенімді болу керек. Тілге жеңіл, түсінуге оңай болса... деген сияқты біз айтпаған тағы да қаншама қасиетті қоса кел­генде ең оңтайлысы – осы. Авторлық «Мен» жеке тұлға ретінде қай шығармасында да қарапайым адам. Жұрттан асқан ерлігі, елден асқан ақылы да көрінбейді. Бірақ оқушыны бірден-ақ баурап алады. Шығарманың мықтылығын – «енді не болар екен дегізсе...» деп бағалап жатамыз кейде. Берді­бек­ Соқпақбаевтың ерекшелігі осы сөзді көп айтқызбайды. Бі­рақ оқи бересіз, құныға бересіз. Шиеленісіп жат­қан сюжет те жоқ. Дегенмен, жібермейді бір күш. Себебі, Бердібек Соқпақбаев алдымен оқушының санасына орнығып, өзі оқушыға, оқушы оған айналып кетеді.

«Менің атым Қожа» шығармасында «Повестің бірінші тарауын осымен доғара­мын да, келесі тарауға көшемін», – дейді автор шығар­ма­ның ішінде. Кәдімгі автор ретінде айта салады. Оқи­ғалардан бөліп алып. Бірақ осы бір жол оқыр­манға автор Бердібек емес, Қожа болып әсер етеді. Қожа осы қазір, қасыңда отырып жазып отырғандай. Тақ бір повесть жазу оп-оңай шаруа сықылды. Міне, автор осы тұстан бастап толықтай сіздің құрда­сыңыз. Бала. Ал, сіз шығарманың басында-ақ ав­тор­ға айналып кеткенсіз. Қараңыз, Қожа өз атына риза емес. Дәл осы тұста сіз де өз атыңыз жайлы бір ойлап өтесіз. Келесі сәтте мына бір үзінді:

«Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлық­тар­дың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «кенжем», «сүйіктім», «жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жас­қа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таң­дап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?» [1, 8].

Дұрыс, әрине. Бұл сіздің ішкі ойыңыз. Іле, «егер бізде де осылай болса, мен өзіме қандай ат қояр едім», – деп кәдімгідей ойлана бастайсыз. Ал, енді сіз автормен бір адамсыз. Ол не айтса да сіз көне­сіз. Қаратай жаман ба? Жаман! Майқанова ше? Ол да! Жантас? Атай көрме!..

Қаратай неге жаман? Ересек адамның көзқара­сымен, табиғат заңын негізге алып ойланып көр­сеңіз, Қаратайдың түк кінәсі жоқ. Әйелі өлген. Енді күйеуі жоқ Миллатқа «екі жарты – бір бүтін» туралы ұсыныс айтып жүрген адам. «Жол ортасында атың, жер ортасында қатының өлмесін» деген қа­зақ­тың даналығын есіңе алсаң, тіпті жаның ашып кететін-ақ кейіпкер. Оны жек көрінішті қылатындай артық оқиға да жоқ повесте. Бар болғаны Қожаның анасына сөз салып жүр. Жоқ, сіз бәрібір қарсысыз. Өйткені, сіз Қожасыз. Сіздің шешеңізге көз салуға еш­бір көлденең еркектің қақы жоқ. Болды!


Бала оқырманның санасына қалай жол табу ке­ре­гін Бердібек мықты меңгерген жазушы. Баяғыда ұмыт болған, тіпті, елесі де қалмаған бала кездегі «ақымақ» армандарды қайта тірілтіп, көз алдыңызға қаз-қалпында тарта салғанда, «осыны қалай ұмыт­пай жүр екен?» – деп таңдай қағасыз.

Әдебиеттер тізімі

  1. Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа. –Аст.: Елорда, 1999.

  2. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. - А.: Мектеп, 1969.

  3. Баймұратова Б. Оралмас күндердің естеліктері. // Қазақ әдебиеті, 14.01.2011 № 1-2.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет