Беғазы-Дәндібай мәдениеті
Атауы
Көне заманның жойқын белгілері, әсіресе Беғазы тауының бір тармағында (Беғазыбұлақ, Беғазы өзені) сақталғандықтан «Беғазы» деген атау қойылған. Дәндібай да жер атауы. Осы екі атау біріктіріліп, сол жердегі ежелгі өркениет қонысын «Беғазы - Дәндібай мәдениеті» деп атайды.
Зерттелу тарихы
Бұл тарихи мекенді зерттеп, оның ежелгі тарихымыз үшін маңызын айқындаған ғалым - әйгілі академик, тарихшы, этнограф Әлкей Марғұлан болды. Осы ғалым бастаған арнаулы археологиялық топ Бегазы - Дәндібай мекенін 1947-1949 және 1952 жылдары жан-жақты зерттеді. Осы зерттеулер негізінде Қазақстан тарихы ғана үшін емес, көне дәуірлердегі жалпы адамзат тарихы үшін маңызды ғылыми қорытындылар жасалды.
Географиясы
Ерте дәуірдегі Қазақстанның тарихынан сыр қозғайтын «Беғазы - Дәндібай мәдениеті» Қарағанды облысындағы аудан орталығы Ақтоғай кентінен 40 шақырымдай жерде орналасқан. Беғазы - Дәндібай мәдениетін өркендеткен тайпалар батысында Ұлытау, шығысында Абыралы, Шыңғыс таулары, оңтүстігінде Жетіқоңырдан Ертіс бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендері бойлары мен Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы кең жазықтарды қоныс еткен.
Жалпы сипаты
Қола дәуірінде және одан бұрынғы андрон мәдениетіне тән үлгілер сақталумен қатар, жаңа жерлеу ғимараттары, тұрғын үйлер пайда болып, жерлеу салты, өзіндік шаруашылық түрлері қалыптасады. Жаңа мәдениет қауымның жоғарғы лауазымды билеушілеріне арнап салынған қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелерімен, мәйітті бір қырынан, аяқ-қолын бауырына жинап, сонымен қатар шалқалатып жерлеу, олардың жандарына қару-жарақ, әшекей бұйымдар қою ғұрыптарымен ерекшеленеді. Қыш көзелердің пішіні, жасалу, өрнектелу өзгешелігімен де айрықшаланады. Беғазы - Дәндібай мәдениетінің кесенелері күрделі сәулет өнері ескерткіштеріне жатады (Ақсу-Аюлы, Бұғылы, Беғазы, Дәндібай, Ортау, т.б.). Олар көбіне дөңгелек, төртбұрышты болып келеді. Ғимараттардың үсті қақпақ тастармен немесе жуан бөренелермен сатылы (пирамидалы) әдіспен жабылып, мәйіт ортадағы үлкен тас жәшіктерге жерленген. Қоныстар мен тұрақтардан табылған көзе ыдыстардың таяқшамен батыңқы сызылып салынған сыртқы өрнектері қарапайым, қиғаш, көлбей салынған шырша, тырнақ, шекілдеуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуіне белдемшелер жапсырылған. Ал қабірлердің ішіне қойылған ыдыстардың пішімдері мен өрнектері мүлде өзгеше. Олар қыл мойын құмыра пішімді, шығыңқы бүйірлі кесе, тостаған тәрізді, сырты сүйек қалыпшалармен әсем етіп өрнектелген. Осы кезеңде бұл өңірде ірі елді мекендер (Кент, Бұғылы, Шортанды-бұлақ,Қарқаралы, Aқкезең, Ұлытау, т.б.) пайда болған. Тұрғын үй құрылыстары әр түрлі. Қабырғасы, іргесі таспен өрілген 4 - 6 бөлмелі үйлермен қатар, бір-екі бөлмелі жер кепе және киіз үй пішіндес құрастырмалы жеңіл үйлер де көп болған. Олардың орта тұсында немесе шетінде биіктеу етіп тастан салынған төртбұрышты ғибадат ету орындары бар. Әрбір үлкен қоныстардың айналасында 3 — 5 шағын мекендер болған. Бұл жерлерді қоныстанған тайпалардың басым көпшілігі мыс балқыту, көзе жасау, егін егумен, мал ш-мен айналысқан. Беғазы - Дәндібай мәдениеті жасаушы тайпалар да андрондықтар сияқты негізінен табиғат күштеріне (күн, от, су, т.б.) табынған. Сонымен қатар басты күнкөріс көзі есептелген жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю, т.б. жыртқыш аңдарды құрметтеп, оларға табыну ғұрыптары пайда болған. Олардың тастан қашалған бейнесін зират, қоныс маңына (Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыларай, т.б.) тұрғызып қойған. Беғазы - Дәндібай мәдениеті тұрғындары — өздерінің әлеуметтік дамуында беделді рубасылары басқарған, қалыптасқан діни наным-сенімі, саяси әкімшілік орталығы бар, өзіндік өндірісі мен өндіргіш күштері дамыған, алғаш мемлекеттік бірлестік құру дәрежесіне жеткен тайпалар. Олар Оңтүстік Оралдағы (Замарев мәдениеті), Алтай мен Eнисейдегі (Қарасуық мәдениеті) өздеріне туыс тайпалармен саяси-экономикалық тығыз байланыста дамыды.
Беғазы-Дандыбай мәдениетінің ерекшілігі - ескі қола мәдениетінің түрлері өзгеріп, соның негізінде оған ұқсамайтын жаңа мәдениет түрлері қалыптасқан. Көзе сауыттар, құрылыс істерінің түрлері, қауымның әдет-ғұрпымен салт-санасы, рухани тіршілігінің жаңа арнаға ауысқанын айқын дәлелдейді. Беғазы-Дандыбай мәдениетін жарқын сипаттайтын белгілер: Дәндібай (1933), Беғазы (1946) Бұғылы ІІ-ІІІ (1952), Саңғыру І,ІІІ (1955), Қойшоқы (1967) жәдігелері, т.б. ескерткіштер[1].
Бегазы - Дәндібай мәдениеті ғылымда - Беғазы кешені, Беғазы қорымы, Дәндібай, Бұғылы ӀӀ-ӀӀӀ, Саңғыру I, III, Қойшоқы сынды бірқатар археологиялық орындар деректері мен жәдігерліктерін қамтиды. Бүл біздің ерте заман тарихымыздың бір тарауы болып саналады.Қола,ерте темір дәуірінен сақталған бейіттер тобы.Бұл қорымнан әр түрлі қыш ыдыстар мен қару-жарақтар,әшекей бұйымдар табылған.
https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D0%B5%D2%93%D0%B0%D0%B7%D1%8B-%D0%94%D3%99%D0%BD%D0%B4%D1%96%D0%B1%D0%B0%D0%B9_%D0%BC%D3%99%D0%B4%D0%B5%D0%BD%D0%B8%D0%B5%D1%82%D1%96
Достарыңызбен бөлісу: |