Бибігүл ән! Оятқанда ол бұралып тымық таңды



Дата10.06.2017
өлшемі94,87 Kb.
#18714
Шушекова Жанар

Семейдің Абай атындағы облыстық кітапханасының қызметкері


Әлемдік күміс көмей әнші

(Бибігүл Төлегенованың туғанына 85 жыл)
Бибігүл - ән!

Оятқанда ол бұралып тымық таңды,

Кеуделерде көз ілген үміт жанды.

Нұр дидары – жүректе,

Құлақтарда

Сазды әуен тұрып қалды.

Төлегенова Бибігүл Ахметқызы 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Әнші жасында қиыншылықты көп көреді.

Әкесі Ахметтің көзі ашық, оқыған, музыкаға құмар, скрипкада ойнайтын өнері бар еді. Оны Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданына партия комитетінің екінші хатшысы етіп жібереді. Ол жылдары біреудің пікірімен, жаламен адам тағдыры шешіліп, «халық жауы» деген айдармен құрбан болғандар ұлттың қаймақтары еді. Солардың бірі жазықсыздан жазықсыз жалғыз оқтан жан тапсырған Ахмет Тілеукенов болатын. Халық жауының бала-шағасына дейін кеңес өкіметінің дұшпаны деген идеология Ахметтің ұрпақтарын фамилиясын өзгертіп, Төлегенов болуға мәжбүр етті.



Әкесінің репрессия құрбаны болғаны отбасына көп әсер етеді. 1937 жылы әкесі атылып кетеді. Бір жағынан «халық жауының қызы», екінші жағынан Ұлы Отан соғысынан кейінгі ашаршылық - әншінің өміріне таңбасын салып кетті. Төлегенова еңбек жолын 1943 жылы Семейдегі ет комбинатында жұмысшылықтан бастады. Ән айтуды көркемөнерпаздар үйірмесінен бастады. Төлегенованың әншілік талантын танып, оның өнер жолына түсуіне бағыт сілтеген әрі алғаш дәріс берген кеңес жазушысы

Г. Серебрякова болды. Галина Серебрякова әншімен күн сайын дерлік вокал сабақтарын өткізіп отырады. Дикциядан, мәтіндерін терең ұғынуға үйретеді. Бұл романстарды дайындау кезінде көп пайдасын тигізеді. Галина Иосифовнамен бірге жұмыс жасау әнші дауысының құбылып, құлпырып, жаңа бояулармен қанығып, күшейіп кетуіне әсерін тигізбей қоймайды. Ұстаз Бибігүлді 1948 жылы Алматыда өтетін республикалық олимпиадаға әзірлейді. Олимпиадада орындау үшін Л. Хамидидің «Қазақ вальсін», Туликовтың «Шаттық вальсін», Штраустың «Көктемгі әуендері» дайындалады. Сол жылғы жазда олимпиадада жеңіске жетіп, жюри мүшелерінің ұсынысына сәйкес, Бибігүл консерваторияға қабылданады. Консерваторияға түскеннен кейін де оның жағдайы өте қиын болады. Күн көру үшін радиоға жеке әнші болып орналасады. Ол жас әншіге үлкен мектеп болады. Ол кезде радиодан басқа ештеңе жоқ, әншілер радио арқылы танылатын еді. Бибігүл Ахметқызы консерваторияны бітіріп шыққанда, көрермендер оны тыңдау үшін емес, көруге келетін.

Бибігүл Төлегенованың атақ-даңқы консерваторияның бесінші курсында жүргенде-ақ Кеңес Одағы деп аталатын кең байтақ мемлекеттің қай өңірінде болмасын белгілі болып еді. Балтық жағалауына сапарында Латвияның атышулы әншісі Эльфрида Пакуль: «Әншіні «бұлбұл» деп атау жаңалық емес. Ал жап-жас Бибігүл Төлегенова – шын мәніндегі бұлбұл. Ол қандай әнді – ария ма, халық әні ме – орындаса да деміңді ішіңе тартып тыңдайсың. Бибігүл қазақтың халық әндерін шырқаған кезде, Қазақстанға сапар шегіп, оның шетсіз-шексіз даласын көргендей, төбеңде шырылдаған қарлығаштардың әнін естігендей ғажап күй кешесің» - деп «Советская культура» газетіне жазыпты.

Бұл өнерге қадам басқан жас әншіге берілген үлкен баға еді. Шынында да, сол жылы Бибігүл Ленинград қаласында ән өнері туралы өтетін конференцияға шақырылды.

1954 жылы консерваторияның бесінші курс студенті Бибігүл Төлегенова өзінің ұстазы Самышинамен бірге Ленинградқа Бүкілодақтық әншілер конференциясына қатысады. Бұл кейін қазақ әншісінің болашақтағы жеңісіне салған алғашқы қадамы болады. 1954 жылы Қазақ консерваториясын бітіреді.

Төлегенова консерваторияны бітірген бойда әуелі опера театрына жұмысқа қабылданды. Көп уақыт өтпей басшылық жасырын, өзіне ескертусіз филармонияға ауыстырып жібереді. Филармонияда әншінің көп қырлы, сан сырлы әнші ретінде қалыптасуына бар жағдай жасалады. Тыңдаушы қауымның жүрегінен өз орнын алған «Баянауыл», «Бір бидай-арпа», «Жалғыз арша», «Бір бала», «Елік-ай», «Шилі өзен», «Бурылтай», «Айнамкөз», «Гәкку», «Қазақ вальсі», «Қайықта», «Тербеледі тың дала», «Жан сәулем» - осы кездің жемісі.

Филармонияның арқасында, Құрманғазы оркестрімен бірге жүріп, еліміздің түкпір-түкпірін түгел аралайды. Әншінің Қазақстанда концертпен бармаған елді-мекені жоқ шығар. Атақтың, орденнің бәрі, бүкіл марапаттардың бәрі – маңдай терінің арқасы еді. Сонымен қатар 1957, 1958 жылдары Мәскеуде өткен әншілер байқауының лауреаты, VII- IX сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

1971 жылы әнші Опера және балет театрына қайта жұмысқа шақырылады. «Қыз Жібек» операсын айтады, спектакль екі күн жүреді. Нұрғиса Тілендиев дирижер, Кәукен Кенжетаев спектакльдің режиссері болады. Спектакль сәтті өтеді. Осылайша, 1975-1995 жылдар аралығында театрда жұмыс істейді. Осы кезде Бибігүл Төлегенованың қайталанбас орындаушылық өнерінің қайнар бұлағы, ең алдымен қазақ әндеріне саяды. Әншінің алуан тақырыпты репертуарында қазақтың халық әндері «Гауһартас», Жиырма бес, Л. Хамидидің «Бұлбұлы», «Қазақ вальсі», Е. Брусиловскийдің «Қос қарлығашы», Т. Мұхамеджановтың «Көктем вальсі» Н.Тілендиевтің «Кел еркем, Алатауыма», сондай-ақ П. Чайковский мен

С. Рахманиновтің романстары, Н. Римский-Корсаковтың операларынан ариялар және Батыс Еуропа сазгерлерінің шығармалары бар. Б. Төлегенова өзінің концерттік-орындушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді. Бұл тұрғыда ол «қазақ бұлбұлы» атанған К. Байсейітованың орындаушылық шеберлігін жалғасыруда.

Төлегенова опера өнеріне де елеулі үлес қосып, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Жібек, Рахмадиевтің «Алпамсында» Гүлбаршын, Ғ. Жұбанованың «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, Д. Вердидің «Риголетта» операсында Джильда, Д. Д. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан» операсынан Баттерфляй ханымның арияларын, Н. Римский-Корсаковтың «Шығыс романсын» бұрыңғы кеңес елінің кеңістігінде ғана емес, әлем мемлекеттерінің мәдениет сарайларында шырқады. 1980 жылдан 2007 жылға дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында вокалдан сабақ беріп, вокал кафедрасының профессоры болды.

Б. Төлегенова өнері республика, одақ көлемінде ғана емес, бүкіл дүние жүзіне танылды. Гастрольдік сапармен Үндістан, Қытай, Египет, Сирия, Вьетнам, Польша, Чехословакия, Канада, Швеция, Франция, Италияда болып, қазақтың өнерін паш етті. «Бибігүлдің халық әніне өзіндік бояу беретін құдіреті бар» - деп жазады Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халқымыздың дана қыздарының бірі Ғазиза Жұбанова.



Бибігүл кино өнерінде де өзіндік із қалдырды. Шәкен ағамыз оны өзінің «Тақиялы періште», «Найзатас», «Ән қанаты», «Ән шақырады», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдеріне шақырды. Сондай-ақ ол Шәкен Аймановтың «Дала қызы» фильмінде бас кейіпкерлердің бірі болып ойнады.

Ал, 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың балалық шағы туралы «Балалық шағымның аспаны» деп аталатын фильмі түсіріліп, Бибігүл апай сол фильмде Президенттің әжесі рөлінде ойнайды.

Бибігүл Ахметқызын әлемнің өнерсүйер қауымы әрқашан құшақ жая қарсы алады. Оның әндеріне Нью-Йорктің, Лондонның, Париждің, Римнің, Токионың, Сеулдің, Каир мен басқа да әлемнің ірі қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соққан.

Бибігүл Ахметқызы қаншама биік мәртебеге, атақ-даңққа бөленсе де, мінез-құлқы болмысы бір қалыпта: қарапайым, кішіпейіл, әділеттілік пен адалдықтың жанашыры, біреудің ыңғайына жығыла кетіп, өз қағидатынан тайғанамай келеді. Қарапайымдылығы сол – халық кез келген ортада қолқа салып, өтініш жасаса, Бибігүл қостайтын пианино, ансамбль, оркестердің жоқтығына қарамай, бәлсініп-бәлденбей, ортаға шығып ән салып береді.

Бибігүлдің талантын біздің еліміз өз деңгейінде бағалай білді. Кеңестар Одағының халық әртісі, Кеңестер Одағының және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, Кеңестер Одағының Социалистік Еңбек Ері атағын ең соңғы рет алған да – Бибігүл Төлегенова.

Астана, Семей қалаларының және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Сондай-ақ Әнші туралы «Б. Төлегенова: сүйіспеншілік. Үміт және сенім» атты кітаптың жарыққа шыққаны оқырман қауымды куантады.

Қазақстанның әр аймағында Бибігүлден дәріс алған шәкірттері де жетерлік. Қазақ халқының бұлбұл қызы Бибігүл Төлегенова сексен бес жасқа толып отыр. Осы орайда жақында ғана о дүниелік болған қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың мына өлең жолдарымен сөзімізді аяқтайық:

Талай сыннан Замана арылған-ды,

Күнім нұрлы, шуақты таңым да алғы.

Біздің мынау тәуелсіз байтақ елге

Жаңаша өрлеу, жаңаша даму – заңды.

Жолдары ұзақ өмірдің алда тағы,

Келеді әлі таланттың сан қатары.

Менің елім бүгінде жүйріктерін

Бибігүл – ән секілді самғатады.


Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Оңғарсынова Ф. Талант// Егемен Қазақстан.- 2009.- 15 желтоқсан.- б.5

Бибігүл Төлегенова: Фотоальбом.- Алматы: Өнер, 2011.- 320 б.

Төлегенова Б. «Маған тиесілі атақтың бәрі мойныма үлкен жауапкершілік жүктеді»// Заң газеті.- 2011.- 21 қаңтар.- б.8



  Мекішев, Б. Бибігүл Төлегенова // Жас алаш. - 1999. - 16 желтоқсан.

Дадыров Тілеубай Бибігүл Төлегенованың әкесін Өрелде атты. Ал мен болсам, каторгамен құтылдым // Егемен Қазақстан. - 2012. - 25 шілде. - Б. 8.

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы



Ақпараттық-библиографиялық бөлімнің библиографы Чушекова Ж.М.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет