Бір күні әкесі жер жыртуға бармақшы болғанда, бала



Дата11.09.2022
өлшемі20,32 Kb.
#149197
Байланысты:
Агайынды Гримдер

Бір шаруаның бойы шынашақтай ғана баласы болса керек. Жыл артынан жыл өткенмен, баланың бойы өспей, сол құртақандай қалпында қала береді.


Бір күні әкесі жер жыртуға бармақшы болғанда, бала:
— Әке, мені өзіңмен бірге ала кетші!— дейді.
— Қой, балам,— дейді әкесі,— одан да үйде қал, сен құртақандайсың ғой, жазатайым жоғалып кетіп жүрерсің.
— Жоқ, жоғалмаймын, ала кетші,— дейді бала.
Амал нешік? Баласын жан қалтасына сап алып, егістікке жүріп кетеді.
Екеуі егістікке келген соң, әкесі жер жыртуға кіріседі де, баласын жыртылған жерге отырғызып қояды.
Сөйтіп, әке жер жыртып, баласы жыртылған жерде жүре береді.
Бір кезде таудың ар жағынан бір дәу шыға келеді.
— Ана дәуді көрдің бе?—дейді әкесі.— Байқа, ұзама, әйтпесе ана дәу алып кетеді.
Аузын жиып алғанша болмайды, әлгі дәу екі аттап, баланың қасына келеді.
Дәу еңкейіп, екі саусағының ұшымен баланы жайлап көтеріп алады да, о жақ, бұ жағына қарайды, сонсоң жан қалтасына салып алып, жөніне жүріп кетеді.
Әкесі шошып, ләм-мим дей алмайды.
«Айрылдым,— деп ойлайды ол,— ұлымды енді қайтып көру жоқ маған. Қап, үйде қалдырып кетпей, неге ертіп келдім екен!»
Баланы дәу таудағы үңгіріне апарып, өзінің бақшасында өскен тау жаңғағымен қоректендіре бастайды. Бұл жаңғақты жеген адам дәу болады екен.
Дәудің қолында бала екі жыл тұрады. Екі жыл бойы жаңғақ шағады және күн санап бойы да, күш-қайраты да өсе береді.
Бір күні дәу баланың күшін сынамақ болады.
Орманға ертіп апарады да:
— Қане, өзіңе шоқпар жұлып ал!—дейді.
Бала бір жас ағашты екі қолдап тамырымен қоса жұлып алады.
— Жоқ,— дейді дәу,— әлі пәлендей күш жинамаған сияқтысың. Тағы біраз менің қолымда тұрып, жаңғақ шағасың.
Арада тағы екі жыл өтеді. Баланы дәу тағы орманға ертіп келеді.
Бұл жолы бала бір кәрі ағашты тарам-тарам тамырларымен қоса жұлып алады.
Бірақ дәу тағы да разы болмай:
— Жоқ, күшің әлі шамалы екен, жүр, үйге қайтайық,— дейді.
Дәудің қолында бала тағы да екі жыл тұрады. Жаңғақ шағып жеп, күш жинайды. Бұл уақыттың ішінде ол өзі жас алып болып алады.
Екеуі үшінші рет орманға барады.
— Қане, өзіңе жақсы шоқпар жұлып ал,— дейді дәу балаға.
Бала төңіректі түгел шолып шығады да, ең жуан еменді таңдап алып, түбірімен жұлқи бастайды. Ағашты жерден жұлып алған кезде, бүкіл орман шайқалғандай болады.
— Міне, енді қайратың толыпты,— дейді де, дәу баланы осыдан алты жыл бұрын алып кеткен жеріне қарай ертіп жүреді.
Осыдан алты жыл бұрынғыдай, баланың әкесі жер жыртып жүр екен.
Кенет қасына бір жас алып келіп:
— Аманбысың, әке! Қандай жігіт болдым, қарашы!— дейді.
Әкесі шошып кетеді.
— Қой, шырағым,— дейді,— мен сені танымаймын, жөніңе жүре бер.
— Жоқ, мен сенің балаңмын,— дейді жас алып.— Бере тұршы соқаны, мен жыртып көрейін жерді, сірә, сенен жаман жыртпаспын.
Әкесі сенер-сенбесін біле алмайды.
— Мүлде менің балам емессің,— дейді.— Аулақ кет, егістігімнің бәрін таптап тастайсың.
Алып мелшиіп тұр, кететін түрі жоқ.
Бір кезде әкесі соқасын тастап, былайырақ бір тасқа барып отырады.
Сол-ақ екен жас алып соқаны ұстап тұрып, бір қолымен жайлап қана басып қалғанда, соқа түгелдей жерге кіріп кетеді.
Әкесі шарт ашуланады:
— Ей, не істеп жүрсің? Жерді солай жырта ма екен? Мына түріңмен соқаны сындырасың!
Мұны естіген соң жас алып аттарды ағытып жіберіп, олардың орнына соқаға өзі жегілді. Әкесіне бар айтқаны:
— Үйге қайт және шешеме айтқайсың: жер жыртып бітіргенше, тамақ істеп қойсын.
Әкесі қолын бір сілтейді де, үйіне беттейді.
Жас алып күллі егістікті лезде жыртып болады. Сонсоң екі тырманы бірден жегіп алып, жыртылған жерді тырмалап тастайды. Шаруаны тындырып болған соң, орманның шетінен түбірімен екі еменді жұлып арқалап әкеледі де, еменнің бұтақтарына, тамырларына соқаны, аттарды, тырманы іліп қояды.
Сол бетімен алып үйге келеді. Шешесі танымай қалады.
— Біздің аттарды көтеріп келе жатқан мына кісі шошитындай алып кім?—деп сұрайды әкесінен.
— Бұл өзіміздің баламыз,— дейді әкесі.
— Не айтып тұрсың!—дейді шешесі.— Біздің баламыз осындай алып па еді? Құртақандай болатын.
Бала асықпай-саспай аттарды қораға кіргізіп, алдына жем салады, соқа мен тырманы сарайға апарып қояды. Сонсоң шешесіне:
— Апа, әбден қарным ашты. Жейтін бірдеңең бар ма?—дейді.
— Қазір әкелейін,— дейді шешесі.
Шешесі баласының алдына екі табақ картоп әкеп қояды. Бұл күйеуімен екеуіне сегіз күнге жететіндей еді, баласы барлық картопты бір-ақ қылғи салып, тағы сұрайды.
Шешесі алдына бір қазан шошқа етін әкеп қояды. Мұны да жеп алды, бірақ әлі де тойған жоқ.
— Байқаймын,— дейді бала әкесі мен шешесіне,— сендер бәрібір мені асырай алмайды екенсіңдер. Тіземе салып басқанда, сынбайтындай темір таяқ тауып беріңдер маған. Темір таяқты қолыма ұстап, дүниені шарлап кетейін.
Әкесі ұста дүкеніне барып, әрі жуан, әрі зіл қара тастай ауыр таяқ істеп беруді өтінді. Ұста соғып берген таяқты үйге екі ат әрең сүйретіп келеді.
Таяқтың екі ұшынан ұстап, дәу бір тізесіне қойып, басып қалғанда, ол шарт сынып кетеді.
Сонсоң әке төрт ат жегіп, ұста дүкеніне жаңа таяқ соқтыруға барады.
Бұл жолғы таяқ бұрынғыдан әлдеқайда ауыр еді.
Алып бұл таяқты да тізесіне салып, қақ бөледі.
Әкесі сегіз ат жегіп жолға шығады. Үшінші таяқты сегіз ат әрең сүйретіп әкеледі.
Бала таяқты қолына ұстап, аударып-төңкеріп қарайды. Ұшынан оп-оңай үзіп алады да:
— Әке, байқаймын, маған тәуір таяқ тауып беретін түрің жоқ. Таяқсыз-ақ дүние шарлап кетпесем болмас,— дейді.
Әке-шешесімен қоштасып, бала жолға шығады.
Бір күн жүреді, екі күн жүреді, үшінші күні бір ауылға тап болады, ауылда үлкен ұста дүкені бар екен.
Мұндағы ұста әрі бай, әрі қарау адам болатын.
Жас алып дүкенге кіріп:
— Ұста, саған жұмыскер керек емес пе?— деп сұрайды.
— Керегі керек,— дейді ұста,— жұмыс істегеніңе ақыны көп сұрайсың ба?
— Жоқ,— дейді жас алып.— Маған ақшаның текке керегі жоқ, жұмысты ақысыз-пұлсыз істеймін. Тек екі аптада бір рет тептіріп тұрасың. Келісемісің.
Сараң ұстаның қуанышы қойнына сыймайды. «Тәйір-ай, тебу деген не, тек ақшам қалтамда қалса болғаны»,— деп ойлады.
— Келістім,— дейді,— қал осында.
Ұста көріктің аузынан қып-қызыл балқыған темірді алып, төстің үстіне қойып еді, жас алып балғамен құлаштап періп жібергенде, темір кәдімгі әйнекше быт-шыты шығып, шашырайды да, төс жерге кіріп кетеді.
Ұста тарс ашуланады.
— Мұның не, қарақшы, не істеп тұрсың?— дейді.— Осылай соғуға бола ма екен? Осы бір соққаныңа не аласың, соны айт, алатыныңды ал да дереу табаныңды жалтырат.
— Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді алып.— Келісім бойынша есептесесің.
Ол бір теуіп қалғанда ұста қаңбақтай ұшып барып төрт мая шөптің аржағына бір-ақ түседі.
Жас алып дүкеннен бір жуан темір таяқ тауып алады да, ары қарай жүріп кетеді.
Жүре, жүре, ақырында бір бай ауылға келеді.
Кең ауланың ішінде алпауыттың өзі тұр екен.
Жас алып оған иіліп сәлем беріп:
— Саған жұмыскер керек емес пе?—деп сұрайды.
— Керегі керек,— дейді алпауыт,— бір жылға қанша алғың келеді?
— Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді жас алып.— Бір жыл жұмыс істегеннен кейін үш тебейін, бар сұрайтыным осы ғана.
Алпауыт әлгі ұстадан да қарау болатын. Алыпқа ақша төлемейтін болғанына қуанып:
— Келістім,— дейді.
Келесі күні алпауыт барлық жұмыскерлерін орманға отын әкелуге жұмсайды.
Жұмысшылар жиналып, ат жегеді, ал жас алып ұйқтап жата береді.
Басқарушылары келіп, құлағына:
— Тұр, жылдам! Бәрі орманға кетіп қалды!—деп айғайлайды.
— Кете берсін,— дейді жас алып.— Ұйқым қанғанша ұйқтаймын, бәрібір жұмысымды жұрттан бұрын тындырамын.
Басқарушы алпауыттың өзіне барып шағым айта бастайды:
— Алып бырқырап ұйқтап жатыр, жұмысқа баратын түрі жоқ. Мұны қайтемін?
Алыпты оятуға алпауыттың өзі келеді.
— Өй, кер жалқау, бұл жатысың не, тұр шапшаң.
— Жарайды,— дейді жас алып.— Тұрамын қазір!
Тұрып, асықпай киінеді. Үйдің төбесінен екі қап бұршақ әкеліп, тай қазан ботқа пісіреді. Ботқаны жалап-жұқтап жеп болады да, арбаға ат жегіп, жайлап орманға бет алып жүріп кетеді.
Тоғайға келіп, екі үлкен ағашты жұлып алады да, оны арбаға салып, атының басын ауылға қарай бұрады.
Қақпаға келіп кірген жерде алдынан алпауыт жолыға кетеді. Мұны көре салып, ол табанда ашуланады.
— Оңбаған, саудайы, неменеге жетісіп көзді ашып-жұмғанша қайтып келдің?
Жас алып арбадағы бір ағашты жалғыз қолымен көтеріп, алпауытқа көрсетеді.
— Неге тектен-текке зіркілдейсің?—дейді.— Мына бір ағаштың өзі бір ай отын болады.
Алпауыт жауап қатпайды, тек үйіне келген соң әйеліне:
— Бір жақсы жұмыскерді құдай берді бізге,— дейді.— Көп ұйықтағанмен, жұмысты басқаларға қарағанда, өндіріп істейді екен.
Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де:
— Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді.
Алпауыттың зәресі ұшып, жас алыпқа жалына бастайды:
— Сен теппей-ақ қой. Одан да сен алпауыт бол да, мен сенің жұмыскерің болайын.
— Жоқ,— дейді,— келісім бойынша есептесесің, тепкіз.
Алпауыт жалынып, өзеуреп қоймайды:
— Ең болмаса тағы бір-ақ апта қолымда тұра тұр, шырағым. Біраз шаруа істерсің.
— Құп, екі апта — ұзақ мерзім емес,— дейді жас алып.— Дәм тартып тұрған шығар, қалсам, қалайын.
Сол-ақ екен алпауыт өзінің көрші алпауыттарын қонаққа шақырып, жас алыптан құтылудың жолын ақылдасады.
Алпауыттар әрі ойлап, бері ойлап, ақыры ойлап тапқандары мынау болады.
— Жас алыпқа шыңырау құдықты тазарт деп жарлық бер. Ол құдыққа түскен кезде, бәріміз диірмен тасын төбесінен тастап жіберіп, мүрдем кетірейік,— дейді.
Айтқандарындай істейді.
— Жас алып құдыққа түсісімен-ақ алпауыттар сол маңдағы ең ауыр диірмен тасын төбесінен тастап жібереді.
«Бәлем, мүрдей кеткен-ақ болар,— деп ойлайды алпауыттар.— Енді құтылған шығармыз».
Жас алып шыңыраудан:
— Әй, құдықтың аузынан тауықтарды қуып жіберіңдерші! Тауықтар жер шұқылап, басыма құм төгіліп тұр!—деп айғайлайды.
Жұмысты тындырып болып, мойнында диірмен тасы бар алып құдықтан шығады.
Қараңдаршы,— дейді,— қандай тамаша алқа!
Мойнындағы диірмен тасын алып тастап, алпауыттың қасына келеді:
— Ал, қожайын, ақымды түгелдей төле, тепкіз,— дейді. Бір теуіп қалғанда-ақ алпауыт бұлтқа қарай ұша жөнеледі.
Алып дәу алпауыт әйелінің қасына келді.
— Қане, күйеуің жалғызсырамасын, сені де бір тебейін,— дейді.
Бір тепкенде алпауыттың әйелі күйеуінен де биікке көтеріліп кетеді. Өйткені ол күйеуінен жеңілірек болатын. Сөйтіп бұлт астында ерлі-зайыпты екеуі қалықтап жүреді.
— Кемпір, маған таман төмендеші,— дейді күйеуі.
— Жоқ, шалым, өзің маған қарай көтеріл,— дейді әйелі.
— Жоқ, сен төменде, мен көтеріле алмаймын,— дейді күйеуі.
— Жоқ, сен көтеріл, мен төмендей алмаймын,— дейді әйелі.
Олар әлі күнге сол қалпында өзара керісіп, бұлт астында қалықтап жүрсе керек.
Ал алып болса темір таяғын қолына ұстап, ары қарай жиһан кезіп жүріп кетіпті

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет