Біздің таулар керуендей шұбалған. Күнді өздері батырған да шығарған



Дата01.02.2022
өлшемі17,8 Kb.
#130333
Байланысты:
Мұқағали


Біздің таулар керуендей шұбалған.

Күнді өздері батырған да шығарған.

Тұлғаларын тұңғиыққа суарған,

Олар биік тұманнан да мұнардан.


Сеңсең бөрік, сәлде шалған – атамдар,

Желкен бұлттар – желкілдеген сақалдар,

Өркеш-өркеш маң-маң басқан атандар,

Біздің таулар – аяқталмас сапарлар.


Көшін тартып, көше-көше сабылып,

Көш бастаушы бағытынан жаңылып,

Біздің таулар – тоқтап қалған керуен,

Сахараның сағымына аңырып.

М.Мақатаев.

Бәрі жасыл:

Жер – жасыл, аспан –жасыл,

Жасыл бұлт, жағалай кеп асқарға асыл.

Жабырқап жартастардан қашқанда сұр,

Жасыл маң, ағыта гөр тастарға сыр.


Бәрі жасыл:

Жасыл қыр, жасыл белес,

Жабырқау жартас қана жасыл емес.

Әжім-әжім тастардың беттерінде

Тұрақтамай кезіп жүр жасыл елес.
Жасыл емес тас қана дара тұрған,

Сұрыннан суықтықтың зәрі атылған!

Тас қаншама мәңгілік болғанымен,

Өнуге емес, өлуге жаратылған.


Күн көзінен күмістей шашылған нұр,

Жасыл орман, жасыл көл, жасылдан қыр,

Жасыл кілем жаба сал, жасыл көктем,

Жабырқаулы жартастан жасылдандыр.



М.Мақатаев

Бұлт

(І - НҰСҚА)

Тұңғиық, түпсіз көк аспан
Жайымен ғана жатыр сұлқ.
Керуендей адасқан
Келеді жылжып бір топ бұлт.
Дауылдың құлы қошқыл бұлт
Көмескі торға байланып,
Бойында күші етпей былқ,
Барады қайда айдалып?
Бұлтты кенет буды ашу,
Долдана дауыл сыпырды.
Көк беті болды уда-шу,
Найзағай оғы атылды.
Тәкәппар, долы тынды жел,
Бұлт өксіді еңіреп.
Қарық болды қара жер,
Қайғылы жасын төгіп ед.
Кенет дауыл сап етті,
Қайтадан мініп қалпына.
Бұлтты айдап әкетті
Бұрылттырмай артына!

Өзеніне асыққан бұлақтайын

Өзеніне асыққан бұлақтайын,
Енесіне жүгірген лақтайын,
Жайқалайын жаныңда құрақтайын,
Енді мен де саған кеп тұрақтайын.
Асқар тауға соғылған дауылдайын,
Ақтарылған аспаннан жауындайын,
Дамылдайын, саған кеп дамылдайын,
Ауа бермей аулаққа сағымдайын.
Өзімменен сапарға бір аттанған,
Құрбылардың бәрі де тұрақтанған.
Ақ үмітті үздейін бір кездегі,
Ұмыт болып жұртымда жылап қалған.
Өз орнында, өзгермей тұр ақ қайың,
Тұрақтайын, мен де енді тұрақтайын.
Ар үміті - жоғалған ақ үмітім,
Табайын да, сені енді жылатпайын...

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет