Дәріс. Кіріспе.
Мелиорация мақсаты.
Ауыл шаруашылығы мелиорацияларының түрлері.
Ауыл шаруашылығы мелиорациясының міндеттері.
1) Мелиорация - латынның "жақсарту" деген мағына беретін сөзінен шыкқан. Мелиорация халық шаруашылығының қай саласында болмасын, табиғаттың қолайсыз жағдайларын белгілі өндіріс қажетіне қарай жақсартуға бағытталған жұмыстарды біріктіреді. Бұл жұмыстардың ауыл шаруашылығы өндірісіне қажеттісі ауыл шаруашылығы мелиорациялары болып табылады.
Мелиорация ғылымының негізін калаушылардың бірі - А.Н. Костяковтың анықтамасы бойынша, ауыл шаруашылығы мелиорациялары деп - ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және қалыпты өнімділігін қамтамасыз ету мақсатымен табиғат жағдайларын жақсартуға бағытталған өзара үйлесімді ұжымдық, шаруашылықтық және техникалық жұмыс-әрекеттер мен шаралар жүйесін айтады.
Басқа сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы мелиорацияларының мақсаты - ауыл шаруашылығы өндірісінің экологиямен үйлесімді, экономикалық жағынан тиімді болуының негізі. Себебі, ауыл шаруашылығының тиімді түрде дамуына табиғаттың кейбір қолайсыз жағдайлары мүмкіндік бермейді. Олар: құрғақшылық, топырақтың саздануы және сортаңдануы, жел мен су әсерінен болатын эрозия үрдістері (топырақтың ыдырап, шаңға айналуы немесе жуылып кетуі, т.б.).
Табиғи жағдайлары ауыл шаруашылығы өндірісіне қолайсыз жерлерде мелиорация шаралары алдын-ала қолданылмаса, ең мақтаулы жаңа сорттың да, сапалы орындалған агротехникалық шаралардың, оның ішінде мезгілімен берілген тыңайтқыштың да, тіпті биотехнология нәтижелерініңде мүмкін болатын тиімділіктері іс жүзінде толығымен пайдаланылмай қалады.
Егіншілік өндірісінің көпжылдық мәліметтеріне қарағанда, мелиорацияланған алаптардың түсімділігі мелиорация шаралары қолданылмаған жерлерге қарағанда 2-10 есе жоғары болады.
Мелиорация шараларының егіншілікке пайдалы әсері 2-3 және одан да көп жылға созылады, ал оларды жүргізуге тек күрделі қаржы қажет. Мұндай қаржылардың қайту мерзімі кем дегенде 2-3 жыл, ал көбінесе 8-10 жыл шамасында болады. Мысалы: жерді 30-40 см терең қопсытудың пайдалы әсері 2-4 жылға созылады. Жерді жыртар алдында төгілетін көң және фосфор тыңайтқыштарының да пайдалы әсері 2-4 жыл бойында байқалады. Сондықтан олар агротехникалық мелиорациялар шаралары қатарына жатады. Суару жүйесі бірнеше ондаған жылдар бойы топырақтың сулық және басқа мелиоративтік режимдерін (ауалық, қоректік, тұздық, жылулық және микробиологиялық) жақсартып, дақылдардың жоғары өнімді болуын қамтамасыз етеді. Бұл шара ауыл шаруашылығы мелиорацияларының гидротехникалық деп аталатын түріне жатады. Осы шараларды жүзеге асыруға әрине ұзақ мерзімді несие қажет. Ал агротехникалық шаралардың пайдалы әсері бірнеше күннен, тек бір маусымға дейін ғана созылады. Оларға жұмсалған қаржылар жедел немесе жылдық деп аталады және сол бір маусымда ақталуы шарт. Агротехникалық шаралар құрамына жерді 30 см терендікке дейін жырту, тырмалау, азот тыңайтқыштарын қолдану сияқты пайдалы әсері бір жылдан аспайтын егіншілікті күтіп баптаудың технологиялық әдістері кіреді.
2) Ауыл шаруашылығы мелиорациялары қолдану мақсаттарына және тәсілдеріне қарай төмендегідей негізгі түрлерге бөлінеді:
- гидротехникалық мелиорациялар (ГМ), бұлардың негізгі мақсаты:
- топырақтың сулық, ауалық және басқа мелиоративтік режимдерін (тұздық, қоректік, жылулық т.б.), өсімдіктердің биологиялық жағайларын ескере отырып, сол топырақ ылғалдылығын реттеу, яғни, жақсарту болып табылады. ГМ-дың өзі екі бағытта қолданылады: суару мелиорациясы (суару) және құрғату мелиорациясы (құрғату);
- суару мелиорациясы, жауын-шашын мөлшері дақылдардың өсіп-өніп, қажетті түсім беруіне жеткіліксіз аймақтарда, өсімдік тамырлары кең тараған топырақ қабатына қосымша су енгізу, яғни, суару арқылы топырақ ылғалдылығын арттырады;
- құрғату мелиорациялары жауын-шашын мол аймақтарда дақылдардың өсіп-өнуіне, топырақ құрамындағы ауа мен жылу жетіспеушілігі үнемі байқалатын аймақтарда қолданылады. Осындай аймақтарда артық судан арылту арқылы топырақтың ауа, жылу және басқа режимдерін жақсартады;
- химиялық мелиорациялар, бұлардың бірнеше мақсаты болады: біріншісі - ғаныш, әк, күкірт қышқылы, томасшлак және фосфорит ұнын қолдану арқылы топырақтың химиялық қасиеттерін жақсарту. Құрамында натрий катионы басым сортаң топырақтарға ғаныш, күкірт қышқылы және фосфорит ұнын қолданады, ал қышқыл топырақтарды әк көмегімен жақсартады; екіншісі - су тасымалдайтын каналдар арнасының арам шөптерден таза болуын гербицидтер қолдану арқылы қамтамасыз ету; үшіншісі - су қоймаларында және каналдарда болатын фильтрация (судың топыраққа сіңіп ысырап болуы) үрдістеріне қарсы күресті топырақтың су өткізгіштігін арнайы химиялық полимерлер көмегімен кеміту арқылы жүргізу;
- орман-техникалық мелиорацияларының мақсаты - топырақтың кейбір қасиеттерін және гидрогеологиялық жағдайларды екпелі ағаш, яғни, орман жолақтарын отырғызу арқылы жақсарту, жер асты суы деңгейін төмендету, эрозияға және құм көшуі үрдістеріне қарсы күресу т.б.;
- агротехникалық мелиорация, эрозияны азайту және топырақты жақсарту мақсатында жерді терең жырту тәсілі, фосфор тыңайтқыштарын қолдану және қар тоқтату негізделген. Олар сырт қарағанда әдеттегі агротехника шараларына ұқсас болғанымен, тиімділіктері екі, үш тіпті төрт-бес жылға дейін созылады, яғни түбегейлі әсерлерімен ерекшелінеді;
- биологиялық мелиорация, яғни фитомелиорация, бұл негізінен үш бағытта қолданылады: біріншісі - сортаң топырақтарды, тұзға шыдамды өсімдіктерді іріктеп алып өсіру арқылы жақсарту; екіншісі - топырақ эрозиясын шашақ тамырлы тар қатармен егілетін дақылдар көмегімен кеміту және болдырмау; үшіншісі - шөлейт аймақтарға бейімделген дақылдар өсіру арқылы құм көшуін тоқтату;
- мәдени-техникалық мелиорация, мұның шаралары - жаңа, қолайсыз, бұрын ауыл шаруашылығына пайдаланылмаған не болмаса пайдаланудан шығып қалған жерлерді игеру. Олардың негізгі екі бағыты бар: игеруге арналған қолайсыз жерлерді тастардан, бұталардан, ағаш түбірлерінен тазалап арылту және сол жерлерді түбегейлі тегістеуден өткізу.
Мелиорацияның қосалқы түрі ретінде электрлік мелиорацияны атауға болады. Ол топырақтың су өткізгіштігін, ондағы тұздың ерігіштігін электр және электромагнит өрістері арқылы жақсартуға негізделген.
Қазір ауыл шаруашылығы мелиорациясының 50-ден астам түрлері бар, ал жоғарыда таныстырылғандары тек ең негізгілері. Мелиорацияның экологияға зардапсыз, экономикалық тиімділігі жоғары болуының бірінші шарты - олардың түрлері өзара және агротехникалық шаралар мен үйлестіріліп кешенді түрде қолданылуына байланысты. Мысалы: суару жүйесін (каналдар, арнайы тегістеліп әзірленген танап, т.б. жиынтығы) салу үшін алдын-ала мәдени-техникалық, қажет болса, химиялық мелиорация шаралары қолданылады. Суару жүйесін пайдалану барысында қажетінше фитомелиорация, агротехникалық, орман-техникалық, және басқа мелиорация түрлерін де қолданған жөн. Суару жүйелері тиімділігін арттыру үшін егіншілік саласының, ауыспалы егістік дақылдарының экологиямен үйлесімді және агротехника шараларының дұрыс тандалып, өз мерзімдерінде сапалы орындалуы қажет. Егер айтылған шарттар орындалмаса, яғни мелиорацияның кешендігі қамтамасыз етілмесе, мелиорацияланған жердегі ауыл шаруашылығының тиімділіктері төмендеп, экологияға нұқсан келеді.
Мелиорацияны қазіргі кезде болып жатқан қоғамдық және экономикалық өзгерістерге қарсы қоюға болмайды, әрі оны нарыққа байланысты бірте-бірте қалып қояды деп айту мүлдем қате көзқарас.
Себебі, мелиорацияның адам қажетіне қолданылуы және дамуының мыңдаған жылдық тарихы бар. Ал қазіргі кездегі аса дамыған мемлекеттерде (АҚШ, Израиль және т.б.) мелиорация, оның ішінде суару жұмыстары өте жоғары техникалық деңгейде жүргізіледі. Археологиялық қазба деректерге карағанда Орта Азия мен Қазақстанда (Сыр бойы, Жетісу өңірі т.б.) суғару жүмыстары тіпті осыдан 3 мың жыл бұрын қолданылған көрінеді. Қазақстанда және бұрынғы одақ құрамында болған мемлекеттер аумағында мелиорацияның жедел дамуы шамамен 1930-1985 жылдары болды. Бүгінгі күні суармалы жерлер көлемі Орта Азия мен Қазақстанда 9 млн, соның ішінде Казақстанда - 2,3 млн гектарға жетті. Мелиорацияның қолданылуы тек суарумен немесе құрғатумен шектелмейді. Оның сыртында топырақ сортаңдануымен, эрозияға ұшырауымен, құм көшуімен және басқа зиянды құбылыстармен күрес бірнеше мыңдаған гектар жерлерде қолданылып келеді.
3) Жоғарыда айтылғандарды және Қазақстан Республикасы аумағының табиғи ерекшеліктері мен экологиялық жағдайларын (Арал теңізі, Балқаш көлі т.б.) ескере отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: нарық экономикасы жағдайында ауыл шаруашылығын өркендетіп, халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен толық қамтамасыз ету мәселелері табиғаттың қолайсыз жағдайларын жақсартумен ұштастырылуы қажет, ал оның бірден-бір дұрыс жолы мелиорация жұмыстарын ғылыми негізде жүргізу және агротехника шараларымен үйлестіре отырып, сапалы түрде қолдана білу болып табылады. Сондықтан мелиорация және ауыл шаруашылығы мамандары төмендегідей міндеттерді білгендері жөн:
- әртүрлі аймақтың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, мелиорация жүйелерінің (суғару, суландыру т.б.) және басқа мелиорация жұмыстарының (құм көшуін тоқтату, эрозияға қарсы күрес жүргізу және т.б.) экологиялық беріктігі мен технологиялық мүмкіндіктерін арттыру. Осы мақсаттарға бөлінетін қаржыларды тиімді пайдалану;
- мелиорацияланған, яғни түбегейлі жақсартылған жерлердегі ауыл шаруашылығы дақылдарының және сорттарының жергілікті экологиямен үйлесімділігін қамтамасыз ете отырып, агротехника шараларын (ауыспалы егістіктер, жер өндеу, тыңайтқыштар т.б.) жоғары сапамен қажетті мерзімдерде орындау;
- мелиорация және агротехника шараларының өзара үйлесімділігін әр аймақтың табиғи жағдайларын ескере отырып, қамтамасыз ету және нығайту;
- суарудың топырақ қорғау мен су үнемдеуге негізделген режимдерін, тәсілдерін және технологияларын өндіріске батыл енгізу;
- су пайдаланушылар бірлестіктері мен қауымдастықтарын (ассоциация, кооператив т.б.) құру және оларға суғару жүйелерін басқаруды беруге ықпал жасау мен барынша ат салысу;
- суғару жүйелерін күтіп-баптаушылар мен су пайдаланушы-шаруашылықтар арасындағы есеп ажырасудың әр түрлі жолдарын (ақша түріндегі және басқа әдістері) мезгілімен қолдана білу;
- ауыл шаруашылығының табиғи ресурстарын, оның ішінде суды үнемді және тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық - ұйымдық шараларды ұтымды қолдана білу;
- суғармалы жерлердегі фермерлер мен мамандардың мелиоративтік білімдерін және технологиялық шеберліктерін арттыруға барынша ат салысып үлес қосу.
Сондықтан аталған мәселелердің жүзеге асуы алғы шартының бірі болашақ агрономдар мен басқа да ауыл шаруашылығы мамандарының мелиорация пәнінен терең білім алуы болып табылады. Бұл егіншілік заңы және нарықтық экономика уақытының талаптары. Себебі әр гектар танаптан алынатын өнім және экономикалық табыс мөлшерлері мелиорация мен агротехника шараларының қаншалықты өзара үйлестіріле жүргізілуіне байланысты. Ал бұл жұмыстарды сапалы түрде және өзара үйлестіріп жүргізу әрбір кадастр мен фермердің тікелей міндеті, парызы болып табылады.
Мелиорация пәнін ойдағыдай игеру үшін биология. физика, химия, математика, топырақтану, егіншілік, агрометеорология және басқа пәндерден жақсы білім болғаны жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |