Дизель моторларының жұмсақ, иә қатыңқы жұмыс істеуі, оларда қолданылатын жанармайдың өздігінен оталу қасиетіне байланысты болады. Ал оның сапасын анықтайтын көрсеткіш ретінде цетан саны қолданылады. Дизель жанармайындағы цетан саны дегеніміз цетанның альфаметилнафталин қоспасындағы проценттік құрамы (көлемі бойынша). Альфаметилнафталинннің от алу кезеңінің кешігуі (өте ұзақ болуы) дизельдің қатыңқы режимде жұмыс істеуіне әкеліп соғады. Сондықтан да оның цетандық санының бірлігі 0-ге тең етіп қабылданған. Егерде дизель жанармайының өздігінен от алуы 45% цетаннан және 55% альфаметилнафталиннен тұратын қоспаға тең болса, онда бұл жанармайдың цетандық саны 45-ке тең болады. Яғни бұл химиялық заттар былайша сипатталады: Цетан (гексадекан) химиялық формуласы – С16Н34 – өздігінен от алу көрсеткіші 100 бірлік; Альфаметильнафталин – С10Н7СН3 – өздігінен от алу көрсеткіші 0 бірлік. Цетан санын 3122–67 стандарт (ГОСТ) бойынша қысым мөлшері 7 мен 23 тің арасында өзгеретін бір цилиндрлі ИТ 9–3М қондырғысында 3-түрлі әдіспен анықтауға болады. Біріншісі – жарылыстың сәйкес келуі, екіншісі – өздігінен от алуының кешігуі және үшіншісі – қысымның жоғарғы көрсеткішімен анықтау болып табылады. Осы көрсетілген әдістердің біреуімен цетан санын анықтау үшін, алдымен моторды іске қосып, оны тұрақты жұмыс істеу режиміне келтіріп алған соң, моторды тексерілетін (сыналатын) жанармайға ауыстырады. Қысымның мөлшерін өзгерту арқылы, жанармайдың өздігінен оталуын жоғарғы қозғалыссыз нүктеге келтіреміз. Одан әрі қоспадағы цетан мен альфаметилнафталиннің мөлшерін өзгертіп отырамыз. Бұл кезде өздігінен оталу міндетті түрде жоғарғы қозғалыссыз нүктеде болуы керек. Құрамындағы цетанның проценттік мөлшері тексерілген жанармайдың цетандық санын көрсетеді. Цетан саны жанармайдың моторды оталдыруы үшін өте маңызды. Егер цетан санының бірлігі 40-тан төмен болса, қозғалыссыз тұрған моторды қыс кезі былай тұрсын, тіпті жаз кезінде де оталдыру мүмкін емес. Мотордың өте орнықты, жақсы жұмыс істеуі үшін жаз айларында жанармайдың цетандық саны 40–45 аралығында, ал қысқы мерзімде 45–50 аралығында болғаны жөн. Егерде дизель жанармайын цетан санымен 40-тан төмен мөлшерде қолданса, онда өздігінен оталу кезеңінің кешігуі ұзара түседі де мотор қатты жұмыс режимінде істеуіне мәжбүр болады. Ал 50-ден жоғары болған жағдайда жанармайдың үлестік қолдану көрсеткіші толық жанбауына байланысты ұлғайып кетеді. Жанармайдың топтық химиялық құрамы белгілі болған жағдайда цетан санын мына формула арқылы анықтауға болады: ЦС = 0,85П + 0,1Н – 0,2А, (4.1)
мұндағы, П, Н, А – жанармайдағы парафиндық, нафтендік және ароматтық көмірсутектердің % құрамын көрсетеді. Дизель моторларын пайдалану кезінде жанармайдың жану камерасына алдын ала берілуінің қолайлы бұрышта орналасуы өте маңызды. Бұл бұрыш үлкен болса, жану камерасына жеткілікті қыздырылмаған ауа беріледі де өздігінен оталу кезеңінің кешігуі ұзара түсіп мотордың қатаң жұмыс істеуіне әкеліп соқтырады. Бұл жағдайда жанармай поршень жоғарғы қозғалыссыз нүктеге жетпей тұрып жанып кетеді де поршеньді кері қарай итермелейді. Ал жанармайдың берілуі кешіккен сайын, оның біраз бөлігі жану лампасының сызығында жануына мәжбүр етеді. Мұның салдарынан мотордың қуаты төмендейді, яғни пайдалы әсер коэффициенті азаяды.