Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов
—
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов
|
|
Туған күні
|
22 қазан 1924 (92 жас)
|
Туған жері
|
Үшкөң ауылы, Құланды поселкесі, Арал ауданы, Қызылорда облысы
|
Азаматтығы
|
Қазақстан
|
Ұлты
|
қазақ
|
Мансабы
|
жазушы
|
Жанры
|
проза
|
Шығармалардың тілі
|
қазақ
|
Дебюті
|
"Курляндия" романы
|
Марапаттары
|
Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы,
«Қызыл Жұлдыз» ордендері,
«Еңбек Қызыл Ту» ордені,
«Құрмет Белгісі» орден,
КСРО Мемлекеттік сыйлығы
|
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов (1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылы) – Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
Өмірбаяны
Тегі
Ата-тегі Арал маңын ежелден қоныс еткен. Жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі, Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-45 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсыңында балық колхозында істеген. 1944 жылы 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан.
Өмір жолы
Жазушы өзі туралы сыр-сұқбатында: «Біздің ру жақайым, одан бәйдібек, одан бәйімбет шығады. Бәйдібек батырлау, бір тайпа елдің басшысы, көсем болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай, алшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралы хан және Есет Көкіұлы батыр келіпті.
Алтыншы атамыз Қалдан жуас, қой аузынан шөп алмас момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші атамыз Арғынбай заманында би болған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі. Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі дастархан жайып: “Ареке, алдыңызға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол зерендегі асқа ат қойып ішіңіз”, – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Арғынбай тұрып: “Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен”, – деп сусынды ерніне тигізіп, қайтарып беріпті деседі. Арғынбайдың басында құлпытас бар, оны баласы Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезінде әкеліп орнатқан. Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім. Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: “Қай күні тудым?” – деп сұраған едім, “Оны қайтесің?” – деді. “Комсомолға өтейін деп едім”. “Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деген еді жарықтық. Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұхарадан бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ, теңіз жағалап балық аулағанның өзегі талмайды екен. Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып: “Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды”, – дейтін. Ол күні қуанып үйге қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында қайтыс болды. Қаңтарда әжем бақилыққа аттанды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын. Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке бармадым. Келесі жылы 2-сыныптан оқыдым. 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда бітірдім. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым», – дейді.[1]
«Сәбит Мұқановтың “Адасқандар”, “Жұмбақ жалау”, Мұхтар Әуезовтің “Абай” романындағы алғашқы екі кітабы (эпопеяның екінші кітабы кейінше шықты), Сервантестің “Дон-Кихот” романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді”.[2]
10-сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды.» – дейді жазушы естелігінде.[2]
1942 жылы орта мектепті тәмамдасымен армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. «Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер болыпты. Мектепте оқып жүргенімде күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды. Кешқұрым туыстар біздің үйге жиналады. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді. 1943 жылы наурызда лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқытты. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын. – дейді жазушы.[1]
1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық қазақ ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады. 2000 жылы ПЕН клуб жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Француз Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыз Шыңғыс Айтматов, башқұрт Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф Шредер, қазақстандық Мұқтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды.
«
|
«...Әбдіжәмілдің өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «XX ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем полотно құрайды».[3]
|
»
|
Ақселеу Сейдімбек
|
Қуатты қалам иесінің жазып жүрген естеліктері де көркем мемуарға жаңа леп әкелді. Қаламгердің жанкештілігі сондай, дүние жүзіне әйгілі шығармаларының өзін әр басылымы сайын қатаң сын тезіне салып, ұштап, сүргілеп, қырнап, мінеп отырады. Бұл – көркем сөз құдыреттілігі алдында бас ию. Әдебиетке сүйіспендікті, ар ісіне берілгендікті ұлы Абай айтқан «жар ісіне» теңгеру. «Қорлығына», «мазағына», азабына көну. Әдебиеттің жауапшылығы зор дүние екендігін байыбына бара түсінгендік.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.
Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.
Марапаттары
Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендері;
«Еңбек Қызыл Ту» ордені;
«Құрмет Белгісі» ордені;
КСРО Мемлекеттік сыйлығы;
Қазақ ССР-і Халық жазушысы. 200 томдық Бүкіләлемдік кітапхананы дайындап басып шығаруды жүзеге асыруға белсене атсалысқаны үшін, оның ішінде осы сериядағы Мұхтар Әуезовтың екі томдығына арналған алғысөзді мұқияттылықпен жазып шыққаны үшін РКФСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы;
Қазақстанның «Отан» ордені;
1985 жылы «Қазақ КСР халық жазушысы» құрметті атағы берілді.
Шығармашылығы
Әбдіжәміл әдебиеттегі алғашқы қадамын бірден сүйекті жанр – романнан бастады. Ұлы Отан соғысынан жаңа оралған майдангер іштен тебіндеген албырт шабыты қолына қалам ұстатқанда, ақ қағазға алдымен қанды ұрыстан, өмір мен өлім айқасынан алған әсерін түсіреді. Ол әсердің молдығы сонша, әскерден босанысымен, төрт-бес жыл бойы табан аудармай істеген еңбегі «Курляндия» атты қалың романды дүниеге келтіреді (1950). Көркемдік бітімі көңіл тойғандай шықпады десек те, бұл шығарма әдебиетке өз қазынасымен, тың суреттерімен қосылды. Қазақ оқырманын окоп шындығына қанықтырып, жауынгер тірлігінің тереңінде жылап аққан ағысын, тыныс-лебін тікелей үрыс шебінен елестетті. «Курляндия» кейін толықтырылып, әрі ықшамдалып «Күткен күн» (1958) атымен қайта шықты.
Жазылған дүние шығарманың көркемдік сапасын жетілдіру мақсатында өнделді. Кейбіреулер «Курляндия» «сын көтермейтін нашар» шығарма десті. Авторының өзі тіптен тұқыртып: «...1947 жылы әскер қатарынан босанып қайтқан шала сауатты қалпыммен роман жаздым. Әрине, шала сауатты баладан шала сауатты роман шығатыны белгілі»[– деп атүсті сынды растағандай болды. Жөнін айтқан – жазушы, сыншы Тахауи Ахтанов. «Курляндия» романында, – деп жазды ол, – жас жазушы ең алдымен өзінің талантын, шебер суреткерлігін танытты. Соғыс өмірін оқушылардың көз алдына көркем елестете білді.
Сонымен бірге азды-көпті шын мағынасындағы жанды, көркем бояулы образдар жасай алды. Біз өмірде кездестіріп жүрген замандастарымыздың ой-арманын, іс-әрекетін ғана емес, түр келбетін, дағдысын, мінез-құлқын, біраз жағдайда ішкі дүниесін сол бір бояуы сембеген ыстық жанды күйде көз алдымызға елестетіп берді. Тағы бір әсіресе айтып кететін қасиет – жас жазушы қазақ тілін жақсы білетінін және оны көркем шығарма есебінде сәтті қолдана алатынын көрсетті»[
Қан мен тер
1973 жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген трилогияның мұқаба беті
Майданнан қайтқан жас офицер Әбдіжәміл туған жерімен қаншама сағынып қауышса, оған деген махаббатын роман жанрының кең байтақ өрісінде шын жүректен жырлап шығуға соншама ынтыққандығын шығармашылығынан айқын аңғартады.
«...Әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні... сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңс аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық. Қос ішінде, ақ иық қылған ауыр еңбектен болар, жан әкең сілесі қатып шаршаған. Күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Сол кезде қара пұшық бала әлдеқайдан жүгіре кеп отырса болғаны, оның әжім беті іштей нұрланып елжіреп қоя береді»[ – дейді жазушы.
Жазушының «Қан мен тер» романының дүниеге келу сыры осы сөздерде жатыр. «Қан мен тер» трилогиясын құрайтын «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (19б4), «Күйреу» (1970) романдарынан, атының өзінен-ақ байқалып тұрғандай, төбеден жарқырап тұрған күнді аз кезіктіреміз. Ал, жарқырап шақырая қалса, кейіпкерлері тағы бір тозаққа ілінді дей бер. Өзінің бас кейіпкері Еламан тәрізді туынды ұдайы дерлік томырылып, үнсіз-түнсіз тұнжырап түнерген қалпынан жазбайды. Соның өзінде де туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімінің орны бөлек.
Прозашының туған халқына, оның жазира даласына деген сүйіспендігі елінің кең қолтық мінезін, шалқар әнін, салқар көштей шұбатылған тарихын эпостық құзарға көтере суреттеуінен аңғарылады.
«Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды. Соңғы жетпіс жылғы алтын әдебиетімізді мысқа балағысы келетін қайсыбір неонигилист даңғойлар бұл романға тап күресін жазғандықтан ескірді деп мін де тақты.
«Қан мен тер» трилогиясын қазіргі тәуелсіздік мұнарасынан, демократиялық көзқарас тұрғысынан оқығанда, оның қазақ шындығынан бұра тартқан жерін табылмайды. Қайта коммунистік үстем идеологияға қайшы пікірлерді жолықтырып, «бұны қырағы цензура қалай жіберді екен?» деп қалуға негіз бар.
Романның «Күйреу» аталатын үшінші, соңғы кітабында комиссар Дьяков насихаттайтын болашақ коммунистік қоғамның басты принципінің дұрыстығына Еламан әжептәуір күмән келтіреді.
«...Ол кезде жер басқан адамның бәрі бірдей болады дейді. Жә, жарайды, адам баласының көкірегінде алалық болмас. Осы жұрттың ішер асы, киер киімі, сөйлер сөзі бірдей-ақ болсын. Бірақ құдай бірдей жаратпаса қайтеді? Басқаны қойғанда бір оттың басында бір қазаннан ас ішіп, бірге жатып, бірге тұрып жүрген, бауырлас кісілердің арасында бірдейлік бола қоймаушы еді ғой. Олардың арасында да бірінің сөзі үстем, бірінің өзі үстем. Бірі ертеден қара кешке дейін қоңынан күн өтіп, сылпылдап қой соңында жүрсе, енді бірі алшайып ат үстінен түспейді.
Түсінбеймін...Қара борбай кедейлер теңдік алсын. Бірдейлік орнасын. Бірақ, бәтір-ау, осы халықтың киер киімі, ішер асы бірдей болғанмен, құлқы бірдей бола ма?»[7]Жазушының алғашқы романымен салыстырғанда «Қан мен тер» – тірлік-тынысы әлдеқайда кең шығарма. Жанрлық жағынан да басқаға ұқсамайды. «Курляндия» оқиғалы роман санатына жатса, бұл – әлеумеітік-психологиялық типті шығарма. Ізденіс салмағы характерге түскен. Бар суреткерлік қабілетін ата-бабалардың мінез-кескінін ашуға жұмсаған. Характер – Нұрпейісов романының қозғаушы күші. Ел қазанында қайнап піскен характер өз тарапыпан ел тамырының соғуына, тонус, райына ықпал етеді. Романдағы оқиғаларға мұрындық боп көрінеді. Әрі сюжет ұйтқысы.
Еламанның бүтін бітімді тұлғасы оның жалпы һәм жалқы қасиеттерінің бірлігінен тұрады. Осы екеуінің жұптаса дамуына сай характері толысады, байиды. Трилогияның бастапқы кітабы «Ымыртта» Еламан – қарапайым балықшы. Туа біткен мінезіне өршілдік, қайраттылық тән. Намысқой жігіт. Жұрт Қаратаз деп атайтын Құдайменде байдың қорлығына шыдамай, айбат шеккен, сес көрсетіп, балықшылар арасына кетіп қалған. Бір-екі сөзінен ой түйғіш, көкірегі ояу жан екені байқалып қалады. Жетпей жатқан тұсы әзірше былайғы дүниемен ісі жоқ. Жазушы міне, осындай бұйығы, патриархалдық қапастағы тұңғиық тұлғаның ішіне бірте-бірте әлеуметтік сәуле түсіреді.
Жазушы өмірі жайлы естелігінде: «О заманда қалмақ та, қазақ та көшпелі, бір соғыста атамыздың санына садақ жебесі тиеді. “Жау марқайып кетеді”, – деп жарасын жасырып, оқ тиген санын қанжығаға қайырып байлап, шайқаса берсе керек. Сөйтіп, жарасы асқынып кетеді. Ағасы Қыдырбай дереу сынықшы алып келіп көрсетеді. Сынықшы: “Аяқты кесу керек, әйтпесе өледі. Ол үшін төрт жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолын байлап, екі жігіт кеудесінен басып отырсын”, – дейді. Өткір пышақ, тұзды су, түйенің шудасын алдырып, ем-дом жасауға кәдімгідей дайындалады. Сонда Тайқожа: “Көзім тіріде кеудеме ешкімді мінгізбеймін, шыдаймын, төзімім жетеді!” – деп дес бермей, аяқ-қолын кергізбей, тақиясын тістеп, ақырына дейін шыдап жатса керек. Сынықшы оқ тиген аяғын кесіп, байлап, сыртқа шығады. Жігіттер батырдың қарысып қалған жағын қылыштың ұшымен ашса–тістелген тақия қырқылып қалыпты. Содан әлгі атамыз Ақсақбөрі атанған. Бұл кісінің мінезін “Қан мен тер” романындағы Еламанның бәзбір тұстарына қиыстырып келтірдім»[1] – деп Еламанның мінез-бітімін қайдан алып сомдағанынан сыр шертеді.
Еламан өміріндегі ілкі әлеуметтік сілкініс кездейсоқ оқиғадан басталады. Арал промселінің қожайыны «тентек Шодыр» атанған Федоров әлі дұрыстап қата қоймаған теңізге балықшыларды зорлап айдап салады. Жалданған балықшыларды басыбайлы құлы есепті ұрып соғады. Өзіне де қол көтерген соң іштей кіжініп жүрген Еламан суға кеткен балықшыларды сұрастырмай, ауын жоқтап тұрған дүниеқоңызды сүйменмен салып өтеді... Кездейсоқ оқиға. Еламан кісі өлтіремін деп ешқашан ойламаған. Тумысында жуас, ақ пейілді адам. Мына кездейсоқ оқиғаның қажеттілік деп аталатын астары бар. Жазықсыз Андрей мен Жалмұраттың қазасы, көпестің олардың өмірінен дүние боқты жоғары қоюы, адамшылық ар-инабатының жоқтығы адал кеудеде кек отын тұтатады.
Нұрпейісов характер сомдауда әлеуметтік һәм психологиялық талдау тәсілін бір арқанның екі тіні есебінде өреді. Романның алғашқы беттерінен-ақ автор би-төл сөз және төл сөз (несобственно-прямая речь) арқылы Еламанның жанын сөйлетеді. Және психологиялық талдаудың монолог формасын жиі қолданады. Монолог шарты – жалғыздық. Еламан «Жалғыз кісіге ой үйір келеді-ау» – деп түйеді . Ойы үнемі екіге бөлініп жүреді. «Теңіз үстінде әйелі жайында көп ойлайды. Алғашқы кезде ол бір түндік астында бірге тұрғасын бойы үйреніп кетер деп үміттеніп жүрген. Бірақ «Кешкісін үйге кеп әйелінің бетіне бір қарағаннан-ақ көңілі суып сала беретін». Еламан қасында құр сүлдесі жатқан әйелі Ақбаланың тәні ғана өзінікі, ал жаны басқа жақта екенін сезгенде мүлде моқап қалады. Бас кейіпкердің осы күйі үзақ-сонар ішкі монолог, би-төл сөз арқылы беріледі. Кей кейде ғана ішкі монологі ішкі төл сөз пішінін алады. «Бейшара қайтсін, мен кінәлімін. Ие, ие, мен кінәлімін»– деді Еламан ішінен».
Кейіпкер іштей күйінеді, опынады, толғанады. Адамның осы бір ішкі драматизміне жазушы әрдайым құлақ түргіш.
Трилогияның екінші кітабы «Сергелдеңде» Еламанның жеке басының қайғысын ел қайғысы басып кетеді. Екінші кітап халық кенішіне бойлай түседі. Қазақ даласында әлеуметтік қайшылықтардың өршуін тереңнен қопарып көрсетеді.
Ақ патша тағынан құлап, орнына келген Уақытша үкімет те ел тізгініне ие бола алмай, Қос үкімет дейтіннің орнаған кезі. Ел іші дағдарыста. Соғыс ауыртпалығы ес жиғызбай езіп, жаншып әкетіп барады. Бұрынғы майлы, жайлы орнынан тапжыла қоймаған ескілік Петербор жақтан шыққан дүрбелеңнен шошынғанымен, әлі айылын жияр емес. Түрмеге қамалған, айдауда жүрген, одан түріктермен соғысқа қатысқан, майданнан оралғанда Шалқарға келіп теміржол бойына жұмысқа орналасқан Еламан, ендігі жүріс-тұрысында біраз дүниені бағдарлап, байыздайтын өреге көтерілген. Бірақ кейіпкердің әлі де «бір қайнауы ішінде». Әлі де ол оң мен солын айырып жетпеген сергелдең пішінде, әуре-сарсаңда.
Екінші кітаптың сюжеті мен композициясы бас кейіпкер характерінің осы ерекшеліктерінен туындайды. Сюжет әлеуметтік дауылдың қарсаңындағы ісініп-қабына бастаған теңіздей теңселген ахуалды бейнелеу барысында шиыршық атады. Бұрынғы самарқау ырғағынан жаңылған кейіпте. Композиция сюжеттің сабақтас оқиғаларынан құралады. Әлдебір үлкен оқиға аяқтала бере, ширыққан сюжет суреті публицистика әуеніне ауысады. Суреттелген оқиғаларды тың ойлармен түйіндейді. Эпикалық сюжеттің ішкі драмалық, күрделі-психологиялық сипаты өзгеріп, ақырында талдама-жинақтаушылық реңк алады.
«Еламанның сең соққан балықтай сергелдеңге түскен жаны соқтықпалы өмірден соқпақ іздеп, баяғы Шалқарға бет қойды». Романның соңғы редакциясында бұл сөйлем түсіп қалған. Онсыз да түсінікті жайттарды оқырманға шайнап берген астай беруді автор жөн көрмеген тәрізді. Оның бер жағында, Еламанның сең соққан балықтай күй кешіп жүруі рас болғанымен, Шалқарға бет қоюында саналы әрекет барлығы байқалады. Талай елді, жерді аралады. «...Ұйықтап жатқан кеще ойға тас тиіп оятқандай болды; сонан бері өз басының қайғысын ел қасіреті жеңіп, шерлі жүрегі сыздап қайтты». Шалқарға бет алғанда Еламан қара басының қамын ойлаған жоқ. Еліне көмек тиетін көздің қай жерде екенін біліп аттанған.
Характердің сюжеттік арнасы кеңи түседі. Майданнан еңсесін тік көтеріп қайтқан Еламан ешкімге кеудесін бастырмауға, есесін жібермеуге тиіс. Іс жүзінде солай болады да. Майданда казак-орыстармен төбелес үстінде жазым бола жаздаған жерінен арашалап алып, Шалқарға жұмысқа орналастыруға көмектескен, үйінен пәтер берген Мюлгаузенмен жұдырықтасып қалады. Мюлгаузеннің «қорқақсың» деп жұрт көзінше қорлап былапыттағаны жанына батады, намысына тиеді. Кейіпкер характерінің қатайғаны Тәңірбергенмен айырылысқан бетте төркініне қайтуға жүзі шыдамай Шалқарға келген Ақбаламен ойда жоқта ұшырасып қалғанда байқалады. Ескі нұсқада Еламан бұрынғы әйеліне жаны ашығандай, онымен қайта табысқысы келгендей кейіп көрсетуші еді. Жаңа нұсқада оның Ақбалаға қайырылғысы жоқ. Құштарлыққа бой ұрып, емшектен шықпаған баласын тастап, бір кезде айдауға кеткен Еламанға ол да бұрылмастан кетті ғой, – деп қорытады өз шешімін.
Мюлгаузенмен төбелестен кейін ауылға оралған Еламан бастапқы кезде тағы да бұрынғысындай іштен тынып жүрген. Тағы да оқиға ағысында жаңқадай қалқитын тәрізді. Шалқардан әкелген мылтықты жолшыбай бір ескі жұртқа тығып кеткен. Балықшылар арасынан тыныш тірлік іздейтіндей. Қайын атасы Сүйеудің үйіндегі баласын қолына алады. Бірақ бұлайша жеке басының қамын күйттеумен жүруі ұзаққа бармайды. Өмір еркіне қоймай иіріміне тартады. Амалсыз білегін сыбануға мәжбүр. Әлеуметтік тартысқа қайта араласпасына амалы қалмайды. Айдын шалқар теңізді бір өздері иемденіп, балығы көп ойыққа басқаларға ау салдыртпайтын Темірке көпес пен Тәңірберген байдың озбырлығына қарсы тұрады. Жеңілетінін біле тұрса да, топ бастап қайрат көрсетеді. Түрікпендер шабуылдап, бейқам жатқан елдің мал-жанын айдап кеткенде, қол бастап, жаудан өш алады. Мал-жанды үйіріне қосады. Жағдай намысты оятып, кеудеде жігер туғызса, жігер характерді қайрайды. Ар-намыс жетегіндегі характерге оқиға арнасын өз деген жағына бұра алатын қуат бітеді... Бұрынғы жылқышы, балықшы, сарбаз ой-санасының әлеуметтік қабаты қалыңдай түседі. Шодырды өлтірген кездегі Еламан – стихиялы бүлік құрбаны еді. Бұл жолғы Еламан басқа жан. Саналы күрескер. Халқының қолындағы қаһарлы қару. Білек күші жағынан ғана емес, ақылы да пәрменді құралға айналған.
Түрікпен шабуылының құрбандықтарын жерлеп, асын берген Еламан төбе басында жалғыз қалып, «ауыр оймен тұнжырап отыр». Жай ғана қамығып отырған жоқ. Ой ойлап отыр. Бұған дейінгі шертілген ұзын хикая публицистикалық жолмен сығымдалып қорытылады.
«Осы қазақ неге көнгіш? Аштыққа көнуге болар, ал бірақ қорлыққа көнген қасиет пе?..Көненің көзі ғой деп, қариялардан жөн сұраған кезі болды. Қанша жасаса да олардың осы өмірден түйген зәредей де сабағы болмапты... Олар өз елінің тірлігін ұзақ сонарға сап, баяғы заманда өткен даңғой батырын, жезтаңдай биін мақтап, жөн сұраған кейінгі ұрпаққа тірліктің жолын қиындата түседі... Ата-бабасының бір ісіне ырза емес. Үстіне кісі кіргізбейтіндей, кең далаға сыймай, мал жайып жатқаннан не ұтты? Талай заманнан бері жер дауы кішкентай елді жегідей жеп, алауыздық асқына түскен. Соның арқасында ит-құсқа таланып, таяқ жеумен күн кешіп келеді. Кеше де өздерінен он есе күші аз жауға қарсы тұра алмады. Таланды. Тоналды. Алдағы уақытта әлі қанша таланбақ!»[
Публицистикалық толғау драмалық сюжет есепті. Іші қазандай қайнаған Еламан тығырықтан шығаратын жол іздейді. Ізденіс үстінде ойы шартарапты шарлайды. Арғы-бергі тарихқа «ат сабылтады». Ауылына қайтқан беттегі қалпы қызық. Көзін алдындағы жалпақ даладан алмай келеді. Ал ойы басқада. Қап тауын, Ресей жерін аралайды, қала берді Түркия майданына кірісіп кетеді. Кезбе ойы кесек ойларға бастай ма, қалай? Сюжет-толғау, сюжет-естелік ащы ішектей шұбатылған ұзақ ішкі монологке ұласады. Еламан іштей түлейді. Оянған, рухани жағынан байыған Еламан санасы жаңарып, ел сөзін ұстайтын өреге көтеріледі... Роман кеңістігі теңіз айдынын елестетіп ұлғая береді...
Еламанның ел-жұртының тағдыры хақында ендігі түйгендерінің бәр-бәрі мінсіз емес. Келісетін де, келіспейтін де жерлері бар. Қазақ халқының өткен күнін, бұрынғы бетке шығарларын түгін қалдырмай сынап-мінеуі сыңаржақтау. Роман жазылған уақыттағы, яки кеңес кезіндегі үстем көзқарастың – социалистік реализмнің салқыны тигендей. Ел тарихын тым кемсітіп жібергенімен келіспейміз. Келісетініміз – Еламанның ел ішінің бірлігі хақындағы түйгендері. Мұның жөні бөлек.
Біріншіден, тарихи шындықты қозғап отыр. Екіншіден, заманалық мағынасы бар. Қазақ елінің күн тәртібінен әлмисақтан бері түспсй келе жатқан ел бірлігі проблемасын қозғайды. Ұлттық идеямызбен үйлесім табады. Еламан жер дауы хақында да көп толғанады. Бұл да – ежелгі дерт.
Көріп отырғаныімыздай, ішкі монолог енді кейіпкердің өзін-өзі қазбалаудан (самоанализ) үлкен өріске, ел жағдайына ауысқан. Еламан көрген-білгенін гүрілдеген жан көрігінде пісіреді. Біреуден шала естігенін малданбайды. Бәрін жүрегінен өткізеді. Трилогияның соңындағы Еламан – өскен, есейген, шыныққан көргенді адам. Қоғам хақындағы ойларында нақтылылық та, пәлсапа да бар. Кейіпкердің идеялық һәм рухани эволюциясы, жаңғырып өзгеруі шырқау биігіне көтерілген. Мұндағы ішкі монолог қайсыбірде ішкі диалогке ауысып, монолог-талқыға айналады. Жас Федоровтың қылышынан қаза болар алдындағы Еламан монологі өзгеше сипатты. Оны монолог-өсиет, монолог-арман десең де сиымды.
«Қан мен терде» айналасына үлкенді-кішілі сюжет тармақтары түйісетін Еламаннан басқа да бір кейіпкер бар. Ол – Тәңірберген. Тәңірберген – жағымсыз тип. Бұрынғы таптық көзқарас, қазіргі парықтық дүниетаным тұрғысынан да оңып тұрған адам емес. Ақбаланың Тәңірбергеннен тапқан ұлының атын Құдайберген деп қояды. Осыны естіген кесір шал Сүйеу осқырына отырып, Тәңірбергеннің бай тұқымына мінездеме береді. «...Құдайберген дсйді, ә? Бұл күшігі – Құдайберген... Әкесі – Тәңірберген. Ал, ал, әнебіреулер Алдаберген... Жасағанберген... – деп ызалы сөздер алқымына тығылғандай, үзіп-үзіп сөйледі. – Әй-әй, о несі? О несі екен?.. Абыралы ауылының балаларын Құдай береді... Алла береді... Тәңір береді... Жасаған береді... Әй, сонда біздің балаларымызды кім берген екен? О несі, әй?».[10] Трилогияны қазір оқығанда да байқалатыны, автор Тәңірбергенді байлығы үшін жерлеп отырған жоқ. Бұл бейне таптық тұрғыдан емес, жалпы адамгершілік тұрғыдан әшкереленген. Перзент ретінде оны Тәңірдің, Құдай тағаланың бергені рас. Малын ше? Оны Құдай берді дей алмайсың. Дей алмайтының – кісі еңбегін жегіш. Оның үстіне ұры ұстайды. Түрікпеннің жылқысын әлденеше рет айдатып алып, көршілес екі елдің арасына от жағады. Түрікмендердің қазақ ауылын шауып жүргені осы байдың кеселінен.
Қалаға тоң балық апаратын кірешілердің тең жартысы – Тәңірбергендікі. Кіре тартқан түйелер сонікі. Романның сынайтыны Тәңірбергеннің бұл тірлігі емес. Оның тым құнығып кеткендігі. Қала байы, промысел қожасы Темірке екеуінің шалқар теңізді меншіктеніп, басқа халыққа күн көрсетпеуі. Көзі топырақтан басқа ештеңеге тоймайтын тиранға айналып бара жатқаны. Сол қаралықтарын роман сықақ тілімен қариды.
Тәңірберген ел бірлігін көп сөз етеді. Адалдықты, тазалықты дәріптеуге құштар. Іс жүзінде ел ішіне іріткі салушы нағыз қызыл көздің өзі. Тып-тыныш отырған балықшылар ауылын екіге жарып, бір-бірімен өштестіріп, қастастырып қояды.
Тұрмыс жағынан да азып біткен. Күйдім-жандым деп алып қашқан Ақбалаға көрсеткен қиянаты, баласынан айырып қоя беруі оның қатыгез келбетін толықтыра түседі. Ақбаланы үйден түріп шыққан күннің ертеңінде қаннен қаперсіз ел аралап кетеді. Бұл дүниеде Ақбала дейтін әйелінің болғанын тарс естен шығарғандай. Бұл қаталдығына Тәңірбергеннің өзі де таң қалады. Құрбандығын жұтып алған қолтырауын екеш қолтырауын да көзіне жас алады екен. Ал, Тәңірберген өз тас бауырлығына өзі тәнті... Және сол мінезін мақтан еткендей ме, қалай?
Еламан іштей жуылса, Тәңірбергенді кір басады. Сол ластығына өзі сүйсінетін мұндай жан – қазақ әдебиетінде бұрын кезікпеген кейіпкер. Құнанбай да қатыгез, бірақ дәл мына Тәңірбергендей сырты бүтін, іші түтін, су жұқпас мүттайым, баянсыз қара жүрек емес.
«Қан мен терді» сынаушылар оның кейіпкерлерін Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясының қаһармандарымен салыстырып қарайды. Тіпті кейбіреуін содан көшіріп алған деседі. Ал, салыстыра келгенде, қазақ жазушысының трилогиясындағы екі жүзден асып жығылатын кейіпкердің бір де бірі, тіпті орыстарына дейін, еш шығарма образына ұқсамайтыны айқындалады. Тәңірбергенге келсек, мұндай типті қаһарманға ұлы орыс жазушысының романындағы кейіпкерлердің арасынан тіпті тырнағы ұқсастары да кезікпейді. Тәңірберген – қазақ әдебиеті тарапынан әлемдік әдебиет образдар галереясына қосар бейнеге жататын бітімі бөлек характер.
«Қан мен тер» трилогиясы Тәңірберген тағдырының соңғы күндерін суреттейтін үлкен тараумен аяқталады. «Ақтар Аралдан шегінгелі Тәңірберген төтен бір халде». Өстіп басталатын тарау тұтастайын ішкі монологтен тұрады. Тәңірберген бар дүниеден баз кешкен. Аяр залым, айлакер қу бұрын ойына алғанын істемей қоймаушы еді. Иті қырын жүгірген соң амалы құрыды. Не істесе де, ойлағанынан кері шығады. Өзінің халіне көлденеңнен тосырқай қарайтынды шығарған. Ішкі монолог ұйтқыған құйындай.
Кейіпкер қай жерден қапы соқтымға ұшырайды. «Үстіңдегі үйіңді жығатындай беті қатты заман бұны төсегінде тыныш жатқызбады». Шалқарға айдап келді. Осы жерде ұсталып қалды. Шегінген генерал Черновтың әскерін құм арасымен бастап алып шығатын кісі керек болып, опасыз досы Темірке саудагер лайықты ешкімді таба алмағандай, Тәңірбергенді нұсқап иек көтеріпті. Басында ақтарға Алтықұдыққа дейін жол көрсетсем, арғы жағына өздсрі бір лажын істер деп ойлап еді, қателесіпті. Ұлықұм, Кішіқұм бойына баруға тура келді. Ол жерден де аман алып шығып еді, ендігі жолын қырсық шалды... Сусыз қаталаған шақта, бар көз өзіне шұқшиып зәресін алып барады. «Ну, гад! Құдық қайда?» – деп ақ офицер жанын мұрнының ұшына келтіріп тұр.
Нұрпейісов психологизмі бұл тұстарда ерекше шабыт алады. Психологиялық мінездеме көркемдік талдауға ұласқанда бақыты күйген кісінің бар пәлені жазмышқа артуы дұрыс па деген сауал туады. Жақсы болсын, жаман болсын, көп харакет істететін адамның пешенесіне жазылған мінезі – характері. Бәрінсн де бұрынғы өр Тәңірбергенге қосымша жаңа табалаушы Тәңірбергеннің шыға келгенін айтсаңшы. Монолог-тексеріс монолог-айыптауға ұштасып, кейіпкер санасын әбдсн сансыратқан. Сансыраған сананың, мәңгүрттенген ахуалы қандай болушы еді? Тәңірберген өзін-өзі жерлейді. Ақылдымын, айла-амалым мен қулығымды бәрінен асырамын деп жүрген жігіт өзін аяусыз кіналап сөгеді. Заманың түлкі болғанда, тазы боп шалу есіне кірмепті. Сол үшін өзін өзі айыптайды. Әсіресе, қызылдарға қарсы шыққанына өкінеді. «Қызылдарға осынша күшпен Колчак түк істсй алмай жатқанда, есалаң сорлы-ау сен күл шашып пе бітірмексің?»[11]
Жаны күйзелген Тәңірберген өстіп өзімен-өзі ішкі диалогке кірген мезетінде тірі пенденің істеп жүрген ісінің бәрін тәрк ететіндей. Бара-бара өмірдің өзінен түңіледі. «Өмірдің түк қасиеті қалмапты-ау», – деген гөй-гөйге басады. Сүлесоқ, енжар, құлықсыз. Көкірегіндсгі ежелгі жауларына деген кектен де ада. Осы дүниеде өзінің де бар-жоғы, өлі-тірісі бәрібір. «Иә, маған, бәрібір» – деді Тәңірберген». Жынды кісіше өзімен-өзі сөйлесетін кейіпкер әуеніне автордың мұңды мақамы қосылып, психологизмнің ең бір күрделі сатысына көтеріледі. Ішкі монолог жиі-жиі ішкі диалогке ауысады. Тәңірберген «өң мен түстей бір халде». Тайталас ойының кезбейтін жері қалмаған тәрізді. Дүниенің төрт бұрышын аралайды. Кербаланың шөлінде қаталаған Хұсайын туралы қиссадағы аңыздарды есіне түсіреді. Әркіммен қызу айтысқа түседі. Бір жұлқысуға жарамаған ақ патшаға наразы. Тағы бірде «бар пейілі малға, байлыққа ауып, болған үстіне болса екен деп құнығып жүргендерді» кекетіп мысқылдайды. Өзі ше? Өзінің олардан асқан жері қайсы? – деп кейіпкер өзін де аямайды.
Сана ағымы күшейе келе машықты кенересінен асып төгіледі. Үлкен философиялық арнаға бет қояды. Жалпы адамзат хақындағы толғанысын еселете түседі. Роман енді адам атаулының бір тұтам тірлігін дұрыс пайдаланып отырғанына күмән келтіреді. Өйтпесе қамшының сабындай қысқа ғұмырында талай күнәға батып үлгіретіні қалай? «Әркім өз күлшесіне күл тартқан заман. Оның бергі жағында өзіміз де құдайдың кең дүниесін қолдан тарылтып, көртышқанша бас-басымызға бір-бір ін қазып ап, күнделікті күйкі тірлікпен күйбеңдеп жүріп, үстіміздегі осынау биік аспанды да жөндеп байқамаппыз».
Трилогияға бұл тұстарда ұлттық ая аздық ететіндей. Ойы енді жер шары үстінде қалқып, адамзаттық өреге көтерілген. Сол бойда ұғып жететіні: адамзат қаншама өмір сүрсе де, өмірдің шын мәніне әлі түсініп жетпеген, Құдай жолының сырына қанықпаған.
Кеңестік атеистік заман шығармасы «Қан мен тер» кейіпкері Құдайды көп аузына ала бермейді. Белгілі себептермен Құран Кәрімді оқып түйсініп, Алла жолын білуге шақырмайды. Алланың аты аталмаса да, заты бар. Ол астарлап айтылады. Тәңірберген көк аспанға жиі көз тігеді. Түркі әлемінде аспан, көк, Тәңір ұғымдары мағынасы тең ұғымдар.
Бір ойды екінші ой түртпектеп оятады. Адам опасыз дүниеден әрдайым жаманшылық күтіп зәресі кетіп жүреді. Осының түп себебі неде? Күнәні жамай бсргенше, күнәдан арылуды неге ойламасқа?
Тәңірбергеннің аузынан бір сәтте ғана «Құдай зауалыңды берсін!» – деген сөз шығады. Осы қарғысты ол кімнен есітті? Әлде, мына сырттан келген зауалды асқындырып бара жатқан сол қарғыс па екен? Тәңірбергеннің іші солай шиыршық атып сенделсе, бергі, сыртқы ойы мына қу даладан су іздеп әлек. Талай жүрген таныс жері еді. Тас қараңғы түнде де көзін жұмып жүріп тауып алатын құдықтардың шегенін біреу тарқатып алып, топырақпен көміп кетеді.
«Бір айналдырғанды шыр айналдыратыны» рас екен. Жолда көрген азабы аздай, зауалды күн енді Тәңірбергеннің ауылына төнеді. Жадап-жүдеп титықтаған ақ әскерлері кенет Тәңірбергеннің аулының үстінен шығады. Сусынын қандырып, тамағы тойып, ауылдың бұт артарға жарамдысын сыпырып алған соң, бар сиқынан айырылып, азғындаған әскер әйел атаулының етегін ашып масқаралайды.
Ішкі монолог арғы-бергіні қорытып үлгермей жатқанда қосарланып битөл сөз кетеуі кеткен дүниенің сұмдықтарын үсті-үстіне басады. Тәңірбергеннің есіне түрікпен ауылын шапқан кезі оралады. Түрікпеннің бір жасамыс әйелі құлақты жарған ащы даусын кілт тыйып: «Жалғыз баламнан айырдың. Қартайған шағымда жұлынымды үзіп жерге қаратып отырсың. Қүдай сенің де зауалыңды берсін!» – дегені енді жаңғырық сияқты қайталанып, жүрегін жұлқылап барады. Табиғат екеш табиғат та бұдан теріс айналғандай... Оның өзі де бір түрлі символистік бейнеге айналып, өлмесең өрем қап дейтіндей.
«Тәңірберген бозторғай үнін жақсы көретін. О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін көл-көсір далада салт атпен жолаушылап келе жатқанда жалғыз көңіл ашатын осы ғана». Көмейінен күн төгілген құмық құс жолаушы жанын жабықтырмайтын қасиетінен мына зауалда айырылып қалгандай. Тәңірберген төбесінде бір жоғарылап, бір төмендеп шыр-шыр еткен бозторғай үнін сезген жоқ. Өйткені ауылдан қайта шығып, Қарақалпақстанды бетке алып, құм арасына сіңгенде бұлар тағы да көмілген құдықтарға тап болады. Титығы құрыған өзінің де, өзі жол көрсетіп келе жатқан ақтардың әскерінің де жан созар жағдайы қалмаған-ды.
Шығарманың трагедиялық әуені философиялық ой-толғаққа ұласады. Аспанды торуылдап қаптап кеткен мына қара құс – зауал құсы. Ертеңгі күн кімнің басын торуылдамақ?
Тәңірбергеннің ішкі драмасы шырқау шегіне жеткендей. «Тағдырға тәбділ жоқ» деп мойындатпай қоймайтын қатыгез трагизм дендеп алған. Есі кіресілі-шығасылы. Өзімен-өзі «сен» деп сөйлесетін ішкі диалогі мүдіріңкі, үзік-үзік, сандыраққа ұқсайды.
«Қап-қара тұңғиық дүние кенет қып-қызыл боп алаулап бара жатты.» Бұны өрт екен деп ойлайды. Өртке қарсы жүгіріп бара жатқан оқыған інісіне көзі түсіп: «О, сорлы...есалаң сорлы! Есі дұрыс кісі үстіне келген өртті қарсы жүгіріп өшіре ме? Ха-ха-ха!» Санасы сөнер шағында қайта бір есін жияды. Тәңірберген бойын қайта тіктегендей. Аспанға көзі түседі. Безерген жерден көңілі қалып болған ол бар үмітін зеңгір көкке артатын тәрізді.
«Мына аспанның әділ болмауы мүмкін емес. «Жоқ, мына аспан әділ, шексіз әділ!» – деп ол осынау опасыз жалғанға өзінің кеш байқаған пұшайман бір сырын бар даусымен жар салғысы кеп кетті. Оған бірақ шамасы келмеді. Бұл кезде ол бар дауыстан жұрдай боп айырылған еді»[12].
Ғарышпен тілдесу – романның жер-көкпен астасқан көкжиегін мейлінше кеңейткен. Кішкентай балықшы ауылының тірлігі қазақ елінің үлкен шындығына айналған.
«Мен – қазақпын!» деп тұрған характерлерінің сомдалу сапасының биіктігі Әбдіжәмілдің эпикалық талантын жаңа бір қырынан танытты. Іштей ашылатын Еламан, Тәңірбергендермен қатар, оқиға барысында кескінделетін характерлерге де роман ерекше жомарт. Бұлар – даралығы көзге ұрып тұратын Кәлен, Сүйеу, Ақбала, Айғаным, Мюлгаузен, Федоров, Қарақатын, Судыр Ахмет, т.б. бейнелері.
Кәлен – халық топырағының тереңінен тамыр тартатын образ. Трилогияның басты идеясы тумысынан батыр, жаужүрек, дара тұлға Кәленнің жан сүйсінтер қайрат-жігерімен, үлкен масштабты іс-әрекетімен байытылып отырады. Еламанның, Тәңірбергеннің бейнесі Кәленсіз жүдеп қалар еді.
Кәлен – 1916 жылғы халық көтерілісінің сардары. Трилогияның соңғы нұсқасында оның қолбасшылық ісі кеңірек көрсетілген. Күші басым жау әскері құм ішінде шабуылға шыққанда қорғаныс шебінің алдына киіз үй керегелерін жайып тастайды. Көмулі тұзаққа тап болған дұшпан талай сарбазын жоғалтып, кері шегінуге мәжбүр. Кәлен комиссар Дьяков пен Еламанның тапсырысы бойынша, ақтар әскерлерінің алдына түсіп алып, қу медиен даладағы құдықтарды жауып отырады. Ақ гвардияшыларға жолбасшы боп жүрген Тәңірберген байдан талайдан кеткен кегін қайтарады. Ақ әскер құзғындарын Тәңірберген ауылының үстінен түсіріп, ақыры тұтас бір әскерді судан қаталатып, бір оқ шығармай қырғынға ұшыратқан асқан ерлік иесі – дәл осы Кәлен. Ол құдды Тәңірбергенге тауқымет тартқызбаққа көктен арнайы түскен, көзге шалынбайтын зауал секілді. Кәлен бір өзі мың сан қолды жайпап кететін ертегінің батырындай асқан ерлік танытады. Фольклор кейіпкерінен айырмасы – ерлігінің нанымдылығында, реалистік сипатында. Кәлен образының сомдалуындағы бір ғажап нәрсе – кейіпкер роман сахнасына мүлде шығарылмайды. Ол туралы Тәңірбергеннің аузынан бір-ақ ауыз сөз естиміз. Кәленнің құдықты қалай жауып жүргені суреттелсе, артық болмас еді. Бірақ автор өйтпеген. Тек істеп жүрген орасан қайратының нәтижесін ғана көрсеткен. Қисапсыз «үнемді» тәсіл. Әбдіжәмілдің айтарлықтай олжасы – қазақ романы поэтикасына қосқан жаңалығы. Кәлен қазақ әдебиетінің батырлар галереясына сұранбай-ақ кіріп тұр.
Жазушының шығармашылық жұмысқа әбден беріліп, ысылып алған кезде көріктеуін, бояуын келістіре жасаған образы – Судыр Ахмет, көк мылжың, қуыс кеуде, есі кірмеген пәруайсыз жан. Еңбекке қыры жоқтығы жағынан Қалау мен Төлеуге ұқсас. Айырмашылығы – қолынан дәнеңе келмейтін. Бір бақаннан бір қазық шығара алмайтын, кандай да іске орашолақ, бос белбеу. Бар жақсылықтан жұрдай, бар кеселді мойнына артқан сорлы тәлкекке ұшырайды да жүреді. Байғұсқа басына келіп дұға оқитын мола да бұйырмаған. Ешкім білмейді. Із-түзсіз жоғалып кеткен. Судырдан артында қалған жалғыз белгі ақ киіз қалпағы. Соның өзінде роман жүрегін соқтыруға бұл өте-мөте қажет характер. Ұлт талайы-тағдыры, адамның өмірдегі еңбегі туралы ойға шомдырады. Өлім де адамның қалай өмір сүргеніне сын... Бұрау басын сындырмаған адамның өмірге келдісі не, кеттісі не? дегізеді.
Нұрпейісов романы ұлттық характердің тұтас сілемін жасауымен құнды. 1916-1918 жылдардағы халық қозғалысын әлеуметтік-психологиялық тәсілмен суреттейтін, өрістетілген ішкі монологке құрылған бұл роман нағыз замана эпосы. Кезінде «Қан мен тер» романы жанрын эпопея жанрына қарсы қоюшылар табылды. «Ішкі драматизм сыртқы қабыршақты бұзып, мән-мағынаға бойлатады». Сондықтан бұл таза роман (роман чистых кровей») делінді.
Бұл көзқарасқа дау айтылды. Роман эпос, оның түрлері фольклорды да, лириканы да, тіпті сүреңсіз хабар, хроника, цифрларды да бойына сыйыстырып, жарасым таптырып, тамаша көркем поэзия болып шығатыны жайындағы ежелгі қағида еске алынды. «Қан мен терде» эпостың көп қасиеті табылатыны дәлелденді. Эпосты романға етене жақындататын шешуші белгі – кең құлаштылығы. Халық өмірі өзенінің табанындағы ағыс, жылғаларды көрсететіндігі. Ұлттық һәм адамзаттық проблемаларға шығатын шалқар шығарма екендігі. Тәңірбергеннің ішкі монологінде мынадай бір пікір бар. Әбден әлі құрып, ойы сан саққа жүгіретін Тәңірберген бір уақ көк аспанға көз тастайды. «Ана қарашы, жарықтық, қандай биік және қандай кіршіксіз таза. Адамзат жетпей сорлап жүр. Көре қал, күндердің күнінде көкке қолы жетсе, адам аспанды да былғайды».
Адамзат һәм табиғат, қоршаған орта. Экология... Белгілі себептермен бұл тақырып идеялық-эстетикалық нысанасы басқа «Қан мен тер» романында көп өрістетілмегені түсінікті нәрсе. Адам табиғат-анаға тым қатыгез екендігін айтып үлкен бір әңгіменің шетін шығарды да (қолы жетсе, адам аспанды да былғайды), сол заматында тоқтайды. Бірақ басталған әңгіме аяқсыз қалған жоқ. Жалғасын жаңа шығармадан тапты. Атап айтқанда, маңызы зор экология әңгімесі, табиғат пен адам туралы толғаныс «Соңғы парыз» роман-дилогиясының (1999) өзекті тақырыбына айналды.
Жанры жағынан «Соңғы парыз» дилогиясы «Қан мен тер» трилогиясымен қарайлас: әлеуметтік-психологиялық роман. Сонымен бірге ерекшелігі де бар. Ерекшелігі, кетеуі кеткен қоғамдық-саяси өмірді әжуалап әшкерелеуші роман-памфлет те.
Экранизация
"Қан мен тер" фильміне арналған постер
1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді.
Сценарий авторы: Андрей Михалков-Кончаловский, Родион Тюрин
Оператор: Асхат Ашрапов
Суретші: Ыдырыс Қарсақбаев, Р.Каримов
Композитор: Ғазиза Жұбанова
Дыбыс операторы: Қадыр Кусаев
Басты рөлдерде: Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Г.Шойбекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Н.Рахимов, Ж.Кайрлиев, Е.Евстигнеев, В.Сошальский, Олег Видов, М.Таванов, А.Құланбаева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Ш.Хакимжанов, Қасым Жәкібаев, Ю. Герасимов, Ш.Ахметова, Римма Кабдалиева, Айша Абдуллина, Кененбай Қожабеков, А. Собелев, Г. Юдин, В. Гусев, Лола Абдукаримова.
Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның Алтын медальын және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда "Ең үздік тарихи-революциялық фильм" номинациясы бірінші жүлденің ие атанды.[
Ескерткіш
2008 жылдың 14-қараша күні Ақтөбе қаласында "Қан мен тер" трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды. Ескерткіш Ақтөбе облыстық Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың алдында орналастырылған.
Мүсіндік копозицияда "Беларан" аралындағы романның негізгі жеті кейіпкері және ит мүсінделген. Ескерткіш құны 324 000 АҚШ долларын құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |