Елді мекен аты – елге сын б. Бияров



Дата15.09.2017
өлшемі108,98 Kb.
#32302
ЕЛДІ МЕКЕН АТЫ – ЕЛГЕ СЫН


Б. Бияров,

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті, ф.ғ.к.


Жалқы есімдер таңбалық және бағыт-бағдар беру қызметі арқылы адамзат қоғамында ерекше орын алады. Оның ішінде ойконим (елді мекен атауы) қай елдің болма-сын мәдениетін, сондай-ақ тіл мәдениетін әйгілейтін айна тәрізді. Біз ойконим ішінен шығатын урбаноним (қала және ондағы нысаналардың атауы) мәселелеріне тоқталмақпыз.

Тым арғы тарихқа бармағанның өзінде, бертіндегі Құрбанғали Халид-тің «Тауарих хамсасында» Өскемен қаласы тұрған жерді қазақтар Дом деп атағаны туралы мәлімет бар [1]. Жуықта жерлес жазушымыз Кеңес Юсуптың облыстық «Дидар» газетінде облыс орталығының маңындағы жер-су аттарының қазақша аталуы туралы естелік-мақаласы жарық көрді. Жазушының атасының айтуынша, Өскемен қаласы тұрған жер ертеректе Дөм, кейде Тасқұйған аталған екен [2]. Ал «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бір нұсқасында: Ертіс бойлап Қарадөң жерге жеттік, Бейне Теңіз дейтұғұн көлге жеттік – деген жолдар кездеседі. Осындағы Қарадөң – қазіргі Өскемен қаласының маңындағы таулы-тасты жерлер емес пе екен деген ой туады. Ал Бейне Теңіз деген әдемі атаудың Зайсан көлінің қазақша аты екені көпшілікке белгілі.

Енді дом//дөм//дөң сөз нұсқаларына келсек, мынадай пікірлерді ұшыратамыз:

1. Кеңес Юсуп атасының айтқанына сүйеніп, бұл арада құстар көп болғандықтан, оларды ұстауға арналған тұзақтың «дөм» деген аты жерге берілгенін ескерте кетеді.

2. Қ.Халид жазбасындағы Дом сө-зін кейбір ғалымдар алғаш орыс үй-лері салынған соң, орыс тіліндегі дом «үй» сөзінен қалыптасқан дейді [1].

3. Келесі бір зерттеушілер дом//дөм//дөң сөздерінің негізінде скиф, сармат, сақ сияқты арий тайпаларының тіліндегі дон «өзен», «су» географиялық термині жатыр дейді.

Біздің ойымызша, құсқа құратын тұзақтың жер-су атына айналып кетуі екіталай нәрсе. Мұнда Ертіс пен Үлбі өзендерінің құйылысы («Стрелка» аталып жүрген тұс) аңдарды қуып келіп ұстауға ыңғайлы табиғи тұзақ болып тұрғаны атауға уәж болуы мүмкін. Ал дөм сөзі парсының дам «тұзақ» сөзінен шығып тұрған сыңайлы

Түбін қуып келгенде, осы атаулардың қай-қайсысы да, Усть-Камено-горск – Усть-Камень – Өскемен атын ауыстыруға құқылы. Алайда макро-топонимдерді, ірі елді мекен атауларын ауыстырудың өзіндік қиындығы бар. Ол атау, ең алдымен, саяси, экономикалық жақтарынан тиімді, эстетикалық талапқа сай келіп, Қазақ-стандағы басқа қала атауларымен типтес болғаны жөн. Атап айтқанда, Қазақстанда жиі кездесетін қала, қорған, орда, кент сияқты ойконимдік терминдердің бірімен берілгені орынды болмақ.

Осындай талаптар тұрғысынан келгенде, Дом, Дөм, Дөң атаулары қаланың атына лайық бола алмайды. Тасқұйған түріндегі көне атау «тасты құйылыс, яғни Ертіс пен Үлбінің құйылысы» деген мағынада тұрғанымен, қаланың мәнін ашпайды. Біз осы Тасқұйғанды сәл өзгертіп, қаланың аты Тасқорған болса деген ұсыныс айтамыз. Тасқорған [Тасқорған] – қаланың мынадай белгілерін білді-реді:

1. Камень «тас» сөзі сақталады. Өйткені қала маңы тасты таулармен қоршалып тұр.

2. Өскеменнің алғашқы аттарының бірі Защита «қорған» сөзі тағы бар (Өскеменнің әуел баста әскери бекініс ретінде салынғаны белгілі).

3. Қорған сөзі түркі тілдерінде, сонымен бірге, «елді мекен», «қала» мағынасында қолданылады.

4. Тасқорған Қазақстандағы Талдықорған, Жаңа-қорған сияқты қала аттарымен бір типке енеді.

Ғалымдардың айтуынша көшеге ат қою біздің эрамыздан бұрынғы Қытайда, кейінірек Римде алғаш рет қолданыла бастаған екен. Алғашында көше атаулары реттік сан есім арқылы Бірінші көше, Екінші көше деп аталған да, кейін әр заман туғызып отыратын ұлы адамдардың есімдері беріле бастаған. Көшеге, жалпы біртекті көптеген нысандарға, ат қою еріккеннен шыққан жоқ, оларды бір-бірінен ажырату үшін және бағыт-бағдарды белгілеу үшін пайда болған. Сонда көшелерді ұлы адамдардың есімімен атау бағыт-бағдар беру қызметімен қоса, тәлім-тәрбие беру міндетін қоса атқарып отырады деген сөз.

Өскемен қаласында барлығы 580-дей көше бар екен. Ол көше аттары әр заман келбетін көрсететін мұражай сияқты. Мұнда Арычная, Кузнечная, Мельничная, Набережная Красных Орлов, Коминтерна, Ленина, Целинная, Космическая т.б. атаулар сақталып қалған. Тарихи атауларды ауыстыра беруге болмайтыны айқын, бірақ белгілі бір идеологияға, саясатқа орай құрылған атаулар біртіндеп өз мәнін жоятыны, қолданыстан қалатыны тағы да шындық. Ондай күні өткен жалқы есімдерді, уақыт талабына байланысты, өзгертпесе болмайды. Атауларды жаңалау, жаңғырту үрдісін Алматы, Астана, Семей қалаларынан көруге бо-лады. Бұл жағынан Өскемен қаласы басқа қалалар-дан оқшауланып, жеке арал сияқты қалып қоймауға тиіс деп ойлаймыз.

Өскемен қаласының көше аттары, мәселен, Арычная, Мельничная, Паровозный, Богдан Хмельницкий, Ермак сияқты годонимдер қазіргі кездегі Өскеменге жарасып тұрған жоқ. Одан кейінгі К.Либкнехт, Р.Люксембург, Фабрициус атауларын айтудың өзі қиын. Ал Өскемен қаласында, облыста тұрып, елге еңбегі сіңген қоғам, өнер қайраткерлерін, соғыс батырлары мен еңбек ерлерін мәңгілеу - парыз. Мысалы, Лихерев, Михаэлис, Бажов, Протозанов сияқты көше аттары орынды деп, ауыстыруды қажет етпейтін атаулар қатарына жатқызуға болады.

Қаладағы көше аттарын түгелдей ауыстыру керек деген сөз жоқ екенін айтқан абзал. Ең алдымен әбден көнерген, мән-мағынасыз, эстетикалық талғамға сай емес, мейілінше саясаттанған, осы өлкеге қатысы жоқ атаулар ауыстырылуға тиіс. Жалпы алғанда, ауыстыру деген не өзі? Қазір елді мекен, географиялық нысан, көше, алаңдардың аттарын жаңартып жатуымыздың ең басты себебі - тәуелсіздік алған, жеке мемлекет болған елдің ұлттық бейнесін қалыптастыру. Бұл, сонда, ұлттық рәміздер қатарына жатады деген сөз. Қазақстан Республикасының саяси және физикалық карталары, тіпті кісінің аты-жөніне дейін мемлекеттік тілде жасалып, ұлттық кейіпте тұруға тиіс. Ол – Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен шарт. Осы мәсе-лені түсінбеген адамдар ғана дау-дамай туғызып жатады.

Ескірген, саясаттанған атаулардың орнына, алдымен, жергілікті жердің тарихынан хабар беретіндей атауларды ұсынған жөн. Ол қаланың ғана емес, өлкеміздің өткенін, қазіргісін паш етіп тұрар еді. Мен "Алтын тауын асып, Ертіс өзенін кешіп..." көрген Білген қаған, Күлтегін, Тоңұқұқтардан бастап, Шыңғысхан, онымен найман халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Күшлік сұлтан, Кетбұға жырау, Қабанбай, Көкжал Барақ, Дәулетбай батырлар, Дулат Бабатайұлы, Алашорда арыстарын атап өтер едім. Күршімнің ару қызы туралы кітап жазған Жүсіпбек Аймауытов, Шыңғыстайда бала оқытқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтар да назардан тыс қалмау керек.

Жуықта Дінмұхамбет Қонаевтың 100 жылдығына арналған конференцияда құрметті ақсақалымыз Бошай Кітапбаев: "Риддерде жұмыс жолын бастаған Д. Қонаевқа, облыста бірінші хатшы болған Ілияс Омаровқа көше аттарын беру керек",- деген ұсыныс айтты. Ұсыныс осылайша халықтан, көпшіліктен шығу керек. Д.Қонаевты барлығы біледі, ал Ілияс Омаров облысымызда хатшы болған қоғам қайраткері ғана емес, мықты әдебиет сыншысы болғанын әркім біле бермейді. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне жерлес ғалым С.Аманжоловтың есімі берілгеннен кейін, сол университеттің бас ғимараты тұрған көшенің 30-й Гвардейской Дивизии деген шұбалаңқы атының орнына С.Аманжоловтың есімі лайық болар еді.

Қаламызда Тәуелсіздік-Независимость, Жеңіс-Победа сияқты аударма атаулар бар екені жасырын емес. Облыстық, қалалық ономастикалық комиссиялар оларды ұсынғанда тек "Тәуелсіздік көшесі" тұлғасында ұсынған, өйткені олар грамматикалық заңдылық бойынша жалқы есімнің екінші бір тілге аударылмайтынын жақсы біледі. Ал бұған мән бермеген қалалық мәслихат депутаттары орысша аудармасын тіркеп, бекітіп жіберген. Сондықтан көше аттарын бекітерде мұқият болған жөн шығар. Сондай-ақ, Солнечный көшесін Астана көшесі деп атау біраз дау-дамай туғызғаны белгілі. Ол Өскеменде Астана қаласының онкүндігі өткен тұста ауыстырылды. Орынды болған, бас қаланың аты көшемізге сән беріп тұр. Көше, алаңдарға тек қана кісінің атын қою керек деген заң жоқ. Көрші Қытайда "Аспан нұрын төккен көше", "Таң шапағы көшесі" деген атаулар көптеп кездеседі екен. Бізде де "Сол жағалау көшесі", - Левобережная, "Тау алды көшесі" – «Предгорная» дегендер бар. Астананың өзінде Сарайшық көшесі, Түркістан көшесі деген тарихи атаулардан қалыптасқан годонимдер пайда болды. Бұл да жақсы үрдіс.

Енді бір нысаналарға сол жердің бір ерекше белгісіне қарап атау қоятын тәсілді пайдалану тиімді. Мысалы, Согринская (угро-фин тілінде согр «батпақ, саз» деген мағына береді), Шешек асуы (көне түркі тілінде шешек «гүл» деген сөз) атаулары осындай жолмен жасалған.

Ғылыми тұрғыдан қарағанда географиялық нысаналарға, сондай-ақ ауыл, село, кент, қалаларға кісі есімін беру дұрыс емес деп есептеледі. Кісі аттары (антропонимдер) көше, мектеп, мекемелерге тән болып келеді.

Қаладағы асхана, мейрамхана, азық-түлік дүкендері, кафе т.б. нысаналардың аттарын менсонимдер деп атайды. Оларға көпшілік жиі баратындықтан және өздері де сан жағынан басым болғандықтан, аттары тілдің эстетикалық-этикалық нормаларына сай болуға тиіс. Ең алдымен нысана мен атаудың арасында мағыналық байланыс болуы қажет. Мәселен, аяқ-киім сататын дүкенге Ромашка деп ат қоюға болмайды. Ол ат гүл сататын дүкенге бек жарасады. Ласточка (Қарлығаш) деген атау азық-түлік дүкенінен гөрі, балабақшаға лайық болар еді. Кейде, тіпті шағын ғана дүкендердің маңдай-шасында Ғарыш-Космос, Астана, Жалын, Сұңқар сияқты ірі қонақ үй, сарайларға тән атаулар жазылып тұрады. Бір жанар-жағар май стансасының аты Отан деген ұлы сөзден жасалғанын байқадық.

Әрине, жеке меншік иесі қандай атау берсе де өзі біледі. Алайда олар жергілікті үкіметке, мелекеттік тіл талабына, қала берді - қарапайым этикалық нормаларға бағынуға тиіс қой?.. Көптеген шағын бизнес өкілдері мекемелеріне, дүкендеріне өз жанұясының есімдерін қысқарту арқылы атау жасап жатады. Ал сөз қысқарту арқылы жаңа сөз жасау лингвистикалық білімнен хабардар болуды талап етеді. Ондағы әр атаудың алғашқы әрпі бас әріппен жазылуға тиіс. Мәселен, АйМар сияқты. Димакс (Дима+Макс), Аяужан атаулары дұрыс жазылмаған. Қаланың ономастикалық кеңістігіне ТОДЖ, НАДЖ, АЗАЛИ, ҚАИРА сияқты қысқарған атаулар сән беріп тұрған жоқ.

Латын тіліне көшпей жатып-ақ, латынша (әлде ағылшынша) атаулар қаптап кетті. Олардың қандай мақсатпен қойылғаны белгісіз. Біздің қала туристер көп келетін Латын Америкасының қалалары сияқты емес және туристер келгеннің өзінде біздің дүкендерден тауар сатып алуы екіталай. Бұл арада дүкен иесі өз тұтынушыларын жоғалтуы мүмкін, өйткені шет тілдегі атауды түсінбеген қала тұрғын-дары, ауылдан келушілар ол дүкенге бас сұқпай-тыны анық.

Өскемен қаласында жер-су аттарынан (топонимнен) жасалған менсонимдер біраз бар (Астана, Версаль, Сибинка, Иртыш, Мұзтау т.б.). Кәсіпкерлердің көбі өз туған жерлерінің атын қоятын болса, енді біреулері демеушілік көрсетіп отырған жердің атын, немесе халыққа кең тараған макротопо-нимдерді таңдап алады. Ал Шығыс Қазақстанға, тіпті Қазақстанға ешбір қатысы жоқ Версаль, Атлантида, Венеция, Вавилон қатарлы ойконимдерді экзотикалық мақсатта қоя салған сияқты.

Қандай атау болса да, ол болашақ елімізге қызмет ететін атау болады, сондықтан ойланып, ақылдасып барып қойған жөн. Облыстық, қалалық ономастикалық комиссиялар бар, арнайы айналысып жүрген ғалымдар бар, басқа қалалардың үлгілері бар. Көше, елді мекен аттарын ауыстыру туралы ұсыныстар көпшіліктен түсіп тұру керек, өйткені Республикамыздың ұлттық бейнесін қалыптастыру дәл осы буынның міндеті.



 
 
Каталог: images -> files -> news -> 2014
files -> Зиганшина Гузель Нурмухаметовна 2012-2013 учебный год
files -> Камско-Устьинского муниципального района, Республики Татарстан
files -> Всё об электричестве
files -> Муниципальная бюджетная организация дополнительного образования «Алексеевская детская школа искусств»
files -> Урок с участием учителя -ветерана войны в 9 классе моу
files -> Планирование курса «Биология. Животные»
files -> Главные труды Эвклида "Начала" латинизированное назв
2014 -> Абдрахманова Айнур Серікқызының өткізген сабақ
2014 -> Бекітемін: Директор


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет