Байланысты: «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы дидактикалық материал 2
Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы - халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам. «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол - «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті... Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын. «Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Тәуелсіздіктің бабаларымыздың сан ғасырғы арманымен келгенін Елбасымыз әрдайым қазіргі ұрпақтың есіне салып отырады: «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты - Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Ел тағдырының мәні азаттықтыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттілікті сақтау болса, осы жолда қаншама алаш зиялылары тәуелсіздік үшін күрес жолын жалғастырды. Кешегі кеңестік кезеңде де ғасырларға созылған тарихы бар қазақ елін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттерге тойтарыс беріліп, «қазақ жері» деген ұғымның сақталып қалу жолында ерен еңбектер атқарылды. Қазақ халқының тарихында ғұндардан бастау алатын «Мәңгілік ел» идеясын тасқа қашалған Орхон-Енисей жазбаларынан бастап қайда барса көрге кезіккен Қорқыт ата мен өмір бойы жерұйықты іздеп өткен Асан қайғы бабамыздан кездестіруге болады. Олардың әрекеттерінің негізінде де осы мәңгілік ел болуға ұмтылған, мәңгілік елді орнатуға деген құштарлық жатты. Асан қайғы - елдің ертеңінің жарқын, еркіндігі мен бақытының баянды болғанын армандап, қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, жайлы қоныс табудың жолын іздеген данышпан. Оның аңсағаны елді орнықтыратын жайлы мекен тауып, елдің мәңгілігін жаңғырту еді. Оның іздеген жерұйығының мәні халқы тәуелсіздік құндылығын ұлықтайтын, ел-жұрты бейбіт өмір сүретін, адамгершілік пен бауырластықты ту етіп, татулықта ұйысып өмір сүретін құтты қонысты табуда болды. Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Өйткені, бабаларымыздың ұлан байтақ жерін қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап-қадірлегенін білеміз. Жастар сондай текті ұрпақтың ұрпағы екендіктерін сезініп, осы «тәуелсіздік», «мәңгілік ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеуге міндетті. Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастарда. Бұл үшін азаматтар тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қарулануы қажет. Елбасымыз жариялаған «Мәңгілік ел» идеясының көздегені де осы болатын, яғни, төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырып, одан әрі дамытатын жастар болғандықтан олар ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға талпынуы керек. Мемлекеттің осы бағытта атқарып жатқан ізгі жұмыстары аз емес, солардың бірі осы - «Мәңгілік ел» идеясы. Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін қабылдаған өте маңызды және тарихи мәнге ие құжат «Бес институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған нақты жүз қадам» атты бағдарламаның идеологиялық негізі етіп алды. Мұндағы «Біртектілік пен бірлік» реформасында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел - үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, азаматтық біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, т.б. нақты қадамдар жүзеге асыру көзделді. Қазақстан тағдыры үшін, өткен ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз - егемендігімізді сақтап, мұратымызға айналған «Мәңгілік ел» болу идеясын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете білейік!
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/mangilik-el-ideyasynyn-bastauy-tym-terende_a2837420