ӘОЖ: 95 (574): 636. 145 Рысбеков Т. З. тарих ғылымдарының докторы, профессор, М. Өтемісов атындағы БҚМУ



Дата04.08.2017
өлшемі312,81 Kb.
#22932
ӘОЖ: 95 (574):636.145
Рысбеков Т.З.тарих ғылымдарының докторы, профессор, М. Өтемісов атындағы БҚМУ

Сисекешева А.М. – М. Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты

Е-mail: aikonai88@mail.ru
ТЫҢ ЖЕРЛЕРДІ ИГЕРУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ КОЛХОЗДАРДЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ НӘТИЖЕЛЕРІ МЕН САЛДАРЫ
Аннотация. Мақалада тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарындағы колхоздар мен совхоздардағы ауыл шаруашылығының жағдайы, сонымен қатар оның нәтижелері мен салдары статистикалық мәліметтер негізінде жете талданған.

Кілт сөздер: Тың игеру, эпопея, совхоз, колхоз, ауыл шаруашылығы, астық, съезд, пленум, техника.
Қоғамдық, өмірдің барлық жақтарын қайта құру біздің арғы және бepгi тарихымызды ой елегінен өткізіп, орын алған проблемаларды алдыңғы қатарға шығаруға мүмкіндік берді. Біздің заманымыздың ең өткір де үлкен проблемаларының бipi – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету еді. КОКП-нің 27 съезінде осындай ұйғарым жасалып, артынан ол 28 съезде тағы қайталанды. Алайда дүние жүзінің алтыдан бip бөлігінде осындай мүмкіндікті жүзеге асыруда Коммунистік партия барынша дәрменсіздік танытты. Сөйтіп, КПСС Маркстің сөзімен айтқанда «халықтың ең бipiншi қажетті сұранымын» шеше алмай тарихи аренадан табан тайдыруға мәжбүр болды.

Дүние жүзі бойынша көлемі ең үлкен құнарлы жерлерге ие бола тұрып, елді нансыз, азық-түліксіз калдыруға КОКП-ға оншалықты «даналық» қажет емес еді. Әттең, қоғамымыз аграрлық саясатты дұрыс жүргізе білмеудің нәтижесінде бүгінгідей тығырыққа тірелді. Ғалымдар осынау дағдарыстың сырын анықтау үшін ауыл шаруашылығын дамытудың тарихына, соның ішінде 1954-1964 жылдарға назар аударуда. Бұл кезең кеңес елінің тарихындағы «Тың эпопеясы» жылдары деп аталды.

Тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру тақырыбы Советтік тарихи әдебиетте кең орын алды. Әcipece, осы тақырып аясында ipi монографиялық зерттеулер, ұжымдық еңбектер, ғылыми-практикалық конференциялар, мерекелік салтанаттар көбейді. Осы жөнінде көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар корғалды, сонымен бipгe көркем әдебиет пен кинематография да оған көп көңіл аударды. Бip сөзбен айтқанда, елдің бәpi даң-ғаза, құрғақ сөзге әуес бола бастады.

В.В. Докучаевтың айтқандарына суйене отырып, Мәмбетәлі Сердалин өз еңбегінде «Егер Россияның Европалық далаларын қалай болса солай жыртып тастаудың зардаптары осындай болса, онда Сібірдің ұлан-байтақ шалқар даласын жырту қандай қатерлі зардаптарға әкеліп соғар екен» деп жазған еді. Мәмбетәлі Сердалин қазақ даласының мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы екенін және оның өнімін eгic аймақтарының өнімімен тығыз байланыстыра отырып, зор табысқа жетуге болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген [1, 75 б.].

Қазақ зиялыларының тағы да бip аса көрнекті өкілі Әлихан Бөкейханов (1887-1937 жж.) та осыны ескерт­кен. 1910 жылы Петербургтен шыққан «Қырғыздар» (Қазақтар) атты еңбегінде: «Егер қазақ даласына шаруаларды асығыс түрде қоныс аударуды жалғастыру тоқтатылмаса, онда таяу арада тың жерлер түгел жыртылып тынады. Ал, мұндай тыңсыз дала айтақырға айналып, одан өнім алынбайды» деп жазған болатын. Алайда, қазақ ғалымдарының алысты болжай білетін көрегендік пікірімен де, болжауымен де ол кезде және одан кейін Советтік дәуірде де келісіп, санасқан ешкім болмады.

Қазақстан жерінде соғыс әрекеттері болған жоқ, әйтсе де оның зардаптары сезіліп тұрды. Әcipece бұл жағдай ауыл шаруашылығында айқын білінді. Бұл саладағы соғысқа дейінгі деңгей тек 50-ші жылдары ғана өз дәрежесіне жетті. Бipaқ ол елдің азық-түлік пен шикізатты тұтыну қажетін өтей алмады. Сондықтан үкімет «ауыл шаруашылығындағы жағдайды түзеуге ден қойды. Мәселен, 1950 жылы партиялық-үкімет комиссиясы құрылды. Оған колхоздарды қаржыландыруды жақсарту мәселесін қарау ұсынылды.

1952 жылы басқа комиссия мал шаруашылығындағы жағдайды жақсартуға көңіл бөлді. Аталмыш комиссиялардың жұмыс нәтижесі КСРО Жоғарғы Кеңесінің cecсиясында талқыланды (тамыз 1953 ж.). Үкімет экономиканы сауықтырудың ойластырылған шарасын ұсынды. КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Г. Маленков халық тұтынатын тауарларды өндіруді ұлғайту үшін ауыл шаруашылығын көтермей болмайды деген тұжырым жасады. «Біздің басты міндетіміз, – деді ол, – қысқаша мерзім ішінде ауыл шаруашылығындағы колхоздар мен совхоздардың артта қалушылығын жойып, оны тез аяғына қоя отырып, шаруашылықтарды нығайту, колхозшылардың еңбек күнін көбейтіп, оларға ақша бөлуді ұлғайту». Баяндамада астық мәселесі маңызды деп танылып, оны өндіруді көбейту мақсаты қойылды. Ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері КОКП Орталық Комитетінің 1953 жылғы 3-7 қыркүйек айында болған Пленумында да қаралды [1, 80 б.].

Саланың жағдайын сараптай келіп, пленум ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде жаңа көзқарас қалыптастырды. Алдымен ауыл шаруашылығына күрделі қаржы бөлуді ұлғайту көзделді. Пленум сонымен қатар алғаш рет социалистік шаруашылықты жүргізудің негізi ретінде қызметкерлерді материалдық қаржыландыру принципін шаруашылық табысымен байланыстырды [1, 80 б.]. Қаулыға сәйкес ферма мен егістіктен өндірілетін өнімдерді сатып алу бағасы бірнеше есе өсті. Шартты міндеттемеден тыс сатылатын өнімдердің бағасын колхоздар үшін күрт көтерілді. Мұның өзi колхоз экономикасын нығайтты. Жеке шаруашылықтан алынатын өнімнің көлемі азайтылды, қаржы салығы төмендетілді, тағы басқа тәуip шаралар белгіленді. Қыркүйек пленумы ау­ыл шаруашылығын дамытуға әжептәуір жол ашты. Әйтсе де көптеген зерттеушілер Хрущевтің бастамасы оның табансыздығының арқасында өз мақсатына жетпеді деп есептейді. Мәселен мұндай көзқарас И.Росинов пен Н.Тюринде қалыптасқан.

Қойылған міндетті орындау көп күш жұмсауды қажет eттi. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін әміршілдік-әкімшілдік жүйенің барлық күш-қуаты icкe қосылды. КОКП Орталық Комитетінің, ақпан-наурыз Пленумының (1954 ж.) шешімдері республикалардың Орталық Комитеттерінің облыстық, қалалық және аудандық партия ұйымдарының жиналыстарында талқыланды. Насихат пен үгіт құралдарының барлық түpi кеңінен, пәрменділікпен пайдаланылды. КОКП Орталық Комитеті Қазақстанның «Тың және тыңайған жерлерді игеруге аттануға» шақырған барлық совет халқына арналған үндеу қабылдады. Тың игеру дәуіріндегі Қазақстанға жаппай қоныс аудару дүмпуі 60-шы жылдардың ақырына дейін созылып, тоқтамады. Соның дәлелі ретінде Қазақстанның облыстары бойынша көрсеткіштер кестесі төмендегідей:

Кесте 1.


Қазақстан Республикасының облыстар бойынша халық саны (жыл басында, мың адам)




1954

1959

1965




Барлығы

Соның ішінде ауыл тұрғындары

Барлығы

Соның ішінде ауыл тұрғындары

Барлығы

Соның ішінде ауыл тұрғындары

Қазақстан Республикасы

7355,4

4284,6

9809,8

5242,6

11771,6

6266,4

Ақтөбе

330,9

189,7

401,0

226,6

512,3

291,9

Алма-Ата

375,3

350,5

946,1

748,2

602,3

524,5

Шығыс Қазақстан

641,9

317,7

734,9

340,5

796,3

346,7

Гурьев

231,5

99,5

287,8

126,0

277,0

123,6

Жамбыл

469,6

316,0

561,6

360,0

704,3

425,9

Қарағанды

542,8

114,3

1018,7

221,3

1007,8

185,0

Қызылорда

297,9

171,0

327,3

175,1

410,7

198,8

Көкшетау

349,7

256,9

493,3

370,6

588,7

421,4

Қостанай

408,7

313,2

710,7

522,9

848,1

554,4

Павлодар

328,2

249,1

455,0

323,5

614,2

383,5

Солтүстік Қазақстан

385,5

257,1

457,0

300,6

544,6

361,2

Семей

407,6

224,6

520,2

292,0

649,9

372,4

Орал

309,8

217,9

381,2

267,8

476,3

349,8

Целиноград

391,3

210,7

637,1

379,4

744,7

391,1

Шымкент

804,5

532,6

921,4

588,1

1110,7

689,5

Көріп отырғаныңыздай, Республика бойынша халық саны жылдан жылға артып, 11771,6 тұрғынды көрсетсе, жекелей Орал облысы бойынша да барлығы 166,5 мың адамға, ал ауыл тұрғындары 131,9 мың адамға өсімі байқалады [5, 62 б.]. Бұл елімізге қоныс аударушылардың санының айтарлықтай жылдан жылға өсіп отырғанын дәлелдейді. Тың жерлерді игерудегі жеткіліксіз жұмысшы күшi Совет Армиясы қатарынан босатылған жауынгерлер есебінен де толтырылды. Сонымен қатар, мемлекет батыс аймақтардан тыңға қоныс аударған отбасыларына көмектесуге мол қаражат бөлді. Кейбір совхоздарға комсомолдарының шақыруына үн қосып, 1954 жылдың күзінде тың игеруге тағы да 60 мың жас әйелдер мен қыздар келді. Алғашқы екі жылда ғана Қазақстанның тың жерлеріне 200 мыңнан астам отбасы қоныс аударды [6, 267 б.]. Бұл көрсеткіштер тың жерлерді игеруге де айтарлықтай өзгерістер әкелді.

Кесте 2.

Тың жерлерді игеру, шаруашылықтың барлық түрі бойынша (мың га)








1954

1955

1956

1957

1958

1959

1960

Қазақстан Республикасы

8531

9436

1908

1064

1877

1020

1648

1

Ақтөбе

446

695

177

122

129

116

116

2

Алма-Ата

148

383

212

123

69

32

35

3

Шығыс Қазақстан

84

131

46

17

37

32

15

4

Гурьев

7

16

10

2

12

1

-

5

Жамбыл

118

283

120

64

41

14

22

6

Қарағанды

242

560

181

81

78

55

92

7

Қызылорда

16

19

13

14

18

4

5

8

Көкшетау

1428

928

44

51

124

39

120

9

Қостанай

1710

2103

185

180

339

125

471

10

Павлодар

1021

1185

406

46

394

187

259

11

Солтүстік Қазақстан

759

270

13

18

155

40

75

12

Семей

283

387

118

104

79

135

121

13

Орал

560

506

134

75

99

77

57

14

Целиноград

1644

1734

155

118

283

138

236

15

Шымкент

65

236

94

49

20

25

24

Кестеден көріп тұрғанымыздай, тың және тыңайған жерлерді игеру Орал облысы бойынша 1954 жылы алтынша орында болса, 1956 жылы жетінші, ал 1960 жылы тоғызыншы орынға ығысып, тың игеру бұл аймақта жылдан жылға азайғандығын көрсетті. [5, 64 б.]. Дегенмен бұл біз үшін тиімді ме, тиімсіз болды ма, себебі бұл кезде облыстар арасында жаппай жарыстар орын алып жатты, болжам түрінде қалмақ.

Тың игерудің шаруашылықты жүргізудегі тиімділігі қаншама мадақталып «дәлелденгенімен», оған орасан зор күрделі қаржы жұмсалды. Республиканың ауыл шаруашылығына алғашқы екі жылдың ішінде ғана 6,105 миллион сом қаржы жұмсалды. Бұл төртінші бесжылдықта жұмсалған барлық қаржыдан төрт есеге жуық көп [4, 75 б.]. 1954-1958 жылдары Қазақстанда 337 жаңа сов­хоз ұйымдастырылды. Мемлекет оның құрылысына 10,814 мың сом жұмсады. Өндірістік негізгі қор 1953 жылғы 276 миллион сомнан 1965 жылы 2,6 миллиард сомға дейін немесе 10 еседен астам өсті [10, 17 б.].

Тың игеруге ауқымды материалдық қор бөлінді. Рес­публиканың басқа ауыл шаруашылық аудандарының есебінен тыңга құрылыс материалдары, техника үсті-үстіне жөнелтілді. 1953 жылмен салыстырғанда 1956 жылы тыңға әкелінген тракторлардың саны 213 пайызға, комбайндар 232 пайызға артты. Осыған орай техниканың жалпы саны да молайды. Егер 1958 жылы республикада 40 мың трактор болса 1960-шы жылдың басында 156,2 мынға, немесе төрт есе, ал комбайндар 4,3 есе көбейді. Осыншама есе техниканы кем алған басқа аймақтардың әлеуметтік экономикалық дамуының мешеулеп қалуы хақ.

Осыншама «қуатты күштің» бос жатқан тың алқаптарына тұтқиылдан шабуылға шығуын Л.И. Брежнев өз еңбегінде былайша түсіндіреді: «Тың жерлердің астығы шұғыл қажет болды», дей келе пікірін одан әpi жалғастырып, «социализмді нығайта отырып, уақыттың алдын орау үшін совет адамдары көп нәрсені бұрын түк жоқ жерден бастады. Партия тыңды игеруге шақырылғандарға: онда қиын, тіпті өте қиын болатынын, алда ауыр шайқастар тұрғанын, ал қандай шайқастың да ерлікті керек ететінін ашықтан ашық айтты» [4, 76 б.]. Расында да тың игерушілердің өмірінде қиындыққа төтеп беретін ic қимылдар бастан асатын. Тыңға шабуыл ешқандай дайындықсыз шұғыл басталды. Қара топырақты құнарлы аймақтармен бipгe көк қауданы желкілдеген шұрайлы жайылымдықтар да қыраттар да, тіпті сортаң жерлер де өткір түрен жүзіне ілікті. Интернационалдық комсомол-жастар екпінді бригадалары жазушы Шерхан Муртазаның cөзiмен айтқанда «қазақ даласының бүкіл ішек қарнын ақтарды». Майдандағы соғыс дабылдарының мәліметтері сияқты жүздеген, мыңдаған миллиондаған гектар жер жыртылғаны туралы даурықпа рапорттар қарша борады. 1954 жылы тапсырмадағы 6,3 миллион гектардың орнына 8,5 миллион гектар жер жыртылды.

Осыдан кейін-ақ, сабырлық жасап, алды-артын пайымдап, аялдауы қажет еді, бipaқ, халықтың күткен үмiтi ақталмады.

Тың игерудегі өрескелдіктерді тың игерушілердің өздері де мойындайды. 1954 жылы «Ленинград» совхозына жолдамамен келген Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері В. Ки­риченко былай деп жазады: «Тыңды игеруге айтылған сынды дұрыс қабылдау керек. Сол кездегі әміршілік-әкімшілдік жүйенің басшылырына орай асығыстық, істі ойластырмай шешу орын алды» [1, 86 б.]. Өздерінің өмірлеріне, тағдырларына ciңiciп, шeшyшi рөл аткарған тыңды бағындырушылардың қазіргі кезеңдегі әділ сын көзбен жасалған тарихи талдауға қарсылық білдіретіні әбден түciнiктi. Әрине, тың игеру тарихындағы қажырлықты, жанқиярлық күресті, табандылықты ешкім жоққа шығармайды. Егістікке жарамды құнарлы жерлерді игерудің тиімділігі де күмәнсіз. Мәселе, қысқа мерзімнің ішінде ұлан-ғайыр 25 миллион гектар жердің іріктеліп сұрыпталмастан қатарынан тасталқаны шығарылып жыртылуында, оның әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және экологиялық зардаптарға қиындыққа ұрындыруында. Тың жерлерді игеруді қауырт жүргізу саясатының қыр-сырын баяндаудан бұрын халық белсенділігінен туған игі бастамаларға да тоқтала кеткен жөн.

Тыңға келген мыңдаған саналы еңбеккерлердің жігерлі еңбегінің нәтижесінде пайдалы игі істер туындады. Оның бipi – студенттердің кұрылыс отрядтары. Салыстырмалы түрде қарастыра кетсек, мұндай отрядтардың бірі Костанай облысы Таран ауданында құрылды. Аудан жастары 1954 жылдың күзінде игі бастама көтерді. Олар республиканың барлық еңбекшілерін мәдени-ағарту мекемелерінің жаңа құрылыстарын салуға, жөндеуден өткізу, қызметін жақсартуға көмектесуге үндеу тастады. Тарандықтардың бастамасы кең қолдау тапты. 1955-1956 жылдары селолық жерлерде 17 мәдениет үйі, 450 клуб, 300 кітапхана, 50 оқу үйі, 500-ден астам қызыл мүйіс, 10 стадион мен спорттық алаңдар салынып, 230 елді-мекенге радио және 130 елдімекенге электр жүйелері тартылды [7, 94 б.].

Тың игеру жылдарында совхоз жұмысшылары мен колхозшылар селолық мектептерді өз қамқорлығына ал­ды. Олардың саны Республиканың кейбір облыстары бойынша өсімді көрсеткенімен, 1953-54 жылдары Республика бойынша 9407 болса, Орал облысы бойынша 558 мектеп болды, 1960-61 жылдары 526 мектеп, ал 1965-66 жылдары 518 мектепті құрады. Бұл басқа облыстармен салыстырғанда Алматы қаласынан кейінгі төменгі көрсеткіштер. 1957 жылға дейін олардың көмегімен 2828 оқу шеберханасы, 1700 пәндік кабинет жабдықталды. Совхоздар мен колхоздарда 3 мыңнан астам окушылардың өндірістік бригадалары мен участоктары ұйымдастырылды. Тұрғын үй құрылысы да кеңейді. 1954-1955 жылдары республиканың тың аймағында 853 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Жаңа поселкелер орнығып, автомобиль жолдары төселіп, астық қоймалары бой көтерді.

Тың туралы жазылған еңбектерде ауыл шаруашылық өнімдерінің, алдымен астық өндірудің артқандығы тілге тиек етілді. Расында да өciм бар. Егер жалпы Қазақстан бойынша бұрын (1949-1953 жылдары) мемлекетке орта есеппен жылына 111 миллион пұт астық тапсырса, тың игеру жылдарында (1954-58 жылдары) 521,4 миллион пұттан, Орал облысы бойынша 1954 жылы 57,3 мың, 1955 жылы 52,5 мың, 1956 жылы 611,2 мың, 1957 жылы 301,9 мың, 1958 жылы 821,9 мың тонна астық өткізді [3, 49 б.]. Әcipece, 1956 жылы барлығы 1.483 мил­лион пұт астық жинап, мемлекетке 1 миллиард пұт ас­тық тапсырған Қазақстан диқандары ең жоғары көрсеткішке жетті. Бipaқ келесі жылдары астық өндіру кеми бастады. 1963-64 жылдары астық өндіру 1953 жылғы мөлшерден сәл ғана асты. Осы кезден бастап еліміз шетелдерден, АҚШ, Канада, Аргентина, Франция сияқты мемлекеттерден астық сатып алуға кірісті [1, 87 б.].

Тың игеруді қарқынды жүргізуге асыққан мемлекет басшылары алда шешуші қиын күрделі мәселелердің туындайтынын түсінбеді. Жұмысты ғылыми түрде терең зерттеу негізінде жүргізудің орнына өктемдікке жол берілді. Табиғатты қорғау тарихи ескерткіштерді сақтау жөнінде ешқандай шара қолданылмады. Н. Хрущев тыңды бағындыру күресінде наполеондық арандатушылық бағытты: «ең бастысы майдан ашу, кейінгісін көре жатармыз» принципін ұстанды. Сондай-ақ тың жер дұшпан шебі ретінде қаралып, жаппай шабуылға шығуға шақырылды. Тың игеру дәуіріндегі жиі қайталанатын тұжырымдар: «Тыңға шабуыл», «Тыңды бағындыру», «Тыңды бас идіру» сияқты ұрандардан құралатыны да тегін емес.

Тыңға шабуыл жасауға шақырушыларды жолдың, астық қоймаларының жоқтығы да имендірмеді. Маңдай тepi төгіліп, өсірілген диқан астығының жүздеген мың тоннасы қырмандарда, дестелерде, жаңбыр мен қар астында жатып, іріп-шіріп, шығынға ұшырады. Шаруашылықты жүргізудегі бойға сіңген қырсыздықтың, салғырттықтың салдарынан күн сайын 15 мың трактордың сынып босқа тұруы сияқты бей-берекетсіздікті есепке қоссақ, тың игерудің бағасы да айқындала түспек.

Keңес тарихнамасында тыңдағы өндіргіш күштерді пайдаланудың ұтымдылығы ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасының дамып өсуін зерттеумен алмастырып жүр. Зерттеуші В.И. Куликовтың, С. Ковальскийдің және X. Мадановтың монографияларында, сондай-ақ Б. Қайымовтың «Тың игеру аймақтарындағы астық шаруашылығы» еңбегінде тың өндірісіндегі қаржы қорының қайтарымы мәселелері көтерілмейді. Ал, шын мәнінде жұмсалған қолдағы бар қорға шаққандағы өндіріс өлшемі бұрын да бірте-бірте кеміген, әлі де кеми түсуде. 1961-65 жылдармен салыстырғанда 1976-78 жылдары қор қайтарымының коэффициенті тың совхоздарында 0,70-тен 0,43-ке дейін азайды. Көптеген зерттеушілер тың өндірісінің әлеуметтік тиімділігін талдағанда адам өмipiнің орташа ұзақтығы, балалар өлімі, кадрлардың тұрақтамауы, қылмысты істердің көбеюі, жасырын жұмыссыздық, жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі, маскүнемдіктің таралуы, табиғат экологиясы сияқты аса маңызды мәселелер ұмыт қалдырылады [1, 90 б.].

Жерді талан-таражға салу орны толмас шығынға ұрындырды. Ғалымдардың eceбi бойынша тыңды игеру жылдарында топырақтың сапалы қыртысының 15—20 пайызы, ал кей жерлерде 23 пайызға дейін бүлініп, құнарсызданған. Қaзip бұрыңғы тың игерілген аймақтардағы жердің құнарсыздануы 35 пайызға дейін жеттi, оны қалпына келтірудің сәті әлі күнге дейін түскен жоқ [1, 90 б.]. Егерде «игерудің» осы қарқынынан айрылмасақ алдағы ондаған жылдардан кейін тыңның басты байлығы жеріміз де түгелдей құнарынан айрылып тынбақ еді. Сонда біз кейінгі ұрпағымызға қандай қазына қалдырмақпыз.

Елуінші, алпысыншы жылдардағы жел эрозиясыпың етек алуы eгін шығымдылығын да күрт кемітті: 1954-58 жылдары әр гектардан 11,4 центнерден (Орал облысы бойынша 5,1 центнер), 1959-63 жылда­ры 6,1 центнерден (Орал облысы бойынша 5,7 центнер) астық бастырылды [2, 88 б.]. Осыған орай арамшөптерді химикаттармен отеу және егістікке тыңайтқыштар себу жұмыстары қолға алынды. Егер 1960 жылдары Батыс Қазақстанның шаруашылықтарында 5,8 мың тонна минералдық тыңайтқыштар пайдаланылса, 1969 жылы 247,7 мың тонна немесе 44 есе көп минералдық тыңайтқыш бөлінді [9, 43 б.].

Әрине, минералдық тыңайтқыштарды пайдаланбайтын бip де бip ел жоқ. Мәселен, ғылыми зерттеулердің негізінде қоршаған ортаға табиғатқа зиянын тигізбей тиімділікпен пайдалана білуде. Амал не, алпысыншы, жетпісінші жылдарда тың аймақтарында тыңайтқыштарды бей-берекетсіз пайдаланудың салдарынан табиғаттың өсімдігі мен жәндіктеріне орасан зор зиянын тигізіп, апатқа ұшыратты.

Н. Хрущев парды мойындамауымен қатар көпжылдық шөп егуге егінді тікелей орып жинауға да тыйым салды. Ал оның ececiнe жүгері өсірудегі құлшынысы жұртшылыққа мәлім. Tiптi, ол солтүстік шеңберге дейін жүгepi өcipyмeн шұғылдануды жақтады. Әрине, жүгері жергілікті табиғи ерекшеліктер ескеріліп, агротехника сақталып, өcipce аса пайдалы дақыл. Не пайда, мұнда да «дала аруын» өcipyгe аттаныс науқаны басталып бей-берекетсіздік белең алды. Н. Хрущевтің 1957 жылғы 22 мамырдағы сөйлеген тағы бip сөзіндегі «Таяу жылдарда еліміздің әр тұрғынына шаққанда ет, сүт, май өндіру жөнінде АҚШ-ты қуып жетеміз» [10, 14 б.] деген ұраны да icкe аспады.

Осының бәріне қоса «Тың дәуірінде» ұйымдастыру жұмысында да тұрақсыздық қалыптасты. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрлігінің үстіне совхоздар министрлігі, жергілікті жерлерде совхоздар тpеci, өлкелік басқару салалары құрылды. Облыстық партия және совет органдары салалық негізгі байланысты өнеркәсіптік және селолық болып екіге бөлінді. Селолық аудандар ipiлендіріліп территориялық басқармалар ұйымдастырылды. Айналасы бес-алты жылдың ішінде колхоздар екі мәрте бipiктipілiп, ірілендірілді де, ақыры олар совхоздарға айналдырылды. Машина-трактор станциялары ажыратылды. Мұндай ұйымдастыру жаңалықтары еліміздегі экономикалық немесе әлеуметтік қажетіліктен туындамады, қайта әкімшілдік-әмipшiлдiк әдіспен жүзеге асырылды да, дамуға кepi әсерін тигізді. Халық «қымбатты Никита Сергеевичтің» толып жатқан реформаторлық жұлқынысынан әбден жалығып қажыды.

Енді мәселенің ең бастысы – адамдар туралы. Демек осы кезде «бәpi де адам үшін» деген ұран көтерілді емес пе! Алайда тыңға шабуылды бастаған еліміздің және республиканың басшылары халықтың мүддесін назардан тыс қалдырды. Алды-арты ойластырылмаған тың майданы бұқараның, әcipece жергілікті тұрғындардың өміріне, тұрмысына қиындықтар туғызды, республика бойынша 25,4 миллион гектар жердің жыртылуы жайылымдықтың шұғыл азаюына, жеке меншіктегі малдарды өсіруді тежеуге әкеліп соқты. Мысалы ұсақ мал өсіру қарқыны шаруашылықтың барлық категориясында үш есе азайды, жылқы саны 1916 жылғы 4340 мыңнан 1961 жылы 1158 мыңға азайды, ал түйенің саны 1928 жылға қарағанда сегіз есе кеміп, небары 140 мың қалды. Жергілікті тұрғындарды дәстүрлі тағамынан (қымыз, айран, тұз, сары май және басқа) айырып шектеу Қазақстандағы ядролық каруды сынаумен тұстас келді [1, 93 б.]. Мұның өзі халықтың денсаулығына әсер етті, алпысыншы жылдардың басында республикада өкпе ауруына, бруцеллезге, лейкемияға және онкологиялық ауруларға шалдығушылардың қауырт көбеюінің де ceбeбi міне осыдан.

1965 жылдан бастап Қазақстан өзінің бидайының әр тоннасын 65 сомнан, ал қара бидайын 60 сомнан сататын болды. Дәл осы дақылдар Өзбекстанда, Грузияда, Әзірбайжанда, Тәжікстанда, Арменияда, Түркіменстанда едәуір қымбат – 90 және 85, ал РСФСР-дың және Украинаның қаратопырақсыз аудадарында, Белоруссияда, Прибалтика республикаларында – 130 да 130 еді [4,107 б.]. Яғни, соңғылар мемлекетке өздерінің бидайын бізге қарағанда, екі есе қымбатқа сатып, қыруар пайда тапты. Ал Қазақстан бидайының сапасын мақтағанда, елдің бәрі алдына жан салмады. «Олай болса, Қазақстан астығы мемлекетке неге арзан бағамен сатылды? Егер оған деген одақтық сұраныс өте жоғары болса, оны басқа республикалар «ауыстыра алмайтын болса», оны неге қымбатқа сатпады? Сапалы астықтың өзіндік құнының төмен болғаны үшін әрине, Қазақстан диқандары неге тек қана мадақтау мен барынша құрметтеуге ғана лайықты болды?» - деп, орынды сұрақ қояды зерттеуші Т.Омарбеков [8, 122 б.].

Қорытындылай келсек, төмендегідей ой түюге болады. Тың жерлерді игеру тақырыбы ол туралы әдебиеттің көптігіне қарамастан, әлі де одан әpi зерттеуді, әділ талдауды талап етеді. Тың игеру тарихын баяндауда әсірелеушіліктен, ұрандатушылықтан, тек табысын ғана мадақтап көрсетуге еліктеушіліктен, үстіртіктен арылу қажет.

Тың жерлерді игерудің негізгі мақсаты – қысқа мерзімде шығынды неғұрлым аз жұмсап, кеңес халқын мол астықпен қамтамасыз ету болды. Ал ол үшін жоспар бойынша әр гектардан орта есеппен 14-15 центнерден астық бастыру қажет еді. Бұл белгіленген жоспар 1992 жылға дейін бip де бip рет орындалмаған еді. Мысалы, 1961-1965 жылдары әр гектардан 6,1 центнерден (КСРО бойынша – 10,2 ц.) астық жиналды. И.В. Русиновтың тұжырымы бойынша кеңес елінде өсірілген дәнді дақылдардың әр гектарының шығымдылығын 1 центнерге арттырғанда бүкіл тың игерудің нәтиже көрсеткішінің өтеуге толық болар еді деген есебімен келісуге әбден болады. «Тың игеруге жұмсалған күрделі қаржы, – дейді ол, – ұқыптылықпен ойластырып жұмсалса, аз күш жұмсап алға қойылған мақсатты орындауға болар еді» [1, 95 б.].

Бұл арада біз тыңның тиімді нәтижелерін жоққа шығаруды көздеп отырғанымыз жоқ. Тың игерудің арқасында Қазақстанның экономикасы біршама нығайды, жаңа совхоздар, элеваторлар пайда болды, егін алқкабы молайды. Тың жерлер игерілмесе, 90-шы жылдардағыдай 32 миллион тонна мол астық жинап алу қолдан келер ме еді жоқ па белгісіз. Мәселе сол жетістіктердің құны мен құтында, зардабы мен залалында.

Тың игеру науқанынан кейінгі қазақ жерінің хал-ахуалына тоқтай келіп, президентіміз Н.Назарбаевтың: «жер құнары азып, атамекен тозып кетті. Кербез сулы Көкшетаудағы сексен көлдің сәні азайып, айдынды Аралымыз тартылды. Абай туған Шыңғыстауды қырық жыл бойы Семей атом полигонындағы сынақтар сілкінтіп тұрды, Сарыарқаның шалғыны азып, жер жанаты Жетісудың жайлауы жүдеді» деп атап көрсетуі өте орынды. Әрине еліміздің «тың эпопеясы» тұсында басынан кешкен қиыншылығы, жеріміздің кешкен қacipeтi мен мехнатына Қазақстанға келген тың игерушілер кінәлі емес. Оған сол кездегі саясатты туғызған мемлекеттік жүйе кінәлі.

Қазақстандағы тың жерлерді игеру идеясы экономикалық қажеттіліктен ғана туған жоқ. Ол патша үкіметінің коллониалдық саясатын одан әрі жалғастыру шарасы болып табылады. Әрине, ресми түрде тың игеру патриоттық және интернационалдық міндет деп асқақтата насихатталды.

Никита Сергеевич тағы бip жарқын сөзінде (шарықтаған шақ болар) «тың эпопеясының» түпкі мақсат-мүддесін төмендегіше пайымдайды. «Егер патша өзінің әдістерін қолданып, бұл аймақты ұзақ мерзім ішінде адамдарға толықтыра алмаса, бiз советтік әдіспен толықтырдық». Иә, бұл одан әpi түсіндіруді қажет етпейтін тұжырым.

Соңғы айтарымыз, бүгiнгi күні кейбіреулер қазіргі әлеуметтік ұлттық қайшылықтар ушығып тұрған шақта өткендегі кемшіліктерді көтерудің қажеті не деген сауал қоюы да мүмкін. Бұл жерде айтарымыз, тарихымыздың бұрмаланып көрсетілуі қоғамымыздағы бүгінгi дағдарысқа тікелей қатысы бар. Қазipгi нарықтық экономикаға көшу, осыған байланысты меншіктендіру процесi қазақ халқы үшін 20-30-шы жылдардағы қоғамдандыру, жаппай ұжымдастыру қacipeттi cүpгiнiнeн оңай түспейтінін ескерту қажет. Караңызшы, қазақ жерінің ең шұрайлысы, суының ең мөлдірі патша үкіметінің отаршыл саясатының екпінді жалғасы болған «тыңды бағындыру» сергелдеңінің нәтижесінде кімнің қолында қалды? Керісінше, жергілікті халықтың басым көпшілігі шөл далада орналасқан, оның ішінде артта қалған 70 селолық аудан бар. Міне, осы жағдайларды ескермесек бүгiнгi таңда қазақ халқының басынан кешкен қacipeті қайталанбауына кім кепілдік бола алады. Сондықтан да өткендегі кемшіліктерді қайталамау үшiн Қазақстанның табиғи байлығын неғұрлым тиімділікпен пайдалану, көзделген қaзipгi кезеңде тарихымызға әділ баға беру аса қажет. Бұл бүкіл республиканың ауыл шаруашылығын тығырыққа тіреген әкімшілдік-әміршілдік жүйенің тұзағынан құтылудың бірден бip айқын жолы.
Әдебиеттер:


  1. Әбуов Қ. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру: тәжірибе мен сабақтар // Қазақстан тарихының «ақтаңдақ беттерінен». – Алматы, 1994. – 235 б.

  2. БҚО ММ 37 қор. 22 тізім, 46-іс.

  3. БҚО ММ 761 қор. 13 тізім, 123-іс.

  4. Винокурова Р.Ф. Освоение целинных и залежных земель в Казахстане (1954-58 гг.) / Автореферат на соиск. канд. ист. наук. – М., 1963. – 35 c.

  5. Жумасултанов Ж. Целине – 50. Брошюра / Алматы, 2003 – 72 с.

  6. Каражанов К.С. Освоение целинных и залежных земель Казахстана: достижения и просчеты // Сб. ст. «Некоторые вопросы истории Казахстанаә. – Алматы, 1994.

  7. Ковальский С.Л., Маданов Х.М. Освоение целинных земель в Казахстане. – Алма-Ата, 1986. – 276 c.

  8. Омарбеков Т. Тың тұмшалаған шындық // Жұлдыз,1991. – №6. – 118-131 б.

  9. Төлеубаева К. «Тың эпопеясы» бізге не берді? // Ақиқат, 1995. – №4. – 40-46 б.

  10. Хрущев Н.С. Таяудағы жылдарда ет, май және сүт өндіруді жеке адамның басына шаққанда АҚШ-ты қуып жету. – М., 1957. – 28 c.


Рысбеков Т.З., Сисекешева А.М.

Сельскохозяйственные последствии и результаты колхозов в годы освоения целины

В статье рассматривается годы освоения целинных и залежных земель сельского хозяйства в колхозах и совхозах, а также на основе статистических данных детально обсуждается его последствия и результаты.



Ключевые слова: Освоение целины, эпопея, совхоз, колхоз, сельское хозяйство, зерно, съезд, пленум, техника.
Risbekov T.Z., Sissekesheva A.M.

Agricultural consequences and results of collective farms during the development of virgin lands

The article deals with the years of development of virgin and fallow lands of agriculture on the farms, as well as on the basis of statistical data is discussed in detail the consequences and results.



Keywords: Development of virgin lands, epic, farm, farming, grain, congress, Plenum, machinery.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет