ӘОЖ 9514/959
Ә 25
ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІКТІ АРТТЫРУДАҒЫ Б.МОМЫШҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ МАҢЫЗЫ
Әбдімомынов Е.Б.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Өз елінің тәуелсіздігі мен ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен ірі тұлғалар бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосты. Қай уақытта болсын белгілі бір қоғамның даму жолында жекелеген тұлғалардың феномені ерекше орын алатындығы баршаға белгілі. Қазақ тарихында ірі тұлғалардың қоғамда алған орны мен олардың ұлт үшін жасаған еңбектерінің маңызын көрсете білу- біздің азаматтық парызымыз болмақ.
Осындай елі құрметтеген батырымыз Бауыржан Момышұлының мұралары беттері парақталып, ашылып жатқан кітап тәрізді. Әрине, оның батырлық деңгейден анағұрлым биікте тұрғанын зерттеуші ғалымдар жиі айтып та, жазып та жүр. «Баукең туралы еңбек жазу – ерлік. Оған ақылшы аға болу –ерлік. Оған қорықпай соңына еріп, іні болу –ерлік. Ал, сол ерлікті әділ бағалай білу –үлкен ерлік» - дейді жазушы Қасым Қайсенов. Осы уақытқа дейін Б.Момышұлының шығармалары жайында көптеген зерттеу еңбектер мен ғылыми мақалалар жарияланды. Артында «Ұшқан ұя» секілді этнографиялық шығарма, «Москва үшін шайқас», «Қанмен жазылған кітап», «Генерал Панфилов» т.б. көркем шығармалар, әскери тақырыптарға арналған стенограммалар мен құнды лекциялар қалдырған қаламгердің шығармалары теңдесі жоқ ұлттық құндылықтар. Бүгінде Б.Момышұлы мұралары мен өмірі әр қырынан қарастырылып, зерттелу үстінде. Бұл орайда Д.Снегин, А.Бек, А.Кривицкий, М.Ғабдуллин, М.Мырзахметұлы, Ә.Нұршайықов, М.Қалдыбай, Б.Момышұлы, З.Ахметова, М.Кәтімхан т.б. жазушы – зерттеушілердің еңбектері елеулі. Сондықтан, Б.Момышұлының шығармашылық өмірбаяны бүгінде зерттеу еңбектерінің нысанына айналып, жаңа кезеңнің дәстүрлі үрдісі ретінде көрініс беріп отыр. Әсіресе, дәл қазіргі уақытты қоғаммен технологиялардың қарыштап дамып жаңа сатыға көтерілуі үрдісінен кенже қалмас үшін Б.Момышұлы шығармаларына ерекше иждиһаттылықпен назар салғанымыз жөн. Ол тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеуге және оларды тәрбиелейтін педагог мамандардың шеберлігін арттыруда ерекше мәнге ие болмақ.
Бүгінгі күнге дейін Б.Момышұлының шығармалары жайлы көптеген зерттеу еңбектер мен ғылыми мақалалардың жарық көргендігі мәлім. Олардың саны жыл өткен сайын толығу үстіне толығуда. Сонда енді Б.Момышұлы жөнінде жазылмаған не қалды?- деген сұрақ тууы мүмкін. Ойлап қарасақ, ондай мәселелер де бар екен. Ең алдымен жазушы Бауыржан Момышұлының орыс және қазақ тілінде жазылған көркем шығармаларына шын мәнінде, әдебиеттану мен педагогикалық көзқарастар тұрғысынан терең ғылыми зерттеу жетіспейді. Ал, ол дегеніміз Б.Момышұлы шығармаларының бүгінгі педагог мамандардың шеберлігін арттыруға тигізетін ықпалын тежейтіндігі анық [1.35-38]. Сондықтан, ұлттық құндылығымызға айналған Момышұлы шығармаларын бүгінгі интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы педагогтардың шеберлігін арттыру үшін қолдану уақыт талабынан туындап отырған өзекті мәселе.
Б.Момышұлы туралы жазғандардың біразы оның сыртқы болмысын, мінез-құлқын, айтқан сөздерін әңгімелейді. Ал, ол кісінің ішкі дүниесіне, рухани байлығына, әділеттік, адами қасиеттерінің қайнар көзіне, қоғамға және онда болып жатқан ірілі-уақты құбылыстарға деген философиялық көзқарастарына, қанатты сөздерінің шығу тарихына, ұлтшыл атану себебіне, сөйлеген сөздерінің стенограммаларындағы әдеби көзқарастар мен оқыған лекцияларындағы әдеби –танымдық көзқарастарға, жалпы айтқанда, оның ішкі рухани өміріне терең бойлаған адамдар кемде-кем. Әрине, бұл тұрғыдан алғанда ғалым Мекемтас Мырзахметұлы мен Б.Момышұлының ұлы Бақытжан, келіні Зейнептің орны бөлек. Бірақ мұның өзі Бауыржан сияқты ғұлама үшін, оның шығармалары үшін жеткіліксіз.
Тізе берсек тағы да басқа мәселелер табылар. Дегенмен, Б.Момышұлы шығармаларының болашақ маман тұлғасын қалыптастырудағы орнын айқындау үшін оның педагогикалық тәрбиелік мәнге ие сөздері мен іс-әрекеттерін айқындап алғанымыз жөн. Себебі, Момышұлы тек көреген қолбасшы, әскери жазушы ғана емес, ұрпақ тәрбиесі үшін көптеген мол мұра қалдырып, оған тікелей атсалысқан тұлға. Мәселен, ерекше бөліп айтуға тұрарлық нәрсе ол – Бауыржан Момышұлының ұстаздық қасиеті мен тәрбиешілік еңбегі. Бұл әліде болса қыр-сыры толық ашылмаған дүние. Себебі, Б.Момышұлы туралы қалам сермеген жазушылардың басым бөлігі оның жауынгерлік ерлігі мен әскери жазушылығына ғана баса нзар аударып келді. Ал, оның алғашқы еңбек жолының бірі ұрпақ тәрбиесіне, бала оқытуға арналғандығы туралы аз айтылады. Бұл бір қарағанда аса назар салып көңіл бөлетін үлкен мәселеге ұқсамауы әбден мүмкін. Дегенмен, қарапайым қазақ баласының болашақ батыр, халқы сүйген жазушы, ұрпақ тәрбиешісі Момышұлына бірден айналып кетпегендігі белгілі. Туылғанынан халқымыздың бай ауыз әдебиетінен сусындап өсіп, жас ұрпақтың тәрбиесімен айналысқан жас жігіттің өмір өткелдерінен өтіп барып өшпес мол мұра қалдыруы орынды да болғандай. Мәселен, Б.Момышұлы 1928-1929 жылдары жаңадан ашылған Сарысу ауданының сол кездегі орталығы болған Шиелі деген елді мекенде мектеп ашып, балаларды оқытқан. Сонымен қатар өздері ықылас білдіріп, ынталы болған көптеген ересектердің де сауатын ашқан. Бұл жөнінде мәліметтер некен-саяқ. Ал, соғыс біткеннен кейін Ресейдегі Калинин қаласындағы айтулы әскери академияда сабақ береді. Сол академиядағы Б.Момышұлы шәкірттерінің ішінен көптеген генералдар, әскери қолбасшылар өсіп шыққан. Олардың өз ұстаздары полковник Бауыржан Момышұлы туралы ой-пікірлері өте жоғары. Бірақ, өкінішке орай, бұл пікірлер біздің елге әлі жеткен жоқ, көбімізге белгісіз.Мұның өзі Б.Момышұлының педагогикалық шеберлігін айқындап тұр десекте болғандай [2.65-66]. Сондықтан, оның шығармалары болашақ маман тұлғасын қалыптастыруға үлкен үлес болып қосылатындығы анық.
Қазақ халқы қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен елдігін сақтап қалу үшін күресе отырып, туған елге, кіндік қаны тамған қасиетті жерге деген махаббатын ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріп отырған. “Туған жер” ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысып, оны Отан, ел-жұрт ұғымдарымен байланыстырып отырған. “Отан от басынан басталады”, “Отан оттан да ыстық”, “Елің үшін отқа түс күймейсің” деп тәрбиеленетін қазақ баласы үшін Отан - отбасынан, ата-жұртынан, туып өскен топырағынан басталады.
Патриоттық тәрбиенің нағыз қайнар көзі отбасынан және мектептен басталады. Мұндай тәрбие беруде халқымыздың тарихи мұраларын пайдалану мен тарихи тұлғалардың ұлттық патриотизмге негізделген отансүйгіштік іс-әрекеттерін үлгі тұтудың үлкен маңызы бар екені бүгінгі таңда нақтылана түсуде. Әсіресе әдеби-көркем шығармалардағы ұлттық, патриоттық тәрбиенің орны ерекше. Олардың саны мен мәні жағынан Б.Момышұлының шығармалары айтарлықтай басым екендігі анық. Сондықтан, болашақ педагог мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруда Момышұлы шығармаларындағы “патриотизм”, “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм”, “Отан”, “отансүйгіштік” ұғымдарына қатысты терминдердің мәні мен мазмұнын анықтап, нақтылап алғанымыз жөн.
Бауыржан Момышұлы - ержүрек жауынгер, атақты қолбасшы, әскери жазушы. Ең бастысы - әр қылығымен, әр көзқарасымен, бар болмысымен қазақтың намыстан жаралған халық екенін мойындата алған тұлға. Бауыржан Момышұлының отызға енді ілінген шағынан-ақ есімі аңызға айналды, даңқы әлемді шарлады. Ұлтжандылықтан жаралған батырлық бейнесі тарих белдерін аралап, жыл өткен сайын “тот баспас саф алтындай жарқыраған” ерлік жолын жалғастыра отырып, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қаһарманына айналды. Өзі үшін емес, халқы үшін, сол елінің аты үшін бейбіт өмірде де күрестен, ерлік пен табандылықтан қайтпаған Бауыржан Момышұлының өрлік бейнесін Қасым ақын былай жырлайды:
Нақ сол кезде естідім ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын,
Үстінде туған елдің тұрды толқын
“Бауыржан Момышұлы” - деген бір үн [2.36].
Б.Момышұлының қол бастаған батырлығы мен интеллектуалды ой-сананың да айтулы еріне айналған даңқы бүкіл Одақ халқы мен күллі әлем жұртшылығына тұтас жайылуымен дараланады. Сондықтан да, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау, оны үзбей атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жалғастыру – педагогика ғылымында тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі.
Б. Момышұлының патриот, ұлттық тәрбиеші азамат ретінде қалыптасуы, қоғамдық-саяси істерге араласуы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов сынды ұлт зиялыларынан бастау алып, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев секілді асыл азаматтардың қасында өтті. Демек, оның азаматтық тұлғасы өзіндік сананы ұлттық санаға ұластырудағы биік парасат өлшемімен көрінеді. Б.Момышұлы қайсыбір саяси, мәдени, әдеби жиындарда болсын, еркін сөйлеп өз ойын ашық айтып отырған. Мысалы, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновқа жолдаған хатында (1943 ж.) халық тәлімін негізге алып, жігітті батырлық, жауынгерлік, қаһармандық сияқты қасиеттерге тәрбиелейтін ой-тұжырымдарын баяндайды. Халық тәлімінің жүйе-желісін ұстанған жазушы игі дәстүріміздің өмірде қайта жаңғыруына ат салысқан.
Жауынгер жазушының шығармалары арқылы отбасы тәрбиесі ондағы ұстаз бен ата-ана, мораль, этика турасында тұщымды сөз қозғағанына көз жеткізу де қиын емес. Бүгінде оның қаламынан туған төл еңбектерінің тәрбиелік жақтары ашылып, патриоттық мәні айқындалуда.
Біздің сөз етіп отырған Бауыржан Момышұлының әдеби мұралары мен шығармаларындағы ұлттық рухтың жоғары болуына айрықша назар аударды. Осыған орай, бірнеше еңбектері жарыққа шықты да. Мәселен, "Қанмен жазылған кітап", "Ұшқан ұя", "Жонарқа", "Төлеген Тоқтаров"," Бір түннің оқиғасы", "Генерал Панфилов", "Москва үшін шайқас", "Олар менің есімде", "Ел басына күн туса" атты туындылары дүниеге келді.
Тарихи-ғылыми, әдеби әдебиеттерге, педагогикалық еңбектерге, энциклопедияларға жасаған талдау да Б.Момышұлының шығармаларының бүгінгі тәрбиешілердің педагогикалық шеберлігін арттыруғы зор ықпал ететіндігін айқындап берді. Мәселен, Е.Жұматаеваның кандидаттық диссертациясында Бауыржан Момышұлының прозасына педагогикалық талдау жасалса, ал Қ.Уразбаев «Ұшқан ұя» еңбегіндегі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға тоқталған. Ал Ж.О.Иманалиев еңбегінде Бауыржан Момышұлының өлеңдеріне мазмұндық талдау жасалған [3.112]. Мұның өзі біздің отандық ғылымға елеулі үлес болып қосылғандығы анық.
Б.Момышұлы үлесі тек әдебиетте көркем әдебиет туындыларын берумен шектелмеді, ол әркез халқымыздың тарихын, мәдени игі дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындарын, тілін естен шығармауды оны белгілі бір құжат ретінде қалдыру ниетінде болған. Оның ұлттық дәстүрдің озығын жаңғырту әсіресе «Ұшқан ұя» повесі арқылы әкелгенін көреміз. «Ұшқан ұя» болашақ ұрпақ дамуына қажет өз ұлттық топырағыңнан ажырасақ, құнарсыз жердегі тырбиып өскен көктей боласың, ұлттық жан дүниең жұтандайды деген идеяны көтеріп тұр. Түпкі негізіміз 1068-1070 жылдары жазып кеткен Жүсіп Баласағұнның, одан бертін Абай, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек шығармаларының негізгі арқауы-әрбір адамның рухани анасы іспеттес ұлттық дәстүрлерден қол үзбеу. Халқымыздың ұлттық дәстүрі арқылы ұрпағын тәрбиелеу ісіне Момышұлы да ерекше көңіл бөлген. Адамды ерлікке, Батырлыққа тәрбиелеу тек әскери қабілеттерді дамыту негізінде жүзеге аспайтындығын, тәрбие әскерге алынғанға дейін жүргізілуі керек. Мәселен, «Қазақ халқы: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер»-дейді. Егер бала жөргекте жатқан кезінде-ақ анасын тыңдамай, бес жасынан әкесімен тайталасып, тілін алмай, бұзақы болып өссе, онда өсе келе одан сөзсіз жаман адам, жаман солдат шығады. Балаға адамның, азаматтың бойындағы барлық жақсы асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет, сонда ғана одан жауынгер шықпақ»[2.42] - дейді Момышұлы.
Ал, 1944 жылы 19-қаңтарда Алматыда қазақ зиялыларының алдында «Соғыс психологиясы» ғылыми еңбегінен лекция оқығанда: «Әскери тәрбие проблемасы – бұл жөргекте жатқан кезден басталады... Ата-ана тәрбиесі-мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды»[3.56] -дейді. Адам бұл өмірден озғанша тәрбиеленумен болады. Оған тәрбие беретін өмірдің өзі. «...біздің халқымыз жауынгер халық болмаған деп айта аламыз ба? Жоқ, біз бұлай деп айта алмаймыз, өйткені өкінішке орай біздің жауынгерлік ержүректілік қасиеттерімізге соңғы уақыттарда өткен жаппай тас лақтыру, қаралауға жатсына, тосырқана бастаған сияқты... Мұның өзін республиканың ескі басшыларының тарапынан жасалған белгілі дәрежедегі зиянды іс деп санаймын. Игі дәстүрлерді архивтің сөрелеріне қаптап қоюға бола ма екен? Бұл ұлттық масштабта, әлемдік масштабта да өте үлкен зиян келтіреді. Егер біздер қазақ халқының барлық жақсы дәстүрлерін керегі жоқ деп қудалайтын болсақ ата-бабаларымыздың кім екенін білмейтін болсақ, мұның өзі пайда бере қояр ма екен: өткен тарихымызды барып тұрған хайуандықпен жермен жексен ете аяққа таптап... ұлттың одан әрі дамып жетілуіне зиянды нәрселермен айналысты»[3.67] - дейді Момышұлы.
«Майдандағы қазақ жауынгерлері өзінің туған тілінің, туған әдебиетінің төл музықасының сарқылмас қазынасынан тіпті болмашы мардымсыз нәрсе болса да ала алмай отыруын мен қылмыс деп есептеймін» - деп өз ойын тұжырымдаған жазушы, батырдың пікірі әлі күнге дейін өзінің ғылыми маңыздылығын жойған жоқ екендігі де рас [4.3-4].
Қорыта айтқанда, Б.Момышұлының есіміне қатысты деректер, артына қалдырған бай мұрасы –бүгінгі, ертеңгі ұрпақ үшін үлкен қазына. Оның ұлттық патриоттық көтеретін еңбектері мен асыл қасиеттері бүгінгі ғана емес, ертеңгі ұрпақтың санасында мәңгілік сақталы бермек. Әсіресе, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бәсекеге қабілетті болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, тәрбиеші педагог мамандардың шеберлігін арттыруда Б.Момышұлының шығармалары ұлттық рух пен алып күш беретін құрал болып қала беретіндігі анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Момышұлы Б. Екі томдық шығармалар жинағы. –Т.2.-Алматы: Жазушы 2004.- 384 бет.
2. Момышұлы Б. Таңдамалы. –Алматы: Жазушы, 2002ж.
3. Момыш-улы Б. Тысячи мыслей – тысячи сомнений. Сборник
произведений.Том 19. (2-я книга). – Алматы: «Онер», 2010. – 312 стр.
4. Нәрібаев К. Ұлтымыздың ары мен намысы // Айқын. -2010. - 14,09,2010ж.
Достарыңызбен бөлісу: |