Ерекше білім беру қажеттілігіне ие балаларға білім беру Қазақстан Республикасының «Білім туралы»



Дата07.02.2022
өлшемі19,37 Kb.
#91796
Байланысты:
Ерекше білім беру қажеттілігіне ие балаларға білім беру


Ерекше білім беру қажеттілігіне ие балаларға білім беру
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында барша адамның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі, әрбір адамның психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, сапалы білім алуға тең құқылы екендігі туралы айтылған.
Инклюзивті білім берудің басты мақсаты - балалардың психикалық, физиологиялық, зияткерлік, тілдік ерекшеліктеріне қарамастан, білім беру ортасына ерекше қолдау қажеттілігіне ие балаларды қосу. Инклюзивті білім берудің негізгі принциптеріне жалпы орта мектептерде балалармен бірге оқыту, барлық адамдарға тең қарым- қатынас жасау, балалар арасында дискриминацияны болдырмау, ерекше білім беру қажеттілігіне ие балаларға арнайы жағдай жасау жатады.
Ерекше білім беру қажеттілігіне ие балаларға білім беруді ұйымдастыру мақсатында, типтік арнайы білім бағдарламасы жасалған. Онда балалардың мұқтаждықтары ескеріліп, білім алуларын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдістері қарастырылған. Инклюзивті білім беруде жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, сабақ беретін мұғалім арнайы даярлаған жеке оқу-дидактикалық материалдарын кеңінен қолдануы қажет. Мысалы, есту-сөйлеу қиындықтары бар балаларға оқу материалдарын түсінуді жеңілдету үшін бейнелі көрнекі материалдарды, суреттерді, схемаларды қолданған жөн. Егер инклюзивті оқытудың оқыту мен сабақ беруге енгізілген өзгерістері тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайлары да өзгереді.
Инклюзивті білім беру жағдайындағы жалпы білім беретін мектептерде білім беру процесін ұйымдастыру типтік және қолданыстағы оқу жоспарларына сәйкес жүргізілуі, жылдық күнтізбелік оқу жоспары және сабақ кестесі арқылы регламенттелуі тиіс. Бұл ұсыныстар мүмкіндігі шектеулі бар балалар оқитын бастауыш сынып мұғалімдері мен пән мұғалімдеріне оқу бағдарламаларын әрбір жеке жағдайға байланысты оқушылардың білім жөніндегі талап-тілегіне бейімдеуді жүктейді. Білім беру бағдарламалары мектептің педагогикалық және әдістемелік кеңестерде бекітілу керек.
Білім беру ортасының кеңістіктік-заттық модельдеуі жеке тұлғалық дамудың негізгі факторы екендігіне бірінші болып Мария Монтессори назар аударған. М.Монтессори білім беру ортасының кеңістіктік-заттық ұйымдастырылуын «дайындық ортасы» деп атаған. Инклюзивті білім беру ортасын модельдеуде ерекше қажеттіліктері бар балалардың келесі ерекшеліктеріне назар аудару керек: алғашқы бұзылыстың құрлымына; оның көрініс табуына; екіншіден дамыту ортасының концепциясында құрастырылып, ұсынылған талаптарды ескеру, мұнда келесі принциптер ерекше маңызға ие болады:
1.Ортаның көп қызметтілігі мүмкіндігі шектеулі балаларды түрлі әрекеттерге итермелейтін жағдайлар жасалады. Шартты түрде өзіндік іс-әрекеттер орындай алатын балалардың түрлі міндеттерді шешуге негіз болатын дидактикалық материалдар, көрнекіліктер ұсынылады, қолжетімді болып орналастырылады.
2.Жайлылық және тұрақтылық принципі. Ортаның компоненттерінің тұрақтылығы, сенімділік пен қамқорлық сезінуі.
3.Әр баланың даму ерекшеліктерін ескеру принципі. Инклюзивті кеңістікті жобалауда баланың психофизиологиялық даму деңгейін, қызығушылықтарын ескеру керек. Орта баланың өзекті, жақын даму және оның өзіндік даму қажеттіліктерін қамту керек.
4.Коммуникативтік мүмкіндіктерін дамыту.
5.Тиімділік пен қолжетімділік принципі. Ортаның әрбір компоненттері жалпы мақсаттарға сәйкес болуы керек. Ерекше балаға дамытатын заттық ортаның қолжетімді болуы – материалдар, кітаптар, көрнекіліктердің қол созымды деңгейден жоғары болмауы.
Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау маңызды рөл атқарады. Ерекше білім беру қажеттілігіне ие балалар үшін туындаған кедергілерді жою, әлеуметтік бейімделу және қоғамға кірігуін оңтайлы жүруі үшін арнайы мамандардың және педагогтардың қолдауы қажет.
Педагогтар мен мамандардың өзара әрекеттестігі, серіктестігі - бұл баланың проблемаларын шешуде кешенді жұмыс жасауды қамтамасыз ететін, балалар мен жасөспірімдерді дамыту, оқыту, тәрбилеу мен әлеуметтендіру міндеттерін шешуге бағытталған, балаға қолдау көрсетететін педагогтар мен мамандардың біріккен әр түрлі әрекеті. Даму мүмкіндігі шектеулі баланың проблемаларын нәтижелі және кешенді шешу үшін әр түрлі саладағы мамандардың (педагогтар, дефектологтар, психологтар, логопедтер) біріккен күшімен жүйелі жұмыс болғаны жөн. Арнайы мамандар бала проблемаларын анықтап және шешуде кешенді, көп аспектілі талдау жүргізіп, баланың оқу-танымдық, сөйлеу тілдік, эмоционалды-еріктік және тұлғалық жеке жақтарын түзету және жалпы дамытудың кешенді жеке бағдарламасын жасалуы керек.
Психологтың көмегі сыныпта оқуға кедергі жасайтын эмоционалдық, мінез-құлық және коммуникативтік проблемалары бар балаларға көрсетіледі. сабақтың жиілігі мен ұзақтығын психолог өз бетінше белгілейді. психологпен сабақтарды тоқтатудың негізі – бұл баланың жеке эмоционалдық және мінез-құлықтық ерекшеліктері сақталған жағдайда да сыныпта табысты бейімделуі мен білім алуы болып табылады. сыныпқа бейімделуі мен оқу бағдарламасын жемісті меңгеруге кедергі келтірмейтін эмоционалдық және мінез-құлықтық ерекшеліктері бар балаларға кеңестік көмек көрсетіледі.
Педагог дефектологтың қызметінің негізгі мазмұнына оқу әрекеттін мөлшерлеу; оқу білімін, икемділігі мен дағдыларын меңгерудегі қиындықтарды жеңу жатады. Есту қабілеті бұзылған оқушылармен жұмыста арнайы педагог өзінің күшін есту арқылы қабылдауға, сөйлеу тілін және коммуникативтік атқарымды дамытуға бағыттайды. Көру қабілеті бұзылған оқушылар көру арқылы қабылдауды, кеңістікте бағдарлауды, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлауды дамытуға мұқтаж болады. Тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар оқушылармен жұмыс мазмұнына танымдық әрекетті, кеңістікте бағдарлауды, көру қимылдық тепе-теңдік пен қимылды дамыту, коммуникативтік атқарымдардың қалыптасуы жатады.
Логопед мұғалімнің қызметінің негізгі міндеттері оқушылардың ауызекі және жазба сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді жеңу, жазу мен оқу үдерісіне қатысатын жоғары психикалық атқарымдарды дамыту, коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру болып табылады.
Инклюзивті білім беру жағдайында сынып жетекшілерінің рөлі де артып күрделене түседі. Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арнаулы қолдау көрсетілуін: шәкірттердің оқу процесі аясында жұмысты ұйымдастыруына көмектесу; оңды қарым-қатынастар негізінде балалар ұжымын қалыптастырып, дамыту; ата- аналармен тығыз ынтымақтастық орнату мәселелерінің реттелуін нақ солар қамтамасыз етуі тиіс.
Инклюзивті оқыту - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында мектеп және мектепке өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту - оқушылардың тең құқығын анықтайды және қатарластарымен қарым-қатынасқа түсуге мүмкіндік береді.
Инклюзивті мектеп ортасын дайындау келесі міндетті шарттарды сақтауды көздейді:
- оқушының мүмкіндіктеріне қарамастан педагогтардың әрбір оқушыны теңдей қабылдауы;
- білім беру процесінің барлық қатысушылары мен техникалық қызметкерлердің төзімді мінез-құлық мәдениетімен қамтамасыз ету;
- ерекше білім беру қажеттілігіне ие оқушының жақын даму аймағына сәйкес оқу мақсаттарын анықтау;
- ерекше білім беру қажеттілігіне ие оқушыны оқудан тыс мектеп іс-шараларына қосу; - оқушыға қолдау көрсетуде отбасы әлеуетін пайдалану.
Жүргізілген мониторингтік зерттеу нәтижелері бойынша жалпы алғанда республиканың аймақтарында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру процесіне қосудың жағымды динамикасы байқалатынын қорытындылауға болады. Инклюзивті білім беруді жаппай ендіру мен дамыту үрдісі инклюзивті оқытуды және олардың қызметін аудан, қала, облыс деңгейінде үйлестіруді жүзеге асыратын білім ұйымдары секілді процестің қатысушыларының үйлесімді жұмысының қажеттілігін көрсетті.
Қорытындылай келе, инклюзивті бағыт арқылы ерекше білім беру қажеттілігіне ие балалардың білім алу процесінде жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеуге үлесін қосады.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет