Ерлер мен пірлер: «Төрт батырға» тағы бір үңілгенде



Дата27.12.2016
өлшемі72,26 Kb.
#5896
Ерлер мен пірлер:

«Төрт батырға» тағы бір үңілгенде

Күні кешеге дейін кез-келген дерлік қазақ азаматы баласының батыр болғанын қалап, тілеп келді. Тіпті Кеңестің тұсында да балам өскенде бай болсыншы деген ата-ана некен-саяқ болған шығар. Әрине, ешкім ұл-қызының мұқтаждықпен күн кешкенін қаламайды, бірақ та құндылықтар шкаласында құрметті орын матери игіліктерге тек соңғы кезде ғана тие бастады.

«Байлық – бақыт кепілі» деген ұстаным ұлтымыздың етіне енді-енді сіңе бастағанда жаһандық дағдарыс келіп байлыққа қатысты біршама стереотиптерді шайқалтып кетті. Ағыл-тегіл ақша басқасын-басқа қаржылық қауіпсіздікті, яғни қара басының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтыны әшкере болып қалды. Бұл әуелі және әсіресе алпауыт Америкада білініп, «естиярымыздың» өзін есеңгіретіп тастағаннан кейін ол түшкірсе «жәрекімалла» деп, етегінен ұстап үйреніп қалған бүкіл ел амал жоқ өз бетінше тырбанып жол іздеуге кірісті. Басқаны қайдам, бізде жол – біреу және ол жолға түскеніміздің күмәнсіз көрсеткіштерінің бірі мен бірегейі – «балам батыр болсыншы» деп тілеу. Бұл батырлық пен байлықты бір-біріне қарама-қайшы қою емес, мәселе, – күн туа қалғанда қайсысы қайсысының садағасы екенінде ғана. Сонымен, қалай батыр боламыз? Тәтті тамақ жегіміз келсе «Аспаздық кітапқа» үңілетініміз сияқты, батыр боламыз десек, «Батырлар жырына» жүгінейік. «Ал кеттік» деп қойып кеткенмен көп ұзамай қаптаған қалың батырдың қайсысынан үлгі аларымызды білмей сілейіп тұрып қалуымыз мүмкін. Дегенмен, қиындықта қияннан жол табатын қазақтың баласы емеспіз бе, жұмбақтың жауабын тапқандай болдық, – хисадағы хас батырлардың бәріне ортақ қасиеттерін анықтап, соны бойымызға сіңіре алсақ, батыр болмағанда неміз қалады?!

Бүкіл батырлар жырына қатар құлаш ұруға шама-шарқымның жетпейтінін біліп, аталған сараптамамды негізінен Алпамыс пен Қобыланды батырдың ортақ тұстарын іздеу арқылы жүргізейін. Бір қарағанда ондай көп қиындығы жоқ сияқты: екеуі де батыр, жау да баяғы – қалмақ, аттары – арғымақ, әйелдері де әйбат, тағысын-тағы. …Бір нәрсе, бір болғанда да ірі нәрсе жетіспейтінін өзіңіз де байқап тұрсыз. Әңгімені сәл әріден бастайық: екі эпоста да ішінде «осы қалайы жоқ» қазақ пен қалмақтың батырлары өріп жүр. Бірақ жыр «қолындағы қылышы отыз батпан алмас, қаһарланып сілтесе тау болса да қалмас» Таймас батырдың не «Айдынды Орақ, айлы Орақ, айбалтасы қанды Орақтың» есімімен аталмады. Неге? Себебі Алпамыс пен Қобыландының аруағы ерекше басым, рухы биік. Оларды өзге батырларда жоқ (бұл оларды кемсіткенім емес) «Ғайып ерен, қырық шілтен қанатын жайып қолдаған». Міне!

Енді бізге бар болғаны пірлердің қолдауына қалай ие болуды анықтау ғана қалды. Басқаша айтқанда кім және не арқылы аруақты батырлар, мысалы Алпамыс пірлердің қанатының астында бола алды. Жырды мұқият оқып, зерделеп қарағанда жоғарыдай дәрежеге жетудің орасан көп, қиын да күрделі шарттары бар екенін байқауға болады. Оның іргетасы болашақ батырдың ата-анасымен қаланады. Байбөрі мен Тоқтарбай Аналықтарымен қосақтасып «әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып» «бір ұл бер деп сұрады», «бір жаратқан Құданың тура өзіне жылады. Жаратушы жалғыз Хақ деңгейіне ұнады. Ұнағанын содан біл, – бір қыз қосып сыйлады. Сексен сегіз серулер, тоқсан тоғыз машайық, – бәрінің көңілін қимады». Демек, Жаратушы жалғыз-Хақтың басқаға емес, Байекеңдерге ықыласы түскен себебі – олар сұрады, және қалай сұрады?! Сексен жасына дейін сабыр қылды, бала асырап адам қылмаққа талпынды, ол оқсамағасын әулиелер басына зиярат қылардан бұрын алтын-күмістен жарлы-жақыбайға садақа таратты… Осындай өлі-тіріні ризаламақ болып тырбаңдаған, сол үшін міндетсімей «Әзіреті сұлтанға екеуміз де баралық. Әулие қылса керемет болар ма екен жаңалық. Болмаса Құдай не шара, далада өліп қалалық деп» сынықтық танытқан, өлі-тіріні разылауға тырысқан пендесіне Алла Тағала неге бермесін?!

Батырлар жырын оқығанда тағы бір ұққаным – пірлердің қолдауы ешкімнің маңдайына мәңгі-бақи жазылмайды екен. Кім болсаң да! Бұрын-соңғы еңбек-ерліктер де ойнамай қалуы мүмкін. Осындай бір жағдай “Қобыланды батыр” жырында жақсы суреттеледі. Көбікті батыр қолға түскен Қобыланды, Қараманды абақтыға апарып қама, – деп қызы Қарлығаға тапсырады.

Қарлыға мінген кер еді,

Маң-маң басып келеді,

Байлауда жатқан батырды

Қарлыға сұлу көреді.

Аты әйел демесең,

Бұл шаһардың бегі еді.

Жерде жатқан екеуін

Боғажамалдай қолтықтап,

Қарлыға алып жөнелді.

Ондай алып бара жатқан көрініс емес, қандай қайратты қыз дейсің де қоясың. Сөйткен Қарлыға айналдырған аз уақытта Қобыландыны қолтығына қысып дедектетпек түгілі Қараманмен қосылып батырды орнынан қозғай алмайды. Не боп қалды?! Мен үшін Қараман жауап берсін.

Қараман тұрып сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

«Пірі тайған мезгілде

Қөтеріп келдің сен, – дейді, –

Қазіргі жатқан кезінде,

Көтере алмас ел», – дейді.

Сонымен, неге батырдың пірі тайып кетті және қалай қайтып келді? Жырдан хабары барлар біледі. Қараманның қолқасымен Қобыланды Көбіктіге ел үшін, дін үшін емес, Алласын ауызына алмай, пірге сыйынбай олжа үшін аттанады. Ол екеуінің қара басқан жері де осы. Жырдан үзінді келтірелік.

«Жақын жерде бір шаһар

Көбікті хан бар дейді.

Айдап соған барайық,

Жылқысын айдап алайық…

Найзам тимей дұшпанға

Арманда барам мен», – дейді:

Қобыландыдай батырың

Мақұл көріп бұл сөзін,

Асып-тасып екеуі

Алланы алмай ауызына,

«Барайық десең, жүр», – дейді.

Ер салды атқа батырлар

Алтынды тұрман тағынып,

Екі батыр жөнелген,

Сиынбай пірге жаңылып…

Болды! Ниетің бұзылып пірлердің қолдауынан айрылдың ба бітті – қурайдай салмағың болмайды. Және бұл жерде ең әуелі әңгіме мысқал-қадақпен өлшенетін салмақ жайында емес, рухани таразыға тартылатын абырой-беделде болып тұр.

«Үлкен түйенің жүгі ауыр» дегендей батырларға қойылатын талап та орасан. Қайрат, қайсарлық сияқты таза жігіти қасиеттерден басқа көркем мінез де сұралады. Және біздің жайсаңдар бұл үдірістен де абыроймен өте алған. Алда-жалда жаңылысып, жаза басып жатса мен батырмын деп шалқаймай қатесін мойындап, жуып-шаюға тырысу – нағыз хас батырларға ғана тән болмыс.

Қобыланды сонда сөйледі:

«Көлден ұшқан қаз деймін,

Қаз жайлауын саз деймін,

Наурыздан соң жаз деймін,

Ақылы жоқ мен ақымақ,

Бүйтіп жүрген Құртқамды

Шауып тастай жаздаймын.

…Осы барған сапардан

Есен барып, сау қайтсам

Әйел де болсаң, Құртқа-жан,

Хан қылармын халыққа!»

Хақ жолындағы қаһармандық пен қыздай сыпайы мінезділікті бір бойына сиғыза алған батырлардың қатарына Қамбар да кіреді.

Батыр туған Қамбардың

Тимеді жоққа зияны,

Шекесінде Қамбардың

Бар екен алтын тұлымы.

Сұрап алған Құдайдан

Әлімбай ханның құлыны.

Ешкімге азар бермеді,

Қыздан зият қылығы.

Әңгіме негізінен Алпамыс пен Қобыланды жайлы өрбігендіктен қалған қаһармандардың бәрі қасиеттен жұрдай екен деген пікір туындап қалмасын. Қай хисаны ашып қалсаңыз да әуелі Алла, сосын пірін ауызына алмайтын батырды (егер ол шын мәнінде батыр болса) шаңқай түсте шырақ жағып таба алмайсың. Мысалы, «Қамбар батырдың» «ассалаумағалейкумы» былай басталады.

Жақсылар, дастан айтайын,

Әуелі Алла сиынып,

Екінші кәміл піріме.

Құлақ салып тыңдағын

Жамандық көрме тіріде.

Батырлар қылған қайратың

Қартаймай тұрып әрі де.

Ертедегі ерлерден

Нұсқа болып соңғыға,

Қалған өлмей бірі де.

Алла тағала өзін пірге қосып айтқан құлына риза болмаса ренжімейді, керісінше досын құрметтегені үшін қауіп-қатердің бәрінен сақтайды. Дәлелге «Ер Тарғын» жырынан да үзінді келтірейік:

Атаңа нәлет Домбауыл,

Қорамсаққа қол салды,

Суырып алған қу жебе

Көп оғына жол салды.

…Тарғынға таман жетеді.

Тоғыз қабат торғауыт,

Сегізінен өтеді.

Жыртыла жазды сауыттың

Қатарланған жағасы,

Қабыл еді Тарғынның

Ежелден берген тобасы.

Өтер еді мұнан да,

Жібермеді бұл оқты

Сиынып жүрген Тарғынның

Бітуәжә бабасы.

Батырдың Бітуәжә бабасына сиынғаны ширк болса, жаңағы жебе жанды алмай тынар ма еді? Яғни, пір-әулиелерге деген құрмет қаһарға ұшырататын қимыл-қылықтардың қара тізіміне кірмейді. Ол тізімге не кіретінін Қамбар бізден артық болмаса кем білмейді, сондықтан да ол Назым қыздың ажар-айласына алданбайды, алаңдамайды, қиын сәтте қызық қуу тура жолдан тайдырады, – деп шешеді.

Қамбар айтты өзіне:

«Осыған көңілім бөлініп

Ұмытып кетсем жұртымды

Құдайдың, – деді, – ұрғаны.

Пір дегеніміз – ниеті дұрыс, ақылы сау, амалы бар адамға бітетін көзге көрінбейтін қалқан. Ол қалқанның қалыңдығы халқының дұғасына тікелей тәуелді. Қамбар батыр қалмаққа қарсы жорыққа қара күшіне емес, елінің дұғасын көңіліне демеу көріп аттанады.

Хош айтысып Қамбарға

Тоқсан үйлі тобыр мен

Алпыс үйлі Арғыны

Амандасып жылады.

Арыстан аман келгей деп,

Бәрі де дұға қылады.

Қызыға қарайсың батырға – қайсымыз қайда аттанғанда артымыздан қалың ел тілегімізді тілеп, жылап қалып еді? «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» деген еліміздің тыныштығы дұға-баталарға байланып тұр. Осы тыныштықты баянды қылуға тырысқан кез келген жанды баяғының батырындай аруақтардың қолдайтыны анық.

Қадырменді «Қамбар батыр» жырының:

Дүниеге келіп кетті не асыл зат,

Жаманнан дат, жақсыдан қалады ат.

Бір дұға оқыңыздар аруағына,



Қамбардың болып жатсын көңілі шат, – деп аяқталуы да тегін емес. Шын көңілмен істелген дұға тек, тірінің ғана емес О дүниенің де рухани азығы. Бұл жерде «өлінің де» деп жазуға қолым бармады. Батыр өлетін бе еді ?!
Нұрлан СӘДІР,

Орал қаласы
Каталог: referats
referats -> ӘӨЖ 894. 342. 35 Ә 20 жамбыл әлем түркілері поэзиясының алыбы меңдібай Әбілұлы А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ
referats -> Саттар Ерубаев (1914-1973) Қысқаша өмірбаяны
referats -> ӘӨЖ 951/959 ортағасырлық ТҮркі ғалымдары мен жазушылары ф. М. Махашова №36 қазақ орта мектебі, Тараз қ
referats -> Еуропалық орта ғасыр әдебиеті
referats -> Торайғыров Сұлтанмахмұт
referats -> Ілияс есенберлин
referats -> Сүйінбай Аронұлы
referats -> Сүйіктісі халықтың
referats -> С‰йіктісі халыќтыњ
referats -> Өмірбаяны мен күрескерлік ќызметі с. Д. ¤мірзаќов Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз ќ


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет