Ерте заманда Баба Омар деген әулие бар екен. Он бесте әулиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген екен. Көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң, ұғыл тапты. Ол ұғылының атын Баба Түкті Шашты Әзіз қойды. Жиырма бес жасқа келгенде әулиелік қылып жөнелді. Ағұн дариясына барды. Дария жағасында алтын шашын алдына алып, тарап олтырған қызны көрді. Қызға жақын жеткеш, суға шомып кетті. “Мен мұндай Баба Түкті Шашты Әзіз болғаш! Мен де соңыңнан шомайын!” – деп, қыз артынан шомып кетті. Дарияның астында алпмыш ақ отау тұр. Отауға кіріп барды. Ай десе ауызы жоқ, күн десе көзі жоқ, бұлғарыдай бұлқыған балауса жұпар аңқыған, сондай ғажайып қыз тұрған. Қызды көрді де қайта қашты. Қыз етегінен тұтты: – Иә, жігіт, қайда барасың? – деді. – Мен саған сөйлеспеймін, сөйлессем, күнәкар боламын деп барамын. Қыз айтты: – Мен сендейді ізлегенмін. – Жоқ, мені жібер, – мен күнәкәрмын. – Егер мені алмай кетсең, он бестегі күнәм мойныңа сенің. Жігіт ақыл ойлады: “Мен сені алмай кетсем, күнәм жоқ болар деп едім, алмай кетсем, күнәм көп болады екен, алайын,” – деп ой қылды.
Некелеп алды. Қыз айтты: – Менікі болдың ба? – Иә, болдым, жігіт! – деді. – Мен етігімні шешкенде аяғыма қарама, көйлегімді шешкенде қолтығыма қарама, – деді. – Шашымды жуғанда басыма қарама, – деді. Күндерде етігін шешеді, аяғы ешкінің аяғындай, оны жігіт көрді. Бір күн көйлегін шешті, қолтығынан өкпесі көрініп тұр. Жігіт тағы көрді. Қыз көргенін білді. Аспанға ұшып кетті. – Қайран кетқұдайым! – деп қайтып түсті. Тағы күндерде бір күн қыз шашын жуды. Бас терісін алдына алып тарап отыр. Жігіт тағы көрді. Қыз аспанға ұшып жөнелді. Әй, жігіт, –деді, – ішімде алты айлық балаң кетіп барады. Ніл дариясының басында, Құмкент шәhарының қасында балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал, – деді.
Иә, қыз кетті. Баба Түкті Шашты Әзіз баланы іздеп, Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құмкент шаhарының қасында жібек орамалға ораулы баласын тауып алды. “Елсіз, күнсіз туды” деп, атын Едіге қойды да, жауырынына таңды. Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен. Үш жасына кіргенде қолындан тұтып, молдаға берді. Шашты Әзіз ғайып болды, ұшып кетті, баласының бар парызынан құтылған соң. Ондан соң сегіз жасқаша оқуда тұрды, тоқсан бала бірлән. Сол балалар бірлән күрессе, бәрісін де жықты. Бәрісінің киімдерін алып бір жарға үйіп салды, киімдерінің үстіне шығып олтырып айтты: – Міне, Тоқтамыс ханның тағының үстіне отырдым, – деді. Емді киімдерін қайтарып берді.
Бір күндер болғанда екі кісі келе жатыр еді. Едіге айтты балаларға: – Өздеріңіз сәлем бермеңіз, егер ол сәлем берсе алыңыз, егер „сәлем бермедіңіз” деп бізлерді сөксе, мен жауабын берейін, – деді. Екі кісі келді, балалар сәлем бермеді. Балалар неге сәлем бермедің? – деді. Едіге жауап берді: – Бастан неге сәлем бермедің? – деді. Едігеге айтты екі кісі: – Біз үлкен бе, жоқ сендер үлкен бе? Едіге айтты: – Біз – үлкен. Екі кісі айтты: –Сен нешік бізден үлкен боласың? – деді. – Егер мен тоқсан баланың жасын санап салсам, сонда бізлер үлкен болмаймыз ба? – деді. Екі кісі сөзден жығылды, hәм айтты: – Бағанағы дауымызды осыған салайық. Деділер: – Әй, бала, даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді бізлер дауымызды саған саламыз. Бітіресің бе? – Егер Құдай аузыма салса, бітірермін, – деді. – Мынау – Алшын атасы Көкжалды мерген, мен – Кеңестің Кеңжанбайымын. Еділ hәм Жайық менікі еді. Ондан қашқан қоян да менікі еді. Жайықтың жағасында, Ақкөлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, мылтығыма кеттім атайын деп. Мен мылтығымды алып келгенше, Көкжалды атып алыпты. Соның төресін беріңіз. Көкжалдыдан бала сұрады: – Сен қандай жерден аттың? – деп. Қанша жерден атқан өлшеуін көрсетті. – Егер бір төре берсем, екеуіңіз де көнесіз бе? – деді. Қабыл көрділер баланың төресін. Қоянды алып, бір балаға құшақтатты. Кеңестің Кеңжанбайға айтты: – Балаға тигізбестен, қоянды атқан жерден ат, – деп. – Егер балаға тигізсең, құнын бер, оқ далаға кетсе, қояннан бейдамақ бол, тигізсең, қоян сенің болсын, – деді. – Сенің ол төре қылғаныңа көнбеймін, – деп, – Тоқтамыс ханға барамын, – деп, Кеңжанбай ашуланып кетті. Қайтып келді: – Ұстат балаңға, атамын! – деп. Балаға тигізбестен, қоянның қалаған жерінен тигізді. – Бұрын көрген, қоян сенікі! Көкжалды: – Бұ төреңе көнбеймін, – деп ашуланып кетті. Екеуі Тоқтамыс ханға бардылар. Көкжалды айтты сөзін. Кеңжанбай айтты: – Бір төре болып еді, – деді. Тоқтамыс хан сұрайды: – Қандай төре болып еді? – деп. Баланың берген төресін Кенжанбай айтты. Сол мезгілде Тоқтамыс хан айтты: – Баланың берген төресі – төре, біздер ондай төрені бере алмаспыз, – деп айтты.
Сол бала Едіге сегіз жасқа келген соң оқудан шықты. Мал табамын деп, біреудің қойын бақты. Төрт кісі келеді, орталарында бір аяғысы ақсақ малды жетелеп. Төртеу айтты: – Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік, – деп. Келді төртеуі. Бір ағайынды екен: – Орталарымыздағы бір қара еді. Осы ақсақ мал біздердің еншімізге тиген еді. Басы – үлкен ағамызға тиіп, төрт аяғы – төртеуімізге тиіп еді. Осы ақсақ мал барып, кәуірдің егінін басыпты. Төрт аяғының тиген жеріне төрт жүз ділдә сұрайды. – Біздер соған даулы болып келдік. Төресін бересіз бе? Едіге айтты: – Алда аузыма салса берермін, – деді. – Бұ ақсақ аяғы қайсыңызға тиіп еді?. Ең кішісі айтты: – Маған тиіп еді, – деп. – Сен бейдамақ бол! – деді. Екі жүзін басын алған ағаң тартсын. Аның үшін көзі көріп, басы сүйреп барды. Екі жүзін екі ағаң тартсын, аның үшін ауру аяғын сау аяғы сүйреп барып бастырған. Үш ағасы: – Бұ төре қылған төреңе көнбеймін, – деп, Тоқтамыс ханға барды. Үшеуі айтты: – Жүгінуге келдік, – деп. Сол уақытта кішісі айтты: – Біз жүгініп едік, – деп. – Жүгінген уақытта қандай төре беріп еді? – деп хан сұрады. Баланың берген төресін айтты. Емді хан айтты: – Соның төресі – төре, мен ондай төре бере алмаймын, – деп.
Тағы бір күнде бір атан түйені жетелеп, екі кісі келе жатып айтты: Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік,– деп. Келді. – Иә, қойшы, осы түйеге даулы болып келдік, төре бересің бе? – деп. – Беремін, – деді. Біреуі айтты: – Осы бота күнінде жоғалған, атан екенінде танып тұрмын. Ұрлаған ұрым – осы. Емді біреуіне айтты: – Сен сөйлеші, – деп. – Өз түйемнің ботасы, өз бурамның баласы. Осынаудың маған қылған жаласы! – Сендегі енесі бар ма? – деді бірісіне. Анауға тағы айтты: – Анасы сенде бар ма? – деп. – Бұ жерде бір арқан керек. Екі інгенді алып кел, төресін берейін, – деп. Сол уақытта атанның тақымына салып бұрады. “Жоғалтып едім” дегеннің інгені үстіне түсе қалды. Бала айтты: – Мұның ұрлатқаны шын, сіздің ұрлағаның шын. Мұның түйесін бер, – деп. Төре тимегені айтты: – Ол төреңе болмаймын, – деп. Тоқтамыс ханға барды. Дауды айтты. Қайсы дүрге төре тигенін айтты: –Сондай бір төре тиіп еді, – деп. – Соның төресі – төре, мен ондай төре бере алмаймын, түйесін бер, – деді.
Тағы да қой бағып жүргенде, екі қатын, екі еркек орталарында бір баласы бар, таласып келді балаға. Айттылар: – Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік, – деп. – Жүгінсек, жүгінейік, – деп. Төртеуі бірдей салып келді: – Иә, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төре бересің бе? – деп. – Төресін берейін, – деді. Бір еркек пен бір қатын айтты: – Бесікте жоғалтып едім. Жүгіріп жүргенде таныдым. Емді: – Мен он ай көтеріп, омыртқамды бүгілтіп тапқан баламға жала қылады, – деп соңғы екеуі айтты. Мәзкүр төртеуіне айтты: – Төре беремін, көнесіз бе? – деп. – Көнейік, – деді. Екі қолынан екі қатынға ұстатты. “Жоғалтып едім” деген қатын үндемей тұр, анау қатын: – Не қылсаңыз да мейлің білсін, – деді. Сол уақытта: – Семсерменен екеуіңізге бөліп беремін, – деп, семсерді көтерген соң “жоғалтып едім” деген қатын білегінен ұстай алды. Анау қатын үндемеді. – Өлтірмеңіз, – деді, – менен туған бала болса, өскенде мені табар, – деп айтты. Үндемеген қатынға айтты: – Сен ұрлаған шын екен. Өлтірсе-өлтірсін деп үндемедің, мұның өз баласын қимастан, өлтіруге аяп, білегімнен ұстай алды. Мұның баласын бер, – деп бұйрық қылды. Өзім таптым деген еркек пен қатын: – Бұл төреңе көнбейміз, – деп, Тоқтамыс ханға барды. Төре тимеген қатын бірлән еркек айтты: – Біздер даулы болып, сізге жүгінейік деп келдік. Нақ баланың шешесі айтты: –Бір төре болып еді, – деп. Хан сұрады: – Қандай төре болып еді? – деп. Қойшы баланың берген төресін айтты, сондай төре беріп еді деп. Хан айтты: – Соның төресі – төре, ондай төрені мен бере алман, – деп айтты.
Емді Тоқтамыс хан айтты: – Төрт мәрте төре берген қандай кісі?! Мұнда шақырыңдар!, – деп. Дәр хал шақырып алып келді ханның алдына. Хан сұрады: – Төрт мәрте төре берген сен бе? – деп сұрады. – Бәлі, мен тақсыр. – Атың кім? – деді. Жауап берді: – Атым Едіге, – деп. Үстіндегі киімі сондай жаман екен. Хан бұйырды: – Бұ жаман киімдеріңді таста, – деп.
Жауырындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы,
Ал, қара кіс тон берді.
– Аны үстіңе ки, – деді,
Көкала жорға ат мін, – деді.
Көн дабылпаз байлан, – деді,
Ұшан теңізді айлан, – деді.
Тұтам бауы сом алтын
Ақсұңқар құсты бұйыр да,
10. Көл айнала шүй, – деді.
Қырымнан дау келсе,
Ал, Едігем, соны сен бітір, – деді.
Қырымнан жау келсе,
Ал, Едігем, соны сен қыр, – деді.
Дауды бітірді, жауды қырды. Тоқтамыс хан тыныш болып, жайына тұрды. Жұртын билеп, жұрт билігін алды. Сөйтіп тұрды. Күндерде бір күн Тоқтамыс ханның ханымы айтты: – Осы алып жүрген жалшы балаңыздың аруағы сіздің аруағыңыздан басым екен. Хан айтты: – Әй, тентек, ханым, есігімдегі жалшының аруағы неғып менден артық болсын!, – деді. – А, сіз білмеген екенсіз, "Аллаң жар болсын!” деп кіріп келгенде, өзіңіз селк етесіз. Сескенгеніңізді өзіңіз білмейсіз. Әгәрки біздің сөзімізге иланбасаңыз, киіміңіздің етегінден тебен инеменен түйрейін, селк еткеннің белгісі мәлім болар. Сол уақытта Едіге: “Алла жар болсын!” деп, есіктен еніп келгенде, селк ете түсті. Түйрелген тебен ине ортасындан екі үзіліп, аспанға ұшты. Ханымы айтты: – Енді білдіңіз бе аруағының зорын Едігенің.
Аруағын төмен түсірейік деп, бір аяқ қатық ұйытып, ішіне сиіп, араластырып қойды. Едіге кіріп келіп отырған соң, қатықты ұстатты, қолына берді. Үңіліп қарап, жанынан пышағын суырып алып, қатықты төрт тіліп, ортасын бұлғатып, көтеріп ішіп салды. Ханым айтты: – Едігем, тәтті ме екен?” – Егер де ыдысы ескі болмаса, тәуір екен, – деп, шығып кетті үйден. Ханымға хан айтты: – Ыдысы ескі болмаса, тәуір екен дегені несі? – Қәрі қатынның сідігі болмаса, тәтті екен деп білгені. Хан ханымнан сұрады: –Пышақпен осып-осып ішкені несі?. – Жұртыңды төрт бөлек қылармын дегені, ортасын бұлғап ішкені, жұртыңды осындай қылып бұлғармын дегені. Хан айтты: – Мұны өлтірейік. Ханым айтты: – Мұны бүйтіп жүргенде өлтіре алмассыз, – деді. Арап-сарап жияйық, алпыс басты ақ орданы шетке тігейік. Ноғайлының ауыр жұрт бар-жоғын жиыңыз. Едігені аяқшыға қойыңыз. “Едігем, кел батырға” деп зорласын, арақ ішіп, мас болып жүргенде өлтірерсіз”.
Бұ сырларды естіп жүре тұрған Едігенің алты жасар Аңғысын атты досты бар еді. Есіткенін Едігеге айтты: – Кел батырға зорлап аяқ бергенде ішпейінше осы меске құя бер, – деп, серке терісінен қылған бір мес берді. –Мен келген кісілердің аттанар жақ үзеңгі бауын қиып қоярмын. Сол мезгілде, даладан өзіңге бір ауыз сөз айтармын, берік бол.
Арап-сарапты жиды, ақ отауды тікті, ноғайлының ауыр жұрт бар-жоғын жиды, Тоқтамыс алпыс алыпты айдаладан аңдытты. Едігенің бала досты Аңғысын аттанар жақ үзеңгі бауын аяндырып қиып қойды. Едігені үйге кіргізді. Аяқшыға қойды. Серке терісі месті ішінден буындырды. Едігені зорлады, “кел, кел!” салып, әрқайсысы аяқ берді. Ішкенін ішіп, меске құйып жүр. Бойы қызып жүргенде Аңғысын досты үйінің тұсындан келіп қарады, андан соң айтты:
– Табаны жалпақ тарлан боз
Түн қатуға көнсе игі.
Үстіңдегі қамқа тон
Төрде олтырған билерге
Қоллық шақпаққа болса игі.
20. Менің атым – Аңғысын,
Мені көп сөйлетіп не қылсын,
Барлағайсың түнеугі сөздің соңғысын.
Едігенің жадына түсіп, өзін атты, бір аяғы босағаға тигенде, бір аяғы тарланның үзеңгісіне тиді. Қарауылға қойған Тоқтамыстың тоғыз ері бір-бірін пышақтады. Тарланға атып мініп, садағын ерден алып жөнеле бергенде, тарланның жамбасы жерге бір тиді. Жөнелді. Тоқтамыстың алпыс алып бастары түсіп, бата алмай қалды.
Сол кеткеннен Едіге кетті, Еділ менен Жайық арасындан өтті. «Бір тіл алып кетейін» деп жатты дейді. Ноғайлының ауыр жұрты абдырады, айланды. Айланып кеңес таппады. Сонда Тоқтамыс тоғыз ерін алып келіп, есігінің алдына қойды. Бір-бірлә шақырып, ақыл сұрады. Біреуін үйге енгізіп, Тоқтамыс айтты:
– Есенімде ескімді берсем елемес,
Еңсеге жыға тисем кектемес.
Есентай ұлы Құдайберді батырым,
Сен бір толғашы, – деп еді.
Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Тұрды дағы сөйледі.
30. Айтып еді бір сөзді,
Өкіліне түспеді,
Байыбына бармады.
Оның бұ сөзін жаратпай,
Аны “үйден шық!” – деді.
– Қос-қос пышақ асынған,
Қосалықтап отау тіктірген,
Көшкенде байтал тарттырған,
Салтанатын хан ұлындан арттырған,
Мүйтендерден шыққан екі бірдей, Қосдәулет,
40. Егізіңменен кіріп толғашы! – деп еді.
Еңкейіп үйге келгештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
“Толғай, толғап сал!” – деді.
Ол екеуінің сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді,
– Екеуің де үйден шық! – деді.
Көшкенде көшін айлаған,
Жанына өткір семсер байланған,
50. Жау қарасын көргенде,
Жауар күндей торланған,
Кетер құстай сайланған,
Алладан тілек тілеп зарланған
Арғындардың басы едің,
Қарақожа батырым,
Сен бір кіріп толғашы! – деп еді.
Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Ол да толғап салып еді,
60. Өкіліне түспеді,
Байыбына бармады,
Аны да “Үйден шық!” – деді.
– Қараңғыда жол тапқан,
Қапия жерде сөз тапқан,
Жауырының үлкен қақпақтай,
Айдарың үлкен тоқпақтай,
Адам тілін алмаған,
Өз райысы болмаса,
Асу жерге бармаған,
70. Қара қыпшақ Қобландым,
Сен бір кіріп толғашы! – деп еді.
Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Ол да толғап салып еді,
Аның да сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді,
“Енді үйден шық!” – деді.
– Қарт қояндай қасқарған,
80. Қараңғыда сансыз қолды басқарған,
Күнде сүңгі сындырған,
Ер көңілін тындырған,
Сүңгісіне кісі міндірген,
Алмаған жау қоймаған,
Ішсе, қанға тоймаған,
Елге бір аз да, жауға көп,
Ақбалтыр ұлы Уағым,
Мәнжүр ұлы Шуағым,
Егізіңменен кіріп толғашы!– деп еді.
90. Егізіменен үйге кіріп келгештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Екісі де толғап салып еді,
Аның сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
Өкіліне түспеді,
“Екің де үйден шық!” – деді.
– Садағын қырық нарға тарттырған,
Салтанатқа үлде менен бүлде арттырған.
Тойға келсе ерке еді,
100. Басыма керек алтайы қызыл бөрік еді.
Кеңесімнің бұрышы-ды,
Кең қарнымның құрышы-ды.
Кеңестің Кеңжанбай-ай дүлдүлім,
Сен бір кіріп толғашы! – деп еді.
Еңкейіп үйге кіріп келгештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Ол да толғап салып еді,
Аның сөзін жаратпай,
Байыбына бармады,
110. Өкіліне түспеді,
“Сен дағы үйден шық! – деді.
Ноғайлының ауыр жұрт
Абдырады, айланды,
Айланып кеңес таппады.
– Аузында отыз тісі босаған,
Сұм аяқты, сұпа бөрікті,
Сыпыра сынды сұм жырау
Жағын жібекпен тарттырып,
Салтанатқа үлде менен бүлдені арттырып,
120. Алып келші бері! – деп еді.
Сұм аяқты, сұпа бөрікті,
Сыпыра сынды сұм жырау
Алып бір жетіп келгештен,
Еңкейіп үйге кіргештен,
Қол қусырып тұрғаштан,
Тұрады дағы толғайды.
Тұрады да сарнайды,
Сарнайды да жырлайды.
Жырласа, сансыз ноғай қорлайды,
130. Өкіліне түскен жақсылар
“Бұл не оқиясы болды?” деп,
Шыдай алмай жылайды.
Өкіліне түспес жамандар
“Қартайғанда қазымыз,
Нені айтып былшылдайды?” деп,
Жүре бара жатып тыңдайды.
– Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын!
Бастық та Бастық, Бастық хан,
140. Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы Кедей хан
Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы Ала хан,
Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы Қара хан,
Оны көрген қарыңмын.
Андан соңғы құлағы шұнақ Назар хан,
Оны көрген қарыңмын.
Он екі тұтам оқ тартқан
150. Онан соңғы ер Шыңғыс,
Оны да көрген қарыңмын.
Мұнарасы қырық құлаш,
Өзден сұлтан Жәнібек,
Оны көрген қарыңмын.
Ұлы бабаң Домбауыл,
Соны көрген қарыңмын.
Жас та болса Тоғым хан,
Мен сені көрген қарыңмын!
Мен жүз сексен беске келгенде,
160. Шықпаған жан жүргенде,
Менен дәурен кеткенде,
Саған дәурен жеткенде,
Сонша хандар өткенде,
Кешегі кеткен
Еңсесі биік, ерні салпы құбаша ұл,
Мен сонша жасқа келгелі,
Сондай ерді көрмеген қарыңмын!
Артындан келіп сынасам,
Қаһардан пайда болғандай.
170. Алдынан келіп сынасам,
Лапыдан пайда болғандай.
Сонау бір жалғыз кетер сол,
Сәтемір ханға жетер сол.
Сәтемір хан қол берсе,
Алда тағалам жол берсе,
Қырқада біткен қырық адыр
Қырық басып жүрер-ді боғай құбаша ұғыл.
Қырық күншілік шөліңе
Айдынды бұлақ салар-ды боғай құбаша ұғыл.
180. Бұт сауырлы күреңше ат
Бұтқа тартып мінер-ді боғай құбаша ұғыл.
Екі түгей торыша ат,
Ылауға жайдақ алар-ды боғай құбаша ұғыл.
Алағаншық күндей боп,
Сенің алды-артыңдан шығар-ды боғай құбаша ұғыл.
Ноғайлының ауыр жұрт,
Жаяу жатқан қайран жұрт
Аш күзендей бүгіліп,
Аш бөрідей шүйіліп,
190. Шетіңнен қиқулап,
Ащы да сүрен салар-ды боғай құбаша ұғыл.
Есілдің екі жағы қызыл жар,
Аспадан суыт салар-ды боғай құбаша ұғыл.
Ертістің басы қара дөң,
Екі арасын қуыр-ды боғай құбаша ұғыл.
Алтыннан соққан ақ орданың
Күмістен соққан ақ есік,
Түсі суық шың болат,
Ұшыменен ашар-ды құбаша ұғыл.
200. Төрге төсек салар-ды боғай құбаша ұғыл.
Төс арсынды сұлуыңды
Аямай төс астына алар-ды боғай құбаша ұғыл.
Керегіңді кертер-ді боғай құбаша ұғыл.
Туырлығың тілер ол,
Тіліп тоқым қылар ол.
Тоқсан басты ақ орда
Тонамай ие болар-ды боғай құбаша ұғыл.
Торылы жылқы тобышақ
Топтап жиып алар-ды боғай құбаша ұғыл.
210. Қанікейдей көріктіні,
Тінікейдей тектіні
Ат көтіне міндіріп,
Ат иіндігін солдырып,
Тегіннен-тегін олжа қылар-ды боғай құбаша ұғыл.
Сонау бір жалғыз әлі кеткен жоқ,
Еділден әрі өткен жоқ,
Мына бір тоғыз ерді жібер де,
Алдап-сулап қасыңа ал,
Қасыңа ал да, басын ал!
220. Есен-аман кетсе сол,
Еділден арман өтсе сол,
Сәтемір ханға жетсе сол,
Осы өшін, сірә да,
Сенен алмай қалмас-ты боғай құбаша ұғыл!
– деп жағы түсіп өлді.
Және Тоқтамыс айтты тоғыз ерге:
– Әй, тоғыз ер, тоғыз ер,
Сен тоғызың бара көр.
Алдап-сулап Едігені қасыңа ала көр,
Алдап-сулап қасыңа ал,
Қасыңа ал да, басын ал!
230. Тоғыз ер кетті зарланып,
“Бір Алла” деп алданып.
Еділдің бойына барған-ды. Едіге олтыр. “Бір Алла” деп жалбарынып, тоғыз ер жетіп барған соң, Едігенің қасына барып жетпеді. Бір кісіден сол қорқып, сөйлесерге қорықпады. Едіге жалғыз отырып, қасқайып тоғызындан қорықпады. Төртеуі бір-біріне өтілді, «Едігеге сөйлес» деп. Ең соңында Кеңестің Кеңжанбайы сөйледі:
– Әй, Едіге, сен енді қайт-сана,
Қайтып Еділ өт-сана!
Еңсесі биік боз орда,
Еңкейіп сәлем бер-сана!
Ерні жұқа сары-аяқ
Хан сарқытын іш-сана!
Жауырындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы
240. Үстіңе ал қара кіс тон береді, ки-сана!
Көкала жорға ат мініп,
Көн дабылпаз байланып,
Ұшан теңізді айланып,
Тұтам бауы сом алтын
Ақ сұңқар құс береді,
Көк айлана шүй-сана!
Арбаң да арбаң жүгіріп,
Адымын жерде қуыртып,
Арғымақ ат береді,
250. Салтанатқа іл-сана!
Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған,
Жүргенде ізін санаған,
Бауырынан тарту жараған,
Қысыр жылан өзекті,
Қолтырауындай танауды,
Сапты аяқтай ерінді,
Сарымсақтай азуды,
От орындай тұяқты,
260. Қиған қамыс құлақты,
Табаны жалпақ тарлан боз
Ат береді, мін-сана!
Саған байтал бөліп береді,
Байлап қымыз іш-сана!
Байтақ бөліп береді,
Падышалық сүр-сана!
Алғаның Әл-Омар ханның қызы еді,
Айтулының өзі еді.
Оймақтың үзілді,
270. Сағынды да сарғайды,
Салқын түспей бар-сана!
Ібін-сібін екі нақ
Сыбырласып сөйлесіп,
Сыңқылдасып күлісіп,
Жең ұшынан жалғасып,
Ши түбінде сырласып,
Не дегенін біл-сана!
Тоқтамыстай хан иең
Саған өкпе қылады,
280. Өкпе пәни сөзіңді
Арыз қылып, өз аузыңнан айт-сана!
Кел, Едіге, енді райдан қайт-сана!
– Мен қайтпан-ды, қайтпан-ды,
Қайтып Еділ өтпен-ді.
Еңсегей биік боз орда
Еңкейіп сәлем бермен-ді,
Еңсеме емен болат шоқпар тиген-ді.
Ерні жұқа сары аяқ
Хан сарқытын ішпен-ді.
290. Ернім желге бұлғанды,
Жауырындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы
Тон берсең де, кимен-ді.
Иініме ноғайдың
Жалғыз қотыр ұшығып шыққан-ды
Көк ала жорға ат мініп,
Көн дабылпаз байланып,
Ұшан теңізді айланып,
Тұтам бауы сом алтын
300. Ақсұңқар құс берсең де,
Көл айлана шүйе алман-ды
Қолымнан құт кеткен-ді.
Арбаң да арбаң жүгіртіп,
Адымын жерде қуыртып,
Арғымақ ат берсең де,
Салтанат қылып ілсем де,
Салтанат бізден кеткен-ді.
Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған,
310. Жүргенде ізін санаған,
Бауырындан тартып жараған,
Қысыр жылан өзекті,
Қолтырауындай танаулы,
Саптыаяқтай ерінді,
Сарымсақтай азулы,
От орнындай тұяқты,
Қиған қамыс құлақты
Ат берсең де, міне алман,
Ауымнан құт кеткен-ді.
320. Байтал бөліп сен берсең,
Байлап қымыз іше алман,
Алда өзіме бермесе.
Байтақ бөліп сен берсең,
Падысалық сүре алман,
Алда, аруақ бермесе.
Алғаным Әл-Омар қожа ханның қызы еді,
Сағынбақтан сарғайсын,
Салқын түспей барман-ды.
Ібін-сібін екі нақ
330. Сыбырласып сөйлесіп,
Сыңқылдасып күлісіп,
Ши түбінде сырласып,
Жең ұшында жалғасып,
Мен не дегенін білмен-ді,
Құлағым саңырау болған-ды.
Сенің тексіз иең Тоқтамыс
Енді еңкейіп барман-ды.
Менің өкпе пәни сөзімді
Көкте оғым аралап айтпаса,
340. Сірә, аузымнан айтпан-ды!
Еркек болып атқа мінген соң,
Бір жол алып жүрген соң,
Мен қатын да болып қайтпан-ды!
Мен салпаң-салпаң жортармын,
Сары азбанға қосым тартармын.
Мен ұшайын десем, қанат жоқ,
Қонайын десем, құйрық жоқ.
Әй, жалғыздық, қайтермін,
Сұм жалғыздық қайтермін?!
350. Жалғыз да болсам кетермін,
Сәтемір ханға жетермін.
Сәтемір хан қол берсе,
Қыдыр Алда жол берсе,
Тілегімді мол берсе,
Қырқада біткен қырық адыр
Қырық басып жүрмесем.
Қырық күншілік шөліңе
Айдынды бұлақ салмасам.
Бұт сауырлы күреңше ат
360. Бұтқа тартып мінбесем.
Екі түгей торыша ат
Ылауға жайдақ ілмесем.
Алақаншық күндей боп,
Алды-артыңнан шықпасам.
Аш күзендей бүгіліп,
Аш бөрідей шумаңдап,
Ноғайлының ауыр жұрт,
Баяу жатқан қайран жұрт,
Шетіңнен қиқулап, ащы сүрен салмасам.
370. Есілдің екі жағы қызыл жар,
Аспадан суыт салмасам.
Ертістің басы қара дөң,
Екі айрысына қумасам.
Алтындап соққан ақ ордаң,
Күмістен соққан ақ есік,
Түсі суық шым болат
Есігіңді ұшыменен ашпасам.
Төрге төсек салмасам,
Төс арсынды сұлуыңды
380. Аямай төс астыма алмасам.
Керегеңді кертпесем,
Кертіп отын қылмасам.
Қос туырлығың тілмесем,
Тіліп тоқым қылмасам.
Тоқсан басты ақ ордаң
Тонамай ие болмасам.
Торылы жылқы тобышақ
Топтап жиып алмасам.
Қаныкейдей көріктіні,
390. Тінікейдей тектіңді
Ат көтіне міндірмесем.
Тегіннен-тегін олжа қылмасам,
Осы өшімді алмасам.
Дегеніме жетпесем,
Айтқанымды қылмасам.
Кешегі мен есіл ерді еңкейтіп,
Екі тізін жауыртып,
Кәмар белін ауыртып,
Ніл дариясының басында, Құмкент қасында
400. Мені сонда Баба Түкті Шашты Әзіз атам
Тауып алып, Едіге деп қойған атың өтірік –
Күнінде Едіге атым құрысын!
Мен, мен – дүрмін, мен – дүрмін!
Мен, мен деген, тоба қылған ер дүрмін!
Дұспаным отын жандырман,
Өзім демес нәмартқа
Тоғыздан шаңқан боз ат міндірмен.
Тоқсансыз жебе салдырман,
Асылын сұрамай, ас бермен.
410. Атасын сұрамай, әсте, нөкер ертпен.
Мен өзім демес нәмарттың
Еңсесіне бір мініп,
Иманнан шоқпар төндірмен.
Мұнан әрі мақтанбан,
Мен мақтансам,
Он екі тұтам оқ тартқан
Мұрнағы өткен ер Шыңғыстың өзіменен теңдермін!
Мен тауға ұялар сұңқармын,
Тау бөктерлей жортармын.
420. Торлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап, өрермін.
Божығаннан ащымын,
Шербет құйсаң тұщымын.
Буыршыннан қатты жарыспын,
Бұйдаласаң да еш шөкпен.
Буырылшыдан асау болыспын,
Бұғалық салсаң тоқтаман!
Өзім деген жақсыны
Өлгенімше боқтаман.
430. Шалғынды көл төгерек,
Сенің маған шалулы сөзің не керек!
Қоғалы көл төгерек,
Маған қорлықты сөзің не керек!
Жекенді көл төгерек,
Мені алдап, желген сөзің не керек!
Мен қарағайдан биік біткен терекпін,
Басымнан дауыл ұрса, теңселмен.
Мен қарағайға қайнап біткен қара бұтақпын,
Балталасаң, айырылман.
440. Еменге айыру біткен бұтақпын,
Еңкейтсем, оңдырман.
Мен қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Қасаслассам, оңдырман.
Мен қылтыңдаған күреңше ат,
Қыдырауды жыққанмын.
Жағасы алтын кіреуке
Жағаласып жыртқанмын.
Тоқсан баулы ақ көбе
Тоғысқан жерде кигенмін.
450. Садақ толған сай жебе
Қыдырада төккенмін.
Мен атанға тартсаң ауырмын,
Батпанға тартсаң бастырман.
Таразыға тартса теңдірмен,
Мен мұнан әрі мақтанбан,
Мен тисем жілік ұсатқан тыңдарым,
Қарт Көкшенің өзіменен тең-дүрмін.
Сен тұра тұршы, тоғыз ер,
460. Мен саған туған жерім айтайын,
Айтайын да қайтайын.
Мен Баба Омар бабамды батамда көргенмін,
Баба Түкті Шашты Әзізге
Арқа беріп жүргенмін.
Мен Әзірейіл періштеге
Алты күн арыз еткенмін.
Жәбірейіл періштеге
Жеті күн арыз еткенмін.
Мен Омар менен Оспанға,
470. Әбубәкір Сыздыққа,
Әзірет Әлі бабама
Арқа беріп жүргенмін.
Мен Мұхаммед атты піріме
Мекке деген шәріңде
Барып арыз еткенмін.
Тәңірәуи Меккені
Үш айналып күнәйімнен пәк болып,
Сонда аралап қайтқанмын.
Менің түсімде аян берді
480. Ақ шалмалы бір кісі,
Оқымысты дүр кісі.
Енді Едігені шәуілжіге қағып,
Тоқтатамын деген қайсың?
Тоқтамыстың тоғыз ерсін тоғызда,
Мен жалғыз да,
Мәнің болса, кел доңыз.
Сенің қамшы тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа.
Шыдамассың менің бір азап
490. Тарқы қылған ойныма.
Кеңестің Кеңжанбай,
Кеңесің кеткен боқ Жанбай,
Ашпа, көзің тесермін,
Сөйлеме, тілің кесермін.
Сенің атаң қара кісі еді,
Мал бергеннің құлы еді.
Енең қара кісі еді,
Ас бергеннің күңі еді.
Мен салпаң-салпаң жортармын,
500. Сары азбанға қосым артармын.
Алда бір жалғыз жаратты,
Бір шыбынды қаріп жан
Кім алар деп қорқармын.
Ал, жөнелді де кетті. Тоғыз ер бата алмай қалды. Едіге андан-мұндан құралып, он сегіз кісі болды. Едігенің атқа жүруіне он жеті кісі шыдамады. Ас ішуіне қарыны ашып, шыдамады. Едіге ойлап білді, бұлардың шыдамағанын.
– Әй, он жеті дост,
Біздер бәріміз жиылсақ - он сегіз!
Мен шаршадым деп талықпа,
Сусадым деп қамықпа!
Қарным ашты деп налықпа!
Тамағың сенің таусылса,
510. Тамақ тауып берейін.
Киімің сенің жыртылса,
Киім де тауып берейін.
Атың өлсе, төлейін,
Өзің өлсең не дейін.
Арық атың көк жасық
Сірне қылып жесейік.
Жаңбырменен тұнған қызыл қақ,
Аны сербет қылып ішейік.
Он жеті дост, сен өлсең,
520. Жаназаңды шығарып,
Баялыштан от жағып,
Таза арулап көмейін.
Бәрін айтпа, бірін айт,
Мен тіріде өлмессің,
Он жеті дост, кедейім!
Емді Едіге бір күнде түс көріп, шошып оянады.
– Әй, жеті дост, сүйінші!
Түрегеліп киінші.
Беліңді қынай буыншы,
530. Беті-қолың жуыншы.
Мен бүгін бір түс көрдім,
Жақсылық түс сол болса,
Жақсылыққа жорышы.
Жамандық түс сол болса,
Осы он сегіз кісіні
Төгеректеп қорышы.
Мен бүгінгі күн түсімде
Алтынды ер ақбозат
Жалыннан тартып мініппін.
540 Ақсұңқар құс болыппын,
Көкке таман ұшыппын.
Көкте жүрген періште
Аларға барып сөйлесіп,
Андан аса ұшыппын.
Төбеде жүрген қоңыр қаз
Көк үстінде іліппін.
Төр тауына қоныппын,
Төс етіне тойыппын,
Ол не болар, он жетім?
Он жеті дос ұйлықты,
550. Ұйлыққанның белгісі
Бір-біріне сылықты.
Еш амалды таппады
Тұрған енді бәрісі.
Бір ақылды тауыпты
Бар екен ішінде бір көп жасаған қарт:
– Алтынды ер ақ боз ат
Түсіңізде сен мінсең,
Ат мұратқа жеткенің.
Көкке таман сен ұшсаң,
560. Жұрт алдына шыққаның.
Көкте жүрген періште
Аларға барып сөйлессең,
Ерендер қолтықтап жүргенің.
Андан асып сен ұшсаң,
Қызыр сүйеп жүргенің.
Төбедегі қоңыр қаз
Көк үстінде алсаң сен,
Төр тауына қонсаң сен,
Төс етіне тойсаң сен,
570. Кеше сені жұртыңдан қуған Тоқтамыс
Соны быт-шыт қыларсың,
Тояттап мейірің қанарсың.
Ал, жүріп кетті. Бір күнде алдынан бір ақ, бір көк шатыр көрінді. Атын он жеті достына беріп, өзі сорға аунап, бір таз көбеген болып, шатырға барды. Көрді. Өзінің іздеп бара жатқан Сәтемір ханның қызын дәудің оғлы Қабантиын алып келе жатыр екен. Айдаған қырық биесі бар, зорлықпенен алып келе жатқан қырық қосшысы бар екен. Бұларды көргеннен соң, Едіге жолдастарына қайтып барды. – Әй, он жеті достым, менің бара жатқан Сәтемір ханның қызын осы алып зорлықпенен алып бара жатыр екен. Емді мен барып алыпқа қосшы болайын. Сіздер осының қонған жеріне қонып, түстенген жеріне түстеніңдер. Мен сіздердің тамақ-азықтарыңды әрбір жұқа бұтаның түбіне жасырып қойып кетермін. Іздеп алып тамақтанып, еріп келіңдер, – деп айтты. Өзі қайтып келіп, алыпқа қосшы болып тұрды, қырық қосшылардан артық көрді. Едіге қырық қосшыға су тасытып алып, айламен далаға қондырды. Жасырын күн сайын бір биені сойып, кейінгі жолдастары үшін жұқа бұтаның түбіне қойып келеді. Аны жолдастары алып, жеп келеді, қонған жеріне қонып, түстенген жеріне түстеніп.
Бір күндерде Едіге қыздан сұрады: – Сен кімнің қызы едің? – деп. – Мен Сәтемір ханның қызы едім, мені осы алып зорлықпенен алып келе жатыр. – Осы алыпты өлтірсем, есен-аман жұртыңа алып барсам, атаң мені жақсы көрер ме еді, а? – деді. Қыз: – Егер мені есен-сау жұртыма алып барсаң, өзінден соңғы патша қылар еді сені, – деді.
– Қашан жұқтайтұғын күнін маған айт, – деді Едіге. Қыз айтты: – Мен саған қашан бауырсақ берсем, білгейсіз? – деп. Бір күні жеті жарым бауырсақ берді. Бұ ойлады: “Жеті күн өтіп, түс жарымда жұқтайтын екен”. Жеті күн өткен соң, бір бауырсақтың жарымын берді. Қызға Едіге: – Мен жолдастарыма барып, бір оғымды кезеп, бір оғымды тістеп келермін, сен төсін аша бергейсің, мен бір атайын сонда, – деді. Үйден шығып бара жатып, алыптың оқ-жайын көрді. Қолына алып тартып қарады. “Бекер қорқып жүр екенмін, күші өзімдей екен, артық емес”, – деп, желіп жүре берді. Қырық қосшыны суға жіберген екен, он жеті жолдастарына келсе, семіріп қалғандар екен, тастап кеткен атын алып жеп. Жолдастарына айтты: – Алдадан тілеп тұрыңдар, бүгін ойын болады, – деп. Бір оғын кезеп, бір оғын тістеп жұқтап жатқан алыпқа жақын келіп, қызға: – Төсін аша бер! – деді. Қарға жүнді, қозы жауырын, масақты оғыменен тартып өте шыққанда, бөксесі жатып қалып, кеудесіменен сермегенде тарланның құйрығы қолына түсті, тартып еді, жата қалды. – Бал аштырғанда балгерлер айтушы еді, өзіңдей перінің қызынан туған Едігеден ажалың болар деуші еді, қалтақ Едіге сен болдың ба? – деп жаны шықты.
Суға жіберген қырық қосшыға жетіп барып айтты: – Не қып жатырсыңдар? – Алыбың бәрімізді қырамын деп жатыр! – деп. Баршалары жыладылар:
– Жалғызға жасақ болған,
Жаяуға таяқ болған
Едігені қайдан алып келерсің?
Қарны ашқанға тамақ болған,
Аты жоққа ат болған, ол қайдан келер?!
деп жылады. – Едіге келсе, алыпты өлтірсе, не берер едіңдер Едігеге? – Егер Едіге келсе, алыпты өлтірсе, біздер әркімнің жалғызы едік, біздерге ерік берсе, біздер жол батасын берер едік. –Едіге ер – мен, алыпты өлтіріп келдім, – деді. – Біздер әркімнің жалғыз баласы едік. Біздер сізге жол батасын берейік, ерік батасын беріңіз. Барып ата-анамызды қуантайық, – деділер. Андан соң: – Барыңдар, Сәтемір ханға дұғай сәлем деңіздер. Алыпты өлтіріп, қызыңды Едіге есен-аман алып келе жатыр деп айтыңдар! Баршалары бата берділер: – Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын! – деп жолдарына кеттілер.
Сол қырық ердің батасы тиіп, Едіге ер болды. Қырық ер Сәтемір ханға барып айттылар: – Едіге ер деген бір ер шығып, алыпты өлтіріп, қызыңды алып келе жатыр, – деп. Сәтемір хан үш сан қол жіберді, «күнге, желге тигізбей Едігені алып келіңдер» деп. Үш сан қол күндік, түстік жерге келгенде: – Жалғыз атты кедейді қайдан тауып аламыз, іздеткен хан тентек пе, іздеген біз тентек пе? – деп қайттылар.
Едіге қайтқандарын біліп, ашу қылды: – Қашан болса да сіздерді қырмасам ба! – деп. Енді ел шетіне барып кірді. Хан алдынан кісілер жіберіп, өз ордасының қасына түсірді. Төбел бие сойды. Төрт қырлап ошақ қазды. Сәтемірдің сансыз қол бар-жоғын жиды. Үлкен бір той қылды. Арап пенен сарапқа жұрты жаман тойды. Ақ некесін қиды, қызды қойнына салды. Қыз айтты: – Мені алдың ба? – деді. – Алдым сені! – деді. – Сол байталға айғыр шапқан күн алыппенен ойнап едім, биенікі су болса, менікі де су, – деді. Биені сойып қарадылар. Сурет болмай, су болып тұр екен. – Өзімдікі жеңер, – деді. Қойды. Қыз буаз болып, айына жетіп, күніне біткен соң, бір оғыл туды.
Қара кіске бөлетті,
Қара кіс батар деп,
580. Бала кіске бөлетті.
Алтыннан шүмек ойдыртты,
Күмістен түбек қойдыртты.
Хан қасында туды деп,
Атын хан Нұралын қойдыртты.
Беліне садақ будыртты,
Көкірегі жаулы өссін деп,
Қашқан бір жауды қудыртты.
Хан Нұралын туғанда,
Сәтемірдің сансыз қол
590. Бары-жоғын жидыртты,
Төбел бие сойдыртты.
– Жалғызыма алғыс тисін, – деп,
Арап пенен сарапқа
Сонда бір жұртты тойдыртты.
Үлкен бір той қылдыртты,
Көңілін сондай тындыртты.
Нұралын он екі жасқа келгенде, асық атып ойнады. Торғай атып күн көрген, жаман шалдың жіліншігін атқан асығы үздіртті. Шал айтты: – Жүгірмек, менің жіліншігіме әлің жеткенше, жұрттан қуып шығарған Тоқтамыс ханнан барып, кегіңді алсаңшы, – деді. Нұралын ашуланып үйіне келді: – Иә, ата, – деді, – сіздің бойыңызда бұрыннан қалған ескі кек бар екен! Атасы Едіге ұмытқан, жадына түсті. Сәтемір ханға білдірді. Үш сан қол берді. Аттанды қолменен. Бұрынғы ішкен анты бар.
Қырқада қырқа қырық адыр
Қырық басып жортыпты.
600. Қырық күншілік шөлге
Айдынды бұлақ салыпты.
Бұт сауырлы күреңше ат
Бұтқа тартып мініпті.
Екі түгей торыша ат
Ылауға жайдақ алыпты.
Алдына жай төгіп, жалтыр-жалтыр судан ішіп барады. Жарандар сұрайды: – Бұл қандай қуы жоқ, құтаны жоқ, жекені жоқ, борығы жоқ, неткен көлдер? – деп. – Бұ – қоғалы көл, қорлы көл, жекені жоқ, борығы жоқ, сорлы көлдер деген – осы көл. Едігенің атқа жүруіне шыдамай, бір саны қайтып кетті, көрген судан су ішермін деп. Су құрып қалыпты, бір сан қырылды. Қалған екі сан қол осындай болып қырылды. Аталы-балалы екеуі кетті. Алдында бір қара тау көрінді. Тауға келді. Едіге Нұралынға айтты: – Бұл тау – Тоқтамыс ханның қарауыл қарайтұғын тауы. Күндік, түстік жерде, – деді, – Тоқтамыстың қарға бұтты қара кемпірі осы қара таудың басына торғай қонса да көретұрған. Берік болып шық, – деді. Нұралын шыға келді. Қарға бұтты қара кемпір қарап отыр екен. Көрді. Кісі екенін, қара құс екенін айыра алмады. Кемпір жұртына кісі шаптырды: “Тауға бір қара шықты, құс екенін, адам екенін айыра алмай тұрмын, жұрт берік болсын”, – деп. Нұралын атасына айтты: – Бір қара жәмші алып кел, бір амал қылайын, – деп, – ол кемпір не екенін айырмады. Қара жәмшіні алып келіп, екі шетінен ұстап, құстың қанатынан қылып жайды, бір уыс топырақты шашып, таудан асып түсті. Кемпір жұртына кісі жіберді: “Бейбіт болсын, қара құс екен, ұшып кетті”, – деп. Жұрт бейбіт болып жатқанда, аталы-балалы екеуі ел шетіне кірділер. Ел қорқып бүлді. Тоқтамыс ханға хабар етті: “Едіге екеулеп келді”, – деп. Хан айтты: – Әй, жұртым! Қойыңызды сойыңыздар, қол қусырып алдына барыңыздар. Сізге тимес, менің үшін бүлмеңдер, – деді. Қойын сойып, қол қусырып бардылар. Қабыл алды. Тоқтамыс хан жұртынан айырылғанда жырлағаны:
– Едігем менің ер еді,
Едігемнің мінгені
Ауызы ақтан кер еді.
610. Едігемнің асу ісі сол еді,
Өзінен бір жас үлкенді
“Әзіз ағам, сіз біліңіз” дер еді.
Өзінен бір жас кіші тұрса,
“Үкем, сен тұра тұр,
Мен сөйлейін” дер еді.
Едігемнің ескіден кегі бар еді,
Кете алмай-ақ жүр еді.
Көре алмасы көп болды,
Көтермесі жоқ болды,
620. Мен сөйтіп айырылғанмын Едігемнен, – деді.
“Сыпыра жыраудың айтқаны келді”, – деп жұртынан жылағаны. Сыпыра жыраудың бастап айтқан жырды айтып, тоқпақ жалды торышаны алдырды. Тоғыз көзді кіреукені киді. Жеті кетпеннен ағыса атады екен, тоғыз көзді кіреукесінен өтпейді екен. Қарағай найзасын таянып, тоқпақ жалды торы ат мініп, жұртын жиып айтқан сөзі:
– Жігіттер, шоралар!
Орманбет би өлгенде,
Он сан ноғай өнгенде,
Саназар батыр жаудан
Жаралы барып келгенде,
Алаш та алаш болғанда,
Алашадан хан болғанда,
Аязды күндер аршынданып,
Арасат оты жанғанда,
630. Бура мұздан тайғанда,
Буыршын бас көтеріп тұрғанда,
Ханнан қайрат кеткенде,
Биге медет енгенде,
Хан қашып, би қуғанда,
Хан Тоқтамыс қарланып,
Байтағым деп зарланып,
Айтып жылай жөнелді:
– Әй, байтағым, байтағым,
Бастатып сені алдырттым,
640. Ал, аман бол, менен соң!
Байтағымның ішінде
Он сан менің ноғайым,
Сені тағы алдырттым.
Он сан ноғай ішінде
Үш жүз алпыс отау қазағым,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Оң жақта он бес шорам арта алмас,
Он екі саhар атан тарта алмас.
650. Бір Көкшеннен өзге нар тарта алмас,
Байдалы туым, басты ордам,
Бастата сені алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Өзенде өзен, өзен су,
Өзектеп ордам қонған жұрт.
Өзектеп соққан сом темір,
Есігіме шынжыр болған жұрт.
Жағасынан балапан торғай ұша алмас,
Бастұрдан басып қонса, жарып келмес.
660. Балығы жылқы жусатпас,
Бақасы кісі ұйықтатпас.
Маралы бар киіктей,
Балдырғаны балықтай.
Алмасы бар жүректей,
Еділ менен Жайығым,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Орманбет би өлген жұрт,
Он сан ноғай өнген жұрт.
670. Саназар батыр жаудан жаралы келген жұрт,
Бие сауған сүтті жұрт.
Қымыз ішкен құтты жұрт,
Атам күйеу болған жұрт.
Еңкейіп тәжім еткен жұрт,
Анам келін болған жұрт.
Иіліп сәлем еткен жұрт,
Көрікті туғай сұлуым.
Алғаным келін болған жұрт,
Ақ бүріншік салған жұрт.
680. Ақ иіндігін жаққан жұрт,
Қызыл маржан таққан жұрт.
Ақбоз атқа мінген жұрт,
Жаңғыз да қарғам Қадірберді,
Қадірберді сұлтан туған жұрт.
Қапылы қамқа жыртқан жұрт,
Он сан ноғай жиған жұрт.
Үлкен бір той болған жұрт,
Жалғызыма алғыс тисін деп,
Қаріп пенен қасерім,
690. Арап пенен сарапқа
Сонда жаман тойған жұрт.
Жабағылы нар тайлақ
Жардай атан болған жұрт.
Адасып қалған бір тоқты
Жайылып, мың қой болған жұрт
Ал, аман бол, менен соң!
Жапырағын жайқалтқан,
Жардай атан семірткен,
Жарымды байға теңгелткен.
700. Суы менен жары тең,
Құлыны менен тайы тең,
Өзені менен сайы тең.
Үш алпаты үлкен су,
Сені тағы алдырттым,
Ал, аман бол, менен соң!
Мен алыстағыны көре алман,
Жуықтағыға жете алман.
Жаяулық басқа түскен соң,
Алдымда қаба қатер жерден соң!
710. Сап-сап жүре, сап жүре,
Сай азамат қосылып,
Жау жайқай да ала алман.
Қарақыпшақ Қобландым,
Сен секілді ерден соң,
Олтырушы едік жайласып.
Көкорайға бие байласып,
Құлын-тайдай ойнасып.
Аяласып, олтырып,
Асылдан саба толтырып.
720. Тең құрдасқа қосылып,
Өтіліп қымыз іше алман,
Ноғайлының ауыр жұрт,
Сен секілді елден соң!
Менің маңдайым күнге күймедім,
Табаным жерге тимедім.
Басқа зорлық түскен соң,
Жалғыз да қарғам Қадірберді,
Маңдайынан иіскеп сүймедім!
Мен бұл барғандан барармын,
730. Телі-көлге барармын.
Телі-көлде қорықсам мен,
Көкүлдінің көлінде
Баса барып жатармын.
Тілеуімді тілеп тұрғайсың,
Алдам иер ес болса,
Он үш жыл айланғанда,
Қайтып келермін, –
деп жолаушылап кетті.
Сусады бара жатып. Бір кемпірден бір аяқ сұрап ішті. Бара жатып алқынды. Тоғыз көзді кіреукені шешіп алып бөктерді. Қанжығасындан босанып, түсіп қалды. Со барғаннан Телі көлге барды. Андан қорқып, Көкүлдінің көлін басып барып жатты. Андан соң Едіге қызының біреуін алды, енді біреуін баласы Нұралыға бермек болып қойды. Аның үшін Тоқтамыс ханды іздемек болды. – Әй, балам, маған қырық ерден бата тигенді, іздесең табарсың,– деді, – Тауып, Тоқтамыстың басын аларсың, – деді. Кеңестің Кенжанбайы қай жағыңнан жолығар екен? – деді. Саған бір жағыңнан жолығар, – деді. Егер жан үшін жалынып сөз айтса, басын ал, өзіңменен қарсыласып сөз айтса, бір ерді тимегейсің. – Бұл қызды сақтап қой, – деп, Нұралын жөнелді. Хан Тоқтамыс ас сұрап ішкен кемпірден, Нұралын да ас сұрап ішіп, бара жатып, тоғыз көзді кіреукені тауып алып, үстіне киіп алып, іздеп келді.
Көкүлдінің көлінде жатқанда Тоқтамыс ханның жүрегі дүрсілдейді, найзасы солқылдайды. Көкорай жапырылады. Су толықсиды. Қызғыш тептеп шығады. Соның бәрісінен қорықты. Зарланып жылады:
– Сен бекер тұрып тықырамашы, торыша ат,
Мен күн-түн қатсам тұрарсың.
740. Бекер тұрып дүрсілдеме, сұм жүрек,
Едіге де екеу, мен жалғыз.
Сайысқан жерде тынарсың,
Солқылдама, ақ найза,
Сайысқан жерде сынарсың.
Бекер тұрып жапырылма, көкорай,
Бұ қатерден жан қалса,
Ноғайлының ауыр жұрт,
Басшы болып мен келсем.
Байларым үстінден баса бір айдап жайғанда
750. Қу шөп болып соларсың.
Толықсыма, тұнық су,
Байларым жылқыны баса айдап, бір суарса,
Сонда құрдым бір батпақ боларсың.
Қиқулама, қызғыш құс,
Даусың зарлы байғұс құс,
Қанатың қушық, мойның бос сенің.
Баттауық толған жылқым жоқ,
Тор толған жұмыртқаң,
Етектеп алар ұлым жоқ.
760. Мен елімден айырылдым,
Сен көліңден айырылсаң,
Сен де мендей боларсың!
Бұл қатерден жан қалса,
Алдам иер ес болса,
Жұртыма басшы болып мен келсем,
Менің мініскерлерім үстіңден
Қара лашынды басып салса,
Сонда бір қорқып жымарсың!
Қызғыштың тиіп шығып тұрған жеріне Нұралын жетіп келсе, хан орындан түрегелді. Бір-біріне сәлем беріп, Нұралын айтты ханға: – Ат! – деп. – Жоқ, сен ат, – деді. Хан үш мәрте атты. Өзінің жоғалтқан тоғыз көзді кіреукесінден өтпеді. – Өз құраныма жолықтым, – деп, басын сұна берді. Нұралын басын кесіп алып, қанжығасына байлап, желіп жүре берді. Көрініп тұрған бір бәйтерекке түстенерге жетіп барды. Терек саясында бір адам қара арғымақты кесе қаңтарып, ұйықтап жатыр. Өлтіруге ойлады. “Ұйықтағанды өлтірген қатын ісі”, – деп оятты. Адам сарнай түрегелді де айтты:
770. – Әй Нұралын, Нұралын,
Еш бермесін мұрадың.
Тоғыз көзді кіреукем,
Аны неттің Нұралын?
Сауырғы бие сүті еді,
Байсалды жұртқа құт еді.
Тоқтамыстай хан ием,
Аны неттің Нұралын?
Және Нұралын айтты:
– Тоқпақ жалды торыны
780. Тонаған жерде мінгенмін.
Тоғыз көзді кіреукең
Өлтірген жерде кигенмін.
Сауырғы бие сүт болса,
Байсалды жұртқа құт болса,
Телі көлде ізін шығарып алғанмын.
Көкүлдінің көлінде
Баса барып жеткенмін,
Теңкейтіп басын алғанмын!
– Әй Нұралын, Нұралын,
790. Еш бермесін мұрадың!
Төбеге шыққан төртеуге
Төре берер күндер тумай ма?
Арқада тұрған алтауға
Аға болар күндер тумай ма?
Арқада тұрған ала тау
Ер артылар күндер тумай ма?
Төбедегі төрт жұлдыз
Таң атар күндер тумай ма?
Төбел торы ат құйрығы
800. Төрт шалуға келмей ме?
Қалған-құтқан ел болып,
Қадірберді сұлтан хан болып,
Бұрынғыдай ел болып,
Ту желкілдеп шықпай ма?
Бізге туған осы күн
Саған дағы бір туып,
Шүйделі балта қолға алып,
Шүйдесіне бір мініп,
Сенің тұмәншік көзді бабаңның
810. Төпелер күндер туар ма?.
Атасы Нұралынға айтқан: “Қарсы сөз айтса, өлтірме ерді,” – деп.
Тоқтамыс ханның баласы Қадырберді сұлтан жүз кісімен қашып кеткен ерді. Нұралын кеткеш Кеңжанбай жасырынып, атасы менен Нұралынды шағыстырайын деп, Едігеге жетіп барды. Айтты: – Бір қызын қуантып, бір қызды қуартып қойғаның не? – деді. – Бұ дәуір сүргенде екеуін де өзің алсаңшы, баланың ырысы өзінде, – деді. Жанбайдың шағыстырғанын білмейінше екі қызды өзі алды. Үлде менен бүлдеге малды. Екі қолын екі қыздың үстіне салды. Заманда Нұралын кіріп келді. Ерні кезеріп, көзі бозарып, екі қыздың үстіне қолын салып олтырған атасын көрді. Сол заман ашуы келіп атасына “А!” деген еді, атасының көзі шықты. “Мә!” дегенде қолы сынды. Едіге енді зарланып жылады:
– Әй, тумағыр, тумағыр,
Сені қайдан тудырдым?
Сен туғанда, Нұралын,
Төбел бие сойдырдым,
Төрт қырлап ошақ қазырдым.
Сәтемірдің сансыз қол
Бары-жоғын жидырдым.
Жалғызыма алғыс тисін деп,
Қаріп пенен қас ерді
Арап пенен сарапқа
820. Сонда жаман тойдырдым.
Сен туғанда, Нұралын,
Қара кіске бөлеттім.
Ал қара кіс батад деп,
Бала кіске бөлеттім.
Алтыннан шүмек ойдырттым,
Күмістен түбек қойдырттым.
Хан қасында туды деп,
Атыңды хан Нұралын қойдырттым.
Беліңе садақ будырттым,
830. Көкірек жаулы өссін деп,
Қашқан жауды қудырттым.
Қарға қонбас қара ағаш
Қаз қондырдың, Нұралын,
Құзғын қонбас қу ағаш
Қу қондырдың, Нұралын,
Қу қанатын сал етіп,
Еділден көктей өттің, Нұралын!
Сен қара суға қан құйдың,
Суды қайдан ұрттарсың?
840. Қара арғымақ қатырдың,
Атты қайдан мінерсің?
Қара лашын қашырдың,
Құсты қайдан шүйерсің?
Жан дегенде жалғыз атаң мен едім,
Менің алғаштан көзім шығардың.
Бергештен қолым сындырдың,
Қайда бір қайда барсаң тынарсың?
Нұралын айтты:
– Мен қарға қонбас қара ағаш
Қаз қондырдым жұрт үшін.
850. Құзғын қонбас қу ағаш
Қу қондырдым жұрт үшін.
Қу қанатын сал етіп,
Еділден көктей өттім жұрт үшін.
Қара суға қан құйсам,
Суды сербет ұрттармын.
Қара арғымақ қатырсам,
Атта тұлпар мінермін.
Қара лашын қашырсам,
Құста сұңқар шүйермін.
860. Қаудан жерге өрт қойсам,
Шүйгін шөпте оттармын.
Жан дегенде жалғыз әкем сен болсаң,
Сенің алғаштан көзің шығарсам,
Бергеште қолың сындырсам,
Тәңірім үйі Меккені
Үш айналсам тынармын.
– деп, жұртты екі бөліп алып кетті. Судың екі жағында екеуі жатты. Едіге жалғыз баласын сағынып сарнап айтқаны:
– Терлігім алтын болмады,
Теңім мінер болмады.
870. Хан жиені, би ұлы
Нұралын хан болмады.
Хан болғанның несі артық?
Өзімізден соңғыға
Үлгіден үлгі бола қалмады.
Алыстан қара көрінсе,
Айланысқан, мырза ұлым.
Жуықтан қара көрінсе,
Толғанысқан мырза ұлым.
Жеті кісі біріксе,
880. Жер жаңғылмас, мырза ұлым.
Жеті дария қосылып, тасқанда,
Жел қайықтай омырауын
Желге беріп өткен, мырза ұлым.
Борай да борай қар жауса,
Боз кіріскен, мырза ұлым.
Борасындап оқ келсе,
Болаттан қалқа болған, мырза ұлым.
Нұралынның қатыны баласының құйрығына болат бізді сұғып алып жылатты. Нұралынның ашуы келді баласының жылағанына. Сол уақытта қатынның айтқаны: – Қара кіске оратқан, алтыннан шүмек қойдырған, әлпестеп өстірген атаңа не көрсеттің? Бұ да бізге не көрсетер, – деп шешесі айтты. Нұралын өзін бір кісіге қамшылатып, hәм жетелетіп, атасы Едігенің алдына барып, татуластылар.
Қалған-құтқан ел болып,
890. Қадірберді сұлтан хан болып,
Қулықтан бір туған құлаша
Құлын да емді, тайда емді.
Құнанында арда емді,
Дөненінде үйретті,
Бестіде жібек арқан сүйретті.
Алтысында адуын ат болды,
Жетісінде желкілдетіп толды.
Сегізінде серіппей құлан атты,
Тоғыз жаста толысты.
900. Он жасына жеткенде сұр құндыздай оңғысты,
Он бір жасқа келгенде, оқ жыландай қарғысты.
Қадірберді сұлтан садағын сала байланды,
«Жұртқа құрбан боламын» деп,
Жұртын үш мәрте айланды.
Ақылын ішіне сақтап кізінейді,
Құлашаға мініп ап, жұртқа сырын айтпайды.
90.8 Едігені іздейді.
Тал түсте ел шетіне келіп кірді. – Едігенің ордасы қайсы? – деп сұрады. Бір адам Едігенің үйін “Анау”, – деп көрсетті. Құлашамен желіп келіп түсті. Үйге еніп кіріп, төрде жатқан Елігенің кеудесіне мінді. – Кімсің кеудеме мінген? – деп сұрады. – Төбедегі төрт жұлдыз таң ату күнде, төбел торы ат құйрығы төрт шалуға келді. Қалған-құтқан ел болып, Қадірберді сұлтан хан болып, әуелгідей біздің жұрт туы желкілдетіп шықты. Шүйделі балта қолға алып, төрде олтырған төбеншік көзді Едігенің шүйдіне бір мініп, бізге туған осы күн саған дағы бір туып, шүйдеге төпелер күндер туды. Кеудесіне мінді де, үш секіріп: – Ер болсаң өлерсің, жаман болсаң жүрерсің, – деп шығып кетті. Мұндан соң аталы-балалы екеуі құсаменен өлді. Қадірберді сұлтан қайтып келіп, жұртына төре болды, өмірін кешіріп қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |