Ғ. Мүсірепов әңгімелерінің кейбір көркемдік ерекшеліктері



Дата27.12.2016
өлшемі124,5 Kb.
#5711
ӘОЖ 81:37.016
А.Ж. Жұмағұлова,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф. ғ. к.,



Алматы қ., Қазақстан,

e-mail: arzu_zh@mail.ru
Ғ. Мүсірепов әңгімелерінің кейбір көркемдік ерекшеліктері
Автор мақалада жазушы Ғ. Мүсіреповтің «Тулаған толқында» және ана туралы әңгімелері жайында айтылған қазақ ғалымдарының ғылыми ойларын, атап айтқанда, «авторлық үн», автор мен кейіпкер сөзінің арақатынасы, роман тіліндегі ритмикалық үйлесімділік пен саздылық, юмор мен сарказм туралы ғылыми пікірлерін қарастыра отырып, Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы сөз образдарының қолданысы туралы және жазушының ешкіммен салыстыруға келмейтін өзіндік стилі туралы баяндайды. Жазушы әңгімелерінде қоғам өмірін, заман тынысын шынайы суреттеу арқылы сол дәуірдің адамдарының сан қырлы портретін жасаудағы шеберлік қырлары талданады. Көркем өнердің сан қырлы стилисткалық бағдары мен мүмкіншіліктері болады. Мақалада жазушы әңгімелеріндегі қайталамалардың қолданыс ерекшеліктері, жазушының портрет жасаудағы шеберлігі нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі. Қазіргі уақытта халық жиі қолданатын жазушының ана туралы әңгімелеріндегі «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді», «Күнсіз гүл өспейді», «Сүюсіз бақыт жоқ. Әйелсіз сүю жоқ» секілді қанатты сөздерге қысқаша шолу жасалынады.

Түйін сөздер: жазушы стилі, сөз образы, қайталамалар, тілдік ерекшелік, қанатты сөздер, ритмика, көркемдік тәсіл.
Zhumagulova A.Zh.

Some artistic features of G. Musrepova`s stories
The author makes a generalization of scientific works of some Kazakh scientists and researchers who conveyed transmission features of the writer G.Musrepov «authorial voice» communication «voice of the autor and the characters` rhythmic» harmony of language present in the work, about the successfui transfer of sarcasm and humor the author of use of shaped words in the transmission of the character portrait in the early story writer «Tulagan tolkunda,» also about the stories sevoted to mothers, tells about the incomparable style of the writer. In the stories of the writer well and really captures the spirit of the time, and wayoflife of the people of that time, and it allows the writer to draw a real portrait of a man of that time. Author specific examples reveals the writer`s skill transmission repetition (anaphora and epiphora) in prose, skill transfer portrait. Also in the article, the author states some of his thoughts about the sayings of the writer, which are found in the stories of his mother.

Keywords: the style of writer, the use of repetition, language features, a series of stories, rhythmics, artistic method.


А.Ж. Жумагулова

Некоторые художественные особенности рассказов Г. Мусрепова
В статье автор осуществляет обобщение научных работ некоторых казахских ученых-исследователей, которые раскрыли особенности передачи «авторского голоса» писателя Г.Мусрепова, связи «голоса автора и персонажей», ритмической гармонии языка, присутствующей в произведении, удачной передачи сарказма и юмора автором, применения образных слов в передаче портрета персонажа в раннем рассказе писателя «Тулаған толқында». Большое внимание уделяется рассказам, посвещенным матерям. В произведениях писателя удачно и реально передается дух того времени, жизнь и быт людей того времени, и это дает возможность писателю «нарисовать» реальный портрет человека того времени. Автор на конкретных примерах раскрывает мастерство передачи писателем повторений (анафоры и эпифоры), которые встречаются в прозе, мастерство передачи портрета. Также в статье автор излагает некоторые свои мысли о крылатых словах писателя, котрые встречаются в рассказах о матери.

Ключевые слова: стиль писателя, использование повторений, языковые особенности, цикл рассказов, ритмика, художественный метод.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында әдебиет әлеміне қадам басқан қаламгерлер туралы қоғам қайраткері, ақын, зерттеуші Олжас Сүлейменов былай дейді: «...было самое плодоносное поколение в казахской советской литературе. Все они входят в когорту основоположников, каждый по-своему, каждый особой чертой своего дарования украсил родную словесность» [1]. Олардың шығармашылығының сан қырлылығы қазақ әдебиетінің алтын қорын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Солардың бірі және бірегейі белгілі сөз шебері, аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсреповтің шығармашылығы қазақ әдебиетінің тарихын қалыптастыру тұрғысынан да, жазушылық шығармашылығындағы әдеби-көркемдік жетістігі тұрғысынан да көптеген зерттеуші ғалымдардың зерттеу нысаны болды. Жазушы шығармалары әдеби-көркемдік тұрғыдан ғана емес, лингвистикалық бағытта да зерттеліп талай ғылыми еңбекке зерттеу нысаны болды.

Бұл ретте көз тоқтатып, көңілге түйер еңбектердің қатарында Б. Шалабаевтың «Ғ. Мүсреповтің «Оянған өлке» романындағы кейбір синтаксистік құрылымдардың көркемдік-стильдік қызметі», «Ғ. Мүсреповтің «Оянған өлке» романындағы комикалық жасаудың кейбір тілдік тәсілдері» туралы еңбектерін; профессор, ғалым М. Серғалиевтің «Ғ. Мүсреповтің әңгімелеріндегі қайталамалардың стильдік қызметі» туралы еңбегін, сондай-ақ Е. Жұбановтың «Ғабит Мүсрепов тілінің кейбір стильдік ерекшеліктері» секілді ғылыми-зерттеу мақалаларын атап өтуге болады.

Егер осы ғылыми мақалаларға шолу жасап, таратып айтар болсақ, ғалым Б. Шалабаев Ғ. Мүсреповтің «Оянған өлке» романындағы авторлық үннің берілу жолдары туралы, автор үні мен кейіпкер сөзінің арақатынасы, өзара байланысы туралы, романды оқу барысында оқырманын еріксіз жетелейтін роман тіліндегі ритмикалық үйлесімділік пен саздылық, айтылу әуенінің ерекшелігі туралы, автордың оларды беру тәсілі, юмор мен сарказмның жасалуындағы комиканың рөлі, оны жасаудың кейбір тілдік тәсілдері туралы нақты тілдік материалдардың негізінде салмақты ойлар айтып, ғылыми тұжырымдар жасайды. Сондай-ақ ғалым Б. Шалабаев жазушы сөйлемдеріндегі синтаксистік қайталамалар мен лексикалық қайталамалардың ырғақтылыққа ықпалы туралы айта келіп, поэзияда жиі кездесетін эпифора мен анафораның жазушы шығармаларындағы қолданылу ерекшелігіне де тоқталып өтеді.

Қазақ тіл білімінде стиль туралы, әдеби тілдің көркемдігі туралы, тіл тазалығы туралы салмақты ойларымен белгілі болған ғалым М. Серғалиев әдебиетші-ғалымдар арасында поэзияда ғана кездеседі деген пікір қалыптастырып келген анафора мен эпифораның жазушы Ғ. Мүсрепов әңгімелерінің тілінде жиі кездесетін көркемдік құбылыс екендігін нақты тілдік деректерді мысалға келтіре отырып, дәлелдеді. Ғалымның айтуы бойынша, «қайталамалар – жазушының көркемдік тәсілдерінің бірі». Ғалым осы аталған мақаласында қайталамалардың стильдік қызметіне ғана тоқталмай, грамматикалық ерекшеліктерін де қазақ тілінің синтаксисі тұрғысынан қарастырып, талдайды. Жалпы, жазушының шығармаларындағы қайталамалар туралы, олардың стильдік қырлары мен қызметі туралы, эмоциональдық бояуы туралы алғаш жан-жақты қарастырып, тың пікірлер айтқан да ғалым М. Серғалиев. Ғалымның бұл еңбегі осындай стильдік тәсілдің басқа жазушылардың шығармаларындағы көрінісін зерттеп, талдауға да түрткі болды. Мысалы, қайталамаларды осындай көркемдік тәсіл ретінде қолдану Ж. Аймауытовтың шығармашылығында да, О. Бөкеевтің шығармашылығында да жиі кездеседі. [2]

Е. Жұбанов «Ғабит Мүсрепов тілінің кейбір стильдік ерекшеліктері» атты ғылыми мақаласында Ғ. Мүсрепов шығармаларында жиі кездесетін сөз мағынасының құбылуы, фразеологиялық тіркестердің, қанатты сөздер мен афоризмдердің қолданысы, бейнелеу тәсілдерінің бірі – эпитеттің қолданылу ерекшелігі туралы айтады. Ғалым мысалдар келтіру арқылы олардың әрқайсысының стильдік бояуын, олардың шығармаға беретін әрін, стильдік тұрғыдан да, көркемдік тұрғыдан да көтеретін жүгін нақты мысалдар келтіре отырып түсіндіреді.

Ғ. Мүсрепов шығармаларынан кез келген тілдік материалдың қолданылу барысындағы өзіндік қырын байқамау мүмкін емес. Жазушының ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында жазылған алғашқы әңгімелерінің бірі – «Тулаған толқында». Бұл шығарма алғаш әңгіме ретінде жарияланғанмен, кейін көлемінің үлкендігіне байланысты повесть ретінде танылып жүрді. Жазушының «Таңдамалы шығармалар жинағына» да повесть ретінде енгізілді. Осы повестен алынған мына бір үзіндіге назар аударайық: «... Өмірдің уы Шәйзаның балаң ойына түгел жайылғандай, уланғандай болады. Қоңыр көлеңке үйдің қоңыр сәулесі Шәйзаны да қоңырландырып, сұрғылтқа таңдық түс береді. Үй де қоңыр, көлеңке де қоңыр.Қоңыр үйдегі тұрмыс та қоңыр.Қоңыр үйдегі Шәйзаның ойы да қоңыр.Қоңыр ойлы Шәйзаның әні де қоңыр... Қоңырлатып, ыңырсып өлең айтып отырады. Өлең емес, қоңыр күймен ішіндегі зарын төгіп отырады»[3, 14].

Келтірілген үзіндідегі «қоңыр» сөзін алсақ, ол әр түрлі сөздермен анықтауыштық қатынаста (қоңыр көлеңке, қоңыр сәуле, қоңыр Шәйза, қоңыр үй, қоңыр көлеңке, қоңыр тұрмыс, қоңыр ой, қоңыр ән, қоңыр күй) тіркесіп келіп, бірнеше рет қайталанып тұр.

Он үш рет қолданысқа түскен қоңыр сөзінің стильдік жүгін айқын аңғарта отырып, жазушы оны мақсатты түрде қолданады. Қоңыр сөзі арқылы жазушы басты кейіпкер Шәйзаның «қоңырлатып салған әні» арқылы оның өмірін, тіршілік тынысын суреттей отырып, ары қарай шығарманың қалай өрбитіндігінен де, басты кейіпкердің алдағы болар «қоңыр» өмірінен де хабар береді. «Қоңыр» сөзі әңгіменің даму желісіне негізгі арқау болады.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихында Ғ. Мүсреповтің шығармашылығы ерекше орын алады. Бейімбет Майлинді «шағын әңгіменің шебері» ретінде классикалық әдебиеттің өкілі десек, ал «Ғабит Майлин ізімен, бірақ одан басқашалау романтикалық стильде қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрын дамытып, сол арқылы күшті, татымды образдар галереясын жасады»[4, 16]. Бұл пікірге ешкімнің таласы жоқ.

Ғ. Мүсрепов те «шағын әңгіменің шебері» атанған жазушы. Жазушының шығармашылық бастауы – шағын әңгіме. Осы әңгімелерінде қоғам өмірін, заман тынысын шынайы суреттеу арқылы сол дәуірдің адамдарының сан қырлы портретін жасады. Мысалы, «... Желкесі жап-жалпақ, кеудесі қаңқайған. Кеудесімен тұтасып кеткен күждей мойында бір қазан етті бас. Екі көздің құйрығы екі елідей қысылған. Қара табақтай жалпақ бетті. Таңқиған саңырақ танау, таңқы мұрт, бұйра қара сақалды. Арам майы сыртына шығып, киген киімі жып-жылтыр, ала дамбалдың ауы өмір бойы тізесінен кетпейді. Семіз балтыры мәсінің қонышын сөгіп жібереді де, бір жағы қайрылып, үнемі жалбырап жүреді» [3, 15]. Бұл «Тулаған толқында» повесіндегі – Оспан болыстың портреті. Осы бейнелі сурет кейіпкердің сыртқы портретін ғана емес, оның адами қасиеттерінен де хабар беріп тұр. Оның бет бейнесінің сүреңсіздігінен бөлек, «тізеге түскен ала дамбалдың ауы мен жалбыраған мәсінің қонышы» да көп нәрседен хабар беріп тұр.

Жалпы жазушы тілі өте бай, құнарлы. Жазушының суреттеуі еріксіз езу тартқызады және сол суретті жан бітіріп көз алдыңызға алып келеді. «... Иін ағашпен су әкеле жатқан келіншектер Оспанның көлеңкесін дәл бсынан басып өтіп барады. Әдейі басатын сияқты. Көлеңкенің Оспандікі екенін таныған ересек әйел «көтек» деп ыршып кетті. Сөйткенше болған жоқ, үйге қарай жөнелген Оспан, көлеңкесін келіншектердің аяғының астынан өзі суырып әкетті» [3, 17].

Жазушы қай тақырыпқа қалам тартса да сөзбен өрнек салып, сол тақырыпты оқушысына бейнелі сурет деңгейінде жеткізудің шебері. Жазушының әңгімелері туралы айтқанда оның ана туралы шоғыр әңгімелерін айтпай өте алмаймыз.

«Ғ.Мүсірепов орыс және әлем әдебиетінің тәжірбиелеріне сүйеніп аналарға арнаған шығармаларында, реалистік романдарында әлеуметтік мағынаға толы революциялық-романтикалық пафоспен халықтық дархан қалжынды, терең лиризм және реалистік бояуды ұлттық дәстүрмен сабақтастыра білді. Автордың өз қаһармандарының ішкі дүниесіне ену детальдерінен, романтикалық-реалистік стильдегі баяндаулардан, характерлердің психологиялық анализінің негізінен Горькийдің жазу мәнері сезіледі. Ғ. Мүсіреповтің шығармалары әлем мен совет классиктерінің тәжірбиелерін сәтті игеріп айтудағы профессионалдық шындалысымен сипатталады» [5, 161].

Жастайынан орыс, шетел классикалық шығармаларын оқып, шығармашылық өсу жолында классикалық тәжірибе жинақтап өскен Ғабит Мүсіреповтің жазушылығынан бұрын аудармашылық тәжірбиесі болды. Бұл туралы өзінің естеліктерінде жазушы былай дейді: «... в юности, когда я овладев грамотой, начал читать книги, передо мной стали раскрываться картины неизвестных мне окраин, я как бы остановился очевидцем судьбы совсем неизвестных мне людей. Особенно глубокое впечатление оставили рассказы М. Горького, порою я не мог оторваться от них, и окончив чтение, начинал переводить рассказ предложение за предложением на казахский язык. Так я стал переводчиком рассказов М. Горького, а затем начал писать сам» [7].

Ғ. Мүсіреповтің прозадағы шығармашылығына оның Максим Горькийдің ана туралы әңгімелерін қазақшаға аударуы соны леп әкелді. Аналар тақырыбына жазған циклдік әңгімелер шоғыры да осы жылдары жалт ете түсті. Ғабит Мүсрепов Горькийдің екі әңгімесін қазақшалады. Олар – «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты әңгімелері. Жазушы әңгімелерді түпнұсқадағы рухты сақтай отырып, қазақи ұғымға бейімдеп, аса көркем түрде еркін аударды. Өзі тәржімалаған шығармалардың мазмұны Ғабеңе қатты әсер еткені сондай, ол аналар тақырыбына арналған әңгімелер топтамасын жазды. Атап айтқанда, олар – «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима» сияқты туындылары. Бұл шығармалардың қай-қайсысының да көркем әдебиеттің басты талаптарына сәйкес жазылған сәтті дүниелер екендігін әдебиеттанушы ғалымдар кезінде атап айтқан болатын. Осы шығармаларда әр қырынан алынып жазылған аналар бейнесі қазақ әдебиетінің үлкен табысы болып саналады. Әңгімелердің басты кейіпкерлері Қапия, Нағима, Ақлима қай-қайсысы да ерлік жасауға даяр тұратын ер аналар. Жазушы бұл кейіпкерлер тағдырын мейілінше қызық штрихтармен бейнелей отырып, қайсар, қайтпас рух иелері етіп көрсетеді. Бұлардың бәрі де нәзік жандылар болғанымен, рухы күшті, күрескер әйелдер.

Жазушы асқақ ана бейнелерін қиын тартыстар үстінде көрсете отырып, қоғамдағы алатын орнын, рухтарының мықтылығы мен анаға тән тамаша қасиеттерін қызғылықты оқиғалар үстінде әсем бейнелейді. Мысалы, «Ананың арашасындағы» Нағиманы алайық. Өз басына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жаралы болып жатқан қызыл әскерді жау қолына түсірмей, алып шығады. Өз баласы болса бір сәрі, бөтен әскер. Бөтен болса да халықтың азаттығы үшін күресіп жүрген боздақ екендігін сезіне отырып, азаматты аман алып қалу үшін өзі де басын бәйгеге тігеді.

Бұл шығармаларда адамның асқақ рухын көрсетумен бірге лапылдаған романтизм нышандары да бар. Оқиғалардың өтетін ортасы, қатысушы кейіпкерлердің болмысындағы ерекшеліктер, жағдайдың күрделілігі, бәрі тоғыса келіп, романтикалық сипатқа алып келеді. Кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар образ ашуға ұтымды қызмет етіп тұрған көркем әдістер.

Ғ. Мүсіреповтің аналар тақырыбына арналған әңгімелері жайлы академик Серік Қирабаев: «Жазушының ана туралы әңгімелері осы дәуірдегі үлкен жаңалық болып табылады. Оларда Ғабит М. Горькийдің әсерімен, ананы ардақтау, ананы қадірлеу идеясын көтеріп, оны романтикалық пафоспен жырлай білді. Ол Горькийден «Өлімді жеңген ана», «Адамның анасы» әңгімелерін еркін аударып, қазақ өмірінің шындығы негізінде «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ананың анасы» тәрізді әңгімелер жазды. Бұлардың қай-қайсысы болсын, өмір иесі – ананың парасатын, күш-қайратын, асқақ сезімін паш етті» деп өте орынды тұжырым жасайды [6].

Баспасөзде жазушының ана туралы жазылған шоғыр әңгімелерін аударма деп те атап жүреді, алайда бұл аударма емес. Ғ.Мүсіреповтің шығармалар жинағындағы аудармалар тарауына енбей, ана туралы аңыздар тарауына қосылып, кітап соңында шығармалар туралы түсінік бергенде М.Горький ізімен жазылған жазушының әңгімелері деп көрсетіледі.

«Ананың анасы» жазушының ғасырлар қойнауында қалған қазақы тұрмысты суреттейтін ең сәтті жазылған әңгімесінің бірі. Жазушы осы әңгімесінде кеңістік пен уақыттың өзара байланысын беруде небір тіркестерді пайдаланады: «Күннің көзінің өзі де күн ұзын көлге шомылып жанын сақтайтындай ...»; «Шалқыған шаңқай түс кезінде адамның көлеңкесі де саялауға жер таппай бауырыңа кіріп кетеді». Осы сөйлемдердегі аптап ыстық кездегі көл бетіне түскен күннің шуағы, адам көлеңкесінің тал түсте тым қысқарып жоқ болуы аса шебер суреттеледі. Қазақ әдебиетінің классигі, жазушының замандасы С. Мұқанов: «Ғ. Мүсірепов туралы» очеркінде оны «ұқыпты», «портрет жасауға шебер», «тілге үнемшіл» деп атап көрсетті[4].

Ғ. Мүсреповтің жетістігі – тілінің көркемдігі. Жазушының бейнелі суреті езуге жеңіл күлкі үйіріп, ащы мысқылға тұнып тұрады. Жоғарыда аталған аналар туралы әңгімелерінің бәрінде де қазақи өмірге, тұрмыс-тіршілікке, түсінікке жақын, ауыл өмірінің небір қырлары, ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, қоғам мен заман тынысы суреттеледі. «Кең көйлектің етегі арт жағынан жел үрген тауықтай түріліп кеткен Жәніш бәйбіше...» [3, 169]; «Кебіс табанына ұшып келіп, айран бетіне шаншыла түскен тезек сынығы құйрығын шошайтып, Жәніш бәйбішені нұсқағандай болды»[3, 169] секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Жазушының ана туралы әңгімелерінде қазіргі уақытта да өзінің мазмұндылығын, маңыздылығын жоймаған, қанатты сөздер мол кездеседі. «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!» [3, 145]. «Күнсіз гүл өспейді. Сүюсіз бақыт жоқ. Әйелсіз сүю жоқ. Анасыз ақын да болмайды, батыр да болмайды» [3, 151]. Жазушы әңгімелерінен осындай қанатты сөздерді молынан кездестіруге болады.

Қазақ әдебиеті тарихының алтын қорынан ойып орын алатын Ғ. Мүсреповтің шығармашылығы талай зерттеу еңбектеріне нысан болары сөзсіз. Себебі, әрбір қаламгердің өзіндік стильдік өрнектері, өздері сүйіп қолданатын тәсілдері, жазу машығы болады. Қаламгер сонысымен дара, сонысымен ерекше, сонысымен өзгеше. Ал мұндай даралық Мүсрепов шығармашылығының алтын қазығы.



әдебиеттер

1 Сүлейменов О. ...Всех их мы называем Учителями... // Казахстанская правда. – 1986. – 2 января.

2 Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі // Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Мектеп, 1981. – Б. 134-144.

3 Мүсрепов Ғ. Таңдамалы шығармалар жинағы. 3 томдық. – Т. 1. – Алматы: Жазушы, 1980.

4 Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар жинағы. 15 томдық. – Т. 15. Халық мұрасы. – Алматы: Жазушы, 1979. – Б. 552; б. 584.

5 Сатпаева Ш. К. Казахско-европейские литературные связи XIX  и первой половины XX вв // Монография. – Алматы: Ғылым, 1985.

6 Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Қазығұрт, 2007. – 456 б.

7 Мүсірепов Ғ. Заман және әдебет // Әдеби-сын еңбектері. – Алматы: Жазушы, 1982. – Б. 53, б. 90.


References

1 Suleymenov O. ...Vseh ih my nazyvaem Uchitelyami... // Kazahstanskaya pravda. – 1986. – 2 yanvarya. 2 Serghali''ev M. Ko'rkem a'debi''et tіlі // Maqalalar men zerttewler. – Almati': Mektep, 1981. – B. 134-144.

3 Mu'srepov Gh. Tangdamali' shi'gharmalar ji''naghi'. 3 tomdi'q. – T. 1. – Almati': Jazwshi', 1980.

4 Muqanov S. Tangdamali' shi'gharmalar ji''naghi'. 15 tomdi'q. – T. 15. Hali'q murasi'. – Almati': Jazwshi', 1979. – B. 552; b. 584.

5 Satpaeva Sh. K. Kazahsko-evropeyskie literaturnye svyazi XIX i pervoy poloviny XX vv // Monografiya. – Almati': Ghi'li'm, 1985.

6 Qi''rabaev S. Ko'p tomdi'q shi'gharmalar ji''naghi'. – T. 1. – Almati': Qazi'ghurt, 2007. – 456 b.



7 Mu'sіrepov Gh. Zaman ja'ne a'debet // A'debi''-si'n engbekterі. – Almati': Jazwshi', 1982. – B. 53, b. 90.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет