Ғылыми баяндама
Көркем әдебиет стилінің стильдік сипаты
Көркем әдебиет стилі' - проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың стилі (тілі). Көркем әдебиет стиліне тән бірнеше ерекшеліктер бар. Солардың бірі - тіл байлығы. Көркем шығармаларда қолданылмайтын сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер аз. Кез келген шығарма тек қана авторлық баяндаудан ғана емес, кейіпкер тілінен де турады. Ал кейіпкерлер әр жастағы, әр мамандықтағы, әр дәрежедегі білімді адамдар болып келетіндігі белгілі. Сондықтан да көркем шығармада кәсіби сөздер де, жергілікті тіл ерекшеліктері де, жаргондық сөздер де ұшырасып отырады. Көркем әдебиет стилінің екінші ерекшілігі - оның көп стильді болып келетіндігі. Мұның мәнісі қай жанрда жазылған шығарма болса да, онда тіл арқылы қарым-қатынас құралдарының барлық түрінің қолданылуында, яғни ауызекі сөйлеу тіліне қоса, публицистикалық, ғылым, ресми стильдердің элементтері осы стильде әр түрлі ыңғайда ұшырасып отырады. Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшілігі бұл стильде орындалатын еңбектердің басты міндеті эстетикалық тәрбие беретіндігімен тығыз байланысты болып келеді. Екінші сөзбен айтқанда, көркем шығармада сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі алғашқы орынды алады. Сондықтан да троптардың және фигуралардың барлық түрлері басқа стильдерге қарағанда Көркем әдебиет стилінде барынша мол жұмсалады. Көркем әдебиет стилінің функциональдық стильдер жүйесінде алатын орнына қатысты әр қилы пікірлер айтылып жүр. Стилистердің бір тобы (Л. Н. Максимов, Н. М. Шанский, Н. А. Мещерский, К. А. Панфилов т. б.) көркем әдебиет тілін функциональдық стильдерден тыс, мүлдем бөлек тілдік құралдар жүйесі деп қараса, P. А. Будагов, А. И. Ефимов, И. Р. Гальперин, Э. Г. Ризель, М. Н. Кожина, Б. Н. Головин, A. Н. Васильева, Д. Э. Розенталь, A. Н. Гвоздев сияқты ғалымдар Көркем әдебиет стилін басқа стильдермен "терезесі тең", себебі көркем әдебиет те тіл қолданудың аясы болып табылады әрі әлеуметтік қызмет атқаруға қатынасады, ал эстетикалық қызметі сол әлеуметтік қызметтің бірі деп санайды.
Көркем әдебиеттің өз стиліне тән ерекшеліктері болады:
Тіл адам баласының іс-әрекеттерінің барлық жақтарын тегіс қамтиды. <<Тілдің қимыл өрісі шексіз>>. Адам өз ойын жеткізу үшін ғана сөйлесіп қоймайды, көңіл күйін, эмоциясын білдіру арқылы басқа адамдардың да сана-сезіміне әсерін тигізеді. Ол әсер сөйлеу тілімізде айтушының өз түсінігі бойынша, өз ойын тіл құралы атқылы жеткізе білуінен болса, көркем шығармалар – жазушының өмір тануына, дүние сезінуіне, көзқарасына сол өмір фактісін жинақтап, қорытып бейнелі тілмен жазу мәнерінен болады. Сөйлеу тілімізде сөздер бұрыннан машықталған үйреншікті қалыпта жұмсалады, ал көркем шығамада сөздер сараланып, белгілі стильдік мақсатта қолданылады. Көркем сөзбен жазылған әдеби шығарма – өмір фактілерін жан-жақты терең қамтитын жанды организм. Онда адам да, аң да, құс та, табиғат та – бәрі де қатысады. Тұрмыс – салт, шаруашылық, экономика салаларының қалпы, даму жолдары көрсетіледі. Көркем шығармада көптеген кейіпкерлер болады. Олар жағымды, жағымсыз образдарға бөлініп, топталады. Олардың әрқайсысының өз алдына жеке-дара сырт пішіні – порт реті – жасалып, іс – әрекеттері, ой-өрісі, өмір тануы суреттеледі. Ол кейіпкерлердің тіл ерекшеліктері болады. Сөйтіп типтік образдар жасалады. Шығармалардағы адамдар табиғат қоршауында әрекет жасайды. Мұның бәрі шығарманың идеялық мазмұнын, көркемдік ерекшелігін айқындауда маңызды роль атқарады. Шығарманың көркемдік қасиеті ондағы қайталаусыз әр алуан образдар мен өмір құбылыстарының картиналары бейнелеулер арқылы көрінеді. Мысалы:
Аузы – алмас, тілі –у,
Арам көңіл, ала ту.
Кең жемсаулы, кең қарын,
Найзадай түйреп қолдарын
Қорқау қасқыр – <<жан>> жүрді1
С. Мұқанов осы бір шумақта бұқара халықты рақымсыз етіп, жаншып, өктемдігін жүргізген қиянатшыл заманның мейірімсіз өкілдерінің жиренішті кескін – кейпін ұтымды теңеу, эпитеттер арқылы оқушының көз алдына елестетеді.
Осындай суреттеуге М. Әуезовтан тағы бір мысал: Қызылды-жасылды қылып сәнмен жиылған жақсы үйлерде қалың көрпе, құс жастықтарға көмілген жуан билер, күндіз-түні семізді кертіп жеп, кекірігі азғанша майға бөгіп жатқан. Бұлар, малына індет келген ауылдың иттері сияқты, жаны шығып, құйрығын сыртқа салып, көзі қызарып құтырғандай қанталап, қауып түсетін сияқты түр көрсетеді2.
Немесе, … долданып құтырған Қоқыштар, Сәрсендер жуан – жуан жақсы киімді, боқтығы күшті үлкендер…
Бұл мысалдардан образды сөздердің атқаратын қызметі ерекше сезіледі. Сонымен бірге мұнда сөз қолдану, сөйлем құрылысы, тіпті контекст – барлығы да экспрессивті – эмоционалды тәсілдерін шебер пайдаланған. Жазушы суреттеп отырған шындықты оқушы көзбен көргендей ақын сезінеді.
Міне осылай көркем әдебиет стиліне тән өз ерекшеліктері болады.
Достарыңызбен бөлісу: |