ХАН ҚОРҒАН
Қазақстанның оңтүстік өңірі, соның ішіндегі Сайрам ауданы тұнып тұрған тарих. Жаңа археологиялық мәліметтер «Арыс мәдениеті» деген егіншілік пен мал шаруашылық мәдениеттің болғандығын дәлелдеп отыр. Сайрам ауданында 69 қорған және қамал-төбелер анықталған. Олардың басым бөлігіне әлі археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген екен. Ертедегі дәуірден бастап жоңғар шапқыншылығы кезеңіне дейінгі тарихымыздан сыр шертетін бізге беймәлім тың дүниелер жер қойнауында өз зерттеушілерін күтіп жатыр.
Жергілікті студенттердің көмегімен Сайрам ауданының Мәдени елді мекенінің Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан Ханқорған төбесіне тарих ғылымдарының докторы С.Жолдасовпен бірге арнайы сапар шектік. Төбенің тарихымен таныс кісілерді іздеп тауып әңгімелестік. Қарабұлақ ауыл округіне қарасты осынау жердің табиғаты әсем, құнарлы топырақты Арыс, Машат, Ақсу өзендерінің арасында орналасқандығы стратегиялық жағынан қолайлы екендігін көрсетеді. Арыс өзенін бойлай батысқа қарай бағыт алған Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқандығына көз жеткізуге болады. Жібек жолын бойлаған төбелердің басына қараңғыда немесе ауа-райының бұлтты, туманды кезінде от жағылып қойылатын болған, ол жол көрсетуші қызметін атқарған. Жалпы төбелердің басым бөлігі жібек жолында сауда-саттық қызған дәуірде қолдан тұрғызылған. Арыс мәдениетінің Қарауылтөбе кезеңі (б.з. б. ІҮ ғ.-Іғ.), Қаратөбе кезеңі (б.з.б І ғ.-б.з. ҮІ ғ.), Алтын төбе кезеңі (б.з. ІҮ ғ.-ҮІ ғ.) деп бөлінетіндігін археолог–ғалым А.Н.Подушкин өз еңбегінде жан-жақты көрсеткен. Ғалымның айтуынша «Ханқорған» Арыс мәдениетінен кейінгі кезеңде Қарахандар мемлекеті дәуірінде (942-1213 жж.) тұрғызылған дейді. Қорғаннан Қарахандар дәуірінің керамикалық бұйымдары табылған және қамал қорғанының ертедегі құрылыс нысаны болғанын көрсетеді. Қорғанның қабырғасының қабаты үсті-үстіне қабат-қабат салынған. ҮІІІ-ХІІ ғасырларда пайда болған. Биіктігі 8-12 метрді құрайды. Көлемі 2-2,5 гектарды алып жатыр. Қорған қаланың цитаделі-орталық бөлігі саналады. Цитадельдің төңірегінде көптеген рабадтар-елді мекендер болған екен.
Тиянақты қазба жұмыстары әлі жүргізілмепті. 2009 жылы Алматыдан бір топ археологтар келіп, қазба жұмыстарын жүргізіп, металл ерітетін ошақты тауып бастаған ісін аяқсыз қалдырған. Кейбір тарихи еңбектерде «Абылай хан жарлығымен салынған бекініс» деп жазылып жүргені тарихи шындыққа сәйкес емес екендігіне көз жеткіздік.Жергілікті халық өкілдері «Ханқорған- бір кездері Абылай ханның ставкасы болған, Жәнібек хан отырған. Жәнібек салдырған қорған»дейді. Ханқорған жөнінде Өзбекәлі Жәнібеков «...Шымкенттен жиырма шақырымдай жерде Абылайханның ставкасы-Ханқорған тұр. Абылай ханның немересі Сыздық сұлтан орыс генералдары арқылы Бұхара әмірінен бала-шағасын алдырып, өмірінің соңына дейін осы қорғанда тұрды...» деп жазады.
Қарабұлақ орта мектебінде көп жылдар тарих пәнінің мұғалімі болып істеген, зейнеттегі қарт ұстаз Әбдімәулен Далабаев Қарабұлақ өңірінің тарихы туралы танымдық мәні бар шағын кітап жазыпты. Ол Ханқорған тарихына қатысты мынадай қызықты мәлімет береді: «Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа бара жатып Шымкенттің солтүстік-шығысындағы жиырма шақырым жердегі Қорғанда аялдады, оған себеп қар қалың жауып Арыс өзенінің мұз басуын күткен болу керек. Әскерін шығыс жағалауға өткізіп жатқанда мұз жарылып Темір суға құлаған екен. Осыдан кейін қатты суықтап, көп ұзамай қайтыс болыпты. Ұлдарына және әскербасыларына жорықты жалғастыра беріңдер» деп өсиет айтыпты. Ә.Далабаев Әмір Темірдің суықтан ауырып қайтыс болғаны туралы деректерді Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институында оқып жүрген кезінде есіткен. Йездидің Темір туралы жазбаларында Шымкент қамалы туралы алғашқы жазба дерек кездесетіндігі мәлім. Ал Темірдің Арысты кешкен жері осы Ханқорған маңы болуы бұл ел ауызындағы дерек.
Жалпы қорған туралы ел ауызында аңыз-әңгімелер көп. Сынған қылыш, жер асты су құбырларының қалдықтары, құмыра ыдыс-аяқ сынықтары төбе маңынан көптеп кездеседі. Ең қызықты әңгімені өз өмірінің елу жылын тарих пәнінің мұғалімі қызметіне арнаған Мәдени мектебінің зейнеттегі қарт ұстазы Тұрғанбек Дүйсәлиев айтып берді. Ханқорған маңында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан мен ағасы Ахметке тиіселі жерлер болғандығын Нафуса Кенесаринадан есітіпті. Ахмет Кенесарыұлы 1866-1887 жылдар аралығында Шымкент уезінің бастығының кіші көмекшісі болып қызмет атқарған. Заурядник әскери-старшина шеніне дейін көтерілген. 1878 жылы інісі Сыздық сұлтан Түркістан генерал-губернаторы Ф.Кауфманның атына «берілгендігін білдіріп» баспана сұрап келген, губернатордың рұқсатымен Сыздықты Ханқорған маңына орналастырған. Бұл жөніндегі деректер облыстық мұрағаттағы құжаттарда ( 1-Қор, 56 іс) ішінара көрініс тапқан. Т.Дуйсалиев Ханқорғанның жоңғар шапқыншы-лығына қарсы ерлік шайқасы туралы «Ханқорғанның соңғы Ерлігі» деген бір актілі үш көріністі пьеса жазыпты, оны оқушылар мектеп сахнасында бірнеше рет орындаған көрінеді. Пьеса бойынша 1723 «Ақтабан шұбырын-дының ...» басталған жылы көктемде Ханқорғанда жоңғарлармен қиян-кескі шайқас болыпты. Қорған бірнеше күн ерлікпен қарсыласқан. Моңғол шапқыншылығынан алты ай қорғанған Отырардың ерлігін қайталаған. Қазақ батырлары бес мәрте жекпе-жекке шыққан екен. Қорғанның оңтүстік жағында екі-үш шақырымдай жерде Ақтан ата деген жерде бұлақ болыпты. Бұлақтан су қорғанға жер астымен қыш құбырлар арқылы келіп отырған. Бірнеше ай қоршауда қалса да қорған берілмейді. Қамалды қорғап отырған Төребек батырдың үшінші әйелі Торғын сұлу тұтқынға түсіп қалған. Жоңғар қолының мыңбасысы тоқал етіп алса, қорғанның берілмеу сырын айтатынын білдірген. Сыр-бұлақтан келетін жер асты құбыры болатын. Әуіз бекітіледі. Құбырдан судың келуі тоқтайды. Бірнеше күннен соң қамал құлаған. Жоңғар мыңбасысы Торғын сұлды «...сен маған да опасыз етерсің» деп өлтіртіп тастаған екен. Пьесадағы оқиға тарихи шындыққа біршама жақын болғанмен, Төребек батыр, Торғын сұлу ойдан шығарылған кейіпкерлер.
Қожабергеннің «Елім-ай» дастанында Сайрамды күл-талқан еткен Сыбан Рабдан екендігі айтылады. Жоңғар әскерінің бас қолбасшысы Сыбан Рабданның Сайрам және оның төңірегін аяусыз шапқан жыл 1684. Сыбан Рабданның өзі келіп шайқасқа қолбасшылық жасағанда ғана жоңғарлар жеңіске жеткен. Сайрамның екінші рет қалмақтың шапқыншылығына ұшыраған, түпкілікті талқандалған жыл 1690 немесе 1693 жыл. Егер жорық сол қарқынмен жүре бергенде, қазақтардың жағдайы не болары белгісіз еді. Сол кезеңде Жоңғар қонтайшысы мен Қытайдың Цинь билігі арасындағы қатынастың шиеленісуі жоңғарлардың назарын сол жаққа аударып әкетті.
Қазақтардың Мәртөбедегі жиыны Сайрам құлағаннан кейін өткізілмей қалса, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыдан...» кейін Күлтөбенің басындағы жиын да тарады. «Күлтөбедегі күнде кеңес» болып келген тұс, дәл сол 1684 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді. Осы арада Тәуке хан жоңғар-қытай соғысына байланысты патшалық Ресейден өзіне саяси әрі әскери одақтас іздеді. Отпен ататын қару-жарақ алуға баса көңіл бөлді. 1686-1693 жылдардың өзінде Сібірге бес рет елшілік жөнелтті. Елшілік нәтижесіз болғаны белгілі. Мәртөбе Сайрам қаласының маңында болса, күнде жиын өткен Күлтөбе Ташкент қаласынан 45 шақырым оңтүстіктегі Пскент ауданы аумағындағы Ангрен өзенінің жағасында орналасқан.
Ханқорғанда металл ерітетін ошақтың табылуы, онда отпен ататын қару жасалды деген болжамды туғызады. Жоңғарлар осы маңызды өндіріс орнын қалайда алуды көздегені анық. Демек, қиын-кескі шайқас болды деуге толық негіз бар. Бірақ ол 1723 жылы емес 1684 немесе 1690, 1693 жылдар болуы әбден мүмкін. «Ханқорғанның соңғы Ерлік шайқасы» кезінде үш мыңнан астам адам опат болыпты. Қорған маңындағы елді мекендер аяусыз тоналған.
Абылай Ханқорғанның ерлігін есіткен, оны мақтаныш еткен деуге негіз бар. Қорғанды өз көзімен көрген соң, Түркістан мен Көкшетау аралығындағы жолдың торабында орналасқан қорған екендігін байқаған.
Абылай хан Арыс пен Сыр өңіріне ықпал ету мақсатындағы Бұхара әмірімен болған даулы кезеңдерде бірнеше рет Ханқорғанда жиын өткізген. Бұхарамен мәселені бейбіт шешуге мәмлеге келеді. Бұхара әміріне елші мен сый-сыралғы жібереді. Бұхара әмірі Абылай ханның өзі келіп мәміле жасаса әскерін кері қайтаратынын айтады. Бұхара әмірінің иелігінде қонақ болады. Нәтижеде Ташкент пен Арыс алқабында қазақтар емін-еркін көшіп жүруге мүмкіндік алады. Шайқаспен жеңіп алмағанына қатты өкінген екен. Содан құса болып ауырып, Ханқорғанда бір апта төсек тартып, жатып қайтыс болған. Шілденің аптап ыстығында киізге орап, оған үнемі су құйып отырып, Түркістанға алып барып жерлепті. Жалпы ел ауызында Абылай ханның қайтыс болған жері туралы әңгіме көп, соның бірі осы Ханқорған төбесі.
Қарабұлақ ауыл әкімшілігіне қарасты ауылдарда 40 мыңнан астам халық тұрады. Ауыл ортасында орналасқан 20 бөлмеден тұратын мұражай болған екен. Жергілікті тарихшылар «жеріміздің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін осы мұражайды «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтірудің орнына басқа мақсатқа жекешеленіп кетті» деп алаңдайды.
Жұмбағын ішіне бүгіп жатқан төбенің шындығы қашан ашылары беймәлім.
Ханқорғанда еліміз тарихының бір парасы, еліміздің рухы жатыр. Сондық-тан оны құрметтеу ел тарихына деген құрмет екендігі сөзсіз.
Бахадыр Айтай, т.ғ.к.
Достарыңызбен бөлісу: |