Хлорофилл дәндері жапырақ түсінің өзгеруі
Хлорофилл (гр. chloros — жасыл және гр. phyllon — жапырақ) — Күн сәулесінің қуатымен фотосинтез процесін іске асыратын өсімдіктердің жасыл пигменті. Хлорофиллдің бірнеше типі (Х. a, b, c, d) бар. Хлорофиллдің бұл типтері бактериялар, балдырлар, жоғары сатыдағы өсімдіктердің құрамында кездеседі. Фотосинтездеуші бактериялардың барлығына бактериохлорофилл пигменті тән. Химиялық құрылымы жағынан барлық хлорофиллдер пирролдың магнийлі тұздары болып табылады. Олардың молекулаларында төрт пиррол сақиналары өзара метилдік көпіршелері арқылы байланысып, порфирин ядросын құрайды. Пиррол сақиналарындағы азот атомдары төрт үйлестіргіш байланыс арқылы тұтасады. Порфириндік құрылымға бесінші болып циклопентан сақинасы жалғасқан. Тетрапиррол және циклопентан сақиналарынан құралған — хлорофилл молекуласының негізгі бөлігі форбин деп аталады. 4-пиррол сақинасының жанама тізбегіндегі пропион қышқылы күрделі эфирлі байланыс арқылы фитол спиртімен (С20Н39ОН) жалғасқан. Хлорофилл молекуласындағы тетрапирролдық циклдің сырт жағындағы көміртек атомдары 1 — 10 сандарымен белгіленеді. Сол атомдардың 1, 3, 5 және 8-дерінде метил топтары, екіншісіне — винил, төртіншісіне — этил топтары жалғасқан. Хлорофилл молекуласындағы магний атомы оның біраз маңызды физикалық-химиялық қасиеттерін анықтайды. Магнийдің тетрапирролдық құрылымға енуі хлорофиллдің спектрлік қасиеттерін біраз өзгертеді. Магнийдің әсері пиррол сақиналарындағы азот атомдары арқылы жүзеге асады. Порфирин құрылымындағы азот атомдарының мәні біркелкі болмайды: олардың екеуі үшінші азот (>N), қалған екеуі имминдік азот деп аталады. Сонымен қатар хлорофилл молекуласының күрделі қосындыларды түзушілік қабілеттілігі де магний атомына байланысты. Хлорофилл а пигментінің химиялық құрылысын зерттегенде оның фотосинтез процесінің үш қызметін — сіңіру, сақтау және қуатты өзгертуге бейімделгенін көрсетеді. Хлорофилл молекуласының үлкен бөлігі жарық қуатын қабылдап, оны фотосинтездің реакциясының ортасына тасымалдайды. Бұл процесте хлорофилл молекуласының қозуы мен қуат қорын жинауы қатар жүреді. Хлорофилл молекуласының кіші бөлігі фотосинтездің реакциясының ортасына қосылған және тікелей фотохимиялық реакцияларға қатысады. Фотосинтездік орталықтағы хлорофилл молекуласы сіңірілген квант қуат арқылы молекулааралық электрон тасымалдау — тотығу-тотықсыздану процесін жүзеге асырады. Фотосинтездің алғашқы Н) жәнеН, НАДФпроцестері кезінде тотықсыздырғыш өнімдер (НАД аденозинүшфосфор қышқылы (АТФ) синтезделеді. Осы қосылыстарда шоғырланған қуат кейін Кальвин цикліне кіретін көміртектің биохимиялық айналымында қолданылады. Сонымен, хлорофилл сіңірген жарық қуаты фотосинтез процесі арқылы органикалық өнімдердің әлеуетті химиялық қуатына айналады. Фототрофты бактерияларда фотосинтез процесіне хлорофиллдің аналогы бактериохлорофилдер қатысады.
Өсімдік жапырақтарының жасыл болуының себебі, оның құрамында өсімдік жасушасына тән пигмент — хлорофилл бар.
Пигмент деп — түскен сәулені өзіне сіңіретін бояғыш затты атаймыз. Хлорофилл күн сәулесін сіңіріп, одан алған энергияны қоректік заттарды синтездеу үшін пайдаланады.
Күз мезгіліндегі жапырақтардың түсі
Күзде өсімдік жапырақтары өзінің жарқын жасыл түсін жоғалтады. Мысалы, теректің жапырақтары алтын түске өзгерсе, үйеңкі ағашы қызыл түске бояла түседі. Жапырақтардың құрамында химиялық құбылыс пайда болады, яғни хлорофил өзгеріске ұшырайды. Күз келісімен өсімдіктер қысқа дайындығын бастайды. Қоректік заттар жапырақтардан бұтаққа, діңі мен тамырына баяу жылжиды да, қатал суыққа төтеп бере алатындай қор жинайды. Көктемнің келуімен өсімдіктер жаңа жасыл жапырақтардың пайда болуы үшін қорда жинақталған энергияны пайдаланады.
Су, қоректік заттар мен жапырақтар
Қоректік заттардың энергиясы таусылған кезде хлорофилл синтезі де тоқтайды. Жапырақта қалған хлорофилл шетінен ыдырай бастайды. Сосын басқа түсті пигментер түзіледі. Кейбір өсімдіктердің жапырағында сары немесе қызғылт-сары пигменттер бар. Бұл пигменттердің басым бөлігі сәбізге қызғылт-сары түс беретін — каротиннен тұрады. Мәселен, қайың мен жаңғақтың жапырақтары хлорофиллдің ыдаруы салдарынан ашық-сары түске, ал басқа ағаштардың жапырақтары қызыл түстің әр алуан реңктеріне боялады.
Кейбір жапырақтардың қызыл, күңгірт-қызыл, күлгін реңктері антоцианин пигментінің түзілуінен пайда болады. Бұл пигмент қызыл орамжапырақта, раушан мен қазтамақ гүлдерінде кездеседі. Күзде суық ауа-райының әсерінен жапырақтарда химиялық реакция пайда болады да хлорофиллді қызғылт-сарыға бояйды. Антоцианның каротин мен басқа сары түсті пигменттерден бір айырмашылығы — ол жасыл жапырақтарда мүлде кездеспейді. Ол жапырақтарда тек суықтың әсерінен пайда болады. Күзгі жапырақтардың түсі адамдардың шашының түсі іспеттес, әр түрдің өзінің генетикасына байланысты түсі болады. Ал түсінің ашық немесе көмескі болуы ауа-райына тікелей байланысты.
Жапырақтар қашан ең қанық түстерге енеді?
Күз мезгілінде, дала ұзақ уақыт құрғақ әрі суық болғанда жапырақтардың түсі жарқын, қанық болады (0-ден 7 0С – антоцианиннің түзілуіне өте қолайлы температура). Күзде Вермонт штаты сияқты жерлерде жапырақтардың ең керемет түстерін бақылауға болады. Ал, мысалы, климаты жаңбырлы, ауа-райы үнемі бұлтты Ұлыбританияда жапырақтар коңыр, күңгірт-сары болып келеді.
Жапырақтармен бірге өсімдіктер керемет түстерін де жоғалтады. Жапырақтар бұталарға ерекше шыбығымен жалғасып тұрады. Қыс түскенде шыбықтың жасушаларының арасындағы байланыс ыдырайды. Осыдан кейін жапырақ пен бұтаның арасын жапыраққа су мен қоректік заттарды жеткізіп отыратын жіңішке талшық қана жалғайтын болады. Әлсіз самалдың өзі немесе жаңбыр тамшысы бұл байланысты оңай үзе алады. Жерге түскен жапырақтар түрлі-түсті қалың кілемшеге ұқсап, күзге сұлу көрініс сыйлайды.
Өсімдіктер де борсық, тиіндер секілді, қысқа қор жинап, оны сабақтарына, тамырына, бұтақтарына сақтайды.
Су бармаған соң жапырақтар құрғап, кебеді де ағаштардан үзіліп түседі. Ауада желмен қалықтап, жол жиектеріне төселе кетеді. Сары және қызыл жапырақтар жерге түскеннен кейін де түсін біраз апта бойы сақтай алады. Бірақ, уақыт өте пигменттер ыдырай бастайды. Жалғыз танин пигменті ғана қалады (иә-иә, шайға түс беретін де осы пигмент).
Пайдаланылған әдебиеттер
1. "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том
2. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: К54 Қоғамдық тамақтандыру.— Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 232 бет
Достарыңызбен бөлісу: |