Ыбырай алтынсарин-ұлы педагог



Дата27.12.2016
өлшемі67,06 Kb.
#5451
.

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН-ҰЛЫ ПЕДАГОГ

Ұлы педагог, қаламгер, көркем сөз шебері, алғашқы мектеп, тұңғыш мұғалім, Торғай өңірі, қазақ хрестоматиясы, аудармашы, қыздар училищесі, әдіскер-ғалым, балалар жазушысы, мәдениет қайраткері.


Бұл мақалада Ы Алтынсариннің халықшыл, өмір шындығын таныта білген қаламгер екені туралы айтылады. Сонымен қатар, қазақтың әдебиет тарихында алғашқы балалар жазушысы, қазақ даласына оқу-ағарту тәжірибиесінде педагогиканың негізін қалаушысы.

Ы.Алтынсарин- тұнғыш әдіскер-ғалым, жетік педагог- маман, халық ағарту ісінің ұйымдастырушысы ретінде көрінеді.


XIX ғасырдың 60 жылдарында өмір кешкен қазақ халқының адал перзенті, ұлттық мақтанышы, қазақ педагогика ғылымының негізін салушы, сөз зергері, аудармашы, қоғам және мәдениет қайраткері. Ыбырай Алтынсариннің есімі қоғамдық ой-пікірдің, төл мәдениетіміздің өркендеу тарихынан үлкен орын алады. Сондай-ақ, М.Әуезов өзінің «Ы.Алтынсарин — қазақ мәдениетінің зор қайраткері» (Уақыт және Әдебиет, Алматы, 1950) атты мақаласында: «Қазақ халқының тарихында үш бірдей биік мұнара бар. Олар Шоқан, Ыбырай және Абай.

Ыбырай Алтынсарин — халықшыл, өмір шындығын таныта білген қаламгер.

Мектеп ісінде Алтынсарин бірінші кезеңге мұғалімді қойды. Ол жөнінде өзі былай дейді: «Халық мектебі үшін басты тұлға – мұғалім, ең тамаша деген педагогикалық басшылық, ең жомарт деген мемлекеттік жарлықта, тыңғылықты педагогикалық бақылау да онымен теңесе алмайды». Білім беру ісі жаңа жанданып келе жатқан қазақ даласы үшін оның пікірінше, мұғалімнің маңызы ерекше жоғары, сондықтан да ол «жақсы мұғалімді дүниедегінің барлығынан жоғары бағалаймын» деген еді.

Алтынсарин әлем әдебиетінен К.Ушинский, Л.Толстой, И.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды.Ел аузынан жиналған мақал-мәтелдер, эпос үлгілері, ақындар сөзі Ыбырайдың зерттеушілік қырын ұштай түседі.Ыбырай қазақ балаларының менталдық бейнесін жасаған жазушы, көркем сөз шебері. Оның дидактикалық әңгімелері қазақ баласының жан сарайын, кәсіби ойлау қабілеттерін қамтиды.Ыбырай Біріншіден, Ыбырай Шоқан мен Абайдың туған халқын мәдениетті халықтар қатарынан көргісі келетін арманын өз қолымен іс жүзіне асырды. Ол бұратана халықтар үшін тың үлгімен мектеп ашып, оқу құралдарын жазып, жинақтаған жаңашыл-педагог.Екіншіден, өзінің шығармаларын қос тілде бірдей жазды. Үшіншіден, соқтықпалы соқпақты, дүбірлі кезеңдерде Ыбырай өз халкымен бірге болып, оның барлық ауыртпалығын бөлісті. Бүгінгі күн тұрғысынан айтқанда, Ыбырайдың шығармашылығы мен өмір жолы инновациялық идеялар мен іс-әрекеттерден тұрады. Ыбырай шығармашылығына арналған зерттеулерге жүгінер болсақ, ол өзінің қолға алған барлық істерінде тұңғыш, негізін қалаушы, көшбасшы ретінде көрінеді. Мысалы, Ыбырай қазақтың әдебиет тарихында алғашқы балалар жазушысы болды.

Бір Аллаға сиынып,

Кел, балалар, оқылық, —

деп басталатын әйгілі өлең шумақтары жасөспірімдерді сауат ашып, білім алуға, материалдық емес, рухани байлықты азық етуге шақырады:

Мал дәулеттің байлығы,

Бір жұтасаң жоқ болар.

Оқымыстың байлығы

Күннен күнге көп болар,—

деп өнер-білім құдіретін өлеңмен өрнектеген Ыбырай — ақынның өсиет өлеңдерінің тілі көркем, ойы мейлінше терең.

Ы.Алтынсарин қазақ шәкірттерінің таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазу мәселесімен де жемісті шұғылданды. Ол орыс-қазақ училищелеріне К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесі» , Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу кітабын», Б.Ф.Бунаковтың «Әліппе мен оқу кітабын», Тихомировтың «Грамматиканың элементарлық курсын» оқу құралы ретінде ұсына отырып, кейін солардың үлгісімен өзі де «Қазақ хрестоматиясы», « Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты екі оқу құралын бастырып шығарды. Ол қазақ сахарасында тұңғыш рет ана тілінде дүние тану мектебін ашып, оның тұңғыш мұғалімі болды, қазақ тілінде әліппе жазды, алғаш рет ана тілінде оқулық – хрестоматия шығарды. "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы" жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица әрпі негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды.Хрестоматия балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгерін де іріктеп кіргізді.«Қазақ хрестоматиясы» арқылы жеткен Ыбырайдың бүкіл әдеби мұрасы оның көркем шығарма жазуды ағартушылық идеясына бағындырғаны айқын көрсетеді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, үлгілі істерге үйрететін күшті құрал деп ұқты.

Алтынсарин дүние жүзі педагогика классиктерінің гуманистік идеяларын басшылыққа алып, оларды қазақ даласында оқу-ағарту тәжірибесіне енгізген тұңғыш педагог болды.Хрестоматияға Ыбырай, біріншіден, қазақ халқының ертегілерін, аңыз-әңгімелерін таңдап, талғап енгізуге зер салса, екіншіден, өзінің дидактикалық ақыл-нақыл түрінде жазылған қысқа әңгімелерін енгізді, үшіншіден, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Паульсон, И.А.Крыловтардың тәлімдік мәні зор шығармаларын аударып кіргізді. Ол өзінің хрестоматияға енгізген әдеби шығармаларының бәрін негізгі педагогтық ісімен тығыз байланыстыра білді. Яғни хрестоматияға енгізген материалдарды іріктеуде, біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабардар ету принципін, екіншіден, оқытуларды адалдыққа, қайырымдылыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына таратуды көздеді. Үшіншіден, жастардың әсіресе бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді іріктеп, таңдап беруге тырысты. Ы. Алтынсарин 1886 жылы «Қазақтың болыстық мектептері туралы записка» деген еңбегінде Торғай облысындағы мектептердің жағдайын сараптай отырып: « ...отырықшы халықтармен сыбайлас болып отырған қазақ халқының арасында өзінің көрші тілін білуге, олардың жазуын үйренуге ұмтылушылық күшейіп келеді, өйткені, біріншіден, олардың қазіргі экономикалық жане саяси жағдайының өзі аяқтарын аттап басқан сайын дерлік, мысалы, орыс тілін, орыс жазуын білуді қажет деп отыр; екіншіден бұл халық өзінің табиғи жаратылысында әр нәрсені білуге құмар жане ұғымпаз зерек халық» деп жаза отырып, осы табиғи мүмкіндіктерді дамытып, оны халықтың игілігін арттыруға тиімді пайдалануға жағдай жасау қажеттілігін ескертеді. Ы. Алтынсарин «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту» жөніндегі оқу құралына өзінің негізгі идеяларын баяндаған.

Ы. Алтынсарин өмір сүрген уақытта орыс тілін ғылым мен білімге ұмтылу үшін үйрену қажеттігі алдыңғы қатарға шықты. Кеңес дәуірінде қазақ балаларының көбі орыс тілін еркін меңгеріп, қос тілді тұлғаларға айналды. Қазақстан ұстанып отырған тіл саясатының мәні осында. Тілді жақсы білу – толеранттылық мәдениетін қалыптастыруға негіз болатын маңызды фактор. Республикада бірнеше тілдерді еркін меңгерген азаматтардың саны көбейіп келеді. Бұл қазақ халқының менталитетінен заңды туындайды.

Ыбырай өзінің мәдени-ағарту қызметінде сауаттандырумен шектелген жоқ, тап бүгінгідей жастарды кәсіптендіру мәселесін қоса көтерді. Бүкіл қазақ қауымын өзіне қаратып, балаларды жаппай мектепке тартқан жас Ыбырайдың мәдени-инновациялық қызметі оны біраз сергелдеңге салды. Ыбырайдың қазақ-орыс тілді бастауыш мектептері жалпы Орта Азиялықтарға, қазақ халқына тән менталитет пен еуропалық озық үлгілердің синтезі негізінде құрылды.Ыбырай Алтынсарин бастауыш мектеп педагогикасы мен әдістемесінің негізін қалаған тұңғыш әдіскер-ғалым, кіші жастағы балалар психологиясына жетік педагог-маман, бастауыш мектеп оқулықтарының, әдістемелік құралдардың авторы. Қыздарға арналған мектеп интернаттарын ашып, кітапхана ісін ұйымдастыруда, қазақ мұғалімдерін дайындап, кәсіби білігін арттыруда да Ыбырай көшбасшылық қызмет аткарған. Қазақ жеріндегі кәсіптік мектептер Ыбырайдың белсенділігімен ресми сипат алып, еуразиялық үлгіде өрісін кеңейтті.

Қорытындылай келе,келешекке сенімі мол Ыбырай өмірі көркі, болашақтың иесі-жастар деп ұқты. Бүгінгі өміріміз көрсетіп отырғандай, Ыбырай Алтынсарин негізін қалап берген білім беру жүйеміздің ақыры жаман болған жоқ. Соңғы жылдары қазақ тілінің мәртебесі өсіп, оның әрекет ету аясы кеңейді. Бұған басты себеп – қазақ тілінде білім беру кеңістігінің ұлғайып, сапалы оқулықтардың көбеюі. Ы.Алтынсаринның ХІХ ғасырдың аяғында өзінің педагогикалық қызметінде ұстанған негізгі принциптері ХХІ ғасырға аяқ басқан, бәсекеге қабілетті 50 елдің қосылуға ұмтылыс жасап отырған Қазақстанның қазіргі рухани – мәдени дамуында өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Ең бастысы Ыбырай Алтынсарин-педагог, халық ағарту ісінің ұйымдастырушысы. Егемен еліміздің өркениеттілікке жету жолында Ыбырай Алтынсариннің де үлесі бар екенін біліп, айта жүретін жаңа буын жастар бар деп сенім артамыз.

Ыбырай Алтынсарин- нағыз халықшыл жазушы ағартушы ақын, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген тамаша қаламгер.Ең бастысы Ыбырай Алтынсарин- педагог, халық ағарту ісінің ұйымдастырушысы.Егемен еліміздің өркениеттілікке жету жолында Ыбырай Алтынсариннің де үлесі бар екенін біліп, айта жүретін жаңа буын жастар бар деп сенім артамыз.

...«Туған елге пайдалы іске қолдан келгенінше үлес қосу — әрқайсымыздың міндетіміз», — деп кеткен көреген ғұламаның сөзі де, ісі де әрқайсымызды өмірге құлшындырып, жаңа ғасырлардан жалғасын таба берсе керек.



Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Қостанай таңы» газеті №88 2009ж.

  2. «Қостанай таңы» газеті №89 2009ж.

  3. Республикалық басылым: « Егемен Қазақстан» 2009ж.

  4. «Саясат» журналы №6 Алматы 2005ж.

  5. «Қазақстан жоғары мектебі» №3 Алматы 2005ж.

  6. «Білім» журналы №1 Алматы 2009ж.

  7. «Ы. Алтынсарин тағылымы» Алматы 1991ж.

  8. «Ы.Алтынсарин» Алматы 2007ж.

  9. «Қазақстан жоғары мектебі» журналы №1 2007ж.

  10. «Қостанай таңы» газеті №90 2009ж.

  11. «Білім» журналы №2 Алматы 2008ж.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет