Имам ән-Нәуәуидің қысқаша өмірбаяны



Дата03.12.2016
өлшемі173,43 Kb.
#3074
Барлық мақтау-мадақ әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға тән! Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына және олардың соңынан ілесушілерге Аллаһ тағаланың салауаты мен сәлемі болсын!

Ізгілік хабаршысы және Ислам насихатшысы ретінде жіберілген, жалаң ой сөйлемейтін Пайғамбарымызға ﷺ қысқа да нұсқа, шешен сөзділік қабілеті дарыған еді. Сондықтан хадистерде келген әрбір сөз өте үлкен мағына мен мінез-құлық, әдептілік заңдарын қамтиды. Бұрынғы өткен ғасырларда ғұмыр кешкен мұсылман қауымының имамдары осыны ескеріп, Пайғамбарымыздың ﷺ шариғат ілімінің кілті болып табылатын, игілік пен діннің әмбебап негіздерін қамтитын хадистерін жинақтаумен айналысқан. Солардың бірі – имам ән-Нәуәуидің (Алла оған рақым етсін) Ислам әлеміне кең тараған «ән-Нәуәуидің қырық хадисі» («әл-арбаъуна ән- Нәуәуия») атты еңбегі.

Ұлы имамның аталмыш кітабы сириялық ғалымдар Мұстафа әл-Бұға мен Мухиддин Мистудың жазған тамаша түсіндірме-шархымен қазақ даласына тұңғыш рет жетіп отыр. Баға жетпес бұл еңбектен бұрын да «Қырық хадиске» көптеген түсіндірмелер жазылған. Солардың ең соңғысы, әрі қазақ оқырмандарына ана тілінде ұсынылып отырған ең толыққанды, елу бірінші ғажап нұсқасы қолдарыңыздағы осы кітапта.

Имам ән-Нәуәуидің қысқаша өмірбаяны

Имам Яхия ибн Шараф ән-Нәуәуи Мухиддин деген лақап атымен танымал, күния есімі – Әбу Зәкәрия. Ол һижраның 631-жылы Дамаскінің құрамындағы ән-Науа кентінде дүниеге келген. Он тоғыз жасында Дамаскіге келіп, Рауахия медресесінде ілім жолын бастайды.
Имам хадис, фиқһ, усул және араб тілі салалары бойынша көптеген ұстаздардан дәріс алады. Олардың ең танымалдары:

Имадуддин Абдул- Кәрим ибн Жамалуддин Абдус-Самад, Шарафуддин әд-Димашқи, Халид ибн Юсуф ән-Нәбулси, Камалуддин әл-Мағриби, Жамалуддин әл-Жияни және басқалар.

Мухиддин ән-Нәуәуи ұстаздық етіп, тәлім берген өте көп шәкірттердің ең көрнекілері:

Алауддин әш-Шәфиғи, Жамалуддин әл-Кузағи, Мұхаммед ибн Әбу Бәкір әд-Димашқи, Садруддин әл-Хаурани, Сәлим ибн Абдур-Рахман т.б.
Имам ән-Нәуәуи «Муслимнің Сахихына түсіндірме», «Риядус-салихин»,«әл-Әзкәр», «Қырық хадис», «Мұхтасар әт-Тирмизи», «Мұхтасар әд- Дарими» сияқты қырыққа жуық аса құнды туындылар жазған.

Ол һижраның 676-жылы туған жерінде көз жұмып, ән-Науа кентінде жерленген.



Имам ән-Нәуәуидің алғы сөзі

Әлемдердің Раббысы, көктер мен жердің Сақтаушысы, барлық жаратылыстарды Басқарушы, адамдарды тура жолға бастау, оларға анық дәлелдер және бұлтартпайтын айғақтар көмегімен дін қағидаларын түсіндіру міндеті жүктелген елшілерді Жіберуші Алла Тағалаға мадақ! Бізге берген барлық нығметтері үшін Оған мақтау айтып, кеңшілігі мен жомарттығын үсті-үстіне арттыра түсуін сұраймын. Мырзамыз Мұхаммед Алланың құлы әрі пайғамбары және сүйікті досы, бүкіл жаратылғандардың ең абзалы екендігіне куәлік беремін. Оған Қиямет күніне дейін жалғасушы мұғжиза қасиетті Құран, тура жол іздеушілердің жолын нұрландыратын сүннет, шешен тіл және діннің ұлығы берілген. Пайғамбарымызға ﷺ, өзге де пайғамбарлар мен елшілерге, олардың барлығының отбасына және барша игі кісілерге Аллаһ тағаланың салауаты мен сәлемі болсын!

Бізге Әли ибн Әбу Талиб, Абдуллаһ ибн Масғуд, Муғаз ибн Жәбәл, Әбу Дәрда, Ибн Омар, Ибн Аббас, Әнәс ибн Мәлик, Әбу Һурайра және Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оларға разы болсын) әртүрлі риуаяттармен Пайғамбарымыздың ﷺ:

«Кімде-кім үмбетім үшін дін ісіне қатысты қырық хадисті жатқа білсе, Алла тағала оны Қиямет күні фақиһтер мен ғалымдар арасында тірілтеді»;

(Бір риуаятта): «Алла Тағала оны фақиһ, ғалым етіп тірілтеді»;


(Әбу Дәрда риуаятында): «Мен оған Қиямет күні шапағат етуші және куәлік беруші боламын»;
(Ибн Масғуд риуаятында): «Оған: «Жаннаттың (өзің) қалаған есіктерінен кір» деп айтылады»;
(Ибн Омар риуаятында): «Ғалымдар жамағатынан деп жазылып, шәһидтермен бірге тіріледі», – деген сөздері жеткен.
Хадис ілімінің ғұламалары осы мағынадағы риуаяттардың көптігіне қарамастан бұл хадистің әлсіз екеніне бірауыздан келіскен. Алайда олар (Алла оларға рақым етсін) 40 хадис мәселесінде көптеген еңбектер жазған. Менің білуімше, мұндай еңбектің алғашқы жазбагері Абдуллаһ ибн әл- Мубарак. Содан соң бұл тақырыпта тақуа, ғалым Мұхаммед ибн Әсләм әт- Туси, әл-Хасан ибн Суфиян ән-Нәсәи, Әбу Бәкір әл-Ажурри, Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Ибраһим әл-Асфаһани, әд-Дәрақутни, әл-Хаким, Әбу Нуғайм, Әбу Абдур-Рахман әс-Суләми, Әбу Сағид әл-Мәлини, Әбу Осман әс-Сабуни, Абдуллаһ ибн Мұхаммед әл-Ансари және Әбу Бәкір әл-Бәйһақи сияқты әр уақытта өмір сүрген көптеген ғалымдар өз еңбектерін жазған.
Мен де сол көрнекі ғұлама имамдардың үлгісімен 40 хадис жинақтауыма қолдау көрсетуін сұрап, Алла Тағалаға жалбарындым. Сонымен бірге Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахих хадистерінде келген:
«Келгендер келмегендерге жеткізсін»; [1]
«Менің айтқанымды естіп, (ол сөздерді) ұғып, түсініп және (адамдарға қалай естісе сол қалпынша) жеткізген адамның Алла Tағала жүзін нұрландырсын», [2] – деген сөздерін басшылыққа алдым.
Ескеретін жайт, бір ғұламалар дін негіздері (усулуд-дин) туралы, енді біреулері оның тармақтары (фуруъ) туралы не жиһад туралы қырық хадис жинаса, бағзы біреулері ұстамдылық (зуһд), әдеп немесе уағыз-насихат (хутаб) тақырыптарында қырық хадистен жинаған. Бұл жинақтардың барлығы ізгі мақсатта құрастырылған. Бірақ мен жоғарыда аталған тақырыптарға арналған хадистерден гөрі, олардың бәрін қамтитын, олардан маңыздырақ қырық хадис жинауды мақсат тұттым. Бұл хадистердің әрқайсысы дін қағидаларының үлкен бір қағидасын қамтиды. Ғұламалар ол хадистерді бүкіл Исламның өзі не оның жартысы немесе оның үштен бірі т.с.с. деп атаған.
Сонымен қатар бұл еңбектегі қырық хадистің әрқайсысы сахих (сенімді) және олардың басым көпшілігі имам әл-Бұхари мен Муслимнің «Сахих» атты кітаптарында берілген болуы керек деген ережені ұстандым. Оларды есте сақтауға жеңіл әрі оқырманға пайдасының көбірек болуы үшін иснадсыз келтіретін боламын.

Мәңгілік Ақыретке ұмтылушы әрбір адам бұл хадистердегі маңызды мәселелер мен оларда көрсетілген діни міндеттердің барлығын білуі қажет. Бұл сөздердің растығына әрбір зерделі адам көзін жеткізеді. Ал мен Ұлы Аллаһ тағалаға сүйеніп, өзімді Оған бүтіндей тапсырамын. Мақтау-мадақ пен игілік Аллаһқа ғана тән, сондай-ақ сәттілік пен амандық та Ол арқылы болмақ.



"әл-Уәфи" кітабынан

[1] әл-Бұхари, Муслим.


[2] Әбу Дауд, әт-Тирмизи және Ибн Мәжәһ.

. 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет