Инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері
Еліміздің іргетасын қалаушы азаматтар бүгінгі өскелең жас ұрпақ екені баршамызға белгілі.Сондықтан олардың денсаулығы,білімі мен тәрбиелілігі әрдайым күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі.Халық даналығы «адам ұрпағымен мың жасайды» деп әрқашан өсіп келе жатқан кішкентай азаматтардың дұрыс дамуына,қатарынан кем қалмай,дұрыс қалыптасуына ерекше мән берген.Ата- бабамыздың ұрпақ тәрбиесіне қатысты көзқарасын қастерлеп,оны әрдайым жадында ұстап,игі істердің бастауында қағида ретінде басшылыққа алып отыратын еліміздің көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев : «Балалар - қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқысыз болуға тиіс емес.Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын.Бала тәрбиелеу болашаққа ең үлкен инвестиция.Бұл мәселеге осылай қарап,балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деген болатын.Әсіресе, елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше жағдай жасау үшін жауапкершілікті ең алдымен мемлекетіміз алды.Елімізде әлеуметтік институттар құрылып,ерекше қажеттілікке ие адам мен әдеттегі адамды қоғамда тең әлеуметтік дәрежеде қабылдауы мақсатында жұмыстардың жүргізілуі,еліміздің әр аймағында құрылып,жұмыс жүргізіп жатқан балаларды оңалту орталықтарының құрылуы осының айғағы.
Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер білім саласын жетілдіруді талап етеді.Әсіресе,қоғамдағы оқу-ағарту,білім беру салаларындағы гуманитарландыру,демократияландыру үрдістері ең алдыменбілім мазмұнын жаңартуды қажет етіп отыр.Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Балалардың мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқытумен толық қамтылуын,олардың мектепке даярлауға арналған әрқилы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бағдарламаларына теңдей қол жеткізуін және инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруін қамтамасыз ету» көзделген.Қазіргі уақытта дамуында ақаулары бар балалар саны артып отыр.Оларды оқыту кеңейіп,түзету қолдау технологиялары жетілдірілуде.Ол –балалардың жасына,жынысына,ұлтына және дініне қарамастан арасын бөлетін тосқауылдарды жоюға ,барлық балаларды жалпы білім беру үрдісіне толық қосуға баытталған.
Инклюзивті білім беру Қазақстанда қажетті деңгейде дамымаған. Бұл проблеманы шешу дамуында ауытқулары бар балалар санының өсуімен байланысты кезек күттірмейтін шараларды талап етеді. Мүмкіндіктері шектеулі балалар саны өсуде. Егер 2005 жылы олардың саны 124 мыңды құраса, 2010 жылы 149 мыңнан асты. Олардың 41,4%-ы ғана арнайы білім беру бағдарламаларымен қамтылған. Қазіргі кезеңде мүмкіндіктері шектеулі 149246 баланың 29212-сі немесе 19, 5%-ы мектеп жасына дейінгі балалар. 37 арнайы балабақшада және 240 арнайы топта 10 мыңдай бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған, бұл 32,8% -ды ғана құрайды.
Теориялық негіздемесі «Бәріне бірдей мүмкіндік» принципін ұстанатын инклюзивтік білім берудің енгізіле бастағанына көп бола қойған жоқ. Бұл термин көбіне «Сапалы білім -барлығы үшін» түсінігімен бірге қолданылады. Яғни жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі бала мен басқа да әлеуметтік қорғалатын топтарға жататын оқушыларға өзгелермен теңдей білім беру, соған жағдай жасау. Қазіргі кезде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар көбіне-көп арнайы мектеп-интернаттарда білім алады. Шындығында олар оқшауланған, қоғамдық өмірге аса бейім емес. Мәселенің бұлай қалыптасуына бүгінгі қоғамның да кінәсі бар. Өйткені біз мүмкіндігі шектеулі жандарға мүсіркей қараудан арыла алмай келеміз. Жалпы білім беретін орта мектептерде олардың оқып, білім алуына жағдай жасау енді-енді қолға алына бастады. Инклюзивті білім берудің негізі мектептегі барлық балаға олардың ерекшеліктерінен тыс сапалы білім беру болып табылады.
Инклюзивті білім берудің негізіне баланы кез келген дискриминациядан құтқаратын,барлық адамға бірдей қарым-қатынасты қамтамасыз ететін,бірақ ерекше білімділік қажеттілікті талап ететін балаларға арнайы жағдай жасайтын идеология салынған.
Достарыңызбен бөлісу: |