Сабақтың жоспары Тақырыбы: Ұбт-ны «Өте жақсыға!»



Дата17.02.2017
өлшемі0,67 Mb.
#9452
түріСабақ


Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы Науалы ауылы

«Қ.Төлеубеков атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Мурсалимова Сания Муратбековна


11- сынып оқушыларына арналған тренинг-сабақтың жоспары

Тақырыбы: ҰБТ-ны - «Өте жақсыға!»

Мақсаты: мектеп бітірушілердің байсалды психикалық-эмоциялық хал-ахуалға қол жеткізуін қамтамасыз ететін тиімді шарттарды тудыру.

Міндеттері:

  • Оқушыларды өзін-өзі реттеудің дағдыларына үйрету;

  • Табысқа қол жеткізуге құлшыныстарын қалыптастыру;

  • Оқушылардың өздеріне және өз күш- жігеріне, білімдеріне сенімділігін қалыптастыру.

Сілтемелер: эпиграф жазылған парақ: «Есекті өзенге айдап әкелуге болады, бірақ оны ешкім де зорлықпен суара алмайды», ағаш сұлбасы, пирамиданың сұлбасы, «Шоқжұлдыздар», «Табиғат дыбыстары» - үнтаспа.

Сабақ барысы:

Мұғалім: Қымбатты оқушылар! Енді біраз уақыттан соң сендер үлкен сыннан өтесіңдер. Ол- Ұлттық бірыңғай тестілеу. Оның сендердің тек білімдеріңнің деңгейін ғана емес, есте сақтау қабілеттеріңнің, зейіндеріңнің тұрақтылығының қаншалықты күшті екендігін де айқындайтыны белгілі. ҰБТ кезінде барлықтарыңның алдарыңда тұрған тағы бір міндет: өздеріңді өз беттеріңше әрі жылдам түрде ішкі тепе-теңдік қалыпқа келтіру. Бүгін біз сендермен сабақта емтихан кезінде бойымызда болуы мүмкін қысымнан тиімді әрі ұтымды құтылудың бірнеше қадамын үйренейік. Ең әуелі мына тақтада ілініп тұрған эпиграфқа мән көңіл аударайық. /оқу/: «Есекті өзенге айдап әкелуге болады, бірақ оны ешкім де зорлықпен суара алмайды». Бұл дегеніміз- егер адам өзін-өзі дайындамаса, жаттықтырмаса, ең күшті деген оқу- тәрбиелік бағдарламасының өзі нәтижелі болмайды. ҰБТ- еліміздің әрбір мектеп бітірушісінің өміріндегі маңызды кезең, себебі, оның болашағы емтиханды тапсыру нәтижесіне тікелей байланысты. Емтихан тапсыратын дәрісханада тек білім, білік, дағдылар ғана тексеріліп қоймай, тұлғаның барлық ой күшін, рухани күшін жұмылдыруды талап ететін қиын сынақ өтеді. Ал қиын сәтте мойымай, сасқалақтамай, өз-өзін игере алу икемділігі аяқасты пайда болмайды. Ол- күнделікті даярлықтың арқасында ғана келеді. Сондықтан да, сендерге қажет болатын бірнеше жаттығулармен танысайық.

«Қиындықтар ағашы» жаттығуы

Оқушыларға үш түрлі қағаз-жапырақтар таратылады: көктерек, үйеңкі, емен. Әр жапырақ түрлі қиындықтарды білдіретінін түсіндіру керек. Көктерек - психологиялық қиындықтарды/сенімсіздікті, қобалжып-толқуды/, үйеңкі - пәндер бойынша білім жеткіліксіздігін, емен - басқа түрлі себептерді білдіреді.

Оқушылар өздерінің қиындықтарына сәйкес жапырақтарды алып, оларға өз қиындығын нақтылап жазады да, қатырма қағаздан жасалған ағаш сұлбасына жапсырады. Ең соңында қандай ағаш шығатынына байланысты талдау жасалады.

Көктерек - сендер өздеріңе, өз білімдеріңе сенімсізсіңдер, бірақ білім негіздерің бар. Қорытынды: қорықпаңдар, ҰБТ- өмірлеріңнің бір кішкентай ғана бөлігі!

Үйеңкі - сендер пәнді үйренуге жеткілікті уақыт жұмсамайсыңдар, сол себепті білімдерің төмен деңгейде. Қорытынды: білімдеріңді тереңдетуге, оқуға көңіл бөліңдер!

Емен - дәл қазір сендердің ойларыңда емтихан емес, мүлде басқа мәселелер. Қорытынды: емтихан қажет емес « тосынсый» әкелмесін десеңдер, бар зейіндерің - оқуда болсын!

«Шоқжұлдыз» жаттығуы

Оқушыларға қағаз-жұлдызшалардың ұнаған түсін алып, оған емтиханды сәтті тапсыруға көмектесетін өз есімдерінде бар әріптерден басталатын үш мінез қасиетін жазып көрсету ұсынылады. Сосын сол жұлдызшалардан класс ұжымының шоқжұлдызы құрастырылып, емтиханды өте жақсыға тапсыруға қандай қасиеттер көмектесетіні талданып, жарияланады.



«Тыныштал да сенімдірек бол!» жаттығуы

Ал қазір, естеріңе сенімсіздік пен үрей туғызған жағдаяттарды түсіріңдер. Осы сәттерді сұлбамен қағазға көрсетіңдер де, қобалжу қандай күйде көрінгенін нақтылап жазыңдар. Мысалы, «тақта жанында жұмыс істеу» немесе «класс алдында тұрып, жауап беру» деп, ахуалын жазу: жүрек соғысының жиілігі, қысылып - қымтырылу, дененің құрысуы, алақанның терлеуі, бозарып кету, керісінше - қызару, дірілдеу, даусының шықпай қалуы, т. б.

Осы белгілердің қайсысы тұрақты және жиі қайталанады, себептері қандай? Сосын мұғалім қобалжуды басатын тыныс жаттығуларын және аутотренинг жасауды ұсынады.

«Қайталап тыныстау» жаттығуы

Бұл жаттығуды орындау оңай: 4 рет ішке дем жұтып, 4 рет ауаны сыртқа шығару. Бұл - бір циклдық жаттығу. Бір жасағанда осындай жаттығудың 10-ын істеу керек. Сонда тыныс алу ретке келіп, денеге түскен қысымнан құтылуға болады.



«Мазасыздықтан құтылу» аутотренингі

Мұғалім үнтаспадан әуен қосады/ «Табиғат дыбыстары» әуені болса, тіпті жақсы /. Содан соң, мына сөйлемдерді үзіліспен оқиды:

«Ыңғайланып отырыңдар. Денелеріңді бос ұстап, бұлшық еттеріңді жұмсартыңдар. Енді елестетіп көріңдер. Шуақты күн. Сендер күн нұрына бөленген ғажайып көгалда отырсыңдар. Аспанда кемпірқосақ керіліп, шұғыласын шашып тұр. Сендер сол кемпірқосақтың шұғыласының бір бөлігіне иесіңдер. Ол нұрдың жарығы - мың күннің жарығынан да күшті. Ол нұр сендердің бастарыңды аялай, еркелете жылытады. Міне, енді денелеріңе бойлай кіріп, ерекше шипалы жарыққа толтырып жатыр. Ал ауырып, мазасызданып жүрген жасушалар, міне, біртіндеп түтінге айналып, самал жел оларды желпіп, тарқатып, мүлде жойып, денелеріңнен шығып жатыр,шығып жатыр... Сендер барлық қобалжулардан құтылдыңдар. Тазарып, сергіп қалдыңдар. Енді көңіл- күйлерің көтеріліп, шаттанып, демалып қалдыңдар».

«Табыс пирамидасы» жаттығуы

Оқушыларға пирамида кірпіштеріне өмірде жетістікке жетуге көмектесетін қасиеттерді кезектесіп, жазу ұсынылады.



«Жол қапшығы» жаттығуы

Оқушылар «жол қапшығына» өзі сабақта үйренген нәрсесін, ҰБТ-да көмектеседі деп есептейтін жаттығуды қағазға жазып, салады.



«Сыйлық» жаттығуы

Шеңберде тұрып, әр оқушы көршісіне гүл ұсына отырып, оған материалдық емес сыйлық «ұсынады». Мысалы: аспандағы жұлдызды, ормандағы гүлдерді, күн шапағын, табысты күндерді, дарындылықты, талантты, яғни, қалтаға салуға болмайтын, бірақ өзімен бірге жүректе сақтай отырып, үйіне алып кете алатындай «сыйлықты» силайды.



Сабақты қорытындылау. Мұғалімнің сөзі:

Айналайын, балалар! Мынаны есте сақтауларыңды өтініп, сұраймын. Оқушылық өмірдегі басты нәрсе - аттестаттағы «бестіктер» емес. Ең бастысы - осы жылдар нәтижесінде өзіңді- өзің табуың, өмірде адаспай, мұратыңа жететін жолды таба білуің. Ал, ҰБТ болса, бар болғаны - осы үлкен жолдың басы ғана! Сол сапарда жолдастарың - Сәттілік болсын деп тілеймін!

Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы Науалы ауылы

«Қ.Төлеубеков атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Мурсалимова Сания Муратбековна



9 – сынып бойынша ІІ тарау, 15 – сабақ

«Адалдық – адамдықтың белгісі» тақырыбы бойынша сабақ жоспары

Тарау тақырыбы: Адам болам десеңіз...

Сабақ тақырыбы: Адалдық – адамдықтың белгісі

Сабақтың мақсаты: «Адалдық», «Әділдік», «Шыншылдық» жайлы оқушылардың түсініктерін кеңейту.

Сабақтың міндеттері: * Адамдарға жақсылық ойлау, ондағы адалдық, әділдік, шыншылдық сияқты адами құндылықтардың алтын орны, олардың адамдар үшін маңызы жайлы түсініктерін кеңейту, тереңдету;

* Оқушыларға өз бойына ой мен істің өзара бірлігін ұштастыра, дағды ретінде қалыптастырудың - маңызды қажеттілік екенін сезіндіру: өз ойын пайымдау, шығармашылық іскерліктерін дамытуды жетілдірулеріне ықпал ету;

* Адалдық пен шыншылдыққа, әділдікке бағдарлай отырып, әдептілік ережелерін қадағалауды үйрету;

Сілтемелер: Абайдың суреті, сабақ тақырыбы және тақырыптық құндылықтар жайлы жазылған көрнекі парақтар; «Шоқжұлдыздар» кескіндемесі; репродукция (Тициан: «Кесардің динары»), Әмір Темірдің миниатюрасы, сұлба-кескіндеме, үнтаспа.

Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:

1). Сәлемдесу, орындарына отырғызу;

2).Тыныштық сәті. Релаксациялық әуенді қосу , «Теңіз жағалауында» жаттығуын өткізу:

- Ыңғайланып отырыңдар. Асықпай « өмір тынысын» алыңдар.(2-3 рет). Мүмкіндігінше бұлшықеттеріңді босатып, денелеріңді жұмсартуға тырысыңдар... Енді көздеріңді жұмып, елестетіңдер. Бар зейіндерің менің дауысым мен әуенде болсын...

Сен үлкен көк теңіздің құмды жағалауында демалып жатырсың. Денеңді кеудеңе дейін теңіздің жылы суына малып, бетіңді күннің ыстық шуағына тосып, рахаттанып жатырсың. Көздерің жұмулы.Теңіз толқындары ырғақпен келіп, жағалауға соғылған сәтте, сен де толқынмен бірге тербелесің. Күн ыстық. Мұрныңа әлсін- әлсін теңіз балдырларының иісі келіп жетеді. Теңіздің біркелкі шуылы мен шағалалардың дауысы үйлесімді естіледі... Толқындар келеді де кетеді. Енді бүкіл сана- сезіміңмен түйсініп, сезінуге тырыс: әр жолы келіп- кеткен толқын сенің денеңе соғылғанда, бойыңдағы шаршап- шалдығуды,... мазасыздық пен күйзелісті,...өзіңе деген сенімсіздігіңді,... өмірде кездесетін әділетсіздікке деген күйініш сезіміңді, қысқасы, барлық жағымсыз сезімдерді өзіне тартып алып, алысқа әкетіп жатыр... Толқын сенен алыстаған сайын, денең сергіп, жеңілдеп қалғаныңды байқайсың. Келіп- кетіп жатқан толқындардың ырғағымен тыныста: демал- дем шығар, демал- дем шығар, демал- дем шығар... Бірер сәттен соң сабаққа оралуға дайындалыңдар...

3). Топқа бөліну: «Құндылықтар қорабынан» әркім тақырып жазылған тілшік-парақшалардан таңдап алып, алған атауына байланысты өз үстелдеріне жайғасады (3 топ: «Әділдік», «Адалдық», «Шындық»).



Үй тапсырмасының орындалуын тексеру – оқушылар үйде құрастырған буриме, жинақтаған мақал-мәтелдерін, ойтолғауларын ортаға салады(«Шындық-Темірқазық», «Адалдық-арамдық», «Әділдік»).

Әңгімелесу: Ой қозғау: мұғалім араб мақалын («Әділ сұлтан дер кезінде шөлде жауған жауыннан да жақсы») пайдаланып, сұрақ қояды: Неге солай айтылған?(оқушылардың жауаптары)

Дәйексөз: а). Хормен кітаптан дәйексөзді оқиды : «Адалдық – ардың ісі».

ә). Осы нақылсөзді оқушылар өздері қалай түсінетіндіктерін айтады.

б). Мұғалімнің ой түйіндеуі: Тицианның «Кесарьдың динары» репродукциясын пайдалана отырып, ондағы кейіпкерлердің диалогын мысалға келтіру арқылы әркімді ісіне, басқаларға деген қарым- қатынасына қарай әділ бағалау керектігі жайлы айтады.

Шығармашылық жұмыс:

а). Оқушылар топтар бойынша жағдаят шешу тапсырмасын алады. Топ жетекшілері жағдаяттар жазылған үлестірме-парақшаларды қораптан суырып, таңдау жасайды. Мұғалімнің бағдарлауы: жағдаятты шешуде оқушылар әділеттілік, шындық және адалдық тұрғысынан ойлап, қарастырулары керек!

( Оқулықтың 81-82 беттерінде.)

1-топқа («Адалдық»): Бүгін мектепте сенбілік. Класс жетекшісі оқушыларды екі топқа он-оннан бөліп, әр топқа сол оқушылардың біреуін жетекші етіп тағайындады.Сіз де - сол бір топтың жетекшісісіз. Тобыңыздың 5 оқушысы тапсырманы орындап жатыр, ал қалған 5-і бір жерге жиналып-ап, әңгіме-дүкен құрып тұр. Топ жетекшісі ретінде не істер едіңіз?

2-топқа(«Әділдік»): Мектеп директорының тәрбие ісі жөнінен орынбасары сізге белсенді оқушы ретінде Жаңа жыл мерекесіне жоба ойластыруға тапсырма берді. Келесі күні сіз басыңыздағы идеямен кластас құрбыңызбен ой бөлістіңіз. Даярлық жиналысында кенеттен құрбыңыз қолын көтерді де, сіздің идеяңызды өзінікі сияқты қылып айтып берді. Сізден қысылып-қымтырылмады. Сіз не істер едіңіз?

3-топқа («Шыншылдық»): Марғұлан кеше анасынан тарих пәнінен екілік алып қалғанын жасырып қалды. Ол тоқсан соңына дейін ата-аналар жиналысы болмайтынына сенімді еді. Бірақ класс жетекші ертеңге ата-аналар жиналысын белгіледі әрі түгел оқушыға өз ата-аналарын шақырып, келулерін қамтамасыз етулерін талап етті. Марғұлан анасымен өзара үлкен әңгіме болатынын ұғып, не істерін білмей дал болып отыр. Не істеуге кеңес бересіз?

(Топтардың жағдаяттарды шешуі, жариялауы)

ә). Мұғалімнің ой түйіндеуі (Абайдың портреті қолданылады): Ұлы ақын Абай адамдарды өзара адалдыққа, шынайы қайырымдылықпен өмір сүруге былай шақырған екен:

Кемді күн, қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!

Күншілдіксіз, тату бол, шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Әр адам өзіне адал, әділ баға беріп қана өзгелермен жақсы, шынайы қарым-қатынас орната алады. Осыны ұмытпауымыз керек!

Тапсырма: а). Логикалық тапсырманы шешкізу :

* Мұғалім Әмір Темірдің миниатюрасын көрсетеді, әңгімелейді;

* Сұрақ қояды: Не себепті үшінші суретші өлім жазасынан аман қалды? (Топ ішінде талдап, оқушылар жауаптарын жариялайды);

ә). Мұғалім жауаптарды тыңдап болып, жасырын сұлбаны ашып көрсетеді: Адам көңілін қалдырмай, бірақ әділ шешім шығара білу – әдептілік. Үшінші суретші осыны ескергеннен өз өмірін сақтай алды.

б). Плакатты іліп, хормен оқыту: «Адалдық дегеніміз ашық, шыншыл қарым-қатынас» (А.С.Макаренко), түсіндіру: Адам жанына зиян келтірмей, шындықты тұрпайы, дөрекі жолмен емес, әдепті, бірақ түсінетіндей жеткізу – адамгершілік белгісі.

Үйге тапсырма: Оқулықтың 82- бетінде берілген репликаларды басқаша, сыпайы мазмұнда ауыстырып, жазып келу.

Сабақтан соңғы тыныштық сәті : а). Оқушылар көздерін жұмып отырып, сабақтан үйренгендерін естеріне алып, бүкіл әлемге тыныштық, бейбіт өмір тілейді.

ә).Сабақты аяқтау: мұғалім «Шоқжұлдыздар» кескіндемесін пайдалана отырып, ой тұжырымдайды: Дүниедегі жақсылық атаулы-адал қарым-қатынастан басталады. Қараңғы түнде адасқан адам Темірқазыққа қарап, жол тапса, өмірде бәрімізге жол нұсқар шамшырақ – Темірқазығымыз: адалдық, әділдік, шыншылдық болсын! Рахмет!

Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы Науалы ауылы

«Қ.Төлеубеков атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Мурсалимова Сания Муратбековна



8 – сынып бойынша ІІІ тарау, 21 – сабақ

Тарау тақырыбы: Адам мен әлем тұтастығы

Сабақ тақырыбы:Табиғаттан нәр алып...

Сабақтың мақсаты: Оқушылардың «табиғат», «жер», «су», «ауа», «топырақ», «шабыт» ұғымдары туралы түсініктерін кеңейту.

Сабақтың міндеттері:

  • Оқушыларға табиғат байлығының адам өміріне, рухани байлығына әсері жайлы түсініктер беру, жалпы білімдерін кеңейту;

  • Оқушылардың табиғатты аялау, қорғау, онымен үйлесімді өмір сүру іскеріліктерін дамыту, шабыт сезімдеріне ықпал ету:

  • Оқушыларды қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке, эстетикалық тәрбиелеріне әсер ету арқылы шығармашылыққа тәрбиелеу.

Сілтемелер: Үнтаспа, О.Бөкейдің суреті, Алтай тауларының суреті, мұғалімнің жеке шығармашылығынан «Қосақ өзені», С.Чуйковтың «Мәңгілікпен қауышу» репродукциясы, туған өлке көріністері (фотослайдтар).

Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:1. Жұмылдыру; 2. Тыныштық сәті: «Туған жер төсінде» (С.Чуйковтың репродукциясын пайдалану)

Үй тапсырмасын тексеру: а) О.Бөкейдің «Алтай» атты мәтінінің мазмұнын әңгімелеу (1-2 оқушы);

ә) Талдау сұрақтары:



  • Алтай тауларының сұлулығын мәтін арқылы сезіне алдыңдар ма?

  • Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай дегенде автордың қандай сезімдерін байқадыңдар?

  • Табиғат тамашасын сезіну – адамға не үшін қажет?

  • Табиғатқа және адамға әдеміліктері үшін тамсану – бірдей сезіле ме?

(Оқушылардың жауаптары)

б) Оқушы дайындаған қосымша мәлімет: Мұзтау – ғарышкерлердің тілімен айтқанда аспанға жарық шашып тұратын Жер-Ананың ерекше нұрлы нүктесі.



Дәйексөз: а) Тақтадан халық даналығын хормен оқу: «Табиғат – өнерге шабыттың қайнаркөзі»;

ә) Даналық сөзді оқушылардың түсіндіріп, талдауы, көшіріп, жазып алуы;

б) Мұғалімнің ой түйіндеуі: Табиғат адамға рухани жағынан баи түсуіне ерекше ықпал етеді. Табиғаттың сұлулығы, әр түрлі құбылыстары адамның көңіл-күйіне, сезімдеріне әсер етеді, нәрлендіреді, шабыт береді. Ал, шабыттың ең биік шоқтығы – өнер туындылары, яғни, ән, сурет, әуен, әдеби шығармалар, күйлер, қолөнер туындылары. Ақын Төлеген Айбергенов жас Мұхтар Шахановқа ақын болу үшін туған жердің тарихын, табиғатын жақсы білу – маңызды шарт деп ескерткен екен. Сол себепті «Іле Алатауының құстары», «Тасбақаның түрлері» атты кітаптарды оған сыйға тартқан екен. Туған жердің көріністері біздің жергілікті ақындардың шығармашылығына да әсер еткен екен. Енді бірнеше оқушы сол ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқып берсін!

в) Үш оқушы жергілікті ақындар – Данабек Байсалқановтың «Науалы» өлеңінен, Құсмилия Нұрқасымның «Үржар көктемі» өлеңінен, Жабайыл Бейсеновтың «Жайтөбе» өлеңінен мәнерлеп, үзінділер оқиды.

г) Мұғалім оқушылардың өлеңдерден алған әсерлерімен бөлісулерін сұрайды.

Шығармашылық жұмыс: а) Қадыр Мырза Әлінің «Табиғаттан бабалар...» атты өлеңін мұғалім мәнерлеп оқиды, оқушылар мұқият тыңдайды;

ә) тапсырма: табиғат пен адамның үндестігінің белгісіндей болған мінез-құлық ерекшеліктерімен табиғи құбылыстарды жазып, көрсету ( «Дархандық - кеңдік», «Еркелік – жел», «Тазалық- көл», «Ерлік – шың», «Еркіндік – құм», «Байсалдылық – жон», «Тұнжырау – түн», «Ашықжарқындық – күн», «Қонақжайлық – табиғаттан адамның бір көргені»);



б) Оқушылардың жазғандарын ортаға салуы.

Топпен ән айту: «Тобылғы торы тіршілігім–ау» (З.Иманғазиева- Д.Кәпұлы).

Үйге тапсырма: Қ.Толыбаевтың «Қайыңның қасіреті» әнгімесінен үзінді оқып, мазмұнын біліп келу.

Сергіту сәті: «Жел соғады... жаққа қарай» ойыны.

Сабақтан соңғы тыныштық сәті: Көздеріңді жұмып, үнсіз, сабырлы қалыпқа еніңдер. Бүгінгі сабақтан ең ұнаған сәттерді естеріңе түсіріп, елестетіңдер. Енді өзіңе, отбасыңа, айналаңдағы барлық адамдарға, Табиғат-Анаға әдемі үндестік, таза өмір, әсемдік тіле... Рахмет! Сабақ аяқталды, хош - сау болыңдар!

Анкета


Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы

Науалы ауылы

«Қ.Төлеубеков атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Мурсалимова Сания Муратбековна

Сайтқа шыққан сабақтар тізімі:



  1. 11- сынып оқушыларына арналған тренинг-сабақтың жоспары

Тақырыбы: ҰБТ-ны - «Өте жақсыға!»

  1. 9 – сынып бойынша ІІ тарау, 15 – сабақ

«Адалдық – адамдықтың белгісі» тақырыбы бойынша сабақ жоспары

  1. 8 – сынып бойынша ІІІ тарау, 21 – сабақ

Сабақ тақырыбы:Табиғаттан нәр алып...

Мекен-жайы:

Шығыс Қазақстан облысы

Үржар ауданы

Науалы ауылы

Индекс: 071725

Т.Бигельдинов көшесі №3 үй

Мурсалимова Сания Муратбековна



Байланыс телефондары: 28-2-63, 877770655228



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет