Ынтымакгул Нурмагомбетова (Түркістан)



Дата19.02.2017
өлшемі163,82 Kb.
#10740
Ынтымакгул Нурмагомбетова (Түркістан)

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ.

Аға оқытушы
АУДАРМАДА ДҰРЫС БАЛАМА ТАБУ МӘСЕЛЕСІ
Адам баласының бірнеше тілді қатар меңгеріп жатқанына қарамастан аударма ісі өзінің күшін жойған жоқ. Қайта күннен күнге ақпарат құралдарының беттерінде қолданушылар тарапынан өз шешімін табуға тырысқан әдіс тәсілдердің ыңғай - әрекеттері байқалуда. Тілдер арасындағы байланыс аударма арқылы жасалатыны белгілі. Сондықтан аударманың аталған саласы – аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала болып отыр. Көркем аудармада аудармашының шығармашылық белгі – сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көркемдік тәсілмен беріледі.

Аудармашы бір елдің айтпағын, аманатын сол күйінде екінші елге жеткізетін елші іспеттес. Оған қойылатын талап, жүктелетін міндет аса зор, ойлағаннан да қиын. Әрбір тіл – адамның өмір сүруі үшін ең маңызды коммуникативтік құрал. Ал сол тілді түбегейлі меңгеру үшін адам баласы қаншама жылын артқа салады. Кейде ана тілін жан – жақты танып білу, игеру үшін адамның өз ғұмыры да жетпейді.

Тіл – тарихтың, мәдениеттің, өнердің, тұрмыс – салттың, әдет –ғұрыптың, әдебиеттің, ұлы тұлғалардың өмірін баяндайтын, қарапайым халықтың шежіресінен сыр шертетін мұралардың шексіз, терең, тіршілікпен тыныстаған мекені. Олай болса аудармашы тілдің осынау мекенін өз көзімен көріп, бар болмысымен оны өзіне сіңіріп, өзге тілдегі ойды бар нақышымен жеткізе білу қабілетіне ие, сөз өнерінің шебері болуы тиіс. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Ең бастысы, бұл аудармашының шығарма алдындағы адамгершілік парызы.

Көркем шығармалар бір тілден екінші тілге аударылғанда аудармашы тарапынан қанша сөздік, қандай сөздік қолданылады және олар көркем туындының ойдағыдай аударылып шығуына қаншалықты ықпал етеді деген сауал туындайды. Әдетте сөздіктер бір тілді үйрену үшін, мысалы, қазақша – түрікше, түрікше – қазақша сөздік сияқты болып келеді. Ал шығармада суреттеу үшін қолданылған теңеулерді, тұрақты сөз тіркестерін дұрыс дәл сол мағынада жеткізе алу үшін пайдаланатын сөздіктер жеткілікті ме? Сондықтан болар кейбір аударылған шығармаларда қысқартулар көп кездесіп, көркемдік жағынан әлсіз жалпы алынған сөйлемдер саны басым түсіп жатады [1.38]. Бұл аудармашының тәжірибесінің аз болғандығына немесе аударма үшін арнайы сөздіктердің жетіспеушілігіне байланысты.

Қай жағдайда болсын аудармада азды көпті кемшілік, қателіктер байқалып жатады. Қазақшадан түрікшеге аудару және қазақшадан орысшаға аудару екі түрлі нәрсе. Біріншісі туыс тілдер арасында жасалатын аударма. Ал екіншісі ана тілден шет тілге жасалатын аударма болып табылады. Мұндай жағдайда да туындайтын мәселелер өте көп. Қазақшадан түрікшеге аударғанда сөйлем құрылысы жағынан ешқандай қиыншылық жоқ. Туыс тіл болғандықтан оңай аударылады. Мысалы:

түрікшедегі Yaz gelince onlar yaylaya gidecekler сөйлемі

қазақшаға Жаз келген бойда олар жайлауға кетеді болып аударылады.

Бұл қарапайым сөйлем. Ал енді теңеулері мен тұрақты сөз тіркестері бар сөйлемді аударып көрейік.

Ne yaparsan yap, umrumda bile değil.

Не қылсаң оны қыл, көңілім баяғыдай.


Ablam çekik gözlü, elma yanaklı, beyaz tenli olduğu için biraz da Tatar kızlarını andırıyordu.

Әпкемнің көзі қысыңқы, жүзі домалақ, ақ құба реңді болғандығынан аздап Татар қыздарын еске түсіруші еді.

Соңғы сөйлемді аударғанда мынадай мәселе туындады: andırmakеске салу ма әлде еске түсіру ме ? Әрине дұрысы еске түсіру. Өйткені еске түсіру өздігінен болатын іс - әрекет, ал еске салу әрекетінде іс – қимыл жүзеге асуы үшін екінші біреудің іс - әрекеті қажет. Осындай ұсақ түйек мәселелер туыс тілдерде жасалған аудармаларда көп кездеседі. Аударманың осы түрі арқылы басқа тілдерден енген сөздер тіліміздің ережелеріне сай өзгеріп, уақыт өте келе қазақша түрінде қолданыла бастайды.

Мысалы: Бұл менің – уәзипам.

Уәзипа – міндет деген мағынаны білдіреді. Яғни, Бұл менің – міндетім.

Осылайша сөздің уәзипа болып аударылуы басқа тілден енген сөздердің санын көбейтіп, қазақшадағы міндет сөзінің синонимдік қатарын толықтыра түседі.

Аудармадағы кейбір қателіктер омоним сөздермен байланысты болып келеді.

Мысалы: dur – тұр

Түрікшедегі «dur» , қазақшада «тоқта» деген мағынаны береді.

Қазақшадағы «тұр» болса түрікшеге аударылғанда «kalk», орныңнан тұр деген мағынаны береді. Яғни, бұл туыс тіл ғой, дыбысталуында ғана айырмашылық бар да, мағынасы біздегідей шығар деп болжам жасап аудару кейде дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін. Міне осындай жайттарға назар аудару керек. Ол үшін қазақша – түрікше, түрікше – қазақша антонимдер, синонимдер, омонимдер, тұрақты сөз тіркестері және көркем шығармаларда қолданылатын теңеулер сөздігі жазылып, бұл жобалардың қолдау табуы қажет [2. 99].

Туыс тілдер болғандықтан мәдениет, әдет – ғұрып, салт - дәстүрде ұқсастықтар байқалады. Ал шет тілдерден жасалатын аудармалар да осындай сөздіктерге мұқтаж. Себебі шет тідліндегі кейбір ұғымдарды аудару, дәлме-дәл жеткізу мүмкін емес. өйткені, барлық сөздің баламасын, дұрыс эквивалентін табу және де солай болуы керек деген қағида жоқ. Алайда аударманың сәтті болып шығуы аудармашыға байланысты. Тілдерді жақсы меңгерген маман немесе ақын, жазушы аудармашы бола алатыны хақ. әрине бұлардың әрқайсысының жасаған еңбегі олардың аударма теориясы мен шарттарына сәйкес келіп жатқан жағдайда оқырман тарапынан өз орнын табады.

Көркем әдебиет болғасын проза және поэзия қатар жүреді. Әңгіме, романдарды аудару үшін көп уақыт пен үлкен сабырлық қажет. Шығармалардағы жалқы есімдер мен халықтың табиғатына ғана қатысты ұғымдарды сол қалпында алып жақша ішінде немесе сілтемелерде олрға түсінік беру қажет. Өйткені әңгіме немесе романның құндылығы, ерекшелігі осындай тұстармен ұштасып жатады. Мысалы:

Қазақ халқының батырлары: Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай... деген сөйлемді

Батыры Казахского народа , деп жалпы аудара салу дұрыс емес.

Кабанбай, Богенбай, Наурызбай – это батыры Казахского народа, деген аударма да толық емес. Ру аттарының сөздіктен табылмайтыны анық. Атаулардың аударылмай қалуы да аудармашының қазақ халқының рулары туралы көп нәрсе білмейтіндігінен болады. Бұл тек бір ғана мысал. Алайда осы айтылған жайт аудармашыға қойылатын талаптардың ең негізгілерінің бірі. Аудармашы автордың бәсекелесі деген кең тараған сөз де бар [3. 11]. Бәсекені жеңу үшін де аудармашы кешірілмейтін қателіктер жасамауы керек.

Айтылған ойды қара сөзбен жеткізу өлеңмен жеткізуге қарағанда әлде қайда оңай. өлең жолдарының басқа бір тілге аударылуы қайта жазылу, жаңғырумен бірдей. Аудармашының сөзге шеберлігі, дарындық қасиеті поэзияда байқалады. Өлеңдегі ойдың өзіндік өрнегін бұзбай өз тілімен үйлестіре білу ақын жанды болуды да қажет ететін шығар. Сонымен аудармашыға қойылатын талаптар күшейе түскен сияқты. Бірақ сөздіктерді назардан тыс қалдырмауымыз керек. Олар аударма өнерінде негізгі ролді атқарады. Сөздіктердің саны мен түрі неғұрлым көп болса, аударманың ісі де соғұрлым алға баспақ.

Осы орайда Алексей Эдуардович Чумакаевтің 2006 жылы Новосибирскте жарық көрген «Фразеологические единицы со значением качественной характеристики и состояния лица в алтайском языке в сопоставлении с русским» атты еңбегіне тоқталып өтуді жөн көрдік. Автордың үлкен еңбегінің, ізденісінің нәтижесінде жарыққа шыққан бұл монографиясы аудармада пайдаланатын керекті кітап болып табылады. Төменде берілген мысалдар сол қалпында осы кітаптан алынып отыр.

Алт.: Jер тырмаар (букв. землю царапать ) «сильно смеяться», русск.: валяться со смеху «неудержимо смеяться»

Алт.: Бажы иштеп jат (букв. голова его работает) «догадлив, сообразителен»; русск.: голова варит

Алт.: Тили курч (букв. : язык его острый) «саркастичен, остроумен в разговоре» ; русск.: острый язык, язык без костей [4. 90].

Көркем әдебиеттегі адамның сырт келбетін суреттейтін тілдік құралдар – түп нұсқа мазмұны мен идеясынан ажырамайтын, функционалды қызметі басым элементтер [5. 352]. Профессор А.Алдашеваның айтуы бойынша адамның сыртқы пішінінің көркем әдебиеттегі суреттелуін салыстыру әр тілдің лингвомәдени ерекшеліктерінен көп мағлұмат береді.

Адамдардың жүрегін де, сөйлеген сөздерінде, айтпақ ойларында міндетті түрде үндестік бар. Алайда үйренбегенімізше түсініксіз болып қала берген тілдердің шырмауында мұны байқау, түсіну қиын. Аудару, жеткізу, түсіндіру, көркемдеу, жаңғырту аудармашының ісі болғандықтан оған сөздіктің қай түрі болмасын аздық қылмаса көптік қылмайды. Аудармада дұрыс балама табуда сөздіктердің орны ерекше. Әрбір сөз ұстасының аударма өнеріне қосар үлесі зор [6. 8].



Әдебиеттер


  1. Рсалиева Н., Аудармадан кеткен ағат атаулар , Жалын, №12 саны, 2006, 38-44 б.

  2. Смағұлова Г., Түркі фразеологиясының мәселелері, ІІ-халықаралық түркология конгресі, Түркістан, 2006, 94-99 б.

  3. Бельгер Г., Үндесім мен үйлесім, Әлем әдебиеті, №1 саны, Астана, 2007, 5-24 б.

  4. Чумакаев А. Э., Фразеологические единицы со значением качественной характеристики и состояния лица в алтайском языке в сопоставлении с русским, Новосибирск, 2006.

  5. Алдашева А., Бір тілден екінші тілге аударудағы лингвомәдени және когнетивті айырым белгілер (адам келбетіне қатысты теңеулер негізінде), ІІ-халықаралық түркология конгресі, Түркістан, 2006, 352-358 б.

  6. Юсуп К., Аударма өнері әлі балаң күйінде, Евразия КЗ, 12.01.2007, 8-9 б.



Ынтымакгул Нурмагомбетова (Түркістан)

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ.

Аға оқытушы
ТҮПНҰСҚАДАН АУДАРМАҒА БАРАР ЖОЛ НЕНІ ТАЛАП ЕТЕДІ ?
Ең көне кітаптардың өзі оқылмаған болса біздер үшін жаңа дүние болып табылады. Кітап - адам баласының рухани азығы. Кітап оқу арқылы санамыз жетіліп, ой-өрісіміз кеңейеді. Өміріміздің әрбір кезеңі үшін жазылған кітаптар өз кезегін күтіп пайдалы болсам деген үмітте. Өмірдің бар мәнісі де осы үміт болар. Келешектен күдер үзбей ғұмырымыздың ақырына дейін үміттенгеніміз дұрыс шығар. Кітап дүкендерінде, кітапхана сөрелерінде өз оқырманын күтіп үмітін үзбеген кітаптардың маңызы, өмірімізде алар орны ерекше болуы тиіс.

Әр адамға өз ана тілінде сөйлеу, біреуге ойындағысын жеткізу әрине қиын емес. Алайда, әдебиетте қысқа қайырып айтылған келте ой, жанымызды жадыратпаған өлең жолдары, қиялдарға жетелемеген құрғақ әңгімелер тікелей автордың туындысы емес, сәтсіз аударманың нәтижесінде өмірге келіп жатқан шығармалар болуы мүмкін. Атын біліп затын таныған көптеген жазушы, ақындардың шығармаларымен таныс болғымыз келеді. Алайда бұлардан кейбірінің ана тілі біз үшін бөтен тіл болып жатса, олардың еңбекетерін тек аударма арқылы ғана оқу мүмкіндігіне иеміз. Ұзақ жылдар бойы жазылған шығармаларды аудару да аз уақыттың еншісіне берілген тірлік емес. Жақсы аудармашы шығармашылық ғұмырында өте көп шығарма аудара алмайды деген ойдамыз. Мәселе аударманың санында емес, сапасында болғалы тұр.

Жылдар өтіп әдебиетте өз орнын тапқан ұлы қаламгерлердің шығармалары өзге әдебиет оқырмандарына да қызықты болып жатады. Сірә, танымал және таңдамалы шығармаларды өзге тілде қаз –қалпында сөйлету аудармашының мол тәжірибесі мен шеберлігін қажет етсе керек. Олай болса аудармашы шығарма және оның авторы алдындағы жауапкершілікті мойнына ала отырып оны өзге тілде бастан аяқ жазып шығады. Ол үшін аудармашы өз ана тілінен аударылатын өзге тілді жете меңгеруі, білуі тиіс. Өйткені аудармада қолданылып жүрген сөздіктер кейде жеткіліксіз болып жатады. Яғни, сөздіктен іздеген сөздер, сөз тіркестері кейде аз түсіндірілген немесе жоқ болып жатады. Осылайша шығарманың көркемдік ерекшелігі жойылып, қатерлі шығындар болады.

Түпнұсқаны басқа тілде қайта өмірге алып келу үлкен шеберлікпен көп ізденісті қажет етеді. Көп ізденіс дегеніміз біріншіден, бұл аудармашының автордың шығармашылық өмірімен мейлінше таныс болу. Оның қаламынан шыққан барлық шағарманың негізінде жатқан түпкі ой және оған ғана тән стиль, яғни көркемдік ерекшеліктеріне, осылардың сараптамасын жасау арқылы ішкі рухани тілді меңгеріп алу. Екіншіден , түпнұсқаны басқа тілге аудару оны жарату демек. Ал жаратушы жаратқан нәрсесін теңдесіз, керемет етіп жаратпаушы ма еді? Үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл іс кез келген аудармашының қолынан келе бермесі анық. Бір пайыз ғана таланттың еншісінде, ал қалған тоқсан тоғыз пайыз еңбектікі десек дұрыс шығар.

Аудармашы ретінде шығармамен жұмыс жасағанда біз фактінің бейнеленуін емес, факт туралы басқа біреудің ойын аударамыз. Аударма басқаның ойын қаншалықты жеткізе алады және ол қаншалықты қажет. [1.28] Әрине аударылған шығармада аудармашының қолтаңбасын міндетті түрде байқауға болады. Сөз сиқырын бағындырған аудармашы қағазға түскен сөйлемдерге о бастағы атқарар міндетін жүктейді. Осылайша түпнұсқа тілі, аударма тілімен қатар шығарманың рухани тілінің маңыздылығы да басты мәселелердің біріне айналады.

Әр аудармашы шығарманың түпнұсқасын тану және оның аудармада қалай жаратылатындығы туралы оймен өмірін өткізеді. Аударма жасалып болғаннан кейін де аудармашы бұл еңбектеріне қайта қайта оралуы мүмкін. Түпнұсқадан аудармаға барар жол өте қиын. Атақты ақын Ламартин : «Автордың қаламынан шыққан кітаптардың ішіндегі ең қиыны аударма» , - деген екен. [2. 2] Осы тұста бір мысал келтірер болсақ, бір шығарманың оқиға желісінде суреттелген кейіпкерлердің ашық, өрескел қылықтары екінші бір тілге аударылғанда мұндай өрескелдік, әдепсіздік суреттелген жерлер мүлдем болмағандай, байқалмай жатады. Бұл аудармашының шығарма тілін әдеби тұрғыдан көркемдеп, оның этикалық деңгейінің жоғары болуы үшін қосқан үлесі. Яғни, кейде аудармашы үшін де жаманын жасырып, жақсысын асыруға тура келетін осындай кездер, яки тұстар болады.

« Көрпеңе қарай көсіл », - дейді халық даналығы. Аудармашының сәтті аударып шығу мүмкіншілігіне сай келетін шығарма таңдалып алынуы тиіс. Ал аудармашының өзі ақын не жазушы болса, бұл аса қажет емес. Өйткені бұлардың жасайтыны – көркем аударма. Оған қоса оқырман қауымы үшін бұл еңбектер белгілі авторлардың қаламынан шыққасын аударма болып болмауы да аса маңызды емес. Алайда тарихта Достоевский жазушылық машығын меңгеру үшін Бальзактың « Евгения Гранде » сін аударып , оны 50 шақты рет қайта көшіріп шыққан. Француз әдебиетшісінен тынысы кең романның желісін өруді, мазмұнын қордалауды үйренген. Біздіңше кейінгілерге ұлы жазушының бұл да бір ұлы тағылымы. Аударма жеке шығармашылық адамының шеберлігінің шыңдалуына, кәсіби деңгейінің көтерілуіне көп әсер етеді. [3 .591]

Өзге тілдің шығармасын ана тілінде сөйлетіп оқығанда оның бөтен елдің шығармасы екенін жер – су атаулары және кісі есімдерінен онсыз да байқауға болады. Өйткені оқиға желісі , салт – дәстүр, мінез – құлық сияқты маңызды факторлар шығарма болмысымен бір тұтас. Әр аудармашы шығармада өзі үшін маңызды деп ұйғарған негізгі ойды жеткізу жолында мәтіннің көптеген элементтер ( бұлар аса маңызды болмауы тиіс) ін құрбан етеді. Өйткені кейбір аудармаларда сөйлемдер тым ұзап, мағынасы жоғалып, керек емес сөздердің үйіндісіне айналып кетіп жатады. Мұндай кемтар аударма нұсқалары ең баста аудармашының кемшілігі болып табылады. Осындай кемшіліктерді болдырмау үшін аударма қалай жасалады, оның қандай тиімді жолдары бар деген сауалдар аудармашыны мазалауы тиіс. Жауаптар, бір ғана мысал, аударма тарихының маңызды өкілдерінің бірі – француз , аудармашы, жазушы, типограф Этьен Доле (1509-1546) нің « Бір тілден екіншісіне жақсы аудару тәсілі туралы » деген трактатынан және басқа да осындай еңбектерден табылатыны анық. [4.29]

Шығарманың түпнұсқасы мен аудармасының ұқсастығы аударма үшін табиғи және жанды тілдің қолданылуында. Әрбір тілде ол шығарманың табиғатын беретін сөздер бар. Мысалы, « патша » - батыс ертегілері, « хан » , « сұлтан » - шығыс ертегілерінің кейіпкерлері үшін арнайы қолданылатын сияқты. Мәтін ішінде « hello » сөзін « хэлло » деп дұрыс транскрипциясымен көрсетсе, ол шетелдіктерге тән сәлемдесу сөзі екенін оқырман онсыз да аңғарады. Ал оны тілімізде латын әліпбиін қолданбағаннан кейін «Hello» деп шығармада қолдану дұрыс болмас. Өйткені бұл шет тілін үйрететін оқу құралы емес. Әрі бұл жайт шығарманың көркемдік жағына да нұқсан келтіретін сияқты.

Біле білсек, аударма өнер, ол дипломмен санаға даритын кәсіп емес, көп жылғы тәжірибемен келетін, жылдар бойы қалыптасатын, үйренумен, ізденумен толысатын рухани азық. [5.2] Олай болса тілдерді білемдіге салып аударма өнерінің қыр – сырларынан хабарсыз бола тұра жолға шығу аса қауіпті. Бұл жолдың жолаушылары үлкен жүректі, өмірлік қағидалары мықты, ісіне адал, еңбекқор, шынайылық иесі болуға тиіс.

Адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы болып табылатын тілдің бүгінгі таңда технологияның дамуына байланысты рухсыздануы өкінішті-ақ. Тілге төнген қауіп – қатер қоғамның бетке ұстар көзі ашық азаматтарын ойландыруы қажет. Қазақ тілінде сөйлейтін, тыңдайтын қауымның (қазақ диаспорасын алғанда) саны бұрынғыдан анағұрлым көбеюмен қатар, адамдар жаппай сауаттанып, жұрттың мәдениеті әлдеқайда көтерілген уақытта аудармада жасалып жатқан қателіктер тайға таңба басқандай көрініп, оқырмандар тарапынан оларға сын айтылып жатады. Дер кезінде айтылған сын, түзетуге ыңғайы келіп жатқан қателік, кемшіліктер аударманың күнделікті тыныс тіршілігі болмақ. Көркем шығарма халықтың өмір өрнегін бойына жинаған үлкен қазына екенін жадымыздан шығармай аударма жасайтын болсақ, мұнымен тек жақсы аударма ғана жасап қоймаймыз, өзімізді ол тілдің шын жанашыры екенімізді де көрсетеміз. Шындыққа көзі жетпей тұрып, өзі қалай қабылдағанына байланысты өз бетінше, өз пайымдауынша аудара салуы үлкен ағаттықтарға жол ашатын келеңсіздіктерге ұрындырады. Бұл өзге халыққа деген сыйламаушылық, немкұрайдылық, жауапсыздық ретінде ұғылуы да мүмкін. [6, .....]

Ана тілінен басқа тілді білген адамның барлығы бірдей аударма жасай алады деген ойдан аулақпыз. Өйткені аударма ісінің ең басты міндеті түпнұсқа тілі мен аударма тілінің байлығын жан-жақты көрсете білуінде. Аудармада сөз таңдау – ең ауыр да жауапты іс. Негізінен, тіл қолданысында орнықты қалыптасқан қарапайым да кең таралған танымал сөз таңдау орынды болмақ. Көркемдік тәсілдер метафора, аллегория, теңеу, салыстыруларға қатысты сөздерді кеңінен пайдалану басқа көркем шығармалардың көркемдігін жоймай, құлаққа жағымды болып естілуіне де, жүрекке қойымдылығына да өз септігін тигізеді. [7, 31] Ол үшін аудармашыға керегі аударманың ең тиімді әдістері мен сөздіктер болмақ. Адамзат тарихында ғасырлар бойы қалыптасқан түрлі аударма әдістері бар. Шығарманың нәтижеде түпнұсқасы сияқты сәтті болып жарық көруі осы әдістердің дұрыс таңдалып шебер қолданылуында. Осылайша көп әдістің ішінен бір екеуі аудармашыны көздеген мақсатына алып барады. Сөздіктерге келер болсақ аударма жасау үшін бір екі сөздіктің жеткіліксіз екені белгілі. Жалпыға мәлім, көркем шығармаларда теңеулер кеңінен қолданылып, біріне-бірінің ұқсастығы бар екі зат үлкен шеберлікпен салыстырылады. Бұл да көркемдеуші тілдік құралдың маңызды түрі. Мысалы: Екеуі егіз қозыдай қайда барса да бірге жүреді. Жігіттер сайдың тасындай біркелкі ірі және шетінен батыр болған. [8, 217] Мұндағы « егіз қозыдай», « сайдың тасындай » теңеулерінің аударма жасалып жатқан тілде дәл түпнұсқасында айтылған мағынада өз баламасын табуы керек. Ал дөп басып айтылған ойлар болса тұрақты сөз тіркесінің еншісінде. Әрине, әр тілде міндетті түрде түсіндірме, фразеологизмдер сөздігі бар. Бірақ аудармашы мысалы, айтар болсақ , қазақша-түрікше, түрікше-қазақша сөздігімен қатар қазақша-түрікше, түрікше-қазақша фразеологизмдер сөздігі, қазақша-түрікше, түрікше-қазақша теңеулер сөздігі, қазақша-түрікше, түрікше-қазақша терминдер сөздігі, қазақша-түрікше, түрікше-қазақша түсіндірме сөздігі сияқты сөздіктерге мұқтаж. Ал мұндай тіларалық сөздіктерді жасау үшін тілдердің түсіндірме сөздіктері барлық сөзді қамтыған болуы керек. Көлемді сөздіктердің өзіне көп қолданылатын сөз тіркестері мен теңеулердің енбегенін көріп қынжылуға болады. 1991 жылы «Русский язык» баспаханасынан бір топ тіл маманының бірлесе отырып жарыққа шығарған «Словарь современного русского литературного языка » атты еңбектің екінші томы В әрпіне арналыпты. Бұл томның көлемі 960 бет болып 7828 сөзден тұрады екен. Бұл еңбекке қарап отырып қаншалықты іздену керектігін, тіліміздегі әрбір сөзге тоқталып оны жанжақты түсіндіріп сөздік қорына енгізу керектігін ұғындық. Егер аудармашы арнайы сөздік болмаса да қолға ілінген, сол уақытта табылған сөздіктің көмегімен аударар болса, онда бұл сөздіктердің міндетті түрде көлемді болуы қажет деген ойдамыз.



Түсіндірме сөздік , біріншіден тіліміздегі сөздерді түгел қамтуды, екіншіден сол сөздердің бәрінің де мағыналарын толық ашып, дұрыс түсінік беруді, үшіншіден оларға әдебиет нұсқаларынан тыңғылықты мысалдар келтіріп, әрі қонымды, әрі нанымды етіп көрсетуді мақсат тұтатындығын атап көрсеткен.[9, 3] Әрине, сөздіктер жоқ емес, бар. Алайда осыларға жыл өткен сайын толықтырулар енгізіліп, оларды көлемділеу етіп екінші, үшінші, төртінші деген сияқты басылымдырын шығаруға болмас па еді, деген сауал туады. Өйткені тілімізде ерте замандарда ел өмірінде болған, кезінде қолданылған, әр дәуірде ұшырасқан, бірақ кейінгі шақтарда заманның озуына, дамуына байланысты ұмытылған, ескірген не ескіріп бара жатқан заттар мен құбылыстардың куәлары-сөздер бар.[10, 4] Бүгінгі таңда қолданудан қалып бара жатқан сөздер мен олардың орнына күнделікті қолданысқа еніп кеңінен пайдаланылып жатқан сөздердің саны қаншама десеңізші. Көптеген термин сөздер қазақшада өз баламасын таппай түпнұсқа күйінде тілдік қорымыздан өз орнын тауып жатыр. Бұрынғы кездегідей астарлап сөйлеу, айтпақ ойды мақал-мәтелмен жеткізу, не болмаса ертегі, жыр, дастан, аңыз, әпсана, шешендік сөздер сияқты тілдің болмысы мен табиғатын сол қалпында сақтап қалған ауыз әдебиеті шығармаларын оқу, олардан сабақ алып көкейге тоқу күннен күнге қалып бара жатыр. Бұлар бұрын адамзат баласы үшін рухани азық болып табылатын. Ал бұларды оқымай, рухани азығын алмаған исі қазақ қалайша тіл жанашыры болмақшы. Бұрынғы кездерде әдеби тіл тек белгілі аядағы адамдардың ғана пайдаланатын үлгісі болса, қазір жаппай сауаттанған елдердің бәрінде де әдеби тіл бүкіл халық жаппай пайдаланатын құрал болып отыр. Осыған орай көпке дейін ерекшеліктері сақталғандарымен, әдеби тіл мен сөйлеу тілі бірте-бірте жақындаса беретіні даусыз. [11, 12] Алайда бұл аударылатын шығармалардың көркемдік ерекшеліктеріне нұқсан келтірмеуі керек.

Әдебиеттер


  1. Роза Станкевич, Я.Димовтың аударма стратегиясы

  2. Элизабет Маркштайн, Аударманың постмодернистік концепциясы

  3. Әмірхан Балқыбек, Аударма не үшін керек, Тұран, 2008

  4. Бақыш Дуанина, Аударма мәдениеті, Жалын №11, 2008

  5. Қарашаш Тоқсанбай, Гәп тілде емес – ділде, Егеменді Қазақстан, 21.09.2007

  6. Дәуірбек Дүйсебаев, «Абай жолы» - парсы тілінде, Әлем әдебиеті №2, 2007

  7. Бақыш Дуанина, Аударма мәдениеті, Жалын №11, 2008

  8. Қожахметова Х.К., Жайсакова Р.Е., Қожахметова Ш.О., Қазақша-орысша фразеологизмдер сөздігі, Алматы, Мектеп,1988

  9. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы, Ғылым, 1974

  10. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы, Ғылым, 1974

  11. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы, Ғылым, 1974


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет