ҚЫЗЫЛТАҢ МЕКТЕБІНЕ-80 ЖЫЛ
Ертіс өңірінде ХХ - ғасырдың басында мешіттер, ал оның жанынан медреселер ашылып, ауылдарда мектептер болған. Қазіргі Қашыр ауданының территориясын Тереңкөл болысы жайлаған. Бұл жерде малының көптігімен, ерен байлығымен аты шыққан Жанқариндер бір ғасырдан астам билік тізгінін ұстағаны белгілі. Әрине Тереңкөл болысының орталығы Қызылтаң ауылында бұл уақытта міндетті түрде мектеп болды. Себебі бұл байлар да балаларын ауылда хат танытып, кейін Омбыға оқуға аттандырды. Зерттеуші ғалымдар Р. Ж. Қадысова мен С. Н. Мамытовалардың "Қазақтың 20 ғасырдағы ұлттық буржуазиясының қалыптасу ерекшеліктері" деген зерттеу еңбегінде Жанқариндер өз жерлестері үшін мектеп салғанын, олар "Дала уаллаяты" газетінің материалдарына сүйеніп жазады.
Қазақ АССР-і Семей губерниясының Павлодар уездік оқу бөлімінде (Семей губерниясы еді) 1924 жылы 164 мектеп болған. Оның ішінде ауылдық жерлерде 78 орыс, 68 қазақ мектебі ашылыпты. Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатының мәліметі бойынша 1926-1927 жылдары бұл өңірде 207 мектеп болған екен. Оның ішінде ауылдық жерлерде 78 орыс, 105 қазақ мектебі жұмыс істегені туралы құжат бар. Сол сияқты уезге қарасты барлық ауылдарда сауат ашу мектептері ашылған. Сол кезеңдегі деректердің бірінде Ертіс өңіріндегі 29 оқу орнының 6-ауында Исқақ Зайыров - Тереңкөлде, Шеризада Арынов, Сементай Жақыповтар-Майгүл ауылында, Серғазин Жармұхамед (Ирмағанбет), Аширов Ахмет - Мұздыкөл ауылдарында сабақ берген.1926 жылы Тереңкөл мектебінде 80 оқушы болған. Сонымен қатар Базарбай Сүлейменов, Жұмабаев Қасендер де Тереңкөл болысының мұғалімдері болып қызмет істепті. Ал Сағадат Сәдуақасов, соғыс ардагерлері Нүркен Шайхымов, Жантүгіл Бегенбаев, ұзақ жылдар бойы облыстық соттың төрағасы болған Ыбырайым Тілегенов, әкесі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, соғыс ардагері, ғалым-педагог Иманбек Ұйықбаев, жоғары білімді агроном Ботахан Арынов, әскери қызметкер болған Шәкен Айдарханов, тағы басқалар Тереңкөл болысындағы тұңғыш шаруа жастар мектебінде (ШКМ) оқып, түлеп ұшқандар. Сарғайған мұрағат қағаздарының ішінен бұдан басқа Қызылтаң ауылының тұрғыны Ә. Серғазиннің дәптері табылды. Әбдірахим Қызылтаң ауылының жігіті. Кейін Ақмола жақта әскери қызметте болып, қауіпсіздік саласына араласып, әскери журналист мамандығын алған.
Қызылтаң ауылындағы мектептің тарихы Тереңкөл болысы кезінде бастау алады. Алғашқы кезде, көнекөз қариялардың айтуынша, қамыстан салынған жұпыны тұрғын үйлердің бірінде, молдадан арабша білім алған Есмұқан Құсайынұлы және Кәрімов деген мұғалімдер ауыл балаларын үш сыныпқа жинап, сауаттарын ашып, бастауыш білімнің негізін қалап, алғашқы ағарту саласының қарлығашындай жарқын бейнелерімен ауыл тұрғындарының есінде қалады. Қызылтаң мектебінің негізі қолда бар деректер бойынша 1926 жылы қаланды деп айтуға болады. Ал аудан болып құрылғанда жетіжылдық мектеп болады. Алғашқы мектеп директоры Нәжмиден Зайыров екен.Ел есінде қалған ұстаздардың бірі ретінде Орынбаев Ильясты да атап өткен жөн. Ол кісі 1920-1921 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқып шыққан. Сол сияқты мұғалім болған азаматтардың өмірбаяндық жазбаларында, мәселен Бейсембаев Есімхан Құсайынұлы 1927 жылға дейін М-Горький ауданының Қызылтаң ауылында мұғалім болған. Ал Әділбаев Шайқым 1930-32 жылдары Қызылтаң мектебінде мұғалім болды деп көрсетілген. Олар араб тілінде және ресми тіл енгізілмесе де орыс әріптерімен оқып, жаза білген. 1930 жылы латын әріпі қолданысқа енгізілгенде алғашқы сауат ашқандар қатарында, Әлепаров Сағадат, Ибраев Әубәкір, Мүсәпіров Жұман, Абилов Баязи сияқты азаматтар болған.
Облыстық мұрағаттағы мәліметтер бойынша 1930 жылғы 25 тамызда болыстық билік жойылып, Баянауыл, Ертіс, Коряков, Қызылағаш, М-Горький, Павлодар, Сейтен, Тереңкөл, Цюрупин аудандары құрылады. Тереңкөл ауданымен қатар Федоровка ауданы да болады. Осы Федоровка ауданының орталығы Қашыр селосы болған екен. Ал Тереңкөл ауданының орталығы бұл кезде Қызылтаң болатын. Аудан орталығы Қызылтаң болған кезде жаңа мекемелер тұрғызу үшін, Қаракөл ауылындағы ағаш үйлерді бұзып әкеліп, жаңа құрылыстар тұрғызған. Алайда көп ұзамай аудан орталықтарын ірілендіру мақсатында қайта құру жөнінде жаңа шешімдер шығарылады. Сөйтіп 1928 жылы 29 маусымда Федоровка ауданының атауы М-Горький болып өзгереді де, Тереңкөл ауданын осы Максим Горький ауданына қосады. Осыдан кейін біріктірілген қос ауданның орталығын таңдау Қашыр селосына түседі. Ол кезде сауда-саттық жұмыстары, жер-жермен қарым-қатынастар Ертіс өзені арқылы жүргізілетін. Елдің іргесінде кемелер мен баржалар тоқтайтын пристань болған. Қызылтаң ауылы Ертіс өзенінен 5-7 шақырым қашықтықта орналасқандықтан аудан мекемелері Қашырға көшеді. Ал жергілікті тұрғындар құтты қоныстарын тастап кетпеген. Солардың ішінде орман күзетшісі Кулаков Сергей, украин Чаус баласы Василий, Свях, Семен баласы Федя, төрт ағайынды татар азаматтары Мухамбет Қабиболлалар Қызылтаңда қалып қояды.
1934 жылы жетіжылдық мектеп уақытша жабылып, аштықтан аман қалған балалар Песчандағы мектеп-интернатқа орналасады. Кейін мектеп қайтадан ашылып, Әшитов Есімхан директор болады. Бейсенов Шәкен осы Қызылтаң жетіжылдық мектебінде математикадан сабақ береді. Қанат Бейсенов 1941 жылы 6 жастан Қызылтаң жетіжылдық мектебінің бірінші сыныбына барады. Бірінші сыныпта сол жылы Бейсенбаева Шәкар, Сейсенбаева Жаңыл,Төлеген Сейтахметов дегендер бірге оқыды. Ал 2-ші сыныпта Наурызбай Шойынбаев, Мұқатай Темірбеков оқыды. 3-ші сыныпта Кемпірбаев Жасқайрат болады. Ол жылдары бала аз болғандықтан бір класта әр түрлі сыныптың оқушылары отыра беретін. Сәдуақасов Төлеу, Құдайберген Құрмашев жоғарғы сыныптарға сабақ берді. Бұл мұғалімдерден Мусин Қабыл, Сейтахметов Қапар, Арынғазин Жұман сабақ алады. Олар ересек болса да жетінші сыныпта оқып жүреді. Қанат мұнда өзінен көп үлкен Теміров Жаңабек, Бектеміров Кенжеғара, Әлеперов Сағадат дегендермен бірге оқиды. Есінде қалғаны Құдайберген Құрмашев пен Жұмаш (Шайқысләм) Бейсенбаев деген мұғалімдер соғысқа кеткен соң, орнына Әлжанов Мақсұт, Жұмажанова Күлкен, Мүсәпіров Жұман, Кулаков Николай Сергеевич деген мұғалімдер сабақ беріпті.
Қызылтаң қазақ орта мектебінде соғыстан кейінгі жылдары талай тамаша ұстаздар еңбек еткен. Әсіресе 1953-1954 жылдары жұмыс істеген мұғалімдердің қатарында мектептегі алғашқы математиктердің бірі Байлдинов Нығмет Сейтқалиұлы да болды. Алғашқы оқу ісінің меңгерушісі, физика-математика мұғалімі-Аймышев Шаймұран, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, бүкілодаққа танымал 30-дан аса мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдардың авторы, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, Качир ауданының құрметті азаматшасы - Әбдрахманова Лидия Жұмажанқызы, математика мұғалімі-Әбілхасанов Кәрімберген, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі-Фатихов Мирсалих, бастауыш сынып мұғалімі және әскери жетекші Мүсапіров Жұман, бастауыш сынып мұғалімі-Мұндуинова Күлкен, тарих- география мұғалімі Абдрахманов Мақсұт, бастауыш сынып мұғалімі Сәрсекеев Сүлеймен, математика мұғалімі Әлжанов Мақсұт сияқты жоғары білімді әдіскер-ұстаздардың есімін ерекше атауға болады.
1964 жылы Қызылтаң ауылында, қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеп тұрған Қызылтаң орта мектебінің ғимараты пайдалануға берілді. Мектеп алғашқы уақытта сегізжылдық оқыту жүйесінің жоспарына негізделіп, 195 орынды, көмірмен жағу қазандығымен жасалған. Ішкі бөлмелерінің құрылымы типтік мектеп жүйесіне сай тұрғызылады. Барлық сыныптарда сол жылдардағы оқыту талабына сай кабинеттермен жабдықталған, қажетті станоктары бар, еңбек шеберханасымен де қамтылды. Бұл оқу орнының салынуына Качир аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қызылтаң ауылының тумасы Ибраев Әубакір Ыбрайұлының қосқан үлесі зор.
Әбдірахманов Райхан Әбдірахманұлы Қызылтаң мектебінде 1950 жылдан 1985 жылға дейін мектеп директоры болды. Білікті басшы кез келген жылдары кеңестік солақай саясатқа, қазақ тіліне қысымшылық көрсетілгеніне қарамастан, аудан көлеміндегі санаулы таза ана тілінде оқытатын мектеп мәртебесін сақтап қалды. Осы мектепті алпысыншы жылдары бітірген түлектер алды аудан көлемінде жоғары білімді дәрігерлік мамандық алды. Олардың қатарында - Ахметов Әбдірман, Тұрғанбаев Қайырбай болды. Сол сияқты сол жылдардағы шәкірттер жоғары білімді экономист маман - Шойынбаев Мырзабек, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары - Жәнібеков Қазыбек,Темірова Бақтылы, жоғары білімді прокурор-жазушы Тәліпов Қадылмәжит, милиция полковнигі Сейтахметов Сансызбай, республикаға танымал ақын-журналистер-ЖаҺанов Асқар (әскери журналист), айтыскер-ақын, он шақты кітаптың авторы, Байғалина Шолпан, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, сазгер-әнші - Ермекбаев Мейрам, Қазақ КСР-нің спорт шеберлері-Алепаров Қайрат, Бейсембаев Еркін, Семейдегі технология институтының әдіскер-ұстазы болған Смағұлова Алтынай және басқалары Қызылтаң мектебінен түлеп ұшып, мектептің абыройын асқақтатты. Мектеп Ы. Алтынсарин атындағы Алматы ғылыми-зерттеу институтының, Павлодар педагогикалық институтының тірек-базасына айналды. Қызылтаң орта мектебінде педагогика ғылымдарының кандидаттары К. Бозжанова, А. Сүлейменов, В. Лепилов мектеп оқулықтарын сынақтан өткізді. Қазақ КСР білім министрі Балахметов, КСРО Еңбек Ері Р. Нұртазина, ақын- жазушылар М.Әлімбаев, Қ.Бекқожин мектепте болып, оқушылардың сабақтарына қатынасып, ұстаздармен және шәкірттермен пікір алысты. Мектепте интернационалдық достық клубы (КИД) жұмыс істеп, ол туралы Бүкілодақтық баспасөз беттерінде жарияланып отырды.
Мектеп 1989 жылы білім саласындағы жаңа реформаға сәйкес 11 жылдық білім беретін орта мектепке айналды. Бұл жылдары оқу орны толық қазақ ұлттық тәрбиелеу бағытына көшкен еді. Тәуелсіздік қарсаңында 1990 жылы мектеп директоры болып Бейсенов Құдайберген (Қанат) Асаинұлы тағайындалды. Алты жыл еңбек еткен жылдары ішінде Ы. Алтынсарин атындағы медальдің иегері атанды. Тәуелсіз елдің алғашқы жылдарында мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі болған Қайырбай Бейсембаев «Халық педагогикасымен» жұмыс жасаудың негізін салды. Осы жылдары мектеп әкімшілігі, аудан әрі облыс көлемінде қайта оралып, халқымызбен қауышқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен мерекелерімізді насихаттауды жоспарлы жолға қоя білді.
1990-1993 жылдары мектептің материалдық-техникалық базасы 11 жылдық оқыту бағдарламасына сай қайтадан жабдықталды. Заман талабына сай, бұл жылдары мектепте жаңаша тұрғыда білім алып келген жас ұстаздармен толықты. Олардың қатарында, шәкірттердің сүйіспеншілігіне бөленіп, рухани жетекшіге айнала білген, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі әрі мектептегі алғашқы қазақша күрес секциясын ұйымдастырушы Мұрат Исқаков, қазір Қарағанды медициналық академиясының профессоры, математика мұғалімі Ш.Ақылбаева, дене шынықтыру мұғалімі А. Башарланов болды. Осы жылдардан бастап түлектер арасында жоғарғы оқу орындарына түсушілер саны көбейді. 1990 жылдарға дейін жақсы сақталған химия, физика кабинеттері мен кішігірім лаборатория жұмыс істеп тұрды. 1996 жылы мектеп директорлығына Бейсембаев Қайырбай Мұхтарұлы тағайындалысымен, мектептің бірталай мәселелері өз шешімін тапты. Атап айтсақ, алдымен мектепті жас мамандармен толықтыру жүзеге асырылып, физика, орыс тілі, биология, тарих , бастауыш сынып мұғалімдері қатарына жоғары білімді жас мамандар тартылды. Оның ішінде, еңбек жолын осы мектепте математика мұғалімі болып бастаған, қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім институтының директоры (Астана қаласы)Тұяқов Есенгелді Алыбайұлының орны ерекше. Бұл кезеңде, мектепішілік тәлім-тәрбие жұмысына да, айтарлықтай жаңа бағытта өзгерістер енгізіліп, мектептің тәрбие жұмысының меңгерушісі Теміров Қуандық Сыздықұлы Республикалық «Атамекен» бағдарламасымен жұмыс жүргізуді бастап, мектепте алғашқы ұлттық аспаптар ансамблін ұйымдастырды. Мектепте Қуат Теміров 1989 жылы құрған «Үкілі домбыра» оркестрі осы уақытқа дейін жұмыс істеп, оқушылардың ұлттық аспаптарды қызыға үйренуіне жағдай жасап отыр. 1997-2001 жылдар аралығында мектепте білім беру сапасы біршама арта түсті. Оқу ісінің меңгерушісі Арынгазинова К.С. «Халық педагогикасын» ұтымды пайдаланып, жаңаша сабақ берудің тиімді тұстарын оқыту бағдарламасына енгізді. 1996-2001 жылдары Қызылтаң жалпы білім беретін орта мектебінен білім алып шыққан 30-дан аса түлектер жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп, өмірден өз орындарын тапты. 2001-2002 жылдары мектепте жаңа бағдарламалы компьютерлер іске қосылды. Осы кезеңде мектепте «Қазақ тілі», «Абайтану» сияқты тереңдету курстары ұйымдастырылып өткізілді. 80 жылдық тарихы бар Қызылтаң жалпы білім беретін орта мектебі бүгінгі таңда мемлекеттік тілімізде жаңа бағдарламаларға сай оқытатын заманауи технологиялармен қамтылған. 2010 жылы қазақша күрестен 11-сынып оқушысы Кеңесбек Әсет облыста ІІ орынды жеңіп алса (бапкері жас маман Түгелбай Шындос), ал 2010-2011 оқу жылы қорытындысында Қызылтаң жалпы білім беретін орта мектебінің 11-сынып түлегі К. Раздықова «Алтын белгі» иегері атанды. Осы жылы мектеп жанынан 20 орындық «Балауса» шағын тәрбие орталығы ашылып, бүгінде мектеп жасына дейінгі 18 бүлдіршін шағын орталықта тәлім-тәрбие алуда. Бүгінгі күнгі талапқа сай жабдықталған сегіз пән кабинеттері бар. Оның біреуі жаңа компьютерлері бар информатика кабинеті. Оқу-тәрбие үрдісі жаңа заман талабына сай ұйымдастырылып, жүйелі жұмыс жасалуда. Сапалы білім мен саналы-ұлттық тәлім-тәрбие ордасы Қызылтаң жалпы білім беретін орта мектебінің алдағы уақытта жарқын болашаққа қосар үлесі мол екендігі сөзсіз.
Шолпан Байғалықызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Павлодар қаласы
Володарский к-сі,64
328317, 87770811368
.
Достарыңызбен бөлісу: |