Жаңаарқа аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне арналған
«Кітап – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем!» әдеби – музыкалық кештің сценарийі
Мақсаты: рухани жан дүниемізді, білімімізді молайтып үлгі-өнеге беретін ақылшы дос, білім көзі, рухани қазына кітап әлеміне шолу жасау, кітап әлемі адамды арман биігіне самғатып, ақыл, ой, сұлулық әлемін шарлатып, білім-ғылым жолына жетелейтін ғажайып дүние екенін ұғындыру; көркем әдебиет оқуға тәриелеу.
Көрнекілігі: кітап туралы қанатты сөздер, кітаптар көрмесі, сөрелер, мақал-мәтелдер.
Іс-шара барысы:
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, оқырмандар және де іс-шараға қатысушылар! «Кітап – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем!» әдеби – музыкалық кешін бастауға рұқсат етіңіздер!
Кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Ол – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі. Бүгін 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күні.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай атамыз жырлағандай әдеби кітаптар мен оқулықтар – білім көзі, рухани қазына. Кітап білімізді молайтады, кітаптан көп үлгі-өнеге мен тәрбие аламыз. Бәрімізді білімді, өнерлі болуға тәрбиелеп, талай ғажайып істердің құпиясын ашуға көмектесетін ақылдың кені – кітап.
2-жүргізуші: Кітап – заманымыздың өмірі. Ол кәріге де, жасқа да қажет. Біз кітаппен күн сайын кездесеміз. Кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп, рухани дүниелерді оятады. Кітап – біздің ең жақын ақылшымыз.
Тұрады басын құрап әріп неден,
Басталған білім басы «Әліппеден».
Қарасақ шалқар теңіз, түпсіз мұхит,
Оқысақ кітап сырын ашып терең.
1-жүргізуші:
Адамның досы – кітап, өмір кілті,
Тең келмес оған жиған дүние-мүлкі.
Ақылшы, жанға серік жол бастаушы,
Асыл ой қазынасы өмір көркі.
2-жүргізуші: Кітаптың шығу тарихына тоқталып өтсек: Арабтың «кітап» деген сөзі қазақша «жазу», «жазба» деген мағынаны білдіреді. Кітаптың шығу мен дамуы сол жазу өнерінің пайда болуымен тығыз байланысты. Ол қажетті материалдардың ойлап табысуына және техниканың дамуына сәйкес жетілдіріле берді. Ежелгі заманда Мысыр мен Шығыс елдерінде, Греция мен Римде кітап қыш тақталарға жазылды. Кітап тас бетіне де қашалып жазылды.Түркі халықтарының көне жазба мұрасы болып табылатын «Орхан – Енисей жазба ескерткіштерін» (7-9 ғ.) ашық аспан астында тұрған тас кітаптар деп айтуға болады.
1-жүргізуші: Көпшілікке арналған алғашқы баспа өнімдері (діни уағыздар, қолжазба кітаптар) ағаш қабығына, теріге, кейіннен қағазға қолмен көшіріліп жазылған. Ірі қалаларда қолжазба кітапты мәнерлеу өнерімен шұғылданатын арнайы мамандар- көшірмешілер, түптеушілер, миниатюрші суретшілерді топтастырған орталықтар жұмыс істеген (қысқаша Қолжазба кітаптар). Біртекті мәтінді көп данамен тарататын Баспа тарихы Қытайда кітап көбейтудің жаңа әдісі – ксилографияның (ағаштан ойылған қалыппен басу) пайда болуынан басталады (8-9 ғасырлар). Осы әдіспен ең алғаш будда дінінің «Жақұт сутра» (868) деген қасиетті кітабы басылды. 1040-1048 жылдары Би Шен жылжымалы қаріптерді, құйма әріптермен теру процесін ойлап тапты (Еуропаға бұл жаңалық 4 ғасырдан кейін келді). 14 ғасырда Қытайда түрлі-түсті баспа пайда болды.
1340 жылы «Сутраның түсініктемелері» деген кітап 2 түрлі бояумен басылып шықты. Еуропада 1445 жылы неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг кітап басуға алғаш рет жылжымалы құйма әріптерді пайдаланды. Ал, Ресейде 1564 жылы Иван Федоров пен Петр Мстиславец орыс тіліндегі тұңғыш кітап «Апостолды» басып шығарды. 16-17 ғасырларда баспаханаларды ірілендіру, шығаратын өнім көлемін ұлғайту және оны сатуды жүйелі жолға қоюдың қажеттілігіне қарай жекелеген баспагерлер көптеп шықты. Бұлардың қатарында Мануция Альда (Венеция), К.Плантена (Антверпен), Элзевировтар отбасы (Нидерландия), Этьенков және Дидо (Франция) секілді баспагерлерді ерекше атауға болады. 18-19 ғасырларда Баспа саны әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде шапшаң өсті. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Баспалар акционерлік қоғам түрінде құрылып, өз ішінен кітап, газет-журнал Баспаларына жіктеле бастады. Бұл кезеңде Баспа мен баспахана екеуі біртұтас болды. Кітаптар баспахананың өзінде дайындалып, басылып шықты.
2-жүргізуші: Қазақ тіліндегі ең алғашқы кітап: Қазақ тілінде кітап шығару ісінің тарихы 1800 жылы Қазан қаласында ашылған бірінші Азиялық баспаханадан басталады. Қазақ тiлiндегi ең алғашқы кiтап – 1807 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Сейфүл – Мәлiк» қиссасы. Жалпы, 1917 жылға дейін қазақ тілінде жеті жүзге жуық кітап басылып шыққан екен. Кеңес үкіметі кезінде баспа ісі мемлекет қамқорлығында болып, елде танымал ақын-жазушылардың шығармаларының таралымы жүз мыңдаған данаға жеткен. Бүгінгі таңда Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының мәліметтері бойынша, елімізде 315 баспа мен кітап шығару ісімен айналысатын мекеме тіркеліпті. Олардың 208-і Алматыда шоғырланған. Алайда баспалар шығарып жатқан кітаптардың таралымы тым төмен. Көркем әдебиеттің жүз мыңдаған данамен баспа бетін көруі өткен заманда қалғандай. Өйткені жарық көрген бір кітаптың таралымы 2 000-5 000 дананың аралығында ғана. Кезінде «ең оқымысты» елдердің қатарынан табылатын Қазақстанда бүгінгі күні жан басына шаққандағы көрсеткіш 1 кітаптан аз – 0,98-ге тең болып тұр.
Музыкалық номер: Ән-шашу.
1-жүргізуші: Кітапхана – кітаптар қоры. Осы жерден біз өзімізге керектің барлығын аламыз. Мысалы, күнделікті оқып жүрген пәндерімізге қажетті кітаптар, «Қиял-ғажайып ертегілер», «Батырлар жыры», «Мақал - мәтелдер», ақындардың түрлі әңгімелері, шығармалары – осы кітап қорының негізгі рухани байлығы. Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған.
2-жүргізуші: Қазақстандағы ең бай кітапхана: Қазақстандағы ең бай кітап қоры «Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасында (бұрынғы Орталық ғылыми кітапхана) сақталған. 80-жылдық тарихы бар ең көне кітапханадағы кітаптың саны 5 млн. 600 мыңнан асады. Белгілі ғалым, жазушы Шериаздан Елеукенов: «Бүгінде жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар саласында кітап қоры бай дәл мұндай кітапхана иесі Кіндік Азияда жоқ» деп бағалайды. Бұл кітапханада сирек кездесетін кітаптар мұражайы орналасқан. Атақты шығыс шайыры – Әлішер Науаидің диуандарын, Ораз Молда аудармасындағы Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамесін», Физулидің «Ләйлі-Мәжнүні» шығармасын ел арасында қолдан-қолға көшірілген қолжазба күйінде көруге мүмкіндік алды. «Шығыс Илиадасы» аталған «Шаһнаме», «Лейлі-Мәжнүн» ғашықтық дастандары қазақ арасында ауыз әдебиет үлгісінде де, қолжазба түрінде де тарады. Ораз Молда, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалары, Жаяу Мұсаның күнделігі, Шәді Төренің өлеңдері, Әлкей Марғұлан шығармалары шығармалары қолжазба күйінде сақталған.
Әлемдегі ең керемет 12 кітапхана туралы презентация.
1-жүргізуші:
Кітап!
Ақылдың сөнбейтұғын шамшырағы,
Білімнің сарқылмайтын балбұлағы.
Ашқанда – ақ өткен күнмен беттеріңді
Келер күн көз алдыма кеп тұрады.
2-жүргізуші:
Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, оқып байқап, қаралық та.
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!
«Кітап – рухани қазына» кітап көрмесіне шолу жасалады.
Музыкалық номер: Ән-шашу.
Құрметті іс-шараға қатысушылар, оқырмандар! Бүгінгі 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне арналған «Кітап – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем!» әдеби – музыкалық кешіміз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға мың алғыс, рахмет!
Құрастырған: Жақыпова Г.А.
Достарыңызбен бөлісу: |