Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі
Айтбаева Айман Ералықызы
ф.ғ.к., доцент
Шыңғысханқызы Аружан
К-13-1 оқу тобы студенті
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, жамбылтану ілімінің басында тұрған ғалым М.Жолдасбекұлының абыз ақын Жамбыл Жабаев жайында айтқан бағасы әділ де барынша нанымды: «Жамбыл –көмейінен жыр қоздаған дана, қара өлеңнің сарқылмайтын бұлағы, жырдың асыл кені, тіккен туы, жырдан ұрық сепкен, өлеңді өрнектеп төккен, қойдай тоғытқан, ақындықтың апшысын қуырған, жырдың өрісін ұзартқан, жырға қанат байлаған, ақындықтың жолбарысын жетектеген құдірет. Дұшпанның тынысын тарылтқан жырдың ақ семсері. Асыл жырдың асқар тауын орнатқан, өлеңнің тау мен тасын құлатқан асау өзен, ағып жатқан сел, жырдың дауылы, өлеңнің қара бораны. Елге жыры ем болған – сөзден туған дана,терең теңіздің тұнбасы, өлеңді тірілткен кәрі қуат, биік бәйтерек»\1,372\
Бала күнінде Бөлтірік шешен Жамбылдың қолын ұстап тұрып: «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болады екен»,-депті. Аузы дуалы, сөзі киелі Бөлтірік бабамыз болжағандай, Жамбыл «ХХ ғасырдың Гомері атанған», әлемді таң қалдырған ғажайып құбылыс болды. Тау халықтарында керемет бір дәстүр бар екен. Бір жас ақынның аты таныла қалса, бұл ақын, ана ақыннан да мықты деп төрге шығарып, құрметтейді екен. Қазақ бірін-бірі мұқалтпаса, аяғынан шалып құлатпаса, күндемесе күнелтпейтін маңдайына жазылған жазылмас дерті бар емес пе? Сол бір жаман қылығымен Жамбылдың да артына шам алып түсіп, артынан Мәскеуге қарай «Жамбыл деген ақын түгіл, адам жоқ. Ойдан қиыстырған қиял»деп арызын бұрқыратқан. Содан Мәскеуден жазушы Л.Соболев арыздың анық-қанығына жету мақсатында жанына М.Әуезов, Ә.Тәжібаевты ертіп, Ұзынағаштағы Жамбыл ақынның үйіне барып түседі. Жамбылдың табиғат сыйлаған дара талантына, кемеңгерлігіне бас иеді. Құдіретті ақынды жоқ деп даттаған жалақорларға ренішін білдіреді.
«Бізге импровизаторлық өнер өткеннің романтикасы тәрізді. Менің жеке басым «Сирано де Бержакты» сахнадан он рет көруге әзірмін... Бірақ қазір де ондайлар бар деушілерге, өмір бойы өлеңмен, өлең болғанда қандай өлең классикалық өлеңмен сөйлейтін адам болады деуге сенбеуші едім. Ал Жамбылдың «Манасты» он жеті күн, «Көрғұлыны» он бес күн айта алатынына, барлық қазақ эпосын, өзіне дейінгі ақындар айтысын жатқа білетіндігіне, бір басында миллионнан астам өлең жолдары бар дегенге көзім әбден жетті. Жамбыл түсінде де өлең шығарады деген шындыққа жолықтым. Бұл ғажап екен! Мен Жамбыл университетінің тайниктерінің есігін аштым. Мұны көрген көзде арман жоқ»\2,165\. Л.Соболевтың ой-пікірінен-ақ Жамбылдың эпик, абыз жырау әрі жауынгер жыршы, тапқыр шешен болғандығын көреміз. Ол байтақ қазақ даласының жыр дариясына кенелткен, осы өнерді ілгері дамытқан, жаңа биікке көтерген ұлы ақындардың, жыраулардың ең соңғы үздігі.
М.Әуезов сөзімен айтар болсақ : «Жамбыл Жетісудың төрінде, жырдың тұнып тұрған, дәуірлеп тұрған шағында туған. Жамбылдың өз айналасына келгенде қоюланған қалың үйір, үлкен шоғыр, ордалы өлеңді көруге болады»\3,270\. Жамбыл –Сұраншы батырдың ұрпағы. Ақынның атасы Жабайдың әкесі Ыстыбай да батыр болған. М.Дүйсеновтің мына пікірімен келіскіміз келмейді: «Жамбылдың «Өтеген батырында» бүкіл халықтың перзент тілеуі өздерін шетел басқыншыларынан құтқаратын батырды аңсауға құрылған. Бұдан кейінгі сюжет дәстүрлі арнаға түсіп кетеді. Эпизодтың шешімі тың, өзгеше. Яғни, болашаұ батыр текті адамның үйінде емес, қарапайым халық өкілінің үйінде туады»\4,118\. Қарапайым халық өкілі неге тексіз болмақ?
Жамбыл туған өлкеден Өтеген, Райымбек, Қабан, Сұраншы, Сыпатай, Бұғыбай, Күсеп, Сүйінбай, Бақтыбай, Майкөт, Бөлтірік тәрізді батырлар мен ақындар шыққан. Жамбыл ақын жыр-дастандарында халықтың жаны мен жайының ірі шындығын, қалың елдің асыл арманы мен ұлы –мұрат тілегін, ер өсірген елдің елдігі мен ел қорғаған ердің ерлігін толғады. Жамбыл барлық айтыстарында ел бірлігін сақтауды ел қорғаған ерлерді жырлауды айтыс ақындарының басты мақсаты деп таныды. М.Әуезов: «оның айтыстары халық қостаған ерлікті, елдікті дәріптейді.Елді жирендіретін нәрсіз,құнсыз арам жуандық, обыр байлықты Жамбыл жиренішпен шенеп, масқаралап отырады. Өзімен айтысқан ақындарды жеңгенде халықшыл ойы, санасы биік болғандықтан жеңді»,-дейді.
Атақты Құлмамбетпен айтысында Жамбыл еліңнің адам жегіш жемқорларын мақтай бермей:
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт,-деп өз елінің Саурық, Сұраншы, Күсеп, Өтегендей батырларын, олардың ерліктерін толғайды. Ерлік не үшін жасалды, батырлар жау қолынан өлгенмен кім үшін жанын қиды? Осы сұрақтар төңірегінде кең тыныспен, нанымды жыр етеді. Аты аталған батырлардың жаудан өлгенін бетіне мін етіп басқанда, Құлмамбеттің бұл елге қандай жағдаймен қашып келгенін, ағасының молдалық құрып жан сақтап жүргенін айтып шүйлігеді.
Сарбаспен айтысында ел аузында сақталған Домалақ ана жайлы аңызды жырға қосып, алтын құрсақ анадан Жарықшақ деген ұл туғанын, оның өсіп-өніп,одан Сыпатай, Сұраншы, Саурық, Өтеген, Андас, Қырбас, Атамқұл сияқты батырлардың тарайтынын баян етеді. Қаһармандық күрестерін, жорықтарын дәріптейді. Саурық жайлы:
Ел қыспақта тұрғанда
Ел намысын жоқтаған.
Батыр туған кім еді?
Ел шетінен жау қуып,
Ерлікпен қайрат жұмсаған,
Батыр туған кім еді?
Саурық еді арыстан...
Сұраншы батыр жайында:
Сұраншыдай батырдың, Жан жүрмеген шенінен,
Алмастан соққан ақ қылыш, Еш кетпеген белінен.
Ашуланған кісіге, Қабағы қатты түйілген,Досы қатты сүйінген
Дұшпаны жаман күйінген...
Жамбылдың эпикалық қуаты туралы сөз еткенде, алдымен ол жырлаған «Көрғұлы», «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек», «Манас», «Өтеген батыр», «Сұраншы», «Ерназар-Бекет», «Шора» дастандарын атап өткен жөн. Өкініштісі бұлардың барлығы дер кезінде қағазға түсірілмеген. Жамбылды эпикалық жырау ретінде халыққа танытқан шығармаларының көлемдісі- «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандары. «Өтеген батыр» дастанындағы Өтеген тарихта болған адам. Өтеғұлұлы Өтеген 1699 жылдары Шу өзені бойындағы Хан тауының етегіндегі Изенді жерде туылған. 1773 жылы қайтыс болған. Батырдың өмір сүрген дәуірі - халқымыздың тағдыры қыл ұшында, қылыштың жүзінде тұрған нағыз жаугершілік мазасыз уақытқа, нақтылап айтқанда, бір жағынан жоңғар шапса, енді бір тұстан қара қытай қыспаққа алып, бір бүйірден орыс отарлауға бел шеше кіріскен аласапыран заманға сай келген еді. Осылайша жау жағадан, бөрі етектен алған қиын қыстау кезеңде ел тағдыры ұлы хандарымыздың көреген саясаты мен ел қорғаған батырларымыздың қолында болатын
Алты алашқа аттары аян ержүрек батырларымыз жайындағы «Қабанбай», «Бөгенбай», «Саурық батыр», «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр»т.б тарихи жырлардың бізге жетуі халқымыздың оларға көрсеткен құрметі, мәңгілік ескерткіші. Өтеген батыр да Аңырақай шайқасына, Қалдан Цереннің 1741-42 жылдардағы шапқыншылығына қарсы жорықтарға қатысқан. Сондай-ақ жырдың бір вариантында Өтегеннің Абылай ханмен араздасып Көкшетауға көшіп барып, кейін Іле бойына қоныс аударғаны да жырланады. «Өтеген батыр» дастаны батырдың әкесі жайлы кіріспеден басталып, бала күнгі ерліктерімен, жастық уақыттағы батырлығы, содан кейін батырдың кемелденуі,яғни ер жетуі, тұлапр таңдап мінуі, жаумен жекпе-жегі баяндалады. Бұл жырдың екінші бір ерекшелігі Өтеген туралы желіні Асанқайғы оқиғасымен үйлестіретіндігінде.
Жамбылдың батырға халыққа жайлы қоныс іздетуі тегін емес-ті. Патшаның отарлау саясатының құрығы қазақ даласына келіп жеткенін ақын сезді.Қазақ елінің сол кездегі мақсаты да ата қоныстан айрылып қалмау Өтеген сияқты батырлардың да қолынан келетін түсінді. Дәл сол кезеңдерде бұл арнаны тудырып, дамыта жырлаған Жамбыл бастаған ақындар болды. Себебі Сүйінбай дастанында жер іздеу сарыны жоқ болатын.
Өтеген батыр туралы аңыз –әңгімелерге талдау жасай келе Н.С.Смирнова былай дейді: «Бос жатқан шет аймақтарға отаршылдарды мекендеткен патша өкіметінің саясаты, шұрайлы жерлерді патша үкіметіне арқа сүйеген қазақ байларының иеленуі халықты бірте-бірте ызаға булықтыра бастады. Жамбылдың патшаның отарлау саясатына деген көзқарасы «Өтеген батыр» дастанында айқын көрінеді»деген пікіріне назар аударсақ, дастандағы тарихи оқиғалар тізбегі, Өтеген батыр жайлы деректер шындыққа жақын тұрғандығын көруге болады. Қоқан ханының шапқыншылығынан әбден титықтаған Жетісу қазақтарын азат етуде Өтегендей ердің ерлігін шегіне жеткізе жырлаған.
Әрине, бір мақала көлемінде бірнеше нұсқасы бар бұл жырды түгел талдау мүмкін емес. «Сұраншы батыр» дастанын Сүйінбай ақыннан жеткен нақты сюжеттік желі мен құлағы естіген жайларға туралап жырлаған. Сүйінбай Сұраншы жорықтарына тікелей қатысқан. Айта кетуіміз керек Сүйінбайдың әкесі Күсеп ақын Өтеген батырмен бірге қоқандықтарға қарсы жорықтарда бірге болған.1847-1864 жылдар қоқандықтар Жетісу қазақтарын Ресей ықпалынан алып қалу үшін қаншама айла шарғы еткен. Сұраншы Ақынбеков басқарған қазақтар орыс әскерімен бірігіп, қоқандықтарды қуып шыққан. Сұраншы батыр Саурық батырдың інісі. Қоқандықтармен шайқаста Сайрамда қаза табады. Сүйінбай да, Жамбыл да ел қорғау сюжетін жеке алып, өз дастандарына арқау еткен.
Қорыта айтқанда, сандаған ғасырларға созылған тарихы бар кең байтақ жерімізді бүгінгі ұрпаққа аман –есен жеткізу жолында тер төккен ерен тұлғалар аз болған жоқ. Солардың ерлігін жырға қосқан Жамбыл дастандарының жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде өзіндік орны биікте. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туымыз тігілгеніне 25 жыл толғалы отырған шақта ақын-жыраулар шығармаларына жаңаша көзқарас қалыптастырып, туындыларындағы ерлік мұраттар мен тәуелсіздік идеясының нақты айқындалып көрсетілуі бүгінгі әдебиеттану ғылымы мен ғалымдардың зор міндеті бола бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жолдасбеков М.Жамбыл және оның ақындық дәстүрін тану.Алматы:»Санат»1997.-372
2.Смирнова Н.С. Қазақ әдебиеті тарихы. Алматы:1964.1том.-165б
3.Ж.Жабаев творчествосы.-Алматы: «Ғылым»,1989.-270б
4.Дүйсенов М.Ж.Жабаев творчествасы.Алматы:1989.-118б
Достарыңызбен бөлісу: |