Жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстар



Дата06.02.2022
өлшемі17,1 Kb.
#79172
Байланысты:
40 таақырып ұлт -азаттық қозғалыс


40. 1920-1930 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстар

Қазақстан өкімет орындарының саясатына деген наразылықтың алғашқы белгілері 1928 жылы жүргізілген тәркілеу кезінде пайда болды. Алайда жаппай ұжымдастыру науқаны басталысымен бірқатар аудандарда негізгі қозғаушы күшттері кедей және орташа шаруалар болған көтерілістер бұрқ ете түсті. Көтерілісшілер кеңес және партия мекемелерін талқандап, құжаттарды өртеді. Алайда көтерілісшілердің нашар қарулануы мен олардың ұйымдаспағаны көтерілістердің жеңіліске ұшырауына әкеп соқты.

Жаппай бой көрсету тұрғындардың ұжымдастыру саясатына қарсы жауабы болды. Басшылықтың пікірінше Қазақстанда болып өткен көтерілістер таптық күрестің шиеленісуінің салдары, өз қызметін баяғыда тоқтатқан «Алаш» партиясы әрекетінің нәтижесі болды.

Сырдария округі, Бостандық ауданындағы көтеріліс қиян-кескі сипат алды. 1929 жылы 27 қыркүйекте өздерінің басшысы етіп Тәліп Мұсабаевты сайлаған Некем ауылының тұрғындары көтеріліске шықты. Көтеріліс бүкіл ауданға тез тарап, құрамына қазақтар, өзбектер, қырғыздар мен тәжіктер кірген, 500-ге жуық мүшелері бар көтерілісшілер отряды құрылды. Нашар қаруланған шаруалар бірінші шайқастың өзінде-ақ жеңіліске ұшырады. Оларға Қырғызстандағы көтерілісшілер отрядының қосылғанына қарамастан, күштердің ара-салмағы тең емес еді. Қиян-кескі екі қақтығыстан соң көтерілісшілер отряды талқандалды. 70-тен астамы өліп, көпшілігі тұтқынға түсті, тек шағын топ ғана қашып құтылды.

1929 жылы күзде Қостанай округінде көтеріліс бұрқ ете түсті. Қазан айының өзінде қазақ және орыс шаруаларының 5 ауданынан жиналған өкілдері өкіметке қарсы қарулы бой көрсету жөнінде келіссөздер жүргізді. Көтеріліс Батпаққара ауданында 1 қарашада басталып, көтерілісшілер аудан орталығын басып алды, кеңес және партия, милиция мекемелерін талқандады, түрмедегілерді босатты. Көтерілісшілерді А.Бекежанов, С.Қадиев, А.Смағұлов басқарды. Ауылдарда кеңестер сайланып, ол әрбір ауыл көтерілісшілер армиясына 50 жігіттен беру керектігі жөнінде шешім қабылдады, көршілес аудандарға үгітшілер жіберілді. Қысқа мерзім ішінде жалпы саны 500-ге жуық отряд жиналғанымен, он көтерілісшінің біреуінде ғана ату құралы болды. Далаға ОГПУ-дің қарулы отрядтары аттандырылып, көтерілісшілер талқандалып, көтеріліс басып-жанышталды. 200-дей адам тұтқындалып, Қостанайға аттандырылды.

1930 жылдың көктемінде Қазақстандағы көтерілісшілер қозғалысы күшейе түсті. Қазақстанның оңтүстігінде Созақ ауданында ірі бой көтеру болып өтті. Оның басталуына ауданда мал-мүлкінен айырылған кулактар мен олардың туыстары үшін бірнеше тұтқындар лагерінің ашылуы мен мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Ораза айында діни әдет-ғұрыптарды орындағандарға өкімет орындарының айып салуы себеп болды. Көтеріліске 5 мыңдай адам қатынасты. Ақпан айында Созақтың төңірегіне 400-дей адам жиналды. Болыс қызметін атқарушы С.Шолақов хан болып сайланды, ол өз басшылығымен көтерілісшілердің алғашқы отрядын құрды. Созақ көтерілісі Сырдың бойындағы Түркістаннан Жаңақорғанға дейінгі аумақты қамтыды. Көтерілісті басу үшін Ташкенттен жалпы саны 225 адам болған бірнеше әскерилендірілген топ жіберілді.

Көтерілісшілер мен ОГПУ отрядтарының арасындағы алғашқы қақтығыс 1930 жылы 12 ақпанда Созақтың жанында өтті. Көтерілісшілер қару-жарақтарының нашарлығына байланысты шегінуге мәжбүр болды. Бірнеше топқа бөлінген көтерілісшілердің бір тобы Ташкент бағытына, басқасы Шолаққорған арқылы Шуға беттеді. Жазалау операцияларын Қазақстан ОГПУ-дің басшысы Ольшанскийдің өзі басқарды. Оның нұсқасы бойынша коммунарлар отряды Созақ көтерілісіне қатысы жөнінде сәл күдік тудырған жазықсыз адамдарды сотсыз, тергеусіз атты. Көтеріліске қатысқандарды қуғындау 1938 жылға дейін жалғасты.

Сол уақытта осындай басқа көтеріліс Жетісудағы Ақсу ауданында болды. 1930 жылы 27 наурызда 200 көтерілісші Абакумовканы басып алды. Келесі күні 40 адамдық

қарулы отряд құрған Арасан елді мекеннің тұрғындары көтерілісшілер жағына өтті. Орыстардан 40 адамнан тұратын көтерілісшілердің жеке отряды құрылды. Көтеріліске қатысушылардың шешімімен орталық штаб Ақсуда орналасты. Штабтың құрамына Е.Жанбаев, Қ.Қалиев, Ғ.Сатырбаевтар енді.

ОГПУ отрядымен алғашқы шайқас 28 наурыз күні болып өтті. ОГПУ отрядтары ауыр жеңіліске ұшырады. Бірнеше күннен соң көтерілісті басуға арнайы жіберілген қызыл гвардияшылар отряды көтерілісшілерді Лепсі түбінде талқандады. Осы шайқастың нәтижесінде 15 адам өліп, 76 көтеріліске қатысушы тұтқынға түсті. Жазалаушылардың көтерілісшілермен екінші ірі қарулы қақтығысы 2 сәуір күні болып өтті. Қолға түскен 21 көтерілісшінің төртеуі көтерілісті ұйымдастырушылар болып шықты. 300-дей адам қорқытып-үркітуден соң көтеріліске одан әрі қатысудан бас тартты. 25 наурыздан 7 сәуірге дейін ОГПУ органдары жүргізген жазалау операциясының барысында 161 адам өліп, 509 адам тұтқындалды. Операцияға тұрақты армияның 1000-ға жуық солдаты қатысты.

Неғұрлым табанды әрі ұзаққа созылған көтеріліс Ақтөбе, Қостанай және Қызылорда округтарының көлемді аумағын қамтыды. Қысқа мерзім ішінде хан болып сайланған А.Қанаев, Ж.Бәйімбетов, М.Саматов, И.Сатыбалдин басқарған 6 көтерілісшілер отряды құрылды. Көтерілісшілердің негізгі күштері Қостанай округінің Жетіғара ауданының оңтүстігінде орналасты. Әр түрлі аудандардың көтерілісшілері біртіндеп Ырғыз кентінің жанына шоғыралана бастады. Ірі шайқастар 14-15 наурыз күндері өтіп, көтерілісшілер ыдырады. Алайда қуғыннан қашып құтылып, қайтадан күш жинап біріге алды.

20 наурызда жазалаушылар Айжарқын хан мен М.Саматовтың отрядын талқандады. Хан қаза тапты, М.Саматов қоршауда қалып, берілуге мәжбүр болды. Отрядтың қалдығы Арал теңізінің солтүстігіндегі Қарақұмға қарай шегіне бастады. Пулеметтердің оқ жаудыруынан 100-ге жуық қарусыз жігіт қаза тауып, 150 көтерілісші жараланды. Қарақұмдағы көтерілісшілердің саны 500-700-дей сарбаз еді, бірақ олардың көпшілік бөлігінде ату құралдары болған жоқ. Қарусыз дерлік сарбаздардың табанды қарсылығына ызасы келген өкімет көтеріліс ауданына жаңа күштер жіберіп, қызыл армиялық топты 700 қылышы, 30 пулеметі мен зеңбірегі, ұшақтары мен броньды техникасы бар күшке айналдырды.

Қарақұмға Ә.Жангелдин бастаған үкімет комиссиясы келді. Сарбаздар жағынан келіссөздерді Ж.Бәйімбетов, Д.Қараев пен Әйменовтер жүргізді. Олар мынадай талаптар ұсынды:

- Орташалардан заңсыз тәркіленген малды қайтару;

- Ұждан бостандығы, мешіттерді қайтару және дінге сенушілердің істеріне өкіметтің араласпауы;

- Тәркілеуге тыйым салатын декрет жариялау, оны өкімет орындарының мүлтіксіз орындауы;

- Күшпен ұжымдастыруды тоқтату;

- Ауылдағы тап күресін жасанды шиеленістіруді тоқтату;

- Ауыл ішіндегі барлық мәселелерді өкілетті өкілдер емес, жалпы жиналыстың шешуі;

- Салық мөлшерін малдың санына қарай белгілеу;

- Малшылардан астық салығын алуды тоқтату;

- Көтерілісші ауылдардан Қарақұмда ерекше әкімшілік аудан құру.

Осы шарттар орындалған жағдайда көтерілісшілер қаруларын тастауға келісімін берді. 30 сәуірде сарбаздар қаруларын өткізе бастады. Өкімет орындарын өз уәделерінде тұрмады. Барлық көтерілісшілер қаруларын тастағаннан соң, ОГПУ органдары көтерілістің жетекшілері мен белсенді қатысушыларын тұтқындай бастады. Ауылдар жаппай ұжымдастыру науқаны қызу жүріп жатқан бұрынғы орындарына қайтарылды.

Ұжымдастыру жылдары халықтың бой көрсетулері барлық жерде бұрқ етті. Соңғы ірі көтерілістердің бірі 1931 жылы көктем-жазда Маңғыстауда болды. Табын мен адайруларының қазақтары көктемде ұжымдастыру мен ет дайындаудан қашып, Түркіменстанға, Қарақалпақстанға, тіпті Кавказға қарай көше бастады. Жағдайдың шиеленісуіне 1930 жылы қазанда ОГПУ органдарының ФОРТ Александровскіде орналасқан контрреволюциялық ұйым жөнінде ойдан шығарылған ісі әсер етті. Көтерілісшілер Форт Александровскіні алуға әрекеттенді, бірқатар ауылдық кеңестерді талқандады. Маңғыстау облысындағы көтеріліс көлемінінің артуына алаңдаған Голощекин Мәскеуден көмек сұрады. Адай көтерілісін басу үшін Маңғыстауға 8-дивизияның бөлімдері, Әзірбайжан ОГПУ-нің күштері, 13-полкінің тұрақты бөлімдері: моторлы және механикаландырылған бөлімдер жіберілді. Екі айдың ішінде адайлықтар мен табындардың негізгі күштері талқандалып, қарусыздандырылды. 196 көтерілісші түрмелерге жабылды. Контрреволюциялық ұйымның қызметіне араласты деген сылтаумен ОГПУ ішінде большевиктік партияның 11 мүшесі бар 68 адамды тұтқындады. Үштіктің үкімі бойынша Кеңес өкіметіне қарсы қастандық ұйымдастырды деп айыпталып, 21 адам атылды.

1931-1932 жылдары аштықтан аман қалған халықтың жартысы, яғни 1 млн 30 мың адам көшіп кетті. Олардың тек 414 мыңы ғана қайтып оралды, 616 мыңы қайтқан жоқ, 200 мыңы Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран, Түркияға кетті.

ОГПУ-дің деректері бойынша 1929 жылы Қазақстанда жалпы саны 350 адам болған 31 көтерілісшілер отряды, 1930-1932 жылдары көтерілісшілер 2 мыңға, 1932-1933 жылдары – 3,2 мың адамға жеткен. Сонымен қатар бұл кезеңде селолар мен ауылдарда жалпы саны 10 мың адам болған 2 мың «дұшпан топтар» анықталып, 10,4 мың «зиянкестер» тұтқындалды.

Голощекиннің Сталинге 1931 жылы желтоқсанда жазған хатында Қазақстан аумағындағы 15 ең ірі көтеріліс туралы айтылды.

Республика осы уақыт ішінде кейбір жерлерде қарулы көтерілістердің сипатына ие болған, 80 мыңдай адам қатынасқан шаруалардың 400-дей бой көрсетулері болып өтті. Осы толқулардың нәтижесінде 1931 жылдың өзінде ғана Қазақстанды 281 мыңнан астам шаруа шаруашылықтары тастап кетіп, 5 мыңнан астам көтерілісшілер Кеңес өкіметіне қарсы шыққаны үшін сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды, олардың 883-і атылды.

Бекіту сұрақтары:

1. Сырдария округі, Бостандық ауданындағы көтерілісшілер өздерінің басшысы етіп кімді сайлады?

2. Созақ ауданындағы көтерілісшілердің саны қанша?

3. Неғұрлым табанды әрі ұзаққа созылған көтерілістер қай жерлерде болды?



4. Табын мен адай руларының қазақтары көктемде ұжымдастыру мен ет дайындаудан қай жаққа қарай бас сауғалады?

5. Қарақұмдағы көтерілісті басу үшін қарулы жасақты кім басқарып келді

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет