Жолдасбек Ұлпан Мұхтарбекқызы, №21 жалпы орта мектебінің 4 «А» сынып оқушысы



Дата08.03.2018
өлшемі169,68 Kb.
#38352
Жолдасбек Ұлпан Мұхтарбекқызы,

№21 жалпы орта мектебінің 4 «А» сынып оқушысы

ОҚО, Түркістан қаласы

Ғылыми жобаның тақырыбы: «Қазақстанда мекендейтін ірі қара сиыр жануарының түрлері, атаулары мен шығу тектері»

Сынып жетекшісі: Г.Қозыкенова

Ғылыми жетекшісі: Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Өнер» факультеті «Бейнелеу өнері» кафедрасының п.ғ.д, профессоры Қ.Ералин

Мазмұны

І.Кіріспе:

– Жануарлар әлеміне жалпы сипаттама

– Дүние жүзінде кездесетін ірі қаралар және олардың шығу

тегі.

– Қазақстанда мекендейтін ірі қаралардың түрлері мен шығу



тектері.

– Тақырыптың өзектілігі мен практикалық маңыздылығы.


ІІ.Негізгі бөлім:

2.1. Санта-Гертруда сиыры.

2.2. Симменталь сиыры.

2.3. Зебу өркешті сиыры.

2.4. Қазақтың ақбас сиыры.

2.5. Алатау сиыры.

2.6. Әулиеата сиыры.

2.7.Сиыр тұқымдары және оларға байланысты атаулар



ІІІ.Қорытынды


Ірі қараның ресурстық маңызы.
ІV.Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

І.Кіріспе

– Жануарлар әлеміне жалпы сипаттама

Жануарлар әлемін оқып-үйрене отырып, республикамызда мекендейтін, сондай-ақ бүкіл ғаламда кездесетін жануарлардың тіршілігін, олардың адамзат өміріндегі маңызын, жануарлар тіршілігінің басқа да толып жатқан сырын білетін боламыз.

«Жануар» сөзі парсының «джан-джанвар» деген сөзінің екінші бөлігінен алынған, «джан-джанвардың» қазақша баламасы — «жануарлар әлемі», яғни дүние жүзіндегі тірі мақұлықтар. Ал «джанвар»—«жаны бар», яғни «тірі» деген мағынаны білдіреді, өйткені олар қоректенеді, қозғалып жүре алады және көбейеді. Сондықтан омыртқа жотасы мүлде болмайтын мақұлықтар — жәндіктер, ал омыртқа жотасы немесе желісі бар мақұлықтар — жануарлар деп аталады.

Жануарларды жер шарының кез келген түкпірінен кездестіруге болады. Олар тірі ағзалардың барлығымен қарым-қатынаста тіршілік етеді. Қазіргі кезде_дүние жүзінде жануарлардың 2 миллионнан астам түрі бар деп есептеледі, яғни жануарлар түрінің саны өсімдіктер түрінен 3 есе көп.

Халқымыз ежелден табиғатпен қоян-қолтық араласып, төрт түлік мал — түйе, жылқы, сиыр және қой-ешкіні қолға үйір ету арқылы олардың өнімдерін (ет, сүт, тері, жүн және т. б.) қажетіне жарата білген. Адамның жануарларға деген ықыласы мен қызықтаушылығы аңыз-әңгіме, мақал-мәтел, ертегі-жұмбақтар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Біздің республикамызда мекендейтін жануарлар туралы алғашқы жазба деректер араб, парсы және қытай саяхатшыларының жазбалары мен ортаазиялық ғұлама ғалым Махмуд Қашқари еңбектерінде кездеседі.

Қазақстанның жануарлар дүниесін жүйелі әрі ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары XVII—XVIII ғасырларда ұйымдастырылған экспедицияларға байланысты. Мұнда қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың еңбектері ерекше орын алады.

Барлығымызға мәлім қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысқан. Соның ішінде ең маңыздысы, еті, сүті үшін өсірілетін бұл – ірі қара болып табылады.

Мүйізді ірі қара — сүт қоректілер класына жататын аша тұяқты, күйіс қайыратын жануарлар. Мұның жабайы және қолға үйретілген түрлері бар. Қолдағы ірі қара жабайы турдан тараған, ол біздің дәуірімізге дейін мыңдаған жылдар бойы Европа, Азия, Африкаға кең тараған. Турды қолға үйрету мұнан 8 мың жыл бұрын алдымен Үндістанда, одан кейін Азия мен Жерорта теңізі, Орталық Европада басталған. Iрі қараны буйволмен шағылыстырғанда ұрпақ бермейді. Iрі қараны қодаспен, зубрмен, бизонмен шағылыстырудан алынған еркек мал ұрпақ бермейді де, ұрғашысы ұрпақ береді, зубр мен бизонды шағылыстырудан алынған ұрпақтан да төл алуға болады. Iрі қараның дене бітімі олардың беретін өніміне (сүт, ет) байланысты. Сүтті малдың тұрқы ұзын, сүйегі, терісі жұқа, түгі жылтыр, құрсағы үлкен, басы мен мойны ұзын, желіні үлкен болады. Етті ірі қараның тұрқы төртбақ, кеудесі кең, омыраулы, аяғы қысқа, мойыны мен басы қысқалау, желіні кішкене, сүтті малға қарағанда бұлшық еттері жақсы жетілген, терісі қалың әрі босаң, әрі шелді келеді. Iрі қараның бәрінің де түгінің ұзындығы мен қалыңдығы бірдей, денесін тегіс жабады, тек шабы мен желін айналасының түгі сирек әрі жұқа болады. Iрі қараның қарны төрт бөлімді. Сиыры 20 — 35 жыл, бұқасы 15—20 жыл тіршілік етеді. Сиырдан 9—12 жыл жақсы өнім алынады, бұдан кейін тісі тозып, еті, сүті кемиді. Iрі қараны етке 1,5—2 жасында бордақылап не жайып семіртіп өткізген жөн. Асыл тұқымды сиырдан төлді 5—10 жыл алу керек. Iірі қара 5 жасқа дейін, кейбір кеш жетілетін тұқымдар ғана 6—7 жылға дейін өседі. Ұрғашы ірі қараның жыныс қабілеті 7—10 айлығында, еркегі 8—10 айлығында жетіледі. Алайда шағылысқа қашарды 18—22, бұқаны 14—18 айлығында қосады. Бұзаулағаннан алғашқы күйлеуіне дейінгі мерзім шамамен үш аптаға созылады, күйті 19—22 күнге, буаздығы орта есеппен 285 күнге созылады. Сиыр әдетте бір бұзау табады, егіз бұзау табатыны (2%-ке жуық) сирек, ал бірден 6—7 бұзау табатыны да кездеседі. Бұл егіздердің көпшілігі ұрпақ бермейді. Тұқымына байланысты жаңа туған бұзаудың салмағы 18—45 кг, кейде 60 кг; ұрғашысына қарағанда еркек бұзаудың салмағы 1—3 кг артық болады. Ересек сиырдың салмағы 250—600 кг, ең таңдаулысы 1000 кг; бұқасы 300—900 кг; ең таңдаулысы 1600 кг-нан асады.

Iрі қараны сүт және ет үшін өсіреді. Бұлардың өнімі тұқымының ерекшелігіне, азықтаидыру және күтіп бағу дәрежесіне байланысты. Сүтті сиыр тұқымының орташа өнімі жылына 3500— 4000 кг, сүтінің майлылығы 3,6—4%. Озат шаруашылықтарда бұл көрсеткіш 6000 кг. Бір сауын маусымында 20 000 кг сүт беретін сиырлар болады. Тәулігіне сүтті ең көп беретіні (82,2 кг) — ярославль сиыры, ал сүтті бірқалыпты үнемі көп беретіні (13 бұзаулағанда 120—247 кг) — кострома сиыры. Етті сиыр тұқымдары сауын маусымында 1000—1500 кг сүт береді. Сиырдың сауын маусымы 280 — 320 күнге, суалту мерзімі 1,5—2 айға созылады. Тұңғыш бұзаулағанда ересек сиыр сүтінің 70—80%-ін ғана береді. Тез жетілетін тұқымның сиырлары төртінші бұзаулағанда сүтті көп береді, ал кеш жетілетін тұқымда сүті толысуы бесінші, алтыншы, кейде жетінші бұзаулауға созылады.

Арнаулы етті ірі қара тұқымының ет өнімі жай сиырға қарағанда көп, сүт малына қарағанда тез семіреді, ет сапасы да жоғары болады. Әсіресе жас малдың еті өте құнды. 1,5—2 жасар малдың салмағы 400—500 кг.

Iрі қараны сойғанда одан ет, тері алады, теріден былғары, қасапхана қалдықтарынан қан ұнын, ет-сүйек, сүйек ұны, эндокрин препараттарын, стеарин, желім, сабын т. б. дайындалады.


– Дүние жүзінде кездесетін ірі қаралар және олардың шығу тегі.

Ірі қараның әр түрлі аймақтың топырақ, ауа райы жағдайына бейімделген көптеген түрлері бар. Мысалы, зебу өркешті сиыры шығу тегі жағынан сиырға жақын сүтқоректі жануар. Ғалымдар б.з.б. 3-2 мыңыншы жылдары Египетте және Кіші Азияда қолға үйретілген деп жорамалдайды. Африка, Американың тропик және субтропик аймақтарына, Таяу Шығыста, Балқанда тараған, СССР-де Азербайжан, Орта Азия республикаларында өсіріледі. Ыстық ауа райына бейім, азық таңдамайды. Зебу өркешті сиырының ерекшелігі шоқтығының үстінде салмағы 5-8 кг-ға жететін өркеші болады. Басы жеңіл, мойны қысқа, бөксесі, көкірегі құшық.

Ал, Санта-Гертруда сиыры осы Зебу бұқасымен АҚШ-тың Техас штатында тіршілік ететін шортгорн сиырымен будандастыру арқылы шығарылған етті тұқым. Ол жеке тұқым ретінде 1940 ж. қабылданған. Көптеген елдерде өсірілетін сүтті, етті тұқымның бірі бұл Симменталь сиыры. Бұл тұқым Швейцарияда шығарылған, бірақ сүті мен етінің сапасы жоғары және жақсы жерсінетін болғандықтан көп елдерге тараған. Европа, Африка, Азия, Америкада өсіріледі. Бұл сиырлардан басқа дүние жүзінде украинның ақбас сиыры, латыштың қоңыр сиыры, бушуев сиыры, қырдың қызыл сиыры, холмогор сиыры, қара ала сиыр, ярославль сиыры және т.б; ал сүтті, етті тұқымдардан: алатау сиыры, бестужев, кострома, қорған, лебедин, швиц, шортгорн сиырлары; етті тұқымдардан: абердин-акгус, герефорд, қазақтың ақбас сиыры, қалмақ сиырлары өсіріледі.
– Қазақстанда мекендейтін ірі қаралардың түрлері мен шығу тектері.

Қазақстанда сүтті тұқымнан симменталь, алатау, әулиеата, қырдың қызыл сиыры т.б; етті тұқымнан: қазақтың ақбас сиыры, герефорд, қалмақ сиыры өсіріледі.

Негізгі қазақ халқы ірі қараның бір түрі – сиыр өсірумен кейініректе ғана шұғылдана бастады. Сондықтан сиырлардың жергілікті тұқымдары онша өнімді болған жоқ. Бұл күнде Қазақстанда сиырлардың жоғарыда айтылған тұқымдары өсірілуде. Етті әрі сүтті қолтұқымға 1950 жылы «Қазақтың ақбас сиыры» деген ат беріліп, жаңа қолтұқым ретінде бекітілді. Б.М.Мусиннің жетекшілігімен шығарылған тұқым. Дәл сол жылы М.Г.Болдырев, И.М.Галочкин, Д.Н.Пак, П.И.Рыбаков және тағы басқа ғалымдардың қатысуымен сүтті бағытта отандық қолтұқым ретінде алатау сиыры әйгілі болды. Ал 1935-1950 жылдары Пансенко және басқа ғылыми қызметкерлердің қатысуымен Қазақстанда сүтті бағытта әулиеата қолтұқымды сиырлары жеке қолтұқым ретінде жетілдірілді. Қазақстанда бұрынғы КСРО-да кеңірек тараған сүтті бағыттағы қолтұқым – қара ала сиыр да өсіріледі. Сүтті қолтұқымды қара ала сиыр орташа есеппен жылына майлылығы 3,6-3,7%, 3700-4300 кг сүт береді. Етті қолтұқымды мүйізді ірі қараның салмағы ауыр және еті сапалы болады. Бұрынғы КСРО-да өсірілетін шартгорн қолтұқымды сиырдың салмағы – 650 кг, бұқасының салмағы – 1000 кг. Қалмақ қолтұқымды сиыр да етті тұқым болып саналады, кейбір жеке дара салмағы 500 кг-ға дейін тартады.

Зерттеудің мақсаты: Қазақстанда мекендейтін сиырлардың түрлері мен шығу тектері.

Зерттеудің міндеті: Сиыр малының атаулары мен ерекшеліктерін зерттеу.

Зерттеу пәні: Дүниетану


ІІ.Негізгі бөлім:

2.1. Санта-Гертруда сиыры.

1940 жылы етті тұқым ретінде қабылданды. Дене бітімі мықты, ірі, етті, омырауы кең, маңдайы жалпақ. Түсі күрең қызыл. Қатаң табиғат жағдайына төзімді, тез дерсінеді, қыс бойы жайылымда бағуға көнбісті. Орта есеппен сиырының салмағы 500-600 кг, таңдауласы 780 кг, бұқасының салмағы 700-800 кг, таза еті 65-70%. СССР-ге 1956 жылы әкелінген екен. Қазақстан жағдайына бұл сиыр жақсы жерсінді деген мағлұматтар бар. Қазіргі кезде бұл тұқымның бұқасы Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік аудандарында жергілікті сиыр иұқымының ет өнімділігін арттыру үшін пайдаланылады. Буданының салмағы енесімен салыстырғанда 28-90 кг артық. Бір жарым жастағы будан құнажындарының салмағы 373 кг, бұқашықтары 454 кг. Бордақыланған өгішелері тәулігіне 914-1200 г қосады екен. Украинаның оңтүстігінде, Қазақстанда, Балқаш, Шу, Сарысу, Сырдария өңірінде, Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент облыстарында, Орта Азия республикалырында өсіріледі.

Қазақ халқында сиырдың алар орны ерекше. Қазіргі үй сиырларының шыққан тегі тур деп аталады. Ал уак пен зебу солардың түрлерінің бірі. Үй сиырларынан уак пен зебудің айырмашылықтары бар. Бұлардан басқа, сиырды тағы бір тұқымдары: қой өгіз бен буйвол. Тур тұқымына шаруалардың үй сиырлары жатады. Бұлар пайдалану жақтарына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бұл тұқымдарды өсірілген жеріне, еліне, тұқымына, түстері мен беретін өнімдеріне, бас пен түк, мүйіздеріне, құйрық бітістеріне, т . б. Көптеген ерекшеліктеріне байланысты түрліше атай береді.

Тур деген жабайы сиырды қолға асырап, үйретілгеннен кейін үй сиырды пайда болған. Оған дәлел – ертедегі жер асты қазбалардан табылған сүйектердің қаңқаларын үй сиырының сүйектерімен салыстырғанда жабайы сиыр тұқымынан екендігі анықталған. Зерттеп, анықтау барысында олардың сүйектері бір-біріне өте ұқсастығы білінген. Бірақ бертін келе ол сүйек-қаңқалардың бір-бірінен айырмашылығы барлығы да білінген. Жабайы сиырлармен салыстырғанда, үй сиырларының аяқтары қысқа, денелері ірі, үлкен, шекелері кіші болып келеді. Бұл ірі қара әр түрлі тұқымдардың шағылысуы арқылы көптеген будандарға айналады. Мұндай сиырлар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, т. б. Туысқан республикаларда кең таралып өсті. Жергілікті сиыр тұқымдары көбейді.

Қазақстан сиырларының тұқымдары еттілік, сүттілік, көліктік жағынан ерекшеленіп, өсіп-өніп келеді. Қазақ сиыр малын жасына қарай: атан өгіз, бесті өгіз, дөнен өгіз, құнан өгіз; өгізше, сақа бұқа, азбан бұқа, бесті бұқа, дөнен бұқа, тайынша бұқа; бұқашық, сақа сиыр, бесті сиыр, дөнежін, құнажын, тана, тайынша, торпақ, бұзау, т. б . деп атаса, жынысына қарай: өгіз, бұқа, бұзаулы сиыр, қысыр сиыр, ту сиыр, қашар, еркек тайынша, ұрғашы тайынша, еркек торпақ, ұрғашы торпақ, еркек бұзау, ұрғашы бұзау, т. б . дейді және ірі қара деп те атайды.


2.2. Симменталь сиыры.

Россияға ХІХ ғасырдың 2-жартысында әкелінді. Симменталь сиыры дене бітімі ірі, сүйегі мықты. Бұл тұқым сүтті, сүтті-етті және етті-сүтті болып келеді. Орта есеппен бұқасының салмағы 800-1100 кг, сиыры 550-650 кг. Жылына әр сиырдан 3500-4000 кг, асыл тұқымды шаруашылығында 5000 кг, рекорд тұқымдарынан 14430 кг сүт сауылады. Сүтінің майлылығы 3,8-3,9%. Еті дәмді, таза еті 60%. СССР-да Украина, Белоруссия, Қиыр Шығыста, Оңтүстік Оралда т.б. аймақтарда, Қазақстанда Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Орал т.б. облыстарда өсіріледі. Симменталь сиырының бұқасын жергілікті сиыр тұқымымен будандастыру арқылы сиырдың сычев сүтті тұқымы шығарылды.


2.3. Зебу өркешті сиыры.

Сүйегі жұқа, желіні тостаған тәрізді,емшегі қысқа. Сиырының орташа салмағы 250-270 кг, бұқасының салмағы 300-350 кг. Орта есеппен 40-45% таза ет түседі, етінің дәмі сиыр етінен кем емес. Сүттілігі орта есеппен 900-1300 кг, сүтінің майлылығы 6-7%. Сауын маусымы сиырға қарағанда кем, не бары 5-7 ай. Бұзаулау мерзімі сиырмен бірдей. Бұзауының туғандағы салмағы 15-18 кг. Үш сиырмен будандасады. АҚШ-та Браман зебуін шортгорн сиырымен шағылыстырып, санта-гертруда тұқымын шығарды. Америкада етті сиыр тұқымын шығару үшін бұл тәсіл кең қолданылуда. Швиц сиырының сүттілігі мен салмағын арттыру үшін Азербайжан зебуімен шағылыстырып ғылыми жұмыс жүргізіледі.

2.4. Қазақтың ақбас сиыры.

«Қазақтың ақбас сиыры» 1950 жылы етті әрі сүтті қолтұқым ретінде қабылданды. Қазақтың ақбас сиырының орташа жеке салмағы 517 кг, бұқасының салмағы – 900 кг болады екен. Ақбас сиырдан орташа майлылығы 3,87% 200 килограммнан астам сүт алады екен жылына. Басының түсі ақ болғандықтан оны ақбас сиыр деп атайды. Қазақстанда барлық облыстарда кездеседі.

Қазақтың ақбас сиыры. Бұл – Қазақстанның негізгі етті тұқымы. Ол өте жақсы өнімділігі мен асыл тұқымдық сапасымен ерекшеленеді, жергілікті ауа райына төзімді келеді. Қазақтың ақбас сиырының кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді, арқасы мен денесінің артқы бөлігі кең, әрі тегіс, бұлшық еттері жақсы жетілген, сан тығыршықтай толық. Сүйек бітісі жақсы, терісі икемді, тері асты май клетчаткасы жақсы жетілген. Түсі қызыл, ақбас, арқасында және денесінің төмен бөлігінде ақ жолақтары болады.

2.5. Алатау сиыры.

Бұл қолтұқымның орташа майлылығы 3,-4% мөлшерінде жылына орта есеппен 4000-4355 кг сүт беретін сиыр болып табылады.

Қазақстан мен Қырғызстанда қазақ сиырлары мен қырғыз сиырларын швиц, ішінара Кострома сиырларымен будандастырып шығарылған. Бұл тұқымның малы сүттілігі жағынан ерекше көзге түседі.

2.6. Әулиеата сиыры.

Бұл – сүті өте майлы қолтұқым, оның сүтінің майлылығы 4% кем болмайды екен. Әулиеата сиыры жылына орта есеппен 3866 кг сүт береді. Бұл сиыр да Қазақстанның дерлік барлық жерінде өсіріледі.

Қазақстан мен Қырғызстанның Талас алқабында, Жамбыл, Шымкент, Фрунзе облыстарында жергілікті қазақ пен қырғыз және қазақ – қалмақ сиырларының будандарын голланд бұқаларымен, ішінара симментал және швиц бұқаларын пайдалану арқылы будандастыру жолымен шығарылған. Сондай-ақ, будандастыруға эстонның, Литваның, қарала және остфриз тұқымдарының бұқалары да пайдаланылды. Жаңадан шыққан будан жергілікті климатқа төзімді, түсі қара, кейде ақ болып келеді. Сиырға байланысты айтылған атаулардың жасалуында төмендегідей заңдылықтар бар:

Күй-жайына қарай аталуы;

Бұзаулайтын мезгіліне байланысты аталуы;

Жынысы мен жасына қарай аталуы;

Сауылуына байланысты атаулар;

Желін, емшек бітісіне байланысты аталуы;

Дене бітісіне байланысты аталуы;

Мінезіне қарай аталуы, т. б .

2.7.Сиыр тұқымдары және оларға байланысты атаулар

Республикамыздың колхоздары мен совхоздарында шаруашылықтың бағытына қарай ірі қараның мынадай тұқымдары өсіріледі:

Қалмақ сиыры. Қазақстанда ХХ ғасырдың басында пайда болған. Қатаң ауа райына төзімді келеді. Олар таза өсірілді. Сонымен бірге, жергілікті қазақ сиырларымен будандастырылды. Одан жаңа тұқым пайда болды. Қалмақ сиыры – дене құрылысының формасы мен негізгі өнімділігі бойынша етті бағыттағы мал. Денесін дөңес қабырғалары жұмыр етіп көрсетеді, аяқтары күшті, бұлшық етті және ұзын келеді. Сүбесі қалың, сан еті толық.

Абердин-ангус. Бұл дүние жүзіндегі ірі қара тұқымдарының ішіндегі ең жақсы етті тұқым. Өте тез жетіледі, жұмсалған азық құнын қосқан салмағымен жақсы өтейді. Сонымен бірге, етінің сапасы да жоғары. Мұның кеудесі тығыз да жұмыр, аяқтары қысқа, бірақ мықты келеді, басы жеңіл, мойны қысқа да жуан, арқасы кең, терісі икемді, түсі қара, бәрі бірдей топал болып келеді.

Герефорд тұқымы. Аталмыш сиыр дүние жүзіне кең тараған, әр түрлі ауа райы мен азықтандыру жағдайында тез көндіккіш, кез келген жайылымда жақсы жайылады. Англияда шығарылған. Дене құрылысы берік те мықты, мойны қысқа, денесі бөшке тәріздес, бұлшық еті жақсы жетілген, аяқтары қысқа, бірақ күшті келеді.

Галловей тұқымы. Қазақстанда етті ірі қара аймағын одан әрі ұлғайтып, кеңейту жаңа жайылымдықты игерумен тығыз байланысты. Осыған байланысты республикамызда кеңейтілген 200 млн.гектардай таулы және тау етегіндегі шалғынды жайылымдар бар. Ал галловей тұқымы таулы жайылым жағдайында өсіруге өте бейім. Англияда өте ертеден өсіріліп келе жатқан етті тұқымды сиырлардың бірі. Жоғары сапалы сиыр етін өндіруді арттыру және мамандандырылған етті ірі қара шаруашылығы аймағын кеңейту мақсатымен 1962-1965 жылдар аралығындағы кезеңде Англиядан Қазақстанға галловей тұқымы әкелінген. Бұл мүйізсіз топал, ал қыста жүні ұзарып өседі, ол оны суықтан сақтайды.

Қырдың қызыл сиыры. Бұл Қазақстанда өте кең, әрі көп тараған. Сонымен бірге, ертеден өсіріліп келе жатқан ірі қараның сүтті бағыттағы тұқымы. Украинаның оңтүстігінде шығарылған. Қазақстанның құрғақ континентальды климатына жақсы бейімделген. Көп уақыт бойы республикамыздың солтүстік, орталық, батыс облыстарының колхоздары мен совхоздарында жергілікті қазақ сиырларымен будандастыру бойынша селекциялық жұмыстар жүргізілді. Ол өте нәтижелі болды.

Күй-жайына қарай аталуы

Мамырлаған сиыр. Қыстан шыққан семіздігіне жазғы семіздігі қосылып, еті өте майланып семірген сиыр. Сонымен бірге, төрт аяғынан бірдей ақсап жүре алмай қалған деген мағынаны да білдіру үшін қолданылады.

Шайлаған сиыр. Әдеттен тыс қатты семіріп кетіп, денесінің ауырлығынан аяқтарын зорға алып, жай басатын сиыр.

Көтерем сиыр. Аурулықтан аузы оттан қалып, әбден арықтаған немесе қыста жемшөптің жоқтығынан қатты жүдеп, көктемде жатқан орнынан тұра алмай, арықтық шегіне жеткен сиыр.

Қауқа бұзау. Ерте туған бұзаудың күтімсіздіктен жүдеп, сырт жүні іріп, жақ жүндері үрпиіп жүргені.

Ту сиыр. Үш не төрт жасар сиырдың шағылысып кетсе де, бұзауламағаны, немесе екі-үш жыл бұқаға шағылыспай, семіз, күйлі жүргені.

Босалаң сиыр. Сиырдың қысқа төзімсіз, тез арықтап жүдейтіні.

Бітеу сиыр. Өмірі бұзауламай, бірқалыпты семіз болатын сиыр.

Бұзаулауына байланысты атаулар

Туған сиыр. Сиырдың бұзаулағаны.

Тұмса сиыр. Біріншіден, үш немесе төрт – беске келгеніне шейін бұқаға тоқтамай бұзауламай жүрген, екіншіден, бұзауламай жүріп төрт-бес жасында ғана бұзаулайтын сиыр.

Ерте сиыр. Мезгілінен бұрын бұзаулайтын сиыр.

Кеш сиыр. Өз мезгілінен кейін, кенже бұзаулайтын сиыр.

Жылдым сиыр. Күйті ерте келіп, тез бұзаулайтын сиыр.

Жынысы мен жасына қарай аталуы

Ақ тамақ. Сиырдың бір жастан үш жасқа жетпеген ұрғашысы.

Қашар. Сиырдың бір жастағы ұрғашысы.

Тайынша. Сиырдың бір жастағы еркек, ұрғашысына бірдей қолданылатын ортақ атау.

Торпақ. Сиыр төлінің бір жасқа келгенге дейінгі еркек, ұрғашысының ортақ аты.

Баспақ. Сиыр төлінің алты айға толғанға дейінгі аты.

Сиыр кені. Бұл атау сиырдың бұқасы, аталығы деген мағынада.

Құжбан бұқа. Сиырға шағылысар сәтте өзін сабырлы ұстайтын, аталығы жағынан әбден жетілген, жеті жасар үлкен бұқа.

Азбан бұқа. Алты-жеті жасында күш-көлік үшін бүтіндей піштірмей “уыз ағызу” әдісін қолданған бұқа. Сиырдың күйті келген кезде ол бұрынғы бұқалық дәмемен ұмтылады. Осындай жайларға қарап, азбан бұқа деген атау қалыптасқан.

Сауылуына байланысты атаулар

Түскі сауым. Бұзаулы сиырдың түс кезінде сауылуы.

Ақ көңіл сиыр. Бірінші рет бұзауы арқылы идіріліп, екінші кезекте бұзаусыз – ақ сүтін толық иіп беретін сиыр.

Кешкі сауым. Сиырдың күн батар алдындағы сауылатын мезгілі.

Ию. Сиырдың сауылған кезінде бұзауын емізіп барып иіп сүт беруі.

Соңғы иінді. Сиырдың екінші рет бұзауына емізіп барып сауылуы.

Желін, емшек бітісіне байланысты атаулар

Тегене желін. Бұл атау сиыр желінінің тегене сияқты келгенін бейнелеп көрсетеді.

Астау желін. Сиыр желінінің астауға ұқсас сопақтау болып біткені.

Сыңар емшек. Сиырдың жұп екі емшегінің біреуі қалыбынан тыс кішкене болуы немесе бірінен сүт шығып, екіншісінен сүттің шықпауына байланысты айтылады.

Үш емшек. Сиырда қалыпты төрт емшек болады. Кейде үш емшекті бұзаулы сиыр кездеседі. Осыған қарап, үш емшекті сиыр деп аталады.

Тұтам емшек. Ортан қолдай салалы, ұзын емшекті сиыр.
Дене бітісіне байланысты аталуы

Арқалы сиыр. Ұзын омыртқалы, омыртқа қанаты үстіне таман шығыңқылау біткен, арқасы майлы, етті сиыр.

Дөң арқа сиыр. Арқа омыртқаларының орталық шені сыртына таман дөңдеу келіп біткен сиыр.

Топал сиыр. Жаратылысынан мүйізі шықпаған сиыр.

Сыңар мүйізді сиыр. Сүзісіп, немесе бір нәрсеге соғып, бір мүйізінен айырған сиыр.

Қыр арқылы сиыр. Ұзын омыртқасының қанаты үстіне қарай шығыңқы, етсіз келген сиыр.

Қайқы бел сиыр. Алды мен арты биіктеу келген, бел омыртқасы ойыс біткен сиыр.

Шажа сиыр. Тұқымы жаман, денесі кішірек келген, жатаған сиыр.

Шөже бас сиыр. Басы кішкене сиыр.

Шаңырақ мүйізді сиыр. Сиыр мүйізінің шаңырақ тәрізді ішіне қарай иіліп шеңберленіп келуі, үлкен деген мағынада қолданылады.

Шұбалаң құйрық сиыр. Бұл атау сиырдың ұзын құйрықты екенін білдіреді.

ІІІ. Қорытынды

Ірі қараның ресурстық маңызы.

Ірі қараның ресурстық маңызы олардан сүт, етті тағамдар, жүн, терісінен әр түрлі заттар алынады.

Қазақстанның әр түрлі облыстарында сиырдың әр түрлерін будандастырып жаңа тұқым алады. Бұл алынған жаңа түрден мал шаруашылығына қажет және пайдалы заттар алуда қолданады.

Қазақстанда соңғы бес жыл ішінде қойдың үш, сиырдың екі, жылқының бір түрі алынды.

Олардың барлығы сапалы өнім алу үшін және мал шаруашылығының сапасын арттыру үшін жүргізілген тәжірибелер нәтижелерінің жемісі болып табылады.

ІV.Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан энциклопедиясы. 1-10 том.


2. Қ.А.Есеров “Мал шаруашылығы” Алматы, 1993 ж.
3. М.К.Гильманов “Биология” Алматы, 2005 ж.
4. Т.Қасымбаева, К.Мұхамеджанов “Биология” Алматы, 2000 ж.
5. А.С.Тәукелеев “Қазақстандағы шаруашылық” Алиаты, 1983 ж.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет