К. Д. Ушинский Бүгінде ғылым мен білімге қояр талап артып, білім беру жүйесі күрделенген заманда қоғамдағы мұғалімдер алдына жүктелер міндет еселене түсуде. Ұстаздардың алдында жай ғана білім беру емес, өркениет көш
Байланысты: Үздіксіз білім беру жеке тұлғаны дамытудың шарты ретінде.
"Мұғалім- өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім,
ал оқуды, ізденуді тоқтатқан кезде оның мұғалімдігі де жойылады".
К.Д.Ушинский
Бүгінде ғылым мен білімге қояр талап артып, білім беру жүйесі күрделенген заманда қоғамдағы мұғалімдер алдына жүктелер міндет еселене түсуде. Ұстаздардың алдында жай ғана білім беру емес, өркениет көшіне жол бастайтын, ұлттық рухты бойына сіңірген саналы да білімді ұрпақты тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл жолда мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру сынды мәселелер мектеп пен қоғам алдында тұрған жауапты іс болмақ.Мұғалімнің кәсіби даму шеберлігі алған дипломнан кейін әрі қарай тоқтап қалмауы тиіс. Себебі, қазіргі жаңалығы мен өзгерістері қарыштап дамыған заманда мұғалім жаһандану көшінен қалып қоймай, заман ағымына ілесіп отыруы керек.
Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі - білім беру, ғылымды дамыту екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұр. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім –мектептің жүрегі» - деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қазіргі оқу орындары алдындағы міндеттерді шешуде мұғалімнің кәсіптік мәдениеті басты шарт екендігі аян. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепте, ойшыл, зерттеуші, жаттандылықтан аулақ практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген, психолог-педагогтік диагностика қоя білетін іскер, шығармашыл ұстаз керек. Елбасының өзі білім мен ғылым қызметкерлерінің кезекті съезінде сөйлеген сөзінде: «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер -бүгінгі жастар. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» -деген болатын.
Үздіксіз білім алу мәселесі осы заманғы ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың, саяси және әлеуметтік экономикалық өзгерістердің әсерінен туындаған мәселе. «Халықпен халықты, адаммен адамды теңестіретін нәрсе білім», - деп ұлы жазушымыз М.Әуезов айтқандай, еліміздің басқа мемлекеттермен экономика, мәдениет, саясат жағынан тең дәрежеде тұрып, олармен бәсекеге түсе алуы адамдардың білімді де білікті болуын талап етеді. «XXI ғасырдың табалдырығы алдында білім беру капиталға айналуда, ол өз мазмұны жөнінен стратегиялық ресурстармен бәсекелесе алады және солай болуға тиіс. Елдің даму деңгейі осы арқылы бағаланатын болады»,-деп Елбасымыз өзінің Жолдауында үздіксіз білім алуға ерекше мән беруі, оның даму үрдісін үнемі қадағалап отыруы, оның нақты дәлелі [1].
Ғалымдардың «үздіксіз білім беру – ол адамның бүкіл ғұмыр жолында жеке тұлға ретінде дамып отыруы» деген қағидасы қазіргі кезде өз жалғасын табуда. Үздіксіз білім беру бұл үздіксіз оқыту мен тәрбиелеу емес немесе бекітілген оқу мерзімімен және оқу орнының қабырғасымен шектелмейді, ол – адамға білімнің белгілі бір көлемін беруге бағытталған білім түріне ауысу болып табылады. Тек жеке тұлғаға, субьектіге бағытталған білім ғана адамның жылдам өзгеріп жатқан қоғамдық және экономикалық өмір талаптарына сай жауап бере алуын қамтамасыз ете алады. Бүгінгі таңда заман талабына сай ұлттық білім беру жүйелерінде көптеген өзгерістер болып жатыр, оқу тәсілдерімен құралдарының бүкіл әлемдегі білім жүйесіне ортақ жалпы элементтері қарастырылуда. Сондықтан да Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен еліміздің түкпір- түкпірінде үш айлық жаңа форматты курстар ұйымдастырылуда. Бұл курс оқытуда Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін өзіміздің ұлттық педагогикамызбен астастыра, оқытудың жаңаша әдіс- тәсілдерін үйретуде.
Оқытудағы жаңаша әдіс- тәсілдер "сындарлы оқыту теориясына" негізделеді. Сындарлылық теориясына негізделген оқытудың мақсаты- оқушының пәнді терең тұсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда пайдалана білуін қамтамасыз ету болып табылады [2]. Бұл орайда мұғалім "көшбасшы" болып табылады. Олай болса, біз бұл орайда "Шульманның көмекщілерін" басты назарда ұстауымыз тиіс. Шульман мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамытуда өзінің "көмекшілерін" шақырады [2].
Бас- кәсіби түсінік. Оқыту мен оқу, сондай-ақ жеке тұлға ретінде оқушылар туралы тұғырлы теориялық базаға негізделген, жеткілікті білімнің болуын талап етеді.
Қол- оқытудың тәжірибелік дағдылары. Бұл оқытуды іске асыру, түзету және бағалау барысында түйінді кәсіби идеяларды түсіндіре білудің техникалық және тәжірибелік дағдыларын, әр түрлі әдістер мен тәсілдерді білуді талап етеді.
Жүрек- кәсіби- өнегелілік тұтастық. Мұғалімдер ұстаз мамандығының этикалық және моральдық құндылықтарын ұстанады. Демек, олар шыншыл, оқушыларға мейірім мен құрмет көрсете білетін әділ адамдар. Мұғалімдер- өз мамандығын сүйетін, балаға білім беру құнды қызмет екенін түсініп, осыған қатысты нақты ұстанымдары қалыптасқан жандар.
Білім беру жүйесінде мұғалім өзінің кәсіби біліктілігін түрлі сайыстар, конкурстар, семинарлар мен конференциялар арқылы да көтеріп отырады.
Мұғалімнің кәсіби біліктілігін көрсететін тұсы - өз сабағын шебер де ұтымды, нәтижелі ұйымдастыра білуі.
Сабақ – біртұтас жүйе және педагогикалық шығарма, сондықтан да ол бір тұтастығымен, бөлімдерінің ішкі өзара байланысымен, мұғалім мен оқушының қызметтерін кеңейтудің бірыңғай логикасымен ерешеленуі керек. Педагогикалық тәжірибені бүгінгі даму деңгейінде белгілі болып отырғандай оқытудың озық әдіс тәсілдерінің бәрін еркін игеріп, әрбір нақты жағдайларға орай ең тиімді әдісін таңдап алу, олардың жиынтығын түрлендіре отырып пайдалану, әрі шығармашылықпен өзіндік білімді жетілдіре отыру негізінде ғана жүзеге асатын іс. Өз білімін көтеру негізінде – оқу-тәрбие үрдісін ұйымшылдықпен жүргізуде мұғалім басты тұлға. Осындай талапқа сай қызмет атқару үшін мұғалім бірінші кезекте өзінің әдістемелік, саяси-экономикалық, экологиялық, психологиялық, дидактикалық білімін ұдайы толықтырып үздіксіз іздену үстінде өз мамандығы бойынша білімін жетілдіріп отыруы керек.
Сонымен қатар психология мен педагогика ғылымдары жайындағы жаңалықтар мен озық тәжірибелерді үнемі пайдаланып отыруы шарт. Олай болса кәсіби мұғалім мына қасиеттерге ие болуы шарт.
қазіргі заманғы педагогикалық ғылымның өзгерістерін, жеке тұлғаға бағытталған технологияны толық меңгерген;
өз мамандығының әлеуметтік ортадағы ролін түсінген;
танымдық қызығушылығы мен жұмысқа деген ынтасы жоғары;
сөйлеу мәдениеті жоғары және өз ойын ауызша да, жазбаша да толық, мәдениетті жеткізе алатын;
оқу-тәрбие үрдісінде педагогика ғылымының жаңа тенденцияларын пайдалана алатын;
оқыту барысында оқушылардың өздік жұмыс жасауына жағдай жасай алатын;
оқу үрдісінің нәтижелі болуына әр түрлі әдіс-тәсілдерді дұрыс пайдалана алатын;
оқушылардың алған білімдерінің диагностикасы мен мониторингін жүргізе алатын;
жоғары деңгейде компьютерлік және ақпараттық сауатты;
оқушылардың өздігінен дамуына, білім алуына, өзін-өзі бағалауына жағдай жасай алатын болуы керек.
Мұғалімнің кәсібилігі алдымен мұғалімнің адамды сан қилы етіп қалыптастыратын кәсіби іс-әрекетінің жан-жақтылығымен байланысты. Мұғалімнің кәсібилігін анықтайтын өлшемдердің арасында ең басты орынды, ұстаздық қызметтің қорытындысы - оқушылардың тәрбиелілігі мен дүниеге көзқарас деңгейі алуы керек. Мұғалімнің кәсіби деңгейін оның оқушыларға тиісті дәрежеде білім беру, біліктілік пен дағдыларды қалыптастыру тұрғысынан бағалау қажет.Педагогтың ең маңызды кәсіби қасиетінің бірі – көшбасшылық қабілетінде.
Интеграция мен ғаламдастыру қатар жүріп келе жатқан бүгінгі таңда мектептегі жеткіншектерге білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеруді жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін ұстаздардың ғана жұмысы жемісті болмақ. Күнделікті сабақтарымызда жаңа форматтағы курстың жаңаша әдіс- тәсілдерін енгізіп, оқушылардың сабаққа қызығушылықпен, аса белсенділікпен қатынасып, бұрын "сөйлемейтін" оқушыларымыздың өз ойын айтып жатқанын көргенде, аз да болса жасап жатырған жұмысымыздың септігі тигенін көріп қуанатынымыз жасырын емес. Қазіргі интернет желісі қарқынды дамыған қоғамда деңгейлік курстан өткен мұғалімдердің желілік қоғамдастықтары құрылуда. Осы қоғамдастықта білімді де білікті мұғалімдердің тәжірибе алмасуы, ашық сабақтарын жариялауы, түрлі әдіс- тәсілдерімен бөлісуі өзіміздің кәсіби қоржынымызды толықтыруға көп көмегін тигізеді.
Жаңа ғасыр мұғалімдері талапқа сай болып, сапалы әрі сан алуан салиқалы тәрбиелік-білімділік қызметтерді ойдағыдай атқара білгенде ғана мақсатына жетпек.
Жаңашыл мұғалімдер педагогикалық қызметтің барлық түрлерін зерттеп, кез-келген педагогикалық жағдайда өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениеттілігі, іскерлігі, шеберлігі арқылы шеше алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын жаңашыл, әрі шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға болуы керек.
Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі .
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ол тек нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Әрине ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш –жігерін, парасат – қуатын, жоғары адами қасиеттерін салу керектігі айтпаса да түсінікті. Оқушыларға саналы білім, сапалы тәрбие беруді жүзеге асыру үшін ұжымның әрбір мүшесі мектептің жаны болып саналатын ұстаздар қауымы үнемі шығармашылық ізденісте, жаңа педагогикалық технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, өздерінің кәсіби шеберлігін дамытуды кезек күттірмес мақсатым деп есептеуі керек.
Әрбір күн өзгеріске толы қазіргі жауапты кезеңде заман көшінен қалмай, уақыт талабына сай болу, білімді өз бетінше үйрену, оны оқушыларға үйрету ұстаздықты мұрат еткен әрбір кәсіп иесінің ең қасиетті борышы, абзал парызы. Қазақ санасының шамшырағы Ахмет Байтұрсыновтың «Мектептің жаны - мұғалім» деген қанатты сөзінің мағынасы бүгінгі күн талабын күшейтіп отыр. Оқушыларды Отанды сүюге, адамдыққа, адалдыққа ізгілікке баулу - ұрпақ тәрбиешілерінің абыройлы парызы. Ол үшін мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білімін беру ісінде рухани, парасатты шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технологияны меңгерген білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы тиіс. Сонда мектеп те, мұғалім де бала үшін қызмет етпек.
"Мектеп жұмысын өрістетудегі негізгі тұлға - мұғалім" деген Стронгтың пікіріне сүйенсек,мұғалімнің кәсіптік білімін жетілдіру арқылы мектеп мұғалімдерінің шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады.Сондықтан да бүгінгі мектеп мұғалімдерінің бойында шығармашылық қабілеттердің көрініс табуы, мектеп оқушыларының терең білім алуының бірден бір факторы екені даусыз. Осы тұрғыдан мектеп мұғалімдерінің ұстаздық қызметіндегі шығармашылық жұмыстарын зерделеу қажеттілігі туындайды деп түсіндіреді [2]. Мұғалім өзінің кәсіби біліктілігін жетілдіруде басты тұлға болса, қазіргі кезде мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан түрлі қолдаулар осының дәлелі бола алады. Жоғарыда атап өткеніміздей, Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауында мұғалімдер мәселесі назардан тыс қалған емес.
Қазіргі ХХІ ғасырда "өз білімімді қалай жетілдіремін?", "қандай әдістер арқылы кәсіби өсудің алғышарттарын орындаймын?" деген сауалдардың жауабы да дайын. Еліміздің ұстаздар қауымына қолдау, қолпаштау білдіргені соншалық, әр жерлерде түрлі семинарлар, байқаулар, мағыналы да мәні зор курстар ұйымдастырылып жатыр. Міне, осылардың барлығы да түптеп келгенде мұғалімнің кәсіби өсуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, жоғары оқу орнын бітіріп, мектеп қабырғасына жаңадан жұмысқа орналасқан мамандарға да барлық жағдай (үй беру, көтерме сыйақы т.б.) жасалып жатыр. Өзім де мектепте жас маман болғандықтан мемлекет тарапынан бөлініп жатырған ыстық ықыласты көріп жатырмын. Олай болса, мемлекет маған осыншама қолдау білдіріп жатырғанда, мен неге еліміздің гүлденуіне атсалысып, шәкірт тәрбиелеуде білімімді сарп етпейін?
Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады. Жалпы баланың алғашқы күннен қолына қалам ұстатып әліппені жаттатқызатын - мектеп мұғалімі. Сондықтан да алғашқы білім алу кезеңі-бала өмірінің маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады. Демек, баланың қандай білім беру мекемесінен және қандай мұғалімнен білім алғанына байланысты. Ол алған білімдерінің сапалық құндылығы келешекте баланың сабақ үлгеріміне және жеке тұлға ретінде қалыптасуына қатты ықпалын тигізеді.
Ендеше, осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға - ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады. Халқымыз әрқашанда ұстаз мәртебесін жоғары көтеріп, қастерлеп, бағалап отырған. "Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға", "Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады", -деп қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев айтып кеткен болса, ал чех халқының ұлы педагогі Я.А.Коменский: "Мұғалім мәңгі нұрдың кызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақьлдың дәнін сеуіп, нұр құятьн тынымсыз жалын иесі", — деп, ұстаздар қауымын жоғары бағалағандығын атап көрсетеді [3].
Ал бүгінгі қоғам қажеттілігінен туындап отырған негізгі талаптардың бірі мектеп табалдырығын аттаған жас жеткіншектерді парасатты да саналы азамат етіп тәрбиелеу - әрбір ұстаздың борышы. Сондықтан бүгінгі жаңашыл талапты мектеп мұғалімі мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларға халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату арқылы әрбір оқушы бойына ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайлылық пен кішіпейілдік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге ұмтылыс жасай білген де ғана мектеп оқушыларының ұлттық рухын оята білеміз [4].
Қорыта келгенде оқу процесінің жаңаруына қажетті шарт кез-келген педагогикалық жүйенің басты тұлғасы болып табылатын мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, педагогикалық шеберлігін арттыру арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады.