«Кенесары-Наурызбай» жыры туралы «Кенесары Наурызбай»



Pdf көрінісі
Дата19.11.2022
өлшемі290,49 Kb.
#158948
Байланысты:
thesis89493



Оразгүл Хасенқызы Мұхатова - тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби 
атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры 
«Кенесары-Наурызбай» жыры туралы 
«Кенесары - Наурызбай» бұл - тарихи жыр. Тарихи дастанды Кенесары 
Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне бастан-аяқ қатысып, барлық 
оқиғаларды өз көзімен көрген Нысанбай жырау Жаманқұлұлы шығарған. 
Жырдың пайда болу объективтілігі - Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық 
күресі. Дереккөзінің авторы оқиғаға тікелей араласып, оның куәгері 
болғандықтан шынайылығы дау тудырмайды. Нысанбай хан Кене бастаған 
ұлт-азаттық көтерілісті үлкен ақындық шеберлікпен суреттеген. Жырдың 


мазмұны арқылы азаттық үшін күресті, оқиғаның шиеленісуін, Кенесары 
мен Наурызбай батырлардың тарихи бейнесін анық көруге болады.
Жыр тарихи дереккөзі болып саналады. Тарихшы-ғалым Е. Бекмаханов 
атап көрсеткендей, жыр көтеріліске байланысты туған басқа шығармалардан 
озық, «жырда тарихи мәні бар жекелеген оқиғалар шындықпен 
баяндалады»[1], шығармада суреттелген жайттар көтеріліс кезінде болған 
окиғаларға дөп келеді.
Осы уақытқа дейін «Кенесары-Наурызбай» дастаны қазақ халқының 
атадан балаға беріліп келген халық даналығының бір көрінісі ретінде 
талданып келді. Тарихи, яғни деректанулық тұрғыда жыр өз бағасын алған 
емес. Жырды ауыз әдебиетінің озық үлгісі ретінде санағандардың бірегейі 
Мұқтар Омарханұлы Әуезов еді. Саңлақ жазушы Кенесары Қасымұлы 
бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихымен терең таныс болған. Өзінің 
1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» оқулығына «Кенесары-
Наурызбайдың» қысқаша әңгімесі» және «Кенесары жырының мәнісі» атты 
тараушаларды енгізіп, атаулары көрсетіп тұрғандай, оқиғаның ағымын,
құрылымын зерттеп, жырды көркемдік тұрғыда терең талдаған. Тарихтан 
белгілі Мұқтар Омарханұлы - «Хан Кене» атты пьеса да жазған. Пьесада 
«Кенесары-Наурызбай» жырында жырланатын азаттық қозғалыстың 
соңындағы оқиғалар, қырғызбен болған соғыс бейнеленеді. Драмалық 
шығарманың көркемдік талаптарының, поэтикасының өзіндік қайталанбас 
ерекщеліктері пьесада өзге жағынан көрініс тапқан, яғни жыр сюжеті дәлме-
дәл қайталанбаған. Мұқтар Омарханұлы суреттелген оқиғаларға қатысты 
өзінің көзқарасын білдіріп, Нысанбай жыраудың ұлт-азаттық көтерілісінің 
жыршысы ретіндегі акындық, адамдық бейнесіне де баға берді. 
«Кенесарының қайғы-өкінішімен біткен жорығы қазақ баласының барлығына 
да қадірлі, қасиетті әңгімедей болып көп жайылған. Бұл жырдың көп 
жайылуына екінші бір себеп болған нәрсе - Кенесары ісінің өзге 
батырлардың ісінен әлдеқайда ірі, әлдеқайда көлемді оқиға болғандықтан 
туады» [2], - деген шынайы пікір танытқан. Жазушының салмақты әрі 
салиқалы ойы тәуелсіздік кезеңіндегі зерттеушілердің тұжырымдарымен 
үндес. 
Қазақстанның халық жазушысы Әбділдә Тәжібаев бұл дастан жөнінде 
былай деген: «Мұхтар Әуезов өте ірі тұлға және көреген ақын деп санаған 
Нысанбай XIX ғасырда өмір сүрген Кенесары ханның ең жақын достарының 
бірі, оның сүйікті жырауы. Нысанбай жырлаған Кене хан біздің дәуіріміздегі 
ең ірі тарихи дастандардың бірі және соңы деуге болады. Кене мен 
Наурызбайдың набыт болған күндеріне дейін барлық трагедиялық 
қайшылықтарын түгел жеткізе суреттеген қазақ елінің сүйікті дастаны. Бұл 
дастан кейін Кене ханмен бірге жабылды, оны ауызға алу қылмыс саналды. 
Сол ғажайып дастанның босанар күні бүгін туды. Жаңа ұрпаққа, талантты 
оқырман қауымға ұсыну керек»[3]. 
Көріп отырғанмыздай, жырдың құндылығы жөнінде әдебиетші 
ғалымдар ой танытқан. Жыр тарихи дереккөзі, яғни ауызша тарихи дерек
ретінде талдаудан өткізілмеді. Сондықтан да оның мазмұнын ашып, автор 


жеткізген мәліметтерінің шынайылық дәрежесін анықтау мақсатында мақала 
дайындалып отыр. 
Дастанның пайда болу объективтілігі - 1838-1848 жылдары қазақ 
тарихынан орын алған Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс. 
Бұл қозғалыс болмағанда жыр да дүниеге келмеген болар еді. Дастанның 
пайда болған жері ауыспалы, олай дейтініміз автор қозғалыспен бірге 
Арқадан Майтөбеге дейінгі жерлерде жүріп, көзімен көріп, құлағымен 
естігендерін көркем сөзбен жеткізіп отырған. Дереккөзінің пайда болған 
уақыты да азаттық қозғалыстың басталған уақытымен дөп келеді. Дерек 
авторы - ақын, жыршы, жырау Нысанбай Жамақұлұлы. «
Ел арасында 
Нысанбай жыраудың Кенесары ханның қолына қосылуына байланысты 
мынадай бір әңгіме сақталған. Кенесары қолы Сырдың бойындағы Жалағаш 
өңіріне ат басын бұрады. Жергілікті халық хан мен оның оның қосынын 
үлкен құрметпен қарсы алып, түрлі шаралар өткізеді. Сол өткізілген 
шаралардың бірі қонақтардың алдына келіп алпысқа жуық ақын-
жыраулардың өз өнерлері арқылы ел тілегін білдіруі еді. Сыр бойы 
жыраулық өнердің үлкен тамыр жайған өңірі. Бірнеше күн бойы 
жыраулардың өнерін тамашалаған Кене хан олардың арасынан жырын 
қобызымен айтқан арқалы Нысанбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала 
кетеді»[4]. 
Деректің сақталу формасы туралы айтатын болсақ, ұзақ бойы ол ауызша 
атадан балаға халықты ұлтжандылыққа, елін сүюге, азаттығын дара басының 
мүддесінен биік қоюға үйрететін асыл мұра ретінде жетіп отырды. 
Жыр 
алғаш рет 1875 жылы С. Жантөрин мен Т. Сейдалиннің аудармасымен 
«Записки Оренбургкого русского географического общества» журналының 3-
ші белімінде сөзі қазақша, әріптері орысша болып басылды. Содан соң 1912 
жылы Қазанда университетінің баспаханасынан қаза тілінде жарық көрді. 
Баспаға дайындап, ұсынған Жүсіпбек Шайхисламұлы еді. Жыр «Қисса-и 
Наурызбай төре Қасым уғлы Қасым Абылайханов» деген атаумен 
жарияланды. Қазақтың ауызша тарихи деректерін жинаумен айналысқан 
Диваевтың қолында жырдың бір нұсқасы болған деген пікір бар. Жыр 
нұсқалары өз кезегінде 1923 жылы X. Досмұхамедұлының Ташкентте, 1924 
жылы Н. Төреқұловтың алғы сөзімен Мәскеуде жарық көрді. Бұл 
басылымдарда Нысанбай жырауға үлкен қиянат жасалып, көтеріліске тіл 
тигізіліп, мазмұны мүлдем өзгертілді. Кейінірек Е. Ысмайылов пен Қ. 
Бекхожин Кенесарыға тіл тигізетін бұрмаланған жерлерді алып тастап, 
Нысанбайға тән үлгімен жырланатын нұсқаны 1940 жылы өздері 
құрастырған «Батырлар жыры» деген көлемді жинаққа енгізді. Жырдың 
түпнұсқаға жақыны 1875 жылы нұсқа мен толық та көркем үлгісі 1938 жылы 
ҚР ҰҒА фольклор экспедициясының торғайлық Қашкынбай Қараевтан 
жазып алған нұсқасы саналады. Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің ескі 
мұра атаулыға қарсы ұрдажық саясаты бұл бағалы тарихи жырды жарты 
ғасыр уақытқа дейін жылы жауып қоюға мәжбүр етті[5]. Ұлы Дала Елі өзінің 
тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста «Кенесары-Наурызбай» жыры да 
халқымен қайта кауышты. Нысанбай ақыннын бұл жыры 1993 жылы «Хан 


кене» жинағына және 1996 «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының 17-
томына енгізілді. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында 
100 томдық «Бабалар сөзі» жинағынан орын алған. Дастанның 
түпнұсқалығы дау тудырмайды. Оның ХІХ - ғасырдың орта кезінде пайда 
болып, халық арасына жылдам тарағаны мәлім. Осылайша асылын ардақтай 
білетін халықтың рухани мұраны шашау жығармай келесі ұрпағына аман-
есен жеткізіп отырған. Содан соң ұлт оқымыстыларының арқасында қағаз 
бетінде жарық көрді. Жырдың мазмұны - патшалық Ресейдің отарлау 
саясатына қарсы Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалыс, 
хан 
Кененің қырғыз жеріндегі шайқас. Оқиғаларды жыр желісімен басынан 
аяғына дейін қарастыратын болсақ, ең алдымен Кенесарының қырғыздарға 
баруы, себебі, барысы және салдары ашылады. 
Басты идеясы - азаттық.
Жырда ең алдымен Кенесары мен Наурызбайдың шыққан тегі және ата 
қонысы туралы айтылады. Бұл жөнінде мынадай мәлімет береді: 
«Кенесары, Наурызбай- 
Абылай хан-ды бабасы, 
Әуелгі мекен-тұрағы - 
Көкшетаудың даласы. 
Жазғы жайлау қонысы - 
Ұлытаудың саласы». 
Дастанда бұрын-соңды тарихта айтылмаған ақиқат ашылады. Мәселен, 
қозғалыстың кереғар тұстары, соның ішінде Кенесарының өзіне бағынбаған 
қазақ рулары мен тайпаларына қарсы шыққандығы нақты айтылған.
«Қашқан, босқын жиылып, 
Өз алдына қол болды. 
Жұртқа тиіп кесірі, 
Әркімдерге сор болды. 
Қарсы келген адамның 
Көзінің жасы көл болды. 
Тарихтан белгілі Кенесары алдымен Балқашқа, одан әрі Іле өзенінің оң 
жағалауына өткен. Жетісуда болған кезінде Кенесары қырғыз манаптарына 
жергілікті халықтан зекет жинау үшін екі мыңдық жасақ жіберді. Алғашқы 
қақтығыстардың өзінен-ақ қырғыз руларының қазақ ханы өктемдігіне 
бағынбауға бел байлағанын көрсетті. Оның үстіне қарсылық көрсету үшін 
қол жинап үлгерген болатын.
Тарихшылар 
Кенесарының 
қырғыздарға 
жасаған 
жорығын 
зерттегенімен, оның себебін патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы 
күресте қандастарды қосып алу деп түсіндіреді. Жыр жолдары мұның 
шындыққа жанаспайтындығын дәйектейді, себебі дастанда оқиғаларды 
көзімен көрген Нысанбай былай деп жырлаған:
«Бір күндері болғанда 
Тортөбөл атын ұрлатты. 
Бас себебі сол болып, 
Қырғызға қарай жол тартты». Қырғыздардың еш 
кінасы жоқтығын жасырмаған жырау


«Бар күнәсі қырғыздың – 
Жалғыз атты ұрлаған. 
Атын алған қырғызға 
Хан үйінде жынданған». 
Жылқысы үшін қырғыздан кек алу мақсатында сол елге барып, шайқасуды 
жөн көрген Кенесары Ұлы жүз тайпаларын өзіне қосып алуды ойлап, 
дулаттар еліне жүріп кеткен. 
«Қырғыздан қорлық көрген соң, 
Кененің көп-ті арманы. 
Іледен өтіп жөнелді, 
Өр Дулатқа барғалы. 
Сол Дулатпен қосылып, 
Қырғыздан кегін алғалы», - деген Нысанбай жыраудың 
сөздері айтылғанның дәлелі. Алайда өз халқын, жерін шапқан ханды 
қолдамаған. Дегенмен тарихта бұл мәселе де бұрмалау бар. Кенесарыға 
барлық қазақ рулары мен тайпалары ерді деген пікір белең алған. Жыр 
мазмұнын талдайтын болсақ үш жүздің барлығы дерлік Кенесарының 
әскеріне қосылмаған. Қырғызға барар жолда дулат тайпасы Кенесарыны 
қолдаудан бас тартқан. Мұны мына жыр жолдарынан көруге болады.
«Барып еді, өр Дулат 
Барғанын қабыл алмады. 
Кене ханның сөзіне 
Құлағын да салмады. 
Асаулар үзді шідерді, 
Сыйламай Дулат жіберді, 
Сыйынып барған елінен 
Кене хан үзді күдерді». 
Дулат тайпасынан қолдау таба алмаған Кенесары өзінің таңдап алған 
батырларынан құрылған қолмен қазан айында қырғыздарға аттанып кеткен. 
Бұл жөнінде жырда былайша жырланады: 
«Дегені болмай қалған соң, 
Қабағы ханның түнерді. 
Күздің күні болған соң, 
Қырғызға қарап үдерді. 
Қазан айы болғанда 
Қатуланды, қаттанды. 
Іріктеп алған ерлермен 
Хан қамаудан аттанды, ... ». 
Соған қарамастан жырда қырғыздарға қарсы жорықта Кененің 
жасағында дулат тайпасының кейбір руларының өкілдерінің болғандыңы 
анық айтылады. Оны мына бір жыр жолдары дәйектейді: 
«Қоқаннан ауған көп 
Дулат, Қарағаштай ел келген. 
Мәмбеттің ұлы Байұзақ, 
Балқожа, Медеу ер келген. 


«Жауың қайда? Мен - жолдас»,- 
Хан Кенеге дем берген». 
Осындай қосынның арқасында Кене әскерінің күшейіп, саны сегіз мың 
адамға жеткен. Сол әскерімен қырғаздарға қырғидай тиіп, түскен олжаны 
түгелдей дулаттарға бөліп берген. Мұндағы ойы оларды олжамен алдап, 
әскерін одан әрі күшейту еді. Нәтижесінде әскері сегіз мыңнан он екі мыңға 
жетіп, қырғыздарға тағы да жорыққа аттанды. Алайда жорығы сәтті болмады, 
қырғыздардың асуын ала алмады. 
«Ақыл, айла, өнермен Кенесары, 
Наурызбай Атадан асты дегенмен. 
Абылай аспас асудан 
Асамын деп өрледі. 
Оңайлықпен қазаққа 
Асуды қырғыз бермеді». 
Қырғыздардың тайлы-таяғына дейін атқа қонып, Кенесарыға қарсы 
аттанған. Есесіне хан Кене жанындағы бар жасағымен асуды ала алмай, 
қылған әрекеттері нәтижесіз аяқталып жатты. Мұны мына бір жыр жолдары 
ашық көрсетеді. «Әр жерлерден құралып, 
Қырғыздың қолы кернеді. 
Бесінге дейін атысып, 
Қазақтың әлі келмеді. 
Қарабалта, Соқылық 
Аңғарынан шаң асты. 
Қырғыз-қазақ екі жар, 
Ескі жолға таласты. 
Сол уақытта хан Кене 
Амалынан адасты. 
Қырғызды айдап шыға алмай, 
Батырлар сонда бір састы». 
Ал қырғыздар болса барлық қулық, амал-айласын жасап, асудан қазақтарды 
асырмауға бел буды. «Үйінде еркек қалдырмай, 
Қырғыз да шыққан айдатып. 
Соғысты қылды қазақпен, 
Төскейде атты ойнатып. 
Қызықсын деп асуға, 
Қазына төкті жайнатып. 
Асуға текті тайғақ қып, 
Қазанға суды қайнатып». 
Нысанбай жыраудың айтуынша қырғыздар таудың басында, қазақтар 
етегінде тұрып шайқасты. Кененің жасағы атқан оқ таудағыларға дарымады.
«Ойдан атқан зеңбірек
Тау басына жетпеді. 
Аза болып сол жерде, 
Алдырды екі түйені. 
Шөгеріп салып, түйеге 


Зеңбірегін сүйеді. 
Тұрғызып қойып атса да, 
Сонда да тауға тимеді». 
Сол уақыттарда Наурызбай Бұғыбай батырды ақылдасуға шақырып, 
тығырықтан шығар жолды табды өтінген. Сөйтіп, хан алдына барып, 
қырғыздардың қамалын бұзуға ниеттенген. Хан Наурызбайға жасақтан 
мықтыларды таңдап, тау басына көтерілуге рұқсат берген. Екі жүз, үш жүз 
әскерді алуды ұсынса да Наурыз отыз жігітпен шабуылдауды тау ішінде 
ыңғайлы деп санаған.
Нысанбай жырау осы сәтті айнытпай былай жеткізген.
«Қалың қолдан саралап, 
Алады өңкей манапты, 
Ерегескен соғыста 
Тастан қайтпас болатты. 
Тауға қарсы түйлікті, 
Сұңқардай жиып қанатты. 
Отыз жігіт жөнелді - 
Тәмәм қолдың беглері. 
Бұғыбайды басшы ғып, 
Қиын жолды көргелі 
Тау басында қырғыздың 
Жазасын барып бергелі». 
Тарихи дастан көлемді, мазмұны терең, ойы тәлімді, сондықтан да оны 
бір мақаланың ауқымында қарастыру қисынсыз. Көріп отырғандарыңыздай, 
ойымыздың соңы бар екендігі анық. Оқырманды өзге ойға жетелемес үшін 
мақаланы ары қарай жалғастырамыз. 
1 Мұхтар Әуезов энциклопедиясы. – Алматы: «Атамұра», 2011. 

http://kerey.kz
  

http://old.el.kz/m/articles/view/content-3175
 
4 Қойгелдиев М.Қ. Уақыт тезінен өткен жыр (Нысанбай жыраудың «Кенесары-
Наурызбай»дастанының тарихи негізі жөнінде//http://e-history.kz/media/upload 
5 https://kk.wikipedia.org/wiki


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет