Бүгінде отандық білім беру мен бизнес саласы арасындағы әріптестік байланыс күшейіп келеді. Оған ел экономикасының дамуына қажетті мамандықтар даярлаудың себепкер екенін ескерсек, бұл арнадағы жұмыстар өз ретімен орындалуда. Бұл бағыттағы жүйелі жасалған жұмыстар екінші жағынан аймақтық бәсекені арттырары сөзсіз. Дей тұрғанмен, жасыратыны жоқ, елімізде кәсіптік білім беруді көздейтін стандарттарға енді ғана көңіл бөлініп келеді. Осы ретте ірі кәсіпорындар кәсіптік білім беру жүйесіне қыруар қаржы салып, жас мамандарды даярлау ісіне белсене қатысуда.
Осылайша аймақ экономикасына қажетті техникалық және кәсіптік білімді мамандарды даярлау мәселесі қолға алынды. Нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде түбегейлі реформалар басталды. Кәсіптік-техникалық оқу орындары индустриалық-инновациялық сала үшін кадрлар даярлауға баса назар бөлді. Бұл орайда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталып кеткенін айрықша айтуға болады.
Білім беру жүйесін дамыту үшін елімізде аталмыш сала құрылымдық, мазмұндық бағытта жаңаруда. Озық әлемдік технологиялар енгізіліп, ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Білімнің жоғары деңгейге көтерілген заманда адамның білімі мен кәсіби біліктілігі экономика дамуының басты тетігіне айналып, мұның өзі заманауи техниканы жан-жақты меңгерген кәсіби білікті мамандардың қажеттілігін туғызуда. Осы мақсатта қабылданған білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аталған мәселелерді шешуге арналған ұлттық мамандар даярлаудағы негізгі қарқынды жоба болып табылады. Техникалық және кәсіптік білім беруде оқу орындары мен әлеуметтік серіктестіктердің байланысының жақсарғандығын осы секілді игі бастамалардан аңғару қиын емес. Жақында Сырдария ауданы, Бесарық ауылында өткен «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІІІ облыстық форум ынтымақтастығымызды ілгерілету үшін жаңа идеялардың туындауына арқау болатын істердің алға жылжитынын бір дәлелдеп берді. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Қ.Бөрібеков, облыс әкімі Б.Қуандықов, облыстық білім басқармасының бастығы А.Мұхимов және басқа да білім саласы жанашырлары қатысты. Жиын облыс әкімінің қатысуымен ауыл орталығында 140 орынға лайықталып салынып, қайта жаңғыртылған «Бөбек» балабақшасының ашылуымен бастау алды. 2007 жылы ашылған мұнда әзірге 75 бала тәрбиеленуде. Балабақшадағы 24 қызметкердің 9-ы педагог болса, қалғандары – техникалық қызметкерлер. Олардың қарауында бүгінде «Сәби», «Балапан», «Балдырған» секілді үш топ жұмыс жасайды. Балалар тәлім-тәрбие алатын балабақшаға өткен жылы 53 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бал қылығымен тамсандырған бөбектермен жүздесу ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту мақсатында салынған спорт алаңының салтанатты түрде ашылуына ұласты. Барлығы 2300-ге тарта тұрғыны бар ауылдағы спорт алаңының салынуына облыстық бюджеттен 6 млн. 205 мың теңге трансферттелген. Көлемі 20х50 метрді құрайтын спорттық алаң ішінде теннис столы, баскетбол қақпасы, стритбол, брус және әткеншек те орналастырылған. Негізінде биылғы жылы аудан бойынша 5 спорт алаңы салыну керек болса, берекелі Бесарықтағы нысан солардың алғашқысы болып тұсауын кесті. Жыл соңына дейін тағы да дәл осындай 4 алаң ел игілігіне пайдалануға берілмек. Ал келер жылы ауыл орталығында аудандық бюджет есебінен сквер салынады деп жоспарлануда. Ауылдың көркейіп, жылдан-жылға қанат жаюы үшін «Абзал и К» ЖШС жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаржы бөліп тұрады, үстіміздегі жылы ауылды ажарландыруға 30 млн. теңге қарастырылған. Айта кетейік, өндірісі өтімді бұл мекеме – аймағымыздағы жүйелі жұмыс жасап жатқан, кәсіптік білім беру саласына үлес қосып отырған бірден-бір әлеуметтік серіктестік.
Аймақтағы кәсіби техникалық мамандар даярлап жатқан оқу орындары да бұл форумда өздерінің жұмыстарын таныстырғанды жөн көріпті. Мәселен, ауыл орталығында ұйымдастырылған кәсіптік лицейлердің қосалқы шаруашылығында өндірілген өнімдердің жәрмеңкесі сөзіміздің дәлелі. Сонымен қатар білім алушылардың жаңа құрылғылармен жұмыс үдерісінің көрініс көрсеткені де форум қонақтарының көңілінен шықты. Мәселен, Мейрамхан Мұсаханұлы басқаратын Шиелі аудандық индустриялды-аграрлық колледж студенттерінің еңбегі еленбей қалмады. 2011 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан колледж цехы спорттық, әскери үлгідегі арнайы қазақша киімдерді тігумен айналысады. Тіпті ақылы негізде тапсырыс қабылдап, халыққа қызмет етуде.
- Аймақ экономикасына қажетті кәсіптік мамандарды даярлау мен шешімін таппаған мәселелерді саралауға арналған бүгінгі форум Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласына орай ұйымдастырылып отыр. Ел Президентінің бағдарламалық мақаласы облыста жан-жақты талқыланып, үндеу қабылданған болатын. Бұл бағытта әлеуметтік саясатқа жіті қабілетті және жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру облыс халқының зор қолдауына ие болып отыр. Қазіргі кезде республикада еңбек білімін арттыруға, экономикамызды дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға, әрбір тұрғынның өзінің мүмкіндіктерін пайдаланып әл-ауқатын жақсартуға бар жағдай жасалуда. Бұл ретте біріншіден, Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша өңірімізде ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бағдарламаны іске асыру барысында 2010 жылы 14,1 млрд. теңгені құрайтын 68 жоба мақұлданды. Бір ғана өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытында аймақта 7 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде жалпы аумағы 44 га құрайтын өндірістік өнеркәсіп алаңы, 761 га құрайтын индустриялдық аймақ, Қамбаш демалыс аймағы, қуаттылығы жылына 6000 тонна ет өндіретін құс фабрикасының құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша өткен жылдың шілдесінен бері 1282 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2346 адам әлеуметтік жұмыс және жастар тәжірибесі бойынша еңбек етуге жолдама алды. Экономикалық әртүрлі қызмет бойынша 415 адамға шағын несие берілді. Елді мекендерді дамыту бойынша 456 млн. теңге қаржы бөлініп, ауылдық елді мекендерді абаттандыру да жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі Бесарық ауылы да – мемлекеттік жекеменшік серіктестік есебінен дамытылып, абаттандырылған елді мекендердің бірі. Және де мемлекет бұл бағытта қосымша қаражат бөлетін болады. Аталған екі бағдарлама да халық тарапынан зор құрметке ие болып, табысты жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта да ауқымды шаралар атқарылатын болады. Бұлар – халықтың әл-ауқатын арттыруда, жұмыспен қамтуға арналған құнды құжаттар, - деді облыс әкімі Б.Қуандықов әріптестік форум барысында.
Түптеп келгенде, облыс халқының басым бөлігі ауылшаруашылық саласында еңбек етеді. Бірақ, облысты өзге аймақтармен қатар дамыту керектігін ескерсек, индустрияландыру бағытына негізгі басымдық беру керек. Оған республикада қабылданған индустриялық-инновациялық бағдарлама зор мүмкіндік беріп отыр. Облыс бойынша индустрияландыру картасы аясында 122 млн. теңгені құрайтын 27 жоба жүзеге асырылды. Бұл – тек қана республикада белгіленген жобалар. Ал жалпы облыс бойынша жүзеге асырылған жобалардың саны 70-80-нің шамасында. Оның ішінде 2010-2011 жылдары 21 жоба жүзеге асырылып, жаңадан тек қана ірі жобалардың өзінде 2000-ға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылған болатын. Оның ішінде құрылыс материалдарын шығару, агроөнеркәсіп саласында 8 жобадан, электрэнергиясын өндіру, мұнай-газ саласын тиімді пайдалану 2 жобадан және Жаңақорған ауданында қиыршық тас шығару зауыты іске қосылғаны да көпке қуаныш сыйлады. Алдағы уақытта да инвестиция тарту аясын кеңейту қолға алынбақ. Жаңа технологиялар енгізіліп, заман талабына сай зауыттар қатары да күн санап көбеюде. Сол себепті өндірістерде тұрақты жұмыс істейтін білікті кадрлар қажеттілігі туындайды. Кәсіпкерлер кәсіптік білім беру ошақтарымен серіктестік байланысын нығайтатын болса, қажетті маман даярлау жұмысы жолға қойылар еді. Жалпы, жастардың жоғары оқу орындарында білім алумен қатар кәсіптік білім алуының да ел дамуы үшін маңызы айрықша. Бүгінгі еңбек нарығында техникалық мамандық иелері инженер-құрылысшы, энергетик, механик, жобалаушы, геолог, сметчик, жоғары дәрежелі газэлектр дәнекерлеуші, жол жөндеу жұмыстарына қажетті машинистер, бетоншы, ағаш ұстасы секілді құрылыс мамандары тапшы.
Сондықтан әлеуметтік серіктестіктер маман даярлап, оқытуға ынталы болуы қажет. Өндіріске қажетті жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын білікті кадрлар дайындауға қол жеткізілетін болады. 2013-2015 жылдары ірі және кіші өндіріс орындарында құрылыс және көлік байланыс саласында сұраныс 30 пайызға, машинистер мен операторларға 2 есеге, тұрғын үй шаруашылығына 10 есеге дейін артады деп күтіліп отыр. Оларды даярлау – кәсіптік білім мекемелерінің міндеті. Сондықтан жергілікті бюджеттен жасақталатын тапсырысты «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен ұштастыру қажет екенін аймақ басшысы тілге тиек етуді ұмытпады. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беруде оқу орындары мен әлеуметтік серіктестіктерінің байланысын нығайтудың маңызы аса зор. Елбасының халыққа кезекті жолдауында ел экономикасын дамыту, әлеуметтік ахуалды арттыру, еңбек нарығындағы мәселелерді шешу жолдары айқын көрсетіліп, нақты бағыт-бағдарлар берілген. Сол себепті бірлесе жұмыс жасай отырып, өңірдегі өзекті мәселені шешуге атсалысу керек-ақ. Бұл бағытта кәсіпкерлер жасап жатқан жұмыс ауқымын одан әрі кеңейтіп, игі жұмыстар жалғасын табады деген сенім де жоқ емес.
Кәсіпкерліктің кең қанат жаюына аймақтың ресурсы, географиялық жағдайы зор мүмкіндік береді. Өндірісті дамытып, тың бастамаларды іске асырамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетіндігін тағы бір еске салды аймақ басшысы. Мемлекетке қажетті мамандарды даярлау тек мемлекеттің міндеті ғана емес, бұл жұмысқа бизнес өкілдері, кәсіпкер азаматтардың белсенді қатысулары өте қажет секілді. Сонымен қатар бүгінгі күні қос желілі білім беру үрдісі кеңінен дамып келеді. Бұл әлемдік тәжірибеде кәсіптік білім беру жүйесінің өрістеуіне оң ықпал етеді. Жиын соңында облыс әкімі аймақтағы бірқатар колледж басшыларына тәжірибе барысында қолданатын МТЗ-80, МТЗ-82 тракторларының, УАЗ фермер, ЭО-2621 экскаваторы мен ГАЗ-35071, «Газель» автокөліктерінің кілтін салтанатты түрде табыстады. Айта кетейік, осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған аталмыш форум бұл жолы Бесарық ауылының төрінде түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты.
|