Күй атасы Өтебаева Назира-№160мектептің музыка пәні мұғалімі



Дата26.06.2018
өлшемі230 Kb.
#44633

Күй атасы

Өтебаева Назира-№160мектептің музыка пәні мұғалімі

Шекербек Аружан-№160мектептің 8сынып оқушысы

Қызыдлорда облысы, Жаңақорған ауданы, Манап ауылы


 Күй атасы Құрманғазының өмірі мен шығармашылық жолдары Кеңес үкіметі кезінде азды-көпті айтылғанымен, дарын иесінің жеке өмірі туралы біз білмейтін тұстар әлі көп сияқты. Оның бір дәлелі, жақында Ақтау қаласының тұрғыны Тоқтар Әжіғұлов редакциямызда болып, ата туралы өзінің жинап жүрген деректерін көрсетті. Әжіғұловтың Құрманғазы туралы тың деректерін ұсына отырып, біз оқырмандардан осы тақырыпқа айтылар қызықты әңгімелер күтеміз.



Құрманғазы – Алаштың ардақтысы

Құрманғазы атамыздан жүздеген жыл бұрын күйші Қорқыттың болғаны немесе Шыңғысханға баласы Жошының қазаға ұшырағанын домбыраның үнімен естірткен батыл Кет-Бұғаның, онымен замандас өзге күйшілердің де болғаны бәрімізге мәлім. Қазақ даласында XIX ғасырда өткен рухани жаңғырудың алдыңғы легінде күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының тұрғаны анық. Құрманғазы күйлері өз ортасының, өз заманының нақтылы көріністерін өзек етіп, сол күйлердің өн бойындағы өршіл рух заманалық құбылыстарды меңзеп, дәуірлік өзгерістерді толғап, ақиқаттың өз үніндей болып естіледі.


Құрманғазының ғұмыр кешкен кезі Ресей патшалығы жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алып, шектен шыға бастаған кезіне дөп келді. Мұндай озбырлыққа жан-жүрегімен қарсыласу Құрманғазының өмірбаянына айналып, күй тілінде көрініс тауып отырды. Ол өзі беттескен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына күйші-философ ретінде ден қояды. Ұрпақ тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау – Құрманғазының күйшілік табиғатына тән. Оның күйлері «Адай» (үш нұсқасы бар), «Ақсақ киік» (екі нұсқасы бар), «Балқаймақ» (екі нұсқасы бар), «Кісен ашқан» (екі нұсқасы бар), «Ақбай», «Серпер» (төрт нұсқасы бар), «Теріс қақпай» (екі нұсқасы бар), «Сарыарқа» болып жалғаса береді. Құрманғазы – күйдің пірі, домбыра шанағына ұлтымыздың тұтас болмысын сыйдырған ұлы өнердің атасы десек қателеспеспіз.

«Адай» күйінің авторы

Қазір біреулер дауға айналдырғысы келіп жүрген «Адай» күйінің қалай шыққандығы туралы жазушы Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» деген кітабында жазылды. Онда күйдің Махамбет-Исатай көтерілісі кезінде Гекке отрядына қарсы күресте табандылық көрсеткен жасақшылар арасындағы Адай руынан шыққан азаматтарға арналып шығарылғандығы, көтеріліске Құрманғазының өзі де қатысып, адайлардың ерлігін өз көзімен көргендігі айтылған. Бүгінде «Адай» күйі Маңғыстаудың гимніне айналып отыр. Біреулер осы күйді адай қызы шығарыпты-мыс дейді. Ел арасындағы әңгіме былай дейді.


Құрманғазы жолаушылап келе жатып бір адайдың үйіне түседі. Үйдің керегесінде ілулі тұрған домбыраның үкісі оның иесінің не қыз, не сал мен серінің бірі екендігін меңзегендей еді. Құрекең қолына домбыраны алып, бір-екі қағып көріп, әдейі «теріс бұрап», қайтадан орнына іліп қояды. Біраз уақыттан соң кемпір мен адай шал, он сегіз жастағы қыз кіреді. Қыз Ақмаңдай екен, «мына домбыраға кім тиген» деп өз бұрауына түсіріп, бір күйге кірісіп кетеді. Сонда Құрманғазы қызға қарап: − Шырағым, күйдің шоғын тартпай, боғын тарттың ғой! Домбыраны бері берші! – дегенде: − Қарағым, қызылқұрт Құрманғазы деген бар деп еді, сен соның өзі емеспісің, аяқ алысың тым бөлек екен, – депті адай шал.
− Болсақ, болармыз! – депті Құрманғазы мұртынан күліп.
Құрманғазымен күй тартысқан Ақмаңдай Адайдың «жеті қайқысының» бірінің қарындасы екен. Сондықтан күй тарихын тануда қателеспегеніміз жөн.

Айт күні туған бала

Құрманғазы 1823 жылы Бекетай құмында дүниеге келген. Оның қырық шәкірті болған деседі. Құрекеңнің руы Әлке (Қызылқұрт). Әлке Сұлтансиықтың бесінші баласы. Сұлтансиықтың балалары: 1. Алаша. 2. Байбақты. 3. Масқар. 4. Тана. 5.Қызылқұрт. Қызылқұрттың ұраны Жиембай, таңбасы көсеу. Әлкенің ұранына айналған Жиембай батыр Тобаның ұрпағы Олжашы Елбай баласы. Жаугершілік аласапыранда жорықта жүрген қолбасшы жігіттің қоржынында әр уақытта да қой сүтінен жасалған қызыл құрт болады екен. Біреудің қоржынындағы құртқа көзіңді сүзбе деп әзілдеседі екен сапарға шыққандар. Әлке қолбасшы осылайша Қызылқұрт атанып кетіпті.


Осы мақаланы жазарда Астраханның облыстық мұрағатынан табылған құжаттар бұлтартпас дәлел болды. Әкем Өтепбергеннің мұрағатындағы материалдарды қолдандым. Он тоғызыншы ғасырдың жиырма үшінші жылы бұрынғы Бөкей хандығына қарасты Жиделі деген жерде, Байұлының ішіндегі қызылқұрт Сағырбайдың үйінде бір оқиға болды. Жұбайы Алқа аман-есен кішкене нәрестені дүниеге әкелді. Жалғыз көйлекті жуып-шайып, қырық жамап, бешпетінің омырауын тігіп алған қара кемпір кебежедегі орақ пышақты алып нәрестенің кіндігін кеседі. «Жыламайтын болады» деп есік алдында жатқан қапқа орай салады. Молда алдырып, азан шақыртып, ат қойдыратын жағдай жоқ. Сондықтан Сағырбай баланы көтеріп тұрып:
− Бүгін айт екен, сенің атың Құрманғазы болсын! – деп от айналасында отырғандарға жариялайды.
Жиделі құмы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Новая Казанка қонысынан оңтүстікке қарай 60-70 шақырым жүргесін басталады. 1877 жылдары Қараөзен сағасындағы «Қызылқұрт шағылынан» 40 шаңырақ Көктерекке нұсқаумен көшіріледі. Көшіп келгендердің ішінде Құрманғазының туыстарынан 18 үй болған. Олар Сағырбай, Шоқа, Тәңірберген, Боқа, Айтқожа, Күшік ұрпақтары кейін Көктеректен көшіп кеткен. Қызылқұрттардың ел табаны Қаратөбе, Сырым (бұрынғы Жымпиты) аудандарының шекарасы, яғни қақ ортасындағы «Хан көлі». Оған «Хан көлі» деп атақ берген кәдімгі соқыр Әлен хан екен. Нұралы ханды «Соқыр Әлен» деп те атаулы дейді кәрі құлақтар.
Құрманғазының өз нағашысы Беріш Бесқасқа руының Қараша атасынан, Мәтіғұл қызы Алқа күйшінің анасы, ал кәрі нағашылары Таз руынан шыққан батыр Төремұрат. Сағырбайдың әкесі Өтепберген Мәтіғұлмен бесік құда болады. Екінші Примор округінде 26 жыл хакім болған жиені Мақаш Шолтырұлы (шеркеш) Астраханның губернаторына өзі барып «кепіл боламын» деп «ақ паспорт» алып берген. 1888 жылы Құрманғазыны Астрахан облысының Володар жеріндегі Сахмаға мал-мүлік, жаңа киіз үй беріп жүкті кемемен, көмекші жігіттерімен аттандырады. Ол күнде қатынас қиын, су көп. Малый-арал – Бәйбек аралығынан малдарын Қиғаш өзенінен өткізіп аман-есен Сахмаға жеткіздіріп береді.
Құрманғазы 1896 жылы қайтыс боларында «мені досым Ишманның қасына жерлеңдер» деп аманаттапты. Ол жер «Ататөбе» деп аталады. Жұптары жазылмаған қос баба бірге жатыр. Ұлы бабаның өмірінің соңғы тұсы кедейшілікте өтіпті, шеген үйден баспанасы болған. Солайша қарапайым жағдайда бақиға аттаныпты. 1967 жылы Алматыдан антрополог Ноэль Шаяхметов келіп эксгумация жасады, бас сүйегі бойынша Герасимов әдісімен Құрекеңнің келбетін жасау үшін ғалым келеді. Менің әкем Өтепберген Әжіғұлов қатысты. Құрекең Ресей жерінде Астрахан облысы, Володар ауданы Алтынжар аулында жатыр. Кесенесін Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен жерлесіміз, қосай Мақсұт Нұрқабаев салып, екі жылда аяқтады.
1996 жылы күйшінің басына үлкен мавзолей орнатылды. ҚР Президенті Н. Назарбаев, Ресейдің Премьер-министрі В. Черномырдин кесененің ашылуына қатысты. 2005 жылы Құрманғазының атымен мәдени орталық ашылды. 2008 жылдың желтоқсан айында Астрахан қаласының 450 жылдығына, Құрманғазының 185 жылдығына қазақ елі биіктігі алты метр (үш метрі гранит) тұғырға, аттың үстіне домбырасын көтере ұстаған Құрманғазыны қондырды. 1993 жылдың 7 қыркүйегінде «Атырау» газеті Берік Қорқытовтың «Нарын еді жайлауым...» деген мақаласын жариялады. Онда Құрманғазы Сағырбаевтың өлеңдері басылып, оның қай жерде, қашан айтылғанына түсінік берілген. Сол газетте 2007 жылдың 28 шілдесінде журналист Р. Иманғалиевтің «Құрманғазының шөбересі Аққыстауда тұрады» деген мақаласы жарияланды.
Құрманғазы қайтыс болған соң оның ұлы Қази мен келіні Әуес және екі қызы Көктерекке көшіп кетеді. Әуес сол жерде дүниеден өтеді. Ал Құрекеңнің інісі Байғазы ұрпағы Самара облысына көшкен. Құрманғазының Қази, Құбаш деген екі ұлы болған. Қазидың ұрпағы әзірге белгісіз. Ал Құбаштан үш бала: Төлеу, Төлеген, Кәрім туған. Төлеуден Тәнзила (балалары Салахиден, Саламат, Салауат, қыздары – Бақытжамал, Зоя Атырау өңірінде тұрады). Төлегеннен өрбіген Кәкім Аққыстауда, қыздары Дариға, Әлима, Әсималар Атырау қаласында тұрады. Құбаштың үшінші ұлы Кәрім ұрпағы Володарда. Құбаштан туған Жұманың Зияда деген қызынан Рашид, Дамир, Мұрат және үш қыздың Алтыны мен Сәниясы Ақтау қаласында, Әния Алматыда. Олар Құсайыновтар әулетінен тарайды.

«Жалды қара» кімге арналған?

Бұл күйдің авторы Есір Айшуақұлы (1840-1904), адайдың Шоңайы. Есір Хиуа жорығының, Иса-Досан көтерілісінің куәгері, бірнеше күйдің авторы. Күйші Есір Айшуақұлы өзінің «Жалды қара» күйін қызылқұрт Құрманғазы Сағырбаевқа арнаған. Оның тарихи желісі былай. Есір ұста адам болған, жүн қырқатын қырықтық қайшы, үзеңгі соғып сатады екен. Малға айырбастайды. Бірде Есір ауылдастарымен Ақтөбе облысынан (Ойыл, Қарақамыстан) тары алып, малға айырбастап жүргенде Жем өзені бойындағы тоғайда бір азаматтың той жасап жатқанына тап болады. Кешкі самалда домбыраның үнін естіп Есір жақындап барса, бір тұла бойы түк, жеңілдеу шапан киіп, шекпенінің иығынан қолын шығарып алып бір жақ төсін жалаңаштап, иығынан жалы төгіліп отырған кісіні көреді. Бұл Құрманғазы екен, оның керемет күйшілігіне тәнті болған Есір артынан «Жалды қара» күйін шығарып, Құрманғазыға арнадым депті. Құрекең науқастанып жатқанда арқасын сипатады екен. Ұлы күйшінің желкесінен бел омыртқасына дейін қара жалы бар екен. Құрекең марқұм: − Арасында құмырсқа жоқ па екен, бірдеңе жыбырлайды ғой, – деп күледі екен.


Маңғыстауда «Жалды қараны» алашқа мәлім өнер иесі Сержан Шәкірат орындайды. Нотаға Айтберген Жаңбыршы түсірген. Ал енді осы күнге дейін оркестр қандай көрерменнің алдына шықса да, қайда болса да «Сарыарқаны» орындамай қоймайды. Бұл күй Құрманғазы шығармашылығының шыңы, қазақтың аспапты музыкасының да шыңы деуге болады.
Қағылды кейде бір күй дабылдай боп,
Бұрқырап кетті түтеп дауылдай боп.
Әлде күш, әлде дүбір шапқан аттың
Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп, – деген Ілиятың өлеңі осы күйге дөп келеді.
Құрманғазы тірі кезінде «қашқын, ел тонағыш» деп жазықсыз жазғырылса, оның бір қызын дұшпандары ұрлап әкеткенін көп жұрт білмейді. Бірақ Құрманғазының абыройына дақ түсірмеу үшін бұл әңгімені тез ұмыттырып, атақты күйшіні Мақаш кәкім тезірек Алтынжарға, Астрахань облысына көшіріп жіберіпті.
Қариялардың осындай әңгімесін мен де естігенмін. Қатты өшіккен дұшпандары Құрманғазының бір жерге айттырып қойған Халифа есімді қызын ұрлап әкетіп, орыстардың Үйшікке (Гурьевке) балық таситын қос желкенді кемешілерімен келісіп, үлкен бөшкеге салып теңіз асырып жібереді. Бөшкеге салынған қызды бағып-күтетін, кемеге орналасқасын шығарып алып тамақтандыратын қарулы үш жігіт болады. Бұларды қос желкенді кемемен жағадағы ұсақ қайықшылардың көзіне түспей Үйшікке өте құпия жағдайда жеткізетін орыс көпесіне жүз қой беріп келісіледі. Қыз ұрлаушылар Жайық бойына жеткеннен кейін қосай Адайдың Байбол атасынан тарайтын Қожық есімді дәулетті адамның Меңдекен деген баласынан көп қалың мал алып, беріп жібереді. Сөйтіп, Жиделіден ұрланған Халифа Құманғазықызы барған жерінде «жетім қыз» атанып, қайда екені құпия ұсталады. Әкенің атына дақ түспеуін ойлап өзінің кім екенін Халифа да ешкімге айтпайды.
Меңдекен мен Халифадан үш ұл дүниеге келеді. Олардың үлкені Иден 1935 жылы қайтыс болады. Иденнен үш бала: Сағын (1926 ж.т. соғысқа аттанып хабарсыз кеткен), Бақыт (1930 ж.т.), Айтжан (1932-1947). Шаттық Досқайырқызы Дүйісова Мақаттың музыка мектебінде істеген, Халифа Құрманғазықызын жақсы біледі. Халифа он сегізінші ауыл, Бесікті елді мекеніндегі зиратта жерленген. Белгісінде: «Руы Қызылқұрт, Құрманғазықызы, Меңдекен зайыбы Халифа. 1869-1958» деп жазылған. Ал Халифаның немересі Иденнің баласы Бақыт қойған құлпытастағы жазу төмендегідей: «Руы түрікпенадай. Бөлімі Қосай туысы. Байбол Өрезек, Қожықов Меңдекен әйелі Халифа Құрманғазықызы. 1869-23.03.1958».
«Халифа ақындығы, өлең айтқыштық қасиеті бар адам еді» дейді оны көзі көргендер. Құмалақ салатын, көріпкелдік қасиеті болған. Халифаның немересі Мерген Құлсарыдағы сырқат балдызының жағдайын біліп келемін деп барғанда оны көшеден ұстап алып соғысқа алып кетеді, содан оралмайды. Оның Қуаныш дейтін ұлы бар. Мергеннің әйелі Сатым мүгедек болып, белінен шойырылып қалған енесі Халифаны мәпелеп баққан, арқалап тойларға апарады екен дейді көргендер. Олар 1938 жылы Жылойдағы «Қызыл Жем» колхозынан Бесіктіге көшкен.
Дина Нұрпейісова (1861-1955) ұстазы Құрманғазыға арнап «Жігер» күйін шығарған. Тоқсан төрт жасында күй анасы Дина әжеміз өлерінде әлсіз саусақтарымен Құрманғазының «Қайран шешем» күйін бастап, саусақтары икемге келмей көз жұмады. Динаның сүйегі Алматының орталық зиратында, М. Әуезов пен Қ. Қуанышбаевтың артында, тасада жатыр.
Қашаған Күржіманұлы (1841-1929) Қосайдың Бәлиі, Маңғыстаудың «Қырықкез» деген жерінде жерленгені мәлім. Оның да кесенесін Мақсұт Нұрқабаев тұрғызған. Осы Қашаған Құрманғазымен көп жолдас болған. 1871 жылы 48 жасында Қосайдың Тіней әулетінен Жұбан молда өзіне тірісінде Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Дәулет тауынан там салдырған. Там салынып болғасын сол маңға бес жүз үй тігіп, үлкен той жасаған. Сол тойға Құрманғазы мен Қашаған да барған. Қырық сегіз жастағы Жұбан молда 18 жастағы қызды тоқалдыққа алған кезі екен. Сол келіншектің құйған шайына риза болған күйші Құрманғазы шайың балдай тәтті екен деп, сол жерде «Балқаймақ» күйін шығарады. Ал Қашаған ақын:
Аққұба, толық жүзді, ақша маңдай,
Ажарың рауандап атқан таңдай.
Ұзын шаш белге түсіп серпілгенде
Шаттанған сезіміңнен сұрыққандай, – деп жырлаған.
Құрекең мен Қашекеңнің екінші кездесуі Елпілдек ауылындағы жәрмеңкеде болған. Сол жолы екі ай бірге жүрген. 1877 жылы Каспий теңізі тасып, Қашаған соған арнап жыр-дастан шығарған. Ал Құрманғазы «Топан» (наводнение) күй-поэмасын шығарған. Осы мақаланы жазғандағы мақсат оқырмандарымызды артына өшпес із қалдырған асыл тұлғалармен таныстыру, олардың жарқын істерін өнеге ету. Ақын Т. Айбергеновтің: «Мен марттағы найзағай күркірімін, Құрманғазы күйінің бір тілімін» деп басталатын поэмасы бар. Алматыда Құрманғазы атындағы консерватория, Құрманғазы атындағы көше бар. Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі бүкіл қазаққа танымал.

Мақаш әкім – Құрманғазының жиені

Мақаш (Мұхамеджан Шолтырұлы) Бекмұхамбетов қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, этнограф, күйші. Шеркеш руынан (1830-1904 ж.ж. Ішкі Орда, Атырау аймағында өмір сүрген). Орда қаласында сауат ашып, кейін Орынбордағы кадет корпусын бітірген. Әуелі тілмаш қызметін атқарған, кейін Каспий жағалауындағы бірінші және екінші Примор округтарға әкім болды. 1892-1897 жылдары Ордадағы Уақытша Кеңестің кеңесшісі болған. Ол шығармашылықпен ерте айналысқан, «Мақаштың Байжұмасы» атты күйі бар.


Мақаштың анасы қызылқұрт руында аты шыққан Жұбаныш бидің баласы Сәреттің Қамқа деген қызы. Сәрет те өз дәуірінде ауылын аузына қаратқан би, сұңғыла жан болса керек. Бекмембет Сәреттің аулына құда жіберерде ел қадірлеген Бекейді шақырып алып «Сен де бір елдің еркесі, айтар сөздің серкесі едің ғой, Жиделідегі Сәрет бидің аулына барып қайт, меселіңді қайтармас» дейді. Бекей әзіл-шыны аралас: − Сонау ит арқасы қияндағы Сәреттен басқаның қызы құрып қалды ма, осы ауылда ақыл-есі дұрыс, көрік десең көрік бар балдар аз ба еді? – дейді. Сонда Бекмембет: − Жоқ, Бекей, халқымызда қыздың шашы ұзын, әрі сұлу болса, ол келін боп түскен ауылдың елін де, жерін де сыйлайды. Сондай-ақ ол қарсы келген адамына ежірейіп емес, елжіреп, құрметтей қараса, ата-енесін де, ерін де сыйлайды. Ал болашақ келіннің жауырыны жалпақ, ту мүсін болса, одан көрінетін ұл ақылды, қыз сұлу болмақ деген сөз бар. Мен осы қасиеттердің бәрін де Сәрет бидің қызы Қамқаның бойынан көргендеймін. Асылы, түйсігім алдамас, барып қайт, – депті. Кейіннен сол Қамқа шынында да қадірлі келін болып, Бекмембет аулының «би келіні» атаныпты.

 Қызылқұрттардың  Исатай-Махамбет  көтерілісіне қатысуы

1838 жылдың 12 шілдесінде Исатай Тайманов (1791 ж.т.) серіктерімен Қиыл өзенінің бойында, Гекке-Жәңгір хан-Баймағамбет Айшуақов әскерлерінің қоршауында қаза тапты. Бұл қазіргі Ақтөбе облысы, Қобда ауданының солтүстік-батысында. Шайқас орны «Қиыл» кеңшарынан сегіз шақырым жерде, «шейітсай» деп аталады. Ақтөбе қаласынан 290 шақырым, Қобдадан 90 шақырым. Исатай 15 жасар баласы Оспан екеуі бір жерде жатыр.


Қызылқұрт руы тегісінен дерлік Исатайға ерген болатын. Исатай көтерілісі басылғаннан кейін хан, сұлтандар, билер бұқара халықты қатты қысымға алды. Олар Исатайға ергендердің бәрінен де кек алуға шықты. Сондықтан бұл руға барлық ыза-ашулары басқадан артығырақ төгілді. Ханның атарман-шабармандары көрінген нәрсені сылтау етіп Қызылқұртқа маза бермеді. Бұл руға түскен алым-салық уақытынан сәл кешіксе, қасақана жасады деп сенімсіздікпен қарады. Руды басқарушылар да сылтау табылса-ақ бұл руды жамандап, Уақытша кеңес пен жоғары орындарға қағаз түсіріп отырды.
Қызылқұрт старшиналарының Уақытша Кеңеске сенімсіз болып қалатын басқа жағдайлары да болды. Архив деректерінде Қызылқұрт старшиналарын жиі-жиі орындарынан түсіріп отырғандықтары жиі кездеседі.Соған қарағанда Қызылқұрт руы Исатай көтерілісінен кейін де көп жылдар тізе бүкпеген болуы керек.Жоғарғы әкімдердің бұл руды қыспаққа ала беруі дәлелсіз болмаса керек дегіміз келеді.
Исатай Тайманұлының руы жайық беріш. Исатайдың екі әйелі Мылқым мен Несібеліден алты ұл, бір қыз өседі. Олар: Жақия, Ақай, Досмағамбет, Оспан, Дінбаян, Әлфияр және бір қыз – Дүлзада. Исатайдың Мылқым атты әйелі Тастөбе шайқасында оққа ұшты. Баласы Ақай да Тастөбеде қалды. Махамбет Өтемісұлының (1804-1846) да руы жайық-беріш. Ол да Тастөбе шайқасына қатысқан. Бейіті «Қараой» деген жерде. Исатай-Махамбеттің көтерілісі негізінен қызылқұрттар қалың мекендеген жерде өткендіктен, қыршын кеткен қызылқұрт жігіттерінің, батырларының, қаһармандары көптеп саналады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет