Жабайы жануарларды қолға үйрету неолит дәуірінен басталды. Ең алғаш қолға үйретілген үй жануарлары — қой мен ешкі. Қойдың арғы тегі — арқар (муфлон), ал ешкінікі — таутеке. Қой мен ешкі мөлшермен б.з.д. 8—7-мыңжылдықтарда қолға үйретілген деп есептеледі. Осы кезге жататын Жерорта теңізі маңайындағы тұрақтарда қой мен ешкінің сүйегі табылған.
Сиыр тұқымының дәл қай жерден шыққаны әлі аныкталмаған. Дегенмен де қолға үйретілген сиырдың да ең көне заманғы сүйегі б.з.д. 7-мыңжылдыққа жатады, ол Оңтүстік Анадолы жерінде (Түркия) табылған. Б.з.д. 6—5-мыңжылдықта Месопотамия жерінде мал шаруашылығы болғандығы бүгінде дәлелденген.
Жылқы алғаш қолға үйретілген аймақ деп Шығыс Еуропа мен Еділ бойы есептеледі. Жылқыны қолға үйрету мөлшермен б.з.д. 4-мыңжылдықта болған сияқты.
Қазақстан жерінде ең көне мал сүйегі энеолит дәуірі ескерткіштерінде кездеседі. Бұл — Терісек, Сексеуіл, Орталық Қазақстандағы Қарағайлы (Қарағанды маңы) тұрақтары, Шығыс Қазақстандағы Усть-Нарым қонысы. Бұлардың мөлшерлі жасы б.з.д. 3-мыңжылдықтың орта шені. Бұл тұрақтардан қойдың, ешкінің, сиырдың, жылқының сүйектері табылған.
Қазақстан жерінде қола дәуірінің кезінде-ақ үй маңындағы мал шаруашылығы қалыптасты. Б.з.д. 2-мыңжылдықтың орта кезіне жататын жерлеу орындарында, кейінірек қоныстарда қой, жылқы сүйектері көптеп кездеседі. Кейбір шөбі қалың, өзен-көлді аймақтарда орналасқан қоныстарда, мысалы, Шағалалы, Сарғары қоныстарында сиырдың сүйегі басым, ал Трушниково қонысында ұсақ мал мен мүйізді ірі қараның сүйегі табылған.
Бұдан 3 мың жыл бұрын Қазақстан жерінде құрғақшылық күшейді. Далалы, жартылай шөлейт, таулы аудандарда мал өсіру шаруашылықтың негізгі түріне айнала бастады. Алдымен жартылай көшпелілік, содан соң көшпелі мал шаруашылығы қалыптаса бастады.
Көшпелілік — көшпелі халықтардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық даму жүйесі, шаруашылық-мәдени типі. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңыншы жылдықта еуразиялық және афроазиялық аридтік аймақта қалыптасты. Көшпелілік тайпалық одақтар құрылған кезден-ақ өнім өндіру шаруашылығы ретінде орнығы эволюциялық жолмен дами бастады. Көшпелілер мал жаюдың тәсілдерін жетілдіре отырып, игерілмей жатқан жерлерді пайдаға асыруға қолайлы жағдай туғызды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған дала көшпелілері үшін мал күзету, аң, балық аулау, егін егу тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Көшпелілік отырықшылар мәдениетімен тікелей өзара байланысты болды, өйткені олар Шығыс пен Батыс елдері арасында делдалдық рөл атқарды. Еуропалық қоғамда зат иелену мен азаматтық қатынастар шешуші қызмет атқарса, көшпелілерде туысқандық, рулық байланыстар аса құнды болып есептелінді. “Ата қоныс” ұғымы көшпелілер үшін қасиетті болды. Қоршаған орта киелі таулардан, өзендер мен көлдерден, аруақтар жатқан молалардан, т.б. тұрды. Көшпелілер уақыт пен кеңістікті игере отырып, климат ерекшеліктерін ұтымды қолданады. Мысалы, Қазақстанда ерте заманнан бері Арқаның теріскейіндегі орманды-далалы алқапты, оңтүстік-шығыстағы таулы өңірді — жайлау, ал оңтүстік және орталық аймақты қыстау ретінде пайдаланды. “Құрғақ даланы, — дейді ағылшын тарихшысы, социолог Арнольд Джозеф Тойнби — тек бақташы ғана меңгере алады, бірақ сол далада тіршілік етіп, табыстарға жету үшін ол өзінің шеберлігін тынбай жетілдіре беруге міндетті, ол ерекше адамгершілік және парасаттылық қасиеттерді қалыптастырады”. Көшпелі өмір, төрт түлік мал, жер-ана барлығы жинала келе көшпелілердің материалдық игілігін, дүниетанымын қалыптастырып, төл мәдениетін жасады. Көшпелі өмір тіршілігіне сай қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш, ат үстіндегі алыс сапарларды қайыспай көтеретін дала перзенттері, жан-жақты жетілген адамдар қалыптасты. Дала көшпелілерінің ақынжанды болуы, ой-қиялының жүйрік болып келетіні көшпелі тіршіліктің арқасы еді. 19 — 20-ғасырларда, әсіресе еуропалық зерттеушілер арасында көшпелі халықтардың рухани өмірі мен дүниетанымы жүйесіз деп танылып, олардың адамзат өркениетінің дамуына қосқан рөлі төмендетіліп, оған қатысты жабайылық, тағылық секілді орынсыз пайымдаулар айтылды. Алайда, ғылыми негізделген дәйектер көшпеліліктің отырықшы өркениет елдерінің шаруашылығынан, қоғамдық билік жүйесінен, мәдени бітімінен ешбір кем емес екендігін дәлелдеп отыр.
Көшпелілер туралы түсінік алдымен отырықшы халықтар арасында қалыптасты. Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф тайпаларының тұрмысын мадақтап жазды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін басқа да антик тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі таза, қулық-сұмдықтан, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман қасиеттерінен ада болып көрінді.
Сонымен қатар көшпелілер туралы нашар түсініктер сол ерте заманда-ақ қалыптасты. Көне Қытайда "көшпелілер жабайы, мәдениеттің қас жауы" деген түсінік қалыптасты. Еуропада да көшпелі ғұндарды "тағы-жабайылардың тұқымы, өркениеттің жауы" деп есептеді.
XVIII—XIX ғасырлардағы Еуропа ғалымдары да көшпелілер туралы өз көзқарастарын білдіріп отырды. Мысалы, Монтескъе көшпелілер қоғамын "әділетті, теңдікті қоғам" десе, Фергюсон, Адам Смит: "Көшпелілерде мүлік теңсіздігі, әлеуметтік теңсіздік ерте пайда болды", — деген. Ал философ Кант: "Мемлекеттің өзі көшпелілер мен отырықшы-егіншілердің өзара қақтығысынан, қорғаныс мақсатында пайда болды" деген тұжырым жасайды. Атақты философ Ф. Гегелъ: "Көшпелілерде әлеуметтік қарама-қайшылық болғанымен, мемлекет болған жоқ", — деп есептеген.
ІІ мыңжылдықтың соңында климат өзгерді, жауын-шашын азайып, егіншілікпен айналысу қиындады. Сондықтан адамдар мал шаруашылығымен айналысуды кеңінен қолға алады. Себебі мал шаруашылығы ет, сүт, жүн, тері өнімдерін өндіруге мүмкіндік берді. Түйе, жылқы көлік қызметін атқарды.
Жазда тұруға қолайлы жазық жерлер, қыста мал жаюға қолайсыз болды, мысалы, қыста қатты боран, дауыл болғанда, малдарға ықтайтын жер болмаған, оларға қыста шөп тауып беру қиын болған, сондықтан адамдар қыста қыстау, күзде күздеу, көктемде көктеу, жазда жайлау сияқты қолайлы жерлерге қарай көшіп отырған. Мал басының көбеюі де жайылымды кеңейтуді қажет етті.Көшпелі мал шаруашылығы осы себептерден қалыптасты.
Көшпелі қазақтың дәулеті мен атағы жылқысының санымен өлшеніп, есептелетін. Жылқының шаруашылықтық маңызы зор болғандықтан көшпенділер үшін оның алатын орны ерекше. Бәрінен бұрын жылқы төзімді әрі жыл бойы жайылып шығуға бейімді жануар болып табылады. Жылқы өсіру көшпелі шаруашылық жүргізуге аса ыңғайлы етті. Жылқы көшпендіге жаз мезгілінде жақсы сақталатын дәмді де жұғымды ет, көне замандардан күні бүгінге дейін жеткен сүйікті сусынымыз – қымыз әзірленетін сүт, көшпендіге өте қажетті берік арқан есуге керекті қыл, аяқ киім үшін былғары беретін.
Қонақтарға, әсіресе құрметті қонақтарға, тартылатын ең құрметті ас жылқы еті саналатын.
Жылқы әрі құндылық өлшемі ретінде есептелетін: ол қалыңдық үшін төленетін қалыңмалдың құрамына міндетті түрде енетін, бәйгеде бағалы жүлде болып табылатын. Көшпендінің байлығы оның қолындағы жылқысының санына парапар келетін.
Қой ет пен сүт берген, терісінен киім тігілген, жүні киіз бен шекпен жасауға қолданылған. Тіпті қыстық отынның басым бөлігі қойдың қиынан дайындалды (яғни көшпелі шаруашылықта қалдық болмаған, бұдан, әрине, біздің ата-бабамыздың даналығы, тапқырлығы, шаруаға ептілігі көрініс береді).
Қазақтар өз шаруашылығында түйе мен ірі қара малды тым көп ұстамаған. Түйелер алыс жерлерге көшіп-қону кезінде таптырмас көлік күші болғандықтан, оларды жұмысқа пайдаланатын мал ретінде өсірген. Жоғары сапалы түйе жүні киім тоқуға жұмсалса, сүтінен шұбат әзірленген.
Археологиялық және этнографиялық материалдар Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді. Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда, ІҚазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған.
Б.з.д. 1-мыңжылдықтың орта шеніне жататын, бір жерде шоғырланған Қараоба, Тасмола, Сыпыраоба, Қарабие деп аталатын рулық қауымдық зираттар осындай ұзақ қыстап отыратын жерлерге салынған сияқты. Бұл тайпалардың негізгі түліктері қой, жылқы, түйе болған.
Қазақстанның кейбір жерінде ерте заманнан-ақ жарртылай көшпелі мал шаруашылығы да қалыптасқан. Жартылай көшпелі деп көктем, жаз, күз мезгілінде жайылымның ыңғайына қарай жылжып көшіп отырып, қыста дайын қора-жайы бар қыстауларда қыстайтын мал шаруашылығын айтады. Мал шаруашылығының бұл түрі сақ-үйсін заманында-ақ дала мен таулы аймақтарда қалыптаса бастады. Мұндай аудандарға Жетісудың, Шығыс Қазақстанның тау етектеріндегі аймақтар жатады. Бұл аймақты мекендеген халық малды жазда биік таулы жайлауда бағып, қыста тау етегінде, тау қойнауындағы қыстауларда қыстатып күн кешкен. Кейде олардың қыстаулары Алтай, Тарбағатай сияқты биік таулармен сілемдесіп жаткан аса биік емес, қары аз Қаратауда болатын. Жартылай көшпелілікпен айналысқан көшпелілер қыстау маңындағы ұсақ өзен, бұлақтардың жағасына егін салатын. Олардың негізгі дақылдары: тары, арпа, бидай. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан тайпаларда қой, жылқымен қатар сиыр малы да өсірілді.
Орта ғасырларда Ертіс бойы мен Жетісудағы отырықшы қоныстарда, кішігірім қалаларда суармалы егіншілік болған. Жартылай көшпелілерде егіншілік, отырықшылықтың белгілі бір нышаны болғанымен, негізгі шаруашылығы — мал бағу, ал тұрмысы көшпелілікке бейім болды.
Отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстандағы, Сыр, Шу, Талас, Арыс өзендері бойында, Қаратаудың оңтүстік беткейінде қалыптасып, таралды. Оларда мал шаруашылығымен қатар суармалы егіс, жауын суымен шығатын егіншілік жақсы дамыды. Соғды мен Ферғананың отырықшы мәдениетіне бұл елдердің көршілес жатуы оларда ертеде-ақ отырықшы мәдениеттің пайда болуына әсерін тигізді. Сақ заманының өзінде Оңтүстікте Шырық-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды сияқты бекіністі қалашықтар қалыптасты.
Отырықшы мал шаруашылығының қалыптасуы, әсіресе б.з.д. 1-мыңжылдықтың бас кезіне дәл келеді, осы кезде бұрынғы көшпелі, жартылай көшпелі мал бағушы қауымдастық біртіндеп отырықшылыққа көшуге айналды. Осы кезден бастап, бұдан кейінгі ерте орта ғасырлар дәуірінде бұл аймақтарда үлкен отырықшы қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Дегенмен осы қоныстар мен қалалардың сыртында, маңайында жартылай көшпелі, отырықшы малшы қауымдар аз болған жоқ.
Жоғарыда біз сипаттап жазған мал шаруашылығының үш түрі, олардың таралған аймақтары жөніндегі пікірлерді жалпылау, топтау түріндегі тұжырымдар деп түсінген жөн. Әйтпесе мал шаруашылығы мен көшпеліліктің осы аталған түрлерінің арасында талай араласқұралас нүсқалары да болған. Мал шаруашылығының аталған түрлері белгілі бір аймақтарда таралды десек, мұны да белгілі бір шарттылықпен түсіну керек. Мұнда біз белгілі бір аймақтарға көбірек төн мал шаруашылығы түрлерін атадық. Әйтпесе жартылай көшпелі мал шаруашылығы Жетісу мен Шығыс Қазақстаннан басқа Батыс, Солтүстік Қазақстанның кейбір аудандарында да дамыған. Мысалы, б. з. д. 1-мыңжылдықтың екінші жартысында батыс өңірлерде өмір сүрген сарматтар өздерінің қыстауларының маңында қималап немесе шатыршалап ірі зираттар, мінәжат жасайтын орындар салған (Бесоба, Сынтас). Есіл бойындағы б.з.д. VIII—II ғасырларға жататын, адам үзак мекендеген Боркы, Қарлыға, Кеңөткөл қоныстарын зерттеу Солтүстік Қазақстанды мекендеген кейбір тайпалардың жартылай отырықшылық өмір кешкенін көрсетеді. Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде де тіпті орта ғасырлардың соңына дейін жартылай көшпелілік болғанын дәлелдейтін деректер бар.
Жартылай көшпелілік Оңтүстік Қазақстанда да біршама таралған. "Ұйғарақ пен Төгіскенді қалдырған сақ тайпалары жартылай көшпелі болған" деген пікір бар. Ал енді нағыз көшпелі шаруашылық үлгісі ретінде есептелетін адайлардың өзінің Жем бойындағы бөліктері отырықшы болған, ірі қара малын өсірген екен.
Көшпеліліктің біз атаған үш түрі бірінен соң бірі келмеген, әр заманда, әр аймақта көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы мал шаруашылықтары қатар өмір сүрген.
Орта ғасырларда Оңтүстік Қазақстанда қала мәдениеті жақсы дамып, халықтың көпшілігі отырықшылыққа айналды. Бұл жағдай Жетісудың да біраз аумағына таралды. Монғол шапқыншылығынан кейін Оңтүстік Қазақстанда қола мәдениеті, отырықшы егіншілер экономикасы күйреген кезде, бұл өңірде де жартылай көшпелі мал шаруашылығы қайтадан жаңа қарқынмен дамыды.
XVII—XVIII ғасырлардағы шығыста жоңғарлармен, батыста қалмақтармен соғыс қазақ халқының шаруашылығына өз әсерін тигізді. Көші-қон жолдары, бағыттары өзгерді, жайылым бірде тарылып, бірде кеңіді, мал басы азайды. Жоғарыда келтірілген екі мысал этносаяси жағдайлар халықтың шаруашылық құрылымының, бағытының өзгеруіне әкелетіндігін көрсетеді.
Қола дәуірінің ортаңғы, соңғы кездерінде Қазақстан жерін мекендеген тайпалар шаруашылығында қой түлігі сан жағынан басым болды. Сақ дәуірінде жерімізде осы күнгі құйрықты қазақы қой сияқты қой тұқымы тараған екен.
Ерте темір дәуірі заманында кәдімгі қойлармен қатар биязы жүнді қой, ешкі де өсірілген екен. Алтайдан, Жетісудан табылған ерте темір дәуіріне жататын киіздер осындай биязы жүннен басылған.
Ерте заманнан-ақ көшпелілерде қойдан кейінгі саны жағынан екінші түлік — жылқы. Жылқы мөлшермен б. з. д. 2-мыңжылдықтан бастап мінуге, жүк артуға, жегуге үйретілген. Арпаөзен, Қойбағар, Берікбай, Хантаудағы тасқа салынған суреттерде жеңіл күймелерге, ауыр арбаларға жегілген аттар бейнеленген.
Сақ дәуірінде Қазақстан жерінде басы үлкен, аяғы қысқалау, тұрқы ұзын, түгі қалың жылқы тұқымы кең таралған. Бұл жылқылар тебіндеп жайылуға үйренген қазақтың қазіргі жабы жылқысы тұқымына жақын. Сонымен қатар сол заманның ақсүйектері, қолбасшы батырлары жерленген үлкен қорымдардан (Пазырық, Берел) тұрқы биік аттардың да сүйегі табылған. Сақ дәуірінде жабы сияқты төзімді, жекпе-жекке, үлкен ұрыстарға мінетін қазанаттармен қатар осы екі тұқымның араласуынан шыққан тұрқы орташа жылқы тұқымдары да болған. Олардың сүйектері Шығыс Қазақстан жеріндегі Кіші Красноярка қонысынан, Орталық Қазақстандағы Тасмола зиратынан табылған. Бұл деректер сақтардың жылқының әр түрлі тұқымдарын өздері сүрыптап шығара алғандығының белгісі.
Сақ дәуірінде қалыптаса бастаған осы жылқылардың тұқымы ғұн, сармат, үйсін дәуірінде, одан соң көне түркілер заманында кең таралып, өз жалғасын тапты.
Ұзақ жорықтарға төзімді, аса күй талғамайтын осындай жылқыларды қыпшақтар да өсірген. Қыпшақ жерін аралаған ибн Баттута деген араб саяхатшысының пікірінше, Үнді жерінде жорыққа мінуге арналған қыпшақ жылқыларына сұраныс өте күшті болған.
Қазақстан жерінде қола дәуірінен бері ірі қара мал өсірілген. Қола, ерте темір дәуірі ескерткіштерінен табылған сиыр сүйектері де ірі, орташа, ұсақ сиыр тұқымдарының болғандығын көрсетеді.
Көшпелілер малының құрамында ірі қара аз болды. Қола дәуіріне қарағанда көшпелілік пайда болған ерте темір дәуірінде сиыр малы азайды. Тек қана үлкен өзен-көлдердің (Сыр, Ертіс, Жетісу аймақтары) маңын мекендеген жартылай көшпелі тайпалар сиыр өсірген.
Ортағасырлық монғол көшпелілерінде қысы-жазы өз аяғымен жайылуға бейімделген, жүні қалыңдау сиыр тұқымы өсірілген. Далалы, шөлейтті аймақтарды мекендеген көшпелілерде сиырдың осындай тұқымы кеңірек таралған болуы керек.
Қазақтың ежелден қолға үйреткен төрт түлігінің бірі — түйе. Қазақстан, Орталық Азия жері қосөркешті түйенің қолға үйретілген аймағы болып есептеледі. Түйені қолға үйрету Арал, Маңғыстау өңірінде мөлшермен бұдан үш жарым мың жыл бұрын, яғни б.з.д. 2-мыңжылдықтың ортасында іске асқан. Үй түйесі Қазақстанның көптеген аймақтарында жабайы түйе — қаптағайды қолға үйретуден пайда болған