Данель: Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар мен студенттер, «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Рамазан Қазақстан - ұлан байтақ кең далам,
Қазақстан - өзіңе арнап ән салам.
Қазақстан - ортақ біздің үйіміз,
Отаным деп бар әлемге жар салам.
Данель: Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.
Рамазан: 1991 жылдың 16 желтоқсаны - еліміз үшін ерекше күн. Өйткені бұл күні қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет болуын әлемге жария етті...
Данель: Олай болса Тәуелсіздік күніне арналған видеороликке назар аударыңыздар!
Рамазан: Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира тағы басқалары сияқты қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп құрбан болды. Қайрат Рысқұлбековқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Данель:«Ой ашар» сұрақ - жауап әдісі
Рамазан: - Отан дегеніміз не? Оны қалай түсінесіздер?
Данель: - Елбасымыз кім?
Рамазан: - Қай жылы тәуелсіздік алдық?
Данель: - Неше жылдығын тойлағалы жатырмыз?
Рамазан: - Желтоқсан оқиғасы қашан, қайда болды?
Данель : - «Халық қаһарманы» атағын алған желтоқсан құрбаны?
Рамазан: Ал студенттер 16 желтоқсанға қатысты дайындаған қандай өлеңдеріңіз бар?
1 - студент .Аружан
Сол бір сәтте бұлт торлады аспанды,
Алатаудың көзінен де жас тамды.
Тәуелсіздік желтоқсанмен бітпейді.
Тәуелсіздік күресі енді басталды.
2 -студент.Мадина
Қатыгездік жұдырығы түйіліп,
Қамшы үйірді жасқап, жекіп бұйырып,
Желтоқсанда шықты үлкен алаңға
Ата - баба аруағына сыйынып.
3 -студент .Дәулетжан
«Нашақор»- деп, «ұлтшыл»- деп,
Қазаққа күйе жаққан күн,
Базары кетіп, бір түнде
Қайғыға халық батқан күн.
4 -студент.Гулмира
Намыс үшін күрессең мазақтар кім?
Құлға айналу азабы азаптардың.
Қаны төгілді желтоқсан алаңында,
Бодандыққа көнбеген қазақтардың.
Қорытынды:
Рамазан- Сонымен студенттер, бүгін біз дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп әлемге әйгілі болуымыздың өзі - осы Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы.
Данель- Олай болса Тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай оны ең қымбат бұйымымыздай етіп құрметтеп, келер ұрпақтар қолына аманаттап тапсыруға тиіспіз. Елімізді ішкі - сыртқы дұшпандардан қорғауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ.