Лекция 11. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет
Жоспар
Кеңестер Одағының ыдырауы және Тәуелсіз Достығының (ТМД) құрылуы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысын қалыптастыру
Кеңестер Одағының ыдырауы ХХ ғасырдың соңындағы ең елеулі оқиғалардың бірі. Ол жаңа тарих беттерінің бастамсына алып келген оқиға десек шатаспаймыз деп ойлаймын. Әр түннің артынан күн келеді демекші бұл одақтың ыдырауы жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына алып келді. Әрине, оның кері салдарлары болды. Орныққан экономикалық, саяси, мәдени қатынастарды қайта орнату жаңа тәжірибесіз мемлекеттер үшін оңайға соқпады. Бірақ оның оң жақтары да болды. Ол 70 жыл бойы отарда болған, мәжбүрлі интеграция үрдісіне түскен мемлекеттер үшін, әлемдік қауымдастыққа өздерін жаңа, тәуелсіз, демократиялы, зайырлы мемлекеттер ретінде көрсетуге мүмкіндік туды. Алыс-жақын шет елдермен қатынас орнатуға мүмкіншілік туды. Көпшілікті қызықтырған, дүниенің бір бөлігін өз уысында ұстаған одақтың ыдырау себебіне тоқталар болсақ.
КСРО-ның ыдырауына алып келген басты себеп-биліктің күшті орталықтандырылуынан. Екіншіден, КСРО-ның орталық билігі бұқаралық көпшіліктің сана-сезімінің әсіресе, ұлттың қайта өрлеп дамуы мен өсуінің заңдылығын мойындамағандығынан. Үшіншіден, өзінің дұрыс екендігіне сенген басқарушы элита әлеуметтік төмен адамдардың мәселелрін тыңдаудан және түсінуден қалды. Орталықпен одақ республикаларының мүдделері көп нәрселерде сәйкес келе бермейтін болды. Бұлардың бәрі әлеуметтік наразылықтар тудырып, қоғамның деформациясына алып келді. Қайта құру кезіндегі «реформаторлар» қоғамды жаңаша басқаруға қабілетсіз болып шықты. Қоғам саяси және мемлекеттік жетекшілерден түбегейлі өзгерістер күтті. Бірақ ол бітпейтін саяси талқыламаларға түсіп, нәтижесіз қалып жатты. КСРО ыдырауының тағы бір себебі ол оның құрылымдық бөлімдерінің иерархиялығында. Бөлек этникалық қауымдастаықтар әр түрлі бағыныштылы, тәуелділік сатысына қойылды.
Қоғамның көп бөлігінде осы тәртіпке деген наразылығы күшейе түсті. Дәл осы үрдіс КСРО өмірінің соңғы 5 жылының әлеуметтік саяси динамикасын анықтайды. 1986-1987 жылдардағы жариялылық жетекші элитаның артықшылығы мен өмір жағдайын ашқан кезде жай қарапайым адамдардың оларға қарсы ашу-ыза сезімі күшейді. Бұлардың барлығы ұйымдастырылған және жүйелі қоғамдық қарсылық қозғалыстарына алып келді. Ортаға шыққан ұлттық мәселелер орыс «отаршылдары» мен «жергілікті» ұлт өкілдерінің арасындағы немесе көршілес ұлттардың арасындағы қақтығысқа алып келді.
1990 жылдың 24 шілдесінде ақпарат құралдарына жаңа одақтың келісімінің алғашқы жобасы ұсынылды. Рыноктық экономикаға көшумен тығыз байланысы бар, жаңа федеративті келісім республикалардың құқын кеңейту керек болды. Тура бір жылдан кейін 1991 жылы 24 шілдеде Горбачев салтанатты түрде «Одақты» келісім бойынша жұмыс аяқталдың және «қосыламын деушілерге» есігіміз ашық деп жариялады. Армения, Грузия, Латвия, Литва, Молдова, Эстония бұл келісімге қосылмайтындықтарын білдірді. Орталық Азиялық мұсылман елдері орталыққа өз ойларын білдірмей, екі жақтық келісімдерге отырды.
1991 жылы 19 тамызда ТАСС, КСРО-дағы төтенше жағдайлар бойынша мемлекеттік комитеттің құрылғаны туралы жариялады (ГКЧП). Оның құрамына КСРО-ның вице-президенті Г.Н.Янаев, премьер-министр В.С.Павлов, президенттің жанындағы қорғаныс кеңесінің жетекші орынбасары О.Д.Бакланов, ішкі істер министрі Б.К.Пуго, қорғаныс министрі Д.Т.Язов, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жетекшісі В.А.Крючков және т.б. Бұл жаңа келісімге қол қоюға кедергі жасауға бағытталған саяси дағдарыс. ГКЧП оппозициялық партия мен қозғалыстар және бірнеше газеттердің қызметтеріне тиым салу туралы шешім қабылдады. ГКЧП-ның құрылуына жауап ретінде Москва, Ленинград және т.б. қалаларда көптеген демонстрациялар мен митингтер болды. Осы ГКЧП-нің қызметіне қарсылардың басында РСФСР-дің президенті Б.Н.Ельцин және басқа Ресей Федерациясының жетекшілері тұрды. Ельциннің жарлығымен ГКЧП-нің құрылуы мемлекеттік төңкеріс шарасы ретінде қарастырылып, атқарушы биліктің одақтық органдары РСФСР президентіне қайта бағындырылды. 22 тамызда ГКЧП жойылды. Оның мүшелері және басқа да қызметкерлері сотталды. 23 тамызда Ельциннің жарлығымен РСФСР территориясында Компартияның қызметі тоқтатылды. 24 тамызда Горбачев өзінің ЦК КПСС бас хатшылығынан кететіні туралы жариялады және ЦК мүшелеріне өз өзін таратуға шақырды. Одақтас билік органдарының қызметі тоқтатылды. Москвадағы орталық билік Ресей жетекшілігіне өтті. Латвия, Литва, Эстония КСРО-дан шығу туралы жариялады, олардың тәуелсіздігі КСРО-ның ресми жетекшісі тарапынан 1991 жылы 5 қыркүйекте танылды. Тамыз дағдарысы дезинтеграция үрдісін күшейтіп, КСРО-ның ары қарай ыдырауын тездетті. 1991 жылы 1 желтоқсанда Украинаның 80 пайызы өз республикаларының тәуелсіздігі үшін дауыс берді. Бір аптадан кейін Ресей, Украина, Белоруссия президенттері Минскіде жиналып, «Кеңес Одағы енді жоқ» деп жариялады. Олар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» құрылғаны және «бұрынғы КСРО елдері үшін ашық» деп жариялады. 21 желтоқсанда Алматыда ТМД-ға 8 республика қосылды, осылайша олар КСРО-ның ыдырағанын айғақтай түсті.
Өзінің 13 жылдық өмірінде ТМД көптеген сынақтардан өтті. Ең бастысы көпшіліктің «өлі туылған бала» деген көріпкелділіктерге қарамастан ол өз өмірін жалғастыруда. Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің саяси, экономикалық тәуелсіздіктерін алғандықтары, бұрынғы одақ республикаларының бірігу идеясын жоққа шығармады. Тіпті өзара ынтымақтастықтың бұл түрі одан ары тереңдей түсіп, бірнеше біріккен саяси құжаттармен, белгілі бір істерде әсіресе экономикалық сферадағы қатынастармен толыға түсті.
ТМД өз өмірі кезінде бірнеше кезеңнен өтті:
1. Бірінші кезең - 1991 мен 1993 жылдар аралығы. Одақтас Республикалар саяси тәуелсіздігін алады. Мемлекеттілігін, қаржы-экономикалық, кеден, шекара құрылымдарын бекітеді. Бірақ олардың халықшаруашылық кешені біртұтас экономикалық кеңістікте, бір валютамен өз жұмысын жалғастырып жатады.
2. Екінші кезең - 1993-1996жылдар. ТМД мемлекеттері өздерінің саяси егемендігін нығайта түседі, өз беттерімен халықаралық қауымдастыққа кіреді, өздерінің кеңес одағына кірмеген жақын көршілерімен шаруашылық байланыстарын орнатады. Ал Достастық шеңберінде бірге келісілген шешімдерге байланысты қатынастар ауырлай түседі. Көптеген келісілген заттар орындалмай қалады. Бірақ кейбір мемлекеттер тығыз қатынастар орнатуға деген талпыныс байқалады, мысалға кеден одағы, Орталық Азиялық Экономикалық қауымдастық.
3. Үшінші кезең 1997 жылдан басталады. Достастықтың бүкіл мүшелері дағдарысты мойындайды. Осы дағдарыстан шығу жолдары мен ортақ мақсат-мүдде қарастырыла бастайды. Кейбір мемлекеттер, ғалымдар ТМД-нің барлық атқарушы органдарын біріктіріп, бірінші орынға экономикалық ынтымақтастықты қоюды, еркін сауда, кеден, тарифтік зонасын құруды валюталық одақ идеясын ұсынады.
2. Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты белгілерінің бірі - оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуымен сипатталса,елдің шынайы әрі іс жүзіндегі нақты тәуелсіздігі қайсыбір мемлекетке кіріптарлықтан ада ететін экономикалық еркіндігімен де ұштастырылып жатады. Бұл рас нәрсе. Әлем елдерімен салыстырғанда мемлекеттік шекарасының ұзақтығы дүниежүзі бойынша бірінші орында тұрған Ресеймен шекетесетін Қазақстанның шығысында Азияның ғана емес, әлемнің алпауыт аждаһасына айналған Қытай орын тепкен. Басқасын айтпағанда осы екі ірі мемлекеттің ортасында тұрып, ғасырлар бойы бабасынан мұраға қалған ең бірінші байлығы - жерін сақтап қалу бір ерлік болса, алмағайып заманалардың қай-қайсысында да экономикалық тұрғыдан босаңдық танытпай, алып елдің жетегіне жұтылып кетпеуінің өзі үлкен абырой. Олай болса, тәуелсіздікті тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дәлелдеу аса маңызды. Сондықтан да, қазіргі Қазақ елі 20 жылдық тәуелсіздік тарихында елдігін ғана емес, экономикасының егемендігін де сақтаған мемлекет ретінде межелі табалдырықтан абыроймен аттап отырғаны да шындық. Өйткені, күні кеше көз алдымызда өткен тарихқа жүгінсек, тәуелсіздіктің де оңай келе қоймағанын анық байқауға болады. Бұнда да ең алдымен елдің экономикалық тәуелсіздігін сөз етпеуге еш құқымыз жоқ.
1991 жылы тәуелсіздігін жария еткен Қазақстан өзінің құрдас мемлекеттері секілді өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын бастан кешірді. Өтпелі кезеңдегі негізгі мақсатымыз жоспарлы экономикадан нарықтық сатыға көшу болатын. Бұрыннан бағынып келген орталықтың күл-талқаны шығып, салааралық тұрмақ, өңіраралық байланыстардың аяқ астынан «жоғалуы» барлық саланы дерлік құлдыратуға сүйреді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің тарихындағы алғашқы экономикалық дағдарыс болды. 90-шы жылдардың басында төске өрлеген гиперинфляциямен, өндірістің толық тоқтатылуымен, төлемсіздік дағдарысымен күрес экономикалық жағынан да дербестікке ұмтылған жас мемлекетіміз үшін үлкен сынақ болды. Ресми Мәскеу арқылы ғана шешімін табатын бюджеттік жүйе де тоқырап, тәуелсіз елді көтермелеп, жығылғанға сүйеу болатын қор мүлдем болмады. Кеңес одағы шеңберіндегі Қазақ ССР-інің бюджеттік субвенциясы 50 пайызға дейін жететін. Бұның өзі сол кезде жеке отау тіккен дербес ел үшін аса қатерлі ғана емес, экономикалық тәуелділікке қайта итермелейтіндей Қазақ елі үшін мүлдем кері көрсеткіш болғаны даусыз. Тәуелсіздіктен кейінгі 1993 жылы гиперинфляция орын алып, бұндағы инфляция деңгейі - 2165 пайызды құраса, 1994 жылы ол 1158 пайызға жетті. Сондықтан да, қалыптасқан күйзелістен шығудың жолы тым қиын еді. Сөйтіп, Қазақ еліне заң жүзінде жарияланып, әлемге мойындатылған тәуелсіздігін іс жүзінде дәлелдеудің, қайта кіріптарлықтан құтылу үшін экономикасын қорғаштап көтерудің сынағы келді. Бұл дегеніңіз - елдің жерін, территориясын сақтау, ұлттық мемлекеттіліктің белгілерін бекітумен қатар, дербес экономикалық саясат ұстану үшін тәуекелі берік тағдыршешті мәселелерде табандылықты талап еткені белгілі.
Сонымен қатар сол кездері тәуелсіздік алған мемлекеттердің ішіндегі ең күрделі жағдай Қазақстанның басында болғаны да анық еді. Әлемдегі ең ұзын шекараның ұзақтығы өз алдына, жас мемлекеттің қаржылық жүйесін алпайыт көршіден бұрып алып өз алдына тәуелсіз бағытқа түсіру де үлкен күшті талап еткені түсінікті. Өйткені, егемендіктің алғашқы жылдары көзге көрінбесе де әртүрлі экономикалық қысымдар болып тұрғаны анық. Басқасын айтпағанда, қазақтың мемлекеттілігіне қарсы «рубльдің шеңберінде қалыңыздар, әйтпесе ел болуларың қиын» деген кері пікірлер де сырттан айтылып жатты. Осы шеңбердің ықпалында ұстап тұру үшін нешетүрлі қитұрқы амалдарды бастан өткеруге тура келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында былай дейді: «Еңбекақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды төлеу үшін біз Ресейден ақша сатып алуға мәжбүр болдық. 1992 жылдың бірінші жартысына дейін Ресейдің Орталық банкісінен ақша қаражатын біз тегін алып тұрғанбыз. Бірақ кейіннен бюджеттер бөлінгенде рубльді сатып алуға тура келді. Ақшаны сатып алуға Қазақстан бюджетінде қаражат жетпегендіктен, ел оның тапшылығын бірден сезінді. Біз рубльді қарызға (несиеге деп те айтуға болады) алатынбыз. Артынан Ресей біздің 1,5 миллиард долларға қарызданғанымызды айтты. Бірнеше жылдар өткеннен кейін барып, «Байқоңыр» айлағы үшін есептескенде ғана осы қарызды жаптық».
Кейіннен тәуелсіздіктің тірегіне айналған төл Теңгенің айналымға енуі елдің егемендігін біржолата нығыздай түскен еді. Қазақстан осылайша тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылын түбегейлі дербес мемлекеттікті қалыптастыру, ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мемлекетті, либералды экономиканы қалыптастыру үшін тынымсыз жұмыстарды бастан өткерді. Соның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ дағдарыстың жағымсыз салдарынан қарсы тұра алатын экономика құруға шама жетті.
Осыдан соң барып Тәуелсіздіктің алтыншы жылында ҚР Президенті Н. Назарбаев қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты бағдарын айқындайтын, сондай-ақ елдің алдағы даму белестерін айғақтайтын «Қазақстан-2030» даму Стратегиясын бекітті. Аталмыш Стратегия жас Қазақстанның ұзақ мерзімді, сатылап дамуына берік негіз қалағаны айқын. Стратегияға сәйкес, еліміздің миссиясы 2030 жылға қарай тәуелсіз, гүлденген, саяси һәм экономикалық тұрақты Қазақстанды қалыптастыру болып табылады. Мемлекеттің бұған дейінгі жүріп өткен жолдары да, даму бағыттары да осы стратегиямен берік үндесіп келеді. Өйткені, «Қазақстан-2030» даму стратегиясын жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді стратегиялық іс-шаралар жоспары да бекітілді. Кезең-кезеңге межеленген бірқатар басымдықтар айқындалды. Ал ондай басымдықтарды игеру бойынша бірқатар мәселеде жағымды динамика мен прогресс орын алды. Мәселен, көрсеткіштердің аса маңыздысы болып табылатын Ішкі жалпы өнімінің өсімі бойынша 2008 жылдың өзінде «Қазақстан-2030» стретагиясында 2010 жылға қарай қол жетуі межеленген мақсат орындалды. Әйтсе де, Қазақстан тарихындағы тағы бір күрделі кезең Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысымен тұспа-тұс келеді. 1998 жылғы Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы дамыған нарықтарға ғана емес, жаңа қалыптасып келе жатқан нарықтарға да кері әсерін тигізді. Бұл Қазақстанның да ІЖӨ-не жағымсыз рөл атқарғаны да айқын. Еңсеріп қана қойған жоқ, сол жылдары Қазақстанның ел ордасын Ақмолаға көшіру туралы алып бастама көтерілді. Кейіннен бұл бастама елдіктің, егемендік пен тәуелсіздіктің символына айналған Астананы өмірге әкелді. Сөйтіп, қазіргі Астана Қазақстан өңірлері үшін экономиканы дамыту көшбасшысы болып қана қойған жоқ, саяси-әлеуметтік, қаржылық-экономикалық мәселелердің халықаралық алаңына да айналды. Сол арқылы басқа қалаларға бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаудың, инвестиция тартудың үлгісін көрсетіп келеді.
Кеңес одағының ыдырауынан, Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан кейінгі ел басындағы ең үлкен күйзеліс АҚШ ипотекалық нарығынан бастау алған, сосын әлемдік деңгейде алапат толқын тудырған 2008 жылы бастау алған жаһандық қаржы дағдарысы еді. Құрылыс индустриясын қарышты дамытып отырған Қазақстан үшін де бұл оңай соққы болған жоқ. Құрылыс саласының соңынан банкілік-қаржылық жүйе де біршама шайқалды. Әйтсе де, жаһандық дағдарыстың сынағын бұл жолы да Қазақстан сәтті еңсерді. Елдің қаржылық-экономикалық жүйесін құлдырытпау, экономика секторларын қолдау бағытында Үкіметтің тұрақтандыру жоспары бекітілді. Ең бастысы, әлеуметтік бағдарланған бюджетті толық сақтау басты назарда болып, елдің жұмыссыздығын өсірмеуге көп күш салынды. Өңірлерде жұмыспен қамту стратегиясы жүзеге асты. Ал 2010 жылы дағдарыс салқынын еңсеруді одан сайын түгесіп, дағдарыстан кейінгі даму сатысына өту мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осылайша, уақытылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінің құлдырауынан сақтап қалды. Мәселен, Экономикалық даму және сауда министрлігінің келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстан, тіпті, ең дағдарысты жылы болып саналатын 2008-2009 жылдарының өзінде ІЖӨ-нің төмендеуін емес, өсімін қамтамасыз етті. Атап айтқанда ІЖӨ 2008 жылы - 3,2 пайызға артса, әлемдік күйзелістің шарықтау шегі саналатын ел экономикасына аса ауыр тиген 2009 жылы бұл - 1,2 пайыздық өсімді көрсетті.
Сөйтіп, 2010 жылы еліміздің ІЖӨ 7 пайызға өсіп, біраз уақыт «шыр айналдырған» дағдарыстан кейінгі экономиканың қалпына келу белгілері көрінді. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайызға жоғарылады. Жұмыссыздықты жою мақсатында 100-ге тарта жаңа кәсіпорындар ашылды. Тарихи қалыптасқан өлшеммен статистиканы тағы да салыстырып қарасақ, 1996 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 1 мың 300 доллар шамасында қалыптасса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 мың доллар шамасында болды. Ал орташа айлық жалақы аталған кезеңдерде 101 доллардан 526 долларға дейін артты. Ал еңбек нарығына келер болса, 90-шы жылдардың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі 13-15 пайыздық көрсеткіште қатып тұрса, қазір 5,8 пайызды құрап, бұл көрсеткіш бойынша бірқатар дамыған елдермен тереземіз теңесті. Икемді салықтық-бюджеттік, ақша-кредиттік саясаттың нәтижесінде, жалпы макроэкономикалық тұрақтылық арқасында Қазақстанға 1993 жылдан бері 130 млрд. доллар шамасында тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде жаһандық ауқымдағы қатерлі үш дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Бұндай жетістікті бағындыру ең алдымен ҚР Президенті Н. Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің, қазақ халқының өршіл мақсатқа ұмтылысын көрсететін мінезінің арқасында жүзеге асты. Былтырғы 2010 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл тұрғысында: «ХХІ ғасыр Қазақстан үшін жаңа қауіп-қатерлерді өзімен бірге ала келді. Оның ішінде ең ірісі әлемдік дағдарыс болды. Осы жағдайда санаулы елдер ғана бұл сынды еңсере алды. Оның қатарында біздің Қазақстан да бар. Тәуелсіздік - бұл бәрінен бұрын елдің экономикалық тәуелсіздігі»,-деген болатын. Расымен, экономикалық жетістіктерді айтқанда, ондай жетістіктердің де оңай жолмен келмегенін естен шығармауымыз қажет-ақ. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің тұрығы мығымданып, оның ішінде экономикалық дербестігіміз мәңгілікке ұласа түсері айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |