Ұлы даланың ұйытқысы болған ұлағат иесі
Ибраева Күлайхан Базарәліқызы
Мектептің аты
Кең жазира дархан даламызға ұлылықтың желі ескен. Тау самалынан саф алтын қасиет жұтып, бұлақтың мөлдірінен қанып ішкен қазағымның қайсыбір ұлы болмасын текті. Тумысынан алғырлық, зеректік, нәрлі иманмен сусындап өскен айрықша жан – қазақтың Ыбырайы.
Бүгінде қадірін шын түйсініп, еткен еңбегін ел боп мойындап жатырмыз. Ал заманында ше, орыстың сойыл-шоқпары деп, шоқынды деп күстаналап, жазбаларын өртеп, өзін қудаламадық па?
Өзі де өз сөздерінде қазақтың көрсоқыр көре алмаушылық қасиетін, надандығын ашына сынайды. Білімсіздіктің етек алуынан қазақ қоғамын надандық жайлап отырғанын айта келіп, жұртты жаппай білім алуға шақырды. Сондықтан да ол өзінің жиырма бес жылдық өмірін жеткіншектерге білім беруге арнады.
Бұл тұрғыда қазақ ұлдарының ғана емес, қыздардың да тең әлеуметтік құқылы азамат ретінде алға тартып, қыздар мектебін ашуды көздейді. Қудалауға ұшырап, артынан бұрқыраған арыздан қорықпай, көзін ашып, өмірдің білімге деген сәулесін бала санасына сіңіруде еш аянбады. Өзі де тіл мен әдебиеттің, философия мен педагогиканың қыр-сырларын, ғылыми алғашқы көзқарастарын жинақтай жүрді.
Дәл осы қоғамда қазақтарды көрсоқырлықтан құтқаратын жалғыз жол – білім екенін дөп басып таныды. Қазақ даласы алғашқ сауатын ауылдың қызыл қамысты қамшылы дүмше молдасынан таныса, Ыбырай оқытқан жеткіншектен небәрі 3 айда сауатын ашып хат танитын болған. «Мектеп - қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз - қазақ халқының келешегі осында, тек осы мектептерде ғана» деп жазған болатын. Ы. Алтынсарин қазақ балаларына арнап мектеп ашумен бірге, онда қызмет істейтін, балаларды оқытып, тәрбиелейтін кадрларға, атап айтқанда, мұғалімдерге аса зор мән берген: Ол мектептегі ең басты тұлға - мұғалім деп есептеген. Мектептің материалдық-техникалық базасы мықты болғанымен, бұлардың жақсы мұғалімсіз берері шамалы, деп есептеген. Сол үшін де ол: «Халық мектептері үшін ең керектісі - оқытушы. Тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілген инспектор бақылауы да жақсы оқытушыға тең келе алмайды. Міне осы себептен Ыбырай мықты мұғалімді, мықты маманды дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін», деген екен. Ол мектепке қажетті мұғалімдер даярлау мәселесін, олардың кәсіби білім деңгейінін заман талабына сай болуын, тұрмыстық жағдайларының жақсы болуып көкейкесті проблемалар қатарына жатқызып, бұлардың онды шешілуін талап етті, олардан оқытушының беделін, қоғамдағы рөлі мен статусын жоғары көтеретін факторларды көре білді.
Мектепте оқушының бойында қоғамға керекті тұлғалық сапаларды негізінен қалыптастыратып, тиянақгы білім беретін тек жақсы оқытушы ғана қызмет істеу керек деген қорытынды жасайды. Ы. Алтынсарин осы идеяларын жүзеге асыру үшін тынбай еңбек етті.
Бүгінгі таңда қандаймыз?
Ыбырай Алтынсарин таңдау берген коэффициентке қаншалықты біздер саймыз? Алтынсарин аңсаған білікті маманбыз ба? Яғни өз таңдаған кәсібіміздің түпкі мәнін қаншалықты дәрежеде түйсіндік?
Міне, осы тұрғыда Ы.Алтынсариннің оқу-ағарту ісіндегі тағы бір ерен еңбегі қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесін қолға алуында еді. Ол осы мәселеге ерекше мән беріп, қолөнер, ауыл шаруашылық училищелерін ашуға көп күш жұмсады. Көп ұзамай Торғай қолөнер училищесі ұйымдастырылып, өзі қайтыс боларының алдында Қостанайда ашылғалы отырған ауыл шаруашылығы училищесінде өзінің қора жайын беретіні туралы өсиет қалдырды. Қазақ қыздарын оқытып-тәрбиелей ісіне де жол ашқан Алтынсарин еді.
Мұғалімдер даярлау ісімен қатар оларға керекті оқу-әдістемелік құралдарын жазу мәселесімен де шұғылданды. Оның ұсынуымен орыс-қазақ училищелерінде К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесі», Л.Н.Толстой «Әліппе және оқу кітабы», Ф.Бунаковтың «Әліппесі мен құралы», Тихомировтың «Грамматикалық элементарлық курсы» оқу құралы ретінде пайдаланылды. Орыс педагогтарының үлгісімен орыс-қазақ мектептеріне арнап Ы.Алтынсариннің өзі екі оқу құралын «Қазақ хрестоматиясын» (1889) және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастуыш құраоын» (1889) жазып, бұларды қазақ-орыс мектептеріне төлтума оқулық ретінде ұсынды. Мәселен, «Хрестоматияға» ол қазақ халқының ауыз әдебиетінің асыл үлгілерін, балаларға арналған нақыл әңгімелер мен өлеңдерді, орыс жазушылары Крылов, Толстой, т.б. әңгімелері мен мысал өлеңдерін аударып енгізді. Алтынсарин өз хрестоматиясының екінші бөлімінде жаратылыстану, жағрапия, тарих, физика, сондай-ақ техника саласынан түсінік беруді көздейтінін айтқан еді. Бірақ ол кітабы осы кезге дейін табылмай келеді.
Ы.Алтынсарин оқыту әдісі мәселелеріне де ерекше мән берді. Өзінің А.А.Мазюхин, Ф.Д.Соколов, Ғ.Балғымбаев, т.б. мұғалімдерге жазған хаттарында балаларға тиянақты білім беру, оқыту өмірімен байланыстыру, оқыту әдістерін жетілдіру жайында көптеген ақыл-кеңестер берді.
Даланың дана перзенті — ғұлама ұстаз өмірінің бір дерегі ғана. Өресі биіктен үлгі алғандардың ізін баққандар даналықтан ғана тәлімді деген ойым бұл. Талай ғасыр өтсе де, мектеп ашып, еліміздің жұлдыздарына нұрдың шұғыласын шашқан Ыбырай Алтынсарин жайлы жай ғана айта беру аздық етеді. Данышпанның танымдық еңбегін, ізгі жолын мүлтіксіз жалғау – адами борышымыз!
Достарыңызбен бөлісу: |